////

Бақытбек Бәмішұлы: Қотырақ батырдың балалық шағы (ұзақ әңгіме)

4503 рет қаралды
ҰСТАРА  (Жалғасы-12)
Өңменімен құлап, жығылған жерінен бір уыс топырақты шеңгелдей қарпып, сүйретіле көтерілген он жасар інісінің он саусағынан қан саулап тұрғандай көрініп жүрегі дір етті Қотырақтың. Ойланға қарап еді, оның басы орнында жоқ. Екі иығының қақ ортасындағы тесіктен тік шапшып қан атқылап тұрған сияқты. Қарагер аттың үстіндегі қалмақтың басын шапқанда бір үстігенді. Ет жүргегі түршігіп кетті. Ой, әлде елес. Өзі ойынан өзі үркіп, сескеніп, жүгіріп барып, ауыздығын қарш-қарш шайнап, жүріс тілеп, жер тарпып тұрған оқтаудай жараған қан торы атқа қарғып мініп, терістікті бетке алып құйғытып берді. Зымырап келеді. Құдды желдете жауған жаңбырлы түнектің ішінде келе жатқандай. Бірнеше белегірді асқанда барып аттың арыны қайтты. Ол атынан түсіп жарты шақырымдай жер жаяу жүріп барып қалың қызыл жартастың біріне шығып отырды. Алдыңғы жағы бетінде сағым кілкіген сары ала жазық көз ұшындағы бұталы төбелермен ұласқан. Ол жазира далаға тесіле қарады. Көз алдын қызыл ала сағым торлап, ұйқы басқандай болған соң бала күннен бергі әдеті бойынша қаперсіз қарын  жастап қиса қалды…

Мөлтілдеп, мөлдірей ағып жатқан бұлақтың жағасы екен дейді. Жиекте  белуардан жоғары шешініп тастап беті қолын салқын сумен рахаттана жуып отырған Ойланның желке тұсынан жолбарыстай жылжып, жұмсақ басып Қырқынбай келді. Оның жұп-жұмыр, май жағып сылағандай әсем мойнына тесіле, қызыға қарап тұрды да, «орайы келген сәт осы емес пе?!» деген ойының жетегімен сол жамбасында салақтап тұрған қынаптағы қылышына қол салды. «Базарқұл батырдың бар дәулетін басып қаламын дей ме?… Қатқанының басы! Қара басым аман тұрғанда қара шаңырағымды қалмақтың қолына бермеспін!». Жаңағы мөп-мөлдір бұлақ енді қып-қызыл қанға, құдды ирелеңдеп ағып жатқан қызыл шұбар ала жыланға ұқсап, айыр тілін жалақтатып, Ойланның айналасын шыр көбелек айналып орай матап жатыр… Жартылай баяу суырған қылышын сарт еткізіп қынына салды Қырқынбай.
Қылыш даусынан селк етіп, жалт бұрылып, тұрмақ болған Ойланды ол қынды қылышымен иығынан түртіп,
  «– Қорқақ неме, қорқып кеттің бе? Су жүрек екенсің ғой өзің. Өңің қашып, бұтыңа жіберіп қоя жаздадың ғой. Ағамның, – Қотырақты айтады,– бір қанаты сен, бір қанаты мен болып қалмақтың қанын ішеміз бе десем, қурайдың сыбдырынан қорқатын қоян құрлы қауқарың жоқ екен ғой! Ха-ха-ха».
«– Тарт қылышыңды! Жауға салар қылышыңды, жан бауырыңа оқтағаның не? Қара пышық қарыс ұзарады дейді. Жындандың ба?!».
«– Бұл итпен ойнауға да болмайды. Қарымды неме, арс етіп, аш қасқырдай алқымымнан ала кетіп, мытып қалса, тіл тартпай кетермін. Ешкім де Ойлан ашумен адам өлтіріпті дегенге екі дүниеде сенбейді». Қырқынбай солай ойлады да Ойланмен қатарласа отыра қалып, бұлақ суынан бір ұрттап еді ауызы қан татып кетті. Сол жақ езуінен жылыстап қою қоңыр қан шықты ағып. Ол бұрылып Ойланға қарап оның шашы кірпінің тікеніндей тікірейіп өзіне қарай мың сан жебедей қадалып, ұшынан жылтылдап от шашып тұр екен.
«– Шашың өсіп кетіпті ғой. Әр бір талы бір-бір найзадай, кәпір». Ойланның мойнына оратылған қып-қызыл су жылан сырғып түсіп, қайтадан мөлдір бұлаққа, одан айнадай жарқыраған көлге айналып кетті.
«– Бағанадан қылжақтап, қындағы қылышыңды бір суырып, бір салып қиқарланбай, өскен шашты ербитпей алып бермейсің бе? Мә,– деп қонышыннан жұп-жұмсақ шүберектей теріге ораған ұстарасын шығарып, Қырқынбайға ұстата қойды Ойлан.
«– Ойлан-Ойлан! Не істегенің, ойбай, Ойлан! Бер ме! Ойлан…».
– Тап-таза бұлақ әп-сәтте құйындай ширатылып, бұрқырай бұратылып, маңайының астаң-кестеңін шығара тулап ала жөнелді. Әлгі дауысты Ойланға естіртпей әкетті. Қырқынбай ұстараның жүзін бармағымен ары-бері басып өткірлігін сынады. Ұстараның жүзінен бейне моншақтап қан тамшылайды.
«– Қылпылдап тұр екен, ә. Қылпылдап… Атымды бекер Қырқынбай қойды дейсің бе? Қырып беремін! Қазан басың, мына кірпі басың, қазір-ақ аршыған жұмыртқадай болып шыға келеді!».
«– Сенің қолың епті».
«– Иә, менің қолым епті. Қане, отыр. Иә, былай».
Қырқынбай білекті шынтаққа дейін түріп жіберді. Оның қолы шынтағына дейін қып-қызыл қан еді. Ол ұстараны етіктің қонышына бір-екі рет аударып-төңкеріп, жалтылдатып жанып-жанып алды.
«Ұстараның жүзіндей аударылған дүние-ай». Ойланның шашын сырылдатып қидай сыпыра бастады. Сырылдаған ұстара жыландай ысылдайды. Кірпідей түкті шашты көк шалғынға түскен шалғыдай жапырып жатыр.  Биік бөктерден  ширатылып құлаған көшкіндей шаш бірінен соң бірі домалап түскен сайын  Қырқынбайдың көзін қан талап, ұстараны батыра сілтеді. Ұстараның жүрісі жыланша ысылдап, бауыры жарқылдап, аударылып төкерілген сайын қаны қарая түсті. Ойы да бұзылды.
«Аяма. Бұ кәпір ертең-ақ, әкең өлген күні бүкіл малдың иесі болып шыға келеді, Қырқынбай. Қапы қалма! Құдай тағала өзі міне алдыңа айдап әкеп салды. Аянба! Кезек екі, Тәңір бір».
.. Бұлақтың басы ойран-топыр. Ұлыған қасқыр. Ұйтқып соққан боран… Сатырлап жауған жаңбыр ма, әлде аударылып-төңкерілген толқын ба, не екені белгісіз астаң-кесең,  сан мың құрт-құмырсаға айналып құжынап, шашырап ұшқан шаштар… арасынан ұстараның жүзі, күңіренген сүйкімсіз дауыстар шығады жаңғырығып.
«– Жақ жүнің де өсейін деген бе? Қане, иегіңді көтерші. Иә-иә. Сәл солға. Иә, көтер. Көтер ғой. Иә, сәт. Иә, сәт». Қырқынбай көзін тарс жұмды. Қолы дірілдеместен адырайып тұрған күре тамырдың тұсынан ұстараны бар пәрменімен батыра тартып қалды. Қотырақ бетіне лақ еткізіп төге салған бір шелек қаннан шошып, басын жұлып алды…
«А, құдай-ай, түсім аян болмай, түлкінің боғы болса екен?»…
(Жалғасы бар)
Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі