////

Қазақстанда жатақха­на мәселесі неге жыл сайын көтеріледі? 2023 жылы жатақхана үшін бюджеттен қанша қаражат бөлінді?

2430 рет қаралды
Фото-суреттер: Egemen.kz, Москвич Mag, Ақмешіт апталығы. Фото-коллаж: Амина Темірханова

Басқа аймақтан өзге қалаға білім қуып келген студент үшін ең қажеттісі – жатақхана. Алайда орынның жетіспеушілігінен студенттердің бәрі бірдей жатақханаға қол жеткізе бермейді. Өйткені студенттер көп, ал жатақханадағы орын әдеттегідей жеткіліксіз. Оның үстіне, елімізде мұқтаж студентті баспанамен қамтамасыз етуді міндеттейтін арнайы заң да қарастырылмаған. Осыдан да болар, бұл мәселе жыл сайын қозғалады, бірақ шешімі жоқ.

Студент көп, орын жоқ

Бәріне белгілі шығар, әр жоғары оқу орнының студенттерге жатақхана берудегі өзіндік ішкі ереже-талаптары бар және олар соған сай әрекет жасайды. Мәселен, көптеген университеттерде жатақхана ең алдымен мемлекеттік грант иеленген 1-курс студенттеріне, «Алтын белгі» иегерлеріне, ата-анасынан айрылған немесе ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, көп балалы отбасынан шыққан, әке-шешесі немесе өзі мүгедек студенттерге беріледі. Екінші кезекте, университеттің қоғамдық жұмыстарында белсенділік танытқан студенттер тұрады.

Осылайша жатақханаға зәру өзге студенттер кейінге ысырылып қала береді. Сонымен қатар, жатақханаға орналасу үшін жалпы тізімнің ішіндегі студенттердің келген жерінің алыс-жақындығы да ескеріледі екен. Десек те, қазіргі таңда өзге өңірден білім іздеп келген жастардың көпшілігі жатақханаға қол жеткізе алмай, әуре-сарсаңға түсіп жүр. Студенттер саны көбейген сайын, жатақхана мәселесі қиындап барады.

Оның үстіне, жыл сайын жоғары курс студенттері жатақханадағы орнын босатуға мәжбүр. Себебі, жоғары оқу орындарының әуелгі мақсаты 1-курс студенттерін жатақханамен қамтамасыз ету болып табылады. 4-курс студенттерін тіпті тізімге алмайды десек болады. Өйткені, 1-2 курс студенттерімен-ақ жатақханадағы орын таусылып қалып жатады. Ал оқуға ақылы түрде түскен студенттерді соңынан қарастырады, сондықтан олардың жатақханадан орын алуы екіталай.

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Нартай Аралбайұлының айтуынша, жатақханаларға 1-курс студенттерін ғана орналастыру дұрыс емес. Ол бұл туралы “AMANAT” партиясының жастар ісі жөніндегі кеңесінде айтты. Депутаттың сөзінше, жатақханадан орын ала алмаған студент жағдайы жасалған жалдамалы пәтерді де таба алмайды. Тапса да ақысы қымбат, оны төлеуге қалтасы көтермеуі мүмкін. Сондықтан бұл мәселені тез арада шешу керек. ҚР Парламентінің таратқан ақпараты бойынша, жастарды жатақханамен қамтамасыз ету үшін 2019-2023 жылдары бюджеттен 9,7 миллиард теңге бөлінген.

“AMANAT” партиясының осы жиынында, Қаржы министрлігі Әлеуметтік сала бюджеті департаментінің директоры Медет Ақтанжанов ЖОО-мен колледждердегі жатақхана мәселесін шешу үшін бюджеттен бөлінетін қаражатқа тоқталды.

– ЖОО студенттерін жатақханаларда 14 532 орынмен қамту мақсатында, 2023 жылға арналған республикалық бюджетте Ғылым және жоғары білім министрлігіне 5 млрд 257 млн теңге қарастырылды. Ал колледж студенттерін 5 273 орынмен қамту үшін Оқу-ағарту министрлігіне 1 млрд 849 млн теңге бөлу көзделді. Бүгінде 2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджет қаралуда. Осы үш жылдық кезеңде Ғылым және жоғары білім министрлігіне студенттерді 15 138 жатақхана орнымен қамтамасыз ету үшін – 19,2 млрд теңге, ал Оқу-ағарту министрлігіне жастарды 6 762 жатақхана орынымен қамтамасыз етуге 8,6 млрд теңге бөлу жоспарланып отыр, деді департамент директоры.

Фото-сурет: Parlam.kz

“Қалтаға ауыр түссе де, мәжбүр болдық”

Жатақханаға орналаса алмай жүргендердің бірі, Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің 3-курс студенті Икрамжан Ғани. Ғанидың айтуынша, жатақханада орынның жетіспеушілігінен пәтер жалдап тұруға тура келген. Ал пәтер тар әрі  қымбат болғандықтан, бағасын бөліп төлеу үшін амалсыздан бірнеше студент болып тұрып жатыр. Қапалы студент мемлекет не университет басшылығы тарапынан жатақханаға сыймаған студенттердің мәселесін біржақты етуді сұрап отыр.

  – Менің есімім Ғани. Шымкент қаласының тумасымын. Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінде “Информатика” мамандығының 3-курс студентімін. Жатақханада орынның жоқтығынан, қалтамызға ауыр түссе де пәтер жалдап тұруға мәжбүрміз. Тұрып жатқан пәтеріміздің ақысы айына 200 мың теңге, одан бөлек коммуналдық қызметтерге де төлем жасаймыз. Пәтер ақысы толық есептегенде айына 230-240 мыңды құрайды. Бір бөлмелі пәтерде төрт студент тұрып жатырмыз. Жанымда 1-2 курс студенттері де бар. Білетін боларсыз, негізі жатақханаға мұқтаж болған 1-курс студенттерін толықтай орналастыру қажет. Бірақ, былтырғы және биылғы жылы 1-курс студенттерінің көптігінен, жатақханадағы орын тіпті 1-курс студенттерінің өзіне толық жетпеген. Яғни, тек 3-4 курс студенттері емес, 1-2 курс студенттері де пәтер жалдап тұруға мәжбүр. Алайда, бұл мәселе жәй сылтау болып қалмауы керек деп ойлаймын. Мемлекет басшылығынан не университет басшылығынан бұл мәселені дұрыс жағынан шешуді сұрар едім. Мәселен, жатақханадан орын ала алмаған студенттерге қалтаға ауыр түспейтін, тиімді бағада пәтер тауып беру арқылы студенттерді қамтамасыз етіп отырса, студенттердің жүріп-тұру жағынан мүлдем арыз-шағымдары болмайтын еді деп ойлаймын,  – дейді студент.

“Студент баспанасы”: Студент көп, орын жоқ 

Жыл сайын қозғалатын осы бір жатақхана мәселесіне қатысты ҚР ҒЖБМ қоғаммен байланыс департаментінің басқарма басшысы Қарлығаш Қалыбекқызының берген дерегі бойынша, еліміздегі 104 ЖОО-да барлығы 380 жатақхана, 160 203 төсек-орын бар және 2023 жылғы есеп бойынша қажетті орын саны 23 мың. Осы оқу жылында қанша студент жатақханамен қамтамасыз етілді, қанша студент орынсыз қалды, жалпы осы жатақхана мәселесі қалай шешіліп жатыр деген сауалдарға жауап алу үшін арнайы аудио-материалды тыңдаңыз.

 

Сарапшы: ҚР ҒЖБМ қоғаммен байланыс департаментінің басқарма басшысы Қарлығаш Қалыбекқызы 

Жатақханаға орналасқан және жатақханаға мұқтаж ЖОО студенттер саны 2022-2023 жылғы есеппен, статистикалық көрсеткіш бойынша, басқа қаладан келген студенттердің жалпы саны 295,1%, жатақханаға мұқтаж студенттер саны 118,1%, ал жатақханада тұрып жатқан студенттер саны 73,1%.

ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросы деректеріне сәйкес Ranking.kz есебі | Инфографика: Амина Темірханова

Ресми статистиканы қарастырсақ, 2022-2023 жылдардағы мәліметке сәйкес жатақхананың жалпы қажеттілігінің 45 мыңнан үштен бірі, яғни 12,7 мыңға жуығы Қазақстанның ірі өңіріне тиесілі болды. Бұл ең алдымен Алматыда ең көп жоғары оқу орындары (39) орналасқандығымен және басқа өңірлермен салыстырғанда мұнда ең көп студент (177,6 мың адам) оқитындығымен түсіндіріледі. Орын тапшылығы бойынша екінші орында 11,1 мың адаммен Астана алса, үшінші орында Шымкент қаласы тұр. Шымкетте 7,3 мың орынға мұқтаждық бар.

2022-2023 жылғы есеп бойынша, жатақханаға мұқтаж және жатақханаға орналастырылған ЖОО студенттер саны (адам):

Қазақстан бойынша 44 982 студент. 

ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросы деректеріне сәйкес Ranking.kz есебі | Инфографика: Амина Темірханова

Экономист маманы бұл мәселеге не дейді?

Экономист Мақсат Халық Azattyq Rŷhy ақпарат агенттігіне берген сұхбатында, студенттердің үлкен қалаларға оқуға түсуі нарықтағы жалдамалы пәтердің ақысына міндетті түрде әсер ететінін айтты.

– Қазірдің өзінде тіпті қонақ үйлерде орын жоқ. Ертең студенттер келетін болса тағы да қиындықтарға тап болатыны сөзсіз. Бұл жерде жауапты министрлік пен әкімдік тарапынан қандай әрекеттер жасалып жатқаны өте маңызды. Егер келетін студенттер санына қарай ыңғайлап жатын орындар жоспарланып қойса, онда белгілі бір дәрежеде баға өсімі қатты болмайды деуге негіз бар. Ал мұндай шаралар жүзеге асырылмаса, жалдамалы пәтердің қымбаттауына алып келеді, – дейді маман.

ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитетінің ақпаратына сүйенсек, «Білім беру қызметіне қойылатын біліктілік талаптарын және оларға сәйкестікті растайтын құжаттардың тізбесін бекіту туралы» бұйрықта ЖОО-ның білім беру қызметіне қойылатын біліктілік талаптарының бірі – өзге өңірден келген студенттердің кемінде 70%-ның тұруы үшін (жатақханалар, хостелдер, қонақ үйлер) жағдай жасау жағы көзделген. Сондай-ақ, бүгінгі күні еліміздің 58 жоғары оқу орнында 182 объекті не 24 560 төсек-орындық жатақханамен және хостелдермен келісім-шартқа отырған. Оқу орындары жатақхана мен хостелдердің меншік иелерімен бірлесіп, келісім-шарт жасау арқылы студенттердің тұру ақысын реттейді. Орташа алғанда, төлем мөлшері 3 мыңнан 55 мың теңгеге дейін. Қазіргі таңда, ЖОО-ның жауапты тұлғалары, жастар ұйымы мен хостелдердің әкімшілігі бірлесіп, студенттердің қауіпсіздігі бойынша жұмыстар жасалып жатқаны туралы хабарланды. Сонымен қатар, жалға алынған хостелдерде, жатақханаларда мемлекеттік жатақханадағыдай камералар, күзетшілер қарастырылғанын айтып өтті, яғни студенттердің қауіпсіздігі қолға алынған көрінеді. Жалпы алғанда, соңғы 5 жылдан бастап (2018) студенттердің өмір сүру жағдайын жақсарту мақсатында жаңа жатақханалар салу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осы бастаманы іске асыру басталғаннан бері 2018-2022 жылдар арасында 26 390 төсек-орындық 99 жатақхана пайдалануға берілді. 2023 жылдың жоспары бойынша жоо үшін 8 854 төсек-орындық 32 жатақхана бекітілген. 2023 жылы 4 қыркүйектегі жағдай бойынша 2 600 орындық 6 жатақхана пайдалануға берілді. 2023 жылдың соңына дейін ЖОО-да 6 254 төсек-орындық 26 жатақхана пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Осыған қатысты Премьер-Министрдің орынбасары ҚР Премьер-Министрінің ресми ақпараттық ресурсы сайтында пікір қалдырды:

– Студенттік жатақханаларының құрылысы Президенттің тапсырмасы бойынша жүргізіліп жатыр, студенттерді жатақханамен қамту бойынша барлық жоспарлар қатаң сақталуы тиіс. Бұл ретте салынып жатқан жатақханалар санын көбейту бастамасы құпталады.

Министрлік Алматы және Астана қалаларының әкімдіктерімен және «Қаржы орталығы» АҚ-мен бірлесіп, инвесторлармен жұмыс істеу үшін бір тұжырым қағидаты бойынша Жобалық офистер құрды. Осылайша ситуациялық және дағдарыс орталықтары ашылды. Ситуациялық орталықтар студенттерді жоо жатақханаларындағы орындар туралы хабардар етеді, дағдарыс орталықтар форс-мажорлық жағдайларда тұрғын үймен қамтамасыз етеді. Бүгінгі күнге дейін 3200 астам адам кеңес алса, дағдарыс орталығында іске қосылғаннан бері 15 адам түнеген. Студенттердің мәселелерін жедел шешу үшін ЖОО өкілдерінен омбудсмендер институты құрылды. Министрліктің қолдауымен жатақханаға мұқтаж студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету мәселелері жөніндегі жедел штабы жұмыс істейді. Бұл норма Үкіметтің қаулысымен бекітілді.

Қорытындылай келе, еліміздегі жатақхана тапшылығы мәселесін шешу мақсатында бірқатар іс-шараның қолға алынғанын байқауға болады. Дегенмен, бұл мәселенің шешілгендігін білдірмейді. Мұндай мәселенің туындауына алдыңғы жылдардағы жоспардың тиісті деңгейде орындалмауы да үлкен себеп болды. Мәселен, 2019-2022 жылдар аралығында 75 мың жаңа орын берілуі керек болғанымен, тек 34 641 жаңа орын берілген. Яғни, бұл  жоспардың жартысына да жетпеген болып тұр. Десек те, мұның да өз себептерін қарастыруға болады. Жауапты тұлғалардың сөзінше, ол жылдар әлемге таралған коронавирус пандемиясымен тұспа-тұс келген еді, сондықтан да жоспар тиісті деңгейде орындалмаған. Ал әзірге үкімет 2025 жылға қарай жатақ мәселесі толықтай шешілетінін айтып отыр. Қалғаны уақыт еншісінде.

Амина Темірханова,

SDU “Журналистика” мектебінің 4-курс студенті

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар