///

Атырауда 2003 жылы мерзімі өткен жалғыз қоқыс полигоны жұмыс істейді

4973 рет қаралды

АЛ ОБЛЫС КӨЛЕМІНДЕ 125 МИЛЛИОН ТОННА ТҰРМЫСТЫҚ ЖӘНЕ КОММУНАЛДЫҚ ҚАЛДЫҚ БАР

Атырау облысында қоқыс мәселесі күйіп тұр. Мұнайлы астана атанған Атырау жыл сайын заңсыз төгілген қоқыстан көз ашпай келеді. Атырау облысы бойынша экология департаментінің ақпараты бойынша, былтыр заңсыз төгілген 100 қоқыс орны табылып, соның жартысынан көбі қалада анықталған.

Қаланың қатты-тұрмыстық қалдықтарын төгуге рұқсаты бар жалғыз қоқыс полигоны бар. Алайда «заңды» делінген бұл полигонның өзін пайдалану мерзімі асып кеткен және санитарлық талаптарға қайшы. Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің ақпараты бойынша, аумағы 35 гектарды құрайтын полигон биіктігі бүгінде 15-18 метрге жеткен. Бұл бес-алты қабатты тұрғын үйдің биіктігімен бірдей. Оған күніне шамамен 350 тонна қоқыс төгіледі. Бүгінде онда 3 млн тоннадан астам қоқыс жиналған. Облыста қоқысты азайтудың жолдарын тез арада шешпесе, онсыз да ауасы ең лас қалалардың бірі Атыраудың экологиялық ахуалы нашарлай түспек.

 ПОЛИГОН ЖАРАМСЫЗ БОЛСА, ОҒАН ҚОҚЫС ТӨГУ ЗАҢДЫ МА?

Қалада экологиялық мәселе онсыз да өте өзекті. Ауаны негізгі ластаушы көздер деп тұрмыстық қатты қалдықтар полигоны, «Тухлая балка» булану алаңы, «Квадрат» булану алаңы және Атырау мұнай өңдеу зауыты айтылып жүр. Полигон 1977 жылы ашылған. Атырау облысы,  Алмалы ауылдық округі, Береке ауылында қаладан бес шақырым жерде орналасқан. Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Әлия Бекешева полигонның 1983 жылдан бері қызмет етіп келе жатқанын және оны пайдалану мерзімі 2003 жылда аяқталғанын айтады.

Пайдалану мерзімінен асып кеткеніне 20 жыл болған. Оған қоса, санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сай құжаттары жоқ. Қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы мамандары 2022 жылы санитарлық нормаларды бұзғаны үшін 2 млн 450 мың теңге көлемінде айыппұл салған. Оған қоса, Атырау қалалық әкімшілік сотының қаулысымен ҚР ӘҚБтК-нің нормаларын бұзғаны үшін (463-бап, 1-тармақ) санитарлық-эпидемиологиялық қорытындының болмауына байланысты тағы да 321 615 теңге айыппұл салынды. Біз сөйлескен Атырау облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің өнеркәсіптік және радиациялық қауіпті обьектілерді бақылау және қадағалау бөлімінің басшысы Айгүл Искакованың сөзінше, тексеру кезінде бірқатар кемшіліктер анықталған. Соның ішінде бастысы – полигонның санитарлық-эпидемиологиялық қорытындысыз жұмыс істеп жатқаны белгілі болған.

Айгүл Искакова, СЭС маманы

-Бұл полигон эпидемиологиялық маңыздылығы жоғары объектіге жатады. Сол себепті ол жұмыс істеу үшін санитарлық-эпидемиологиялық қорытындысы болуы керек. Сосын полигонның қызмет көрсету уақыты, пайдалану мерзімі (служба эксплуатации) өтіп кеткен. Полигонның көму кестелері де, қоқысты көмуге, жоюға бөлінген жер де жоқ, қоқысқа толы, бос орын жоқ, – дейді А. Искакова.

Оның сөзінше, өңірдегі қатты тұрмыстық қалдықтарды төгуге арналған орындарды санитарлық-эпидемиологиялық заңнама нормаларына сай реттеу мәселесін көтеріп келеді.

Бірақ, соған қарамастан оған қалдықтар төгіледі, себебі басқа баламасы жоқ. Полигон жері мемлекет меншігінде. Ол қаланың тазалығына жауапты «Спецавтобаза» ЖШС мекемесіне 2020 жылы бес жылға сенімгерлік басқаруға берілген. Шарт мерзімі 2025 жылдың 3 шілдесінде аяқталады. Сол 2020 жылдың 8 қаңтарында бес жылға, яғни 2025 жылға дейін облыстық экология департаменті «Спецавтобаза» ЖШС-іне І санаттағы обьектілер үшін қоршаған ортаға эмиссияларға рұқсатты, яғни қалдықтарды көму лимитін бекітіп берген.

Полигонға тұрмыстық қатты қалдықтар негізінен өңделмеген күйі үйіледі. Күн жылына бастағанда, әсіресе, ыстық ауа райында тамақ қалдықтары аралас қоқыс шіру барысында әр түрлі улы газ бөлініп, өздігінен жану дерегі тіркеліп отырады. Түтін ауаға тарап, қолқаны қабатын сасық иіс тұншықтыра жаздаған жағдайлар бұрын қатты сезілетін. Қазір сирегендей. «Спецавтобаза» директоры Алмас Ізтілеуов 2021 жылы берген сұхбатында полигон аумағында өрт ошақтарын жоюға арналған техника мен кезекшілікте қызметкерлердің жұмыс істейтінін айтқан. Алайда кейбір экобелсенділер қоқыс полигонында өздігінен жану процесі тоқтап қалғанына сенбейді. Бұл туралы сәл кейінірек.

«Спецавтобаза» ЖШС-іне қоршаған ортаға эмиссияларға рұқсатты, яғни, қалдықтарды полигонға көму (орналастыру) лимиті бес жылға – 2020-2024 жылдарға экология министрлігінің экологиялық реттеу және бақылау комитеті берген.

Қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу мақсатында «Спецавтобаза» мекемесі 2019 жылы қалалық қоқыс полигонының аумағында Белоруссия өндірісінің қалдықтарды сұрыптау кешенін салды. Мекеме оған өзінің 250 млн теңге инвестициялық қаржысын «құйды». Бұл 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап экологиялық кодекске қалалық полигондарға пластмасса, макулатура, картон, қағаз қалдықтары мен шыныны тастауға тыйым салу туралы енген өзгерістен кейін қолға алынған іс. Бұған дейін экологиялық кодекске 2016 жылдан бастап полигондарда құрамында сынап бар шамдар мен аспаптарды; металл сынықтарын; пайдаланылған майлар мен сұйықтықтарды; батареяларды; электрондық қалдықтарды көмуге тыйым салу туралы түзету енгізілген болатын.

Десе де, қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімі ақпараты бойынша, қуаттылығы жылына 50 мың тонна болатын сұрыптау кешені қаладан шығарылатын қатты тұрмыстық қалдықтардың 30 пайызын ғана қамтиды. Қалдықтарды өңдеуге оның күші жетпей отыр. Оған қоса, қоқыс полигонына күніне шамамен 350 тонна жеткізілетін қалдықтың 10 пайызы ғана өңделеді. Себебі тамақ қалдығымен араласып келетін шикізат өңдеуге жарамсыз болғасын қоқыс ретінде полигонға тасталады. Сұрыптау кешенінде пластмасса (бөтелкелер, консервілер), тоқыма бұйымдары, металл (атап айтқанда, алюминий банкі) қалдықтар қайта өңдеуден өтеді. Ал картонға сұраныс болмағасын ол өңдеусіз жатыр.

РЕКУЛЬТИВАЦИЯ НЕГЕ КЕШЕУІЛДЕП ТҰР?

 Қоршаған ортаны ластаушы көздердің біріне айналған полигон жерін қалпына келтіру жұмыстары, яғни, рекультивациялау тез арада жүруі керек. Рекультивация жүргізу үшін бұл ескі полигонға қоқыс төгуді тоқтату керек. Ал қоқысты төгетін дайын тұрған балама басқа полигон жоқ. Оған қоса, рекультивация миллиардтаған қаржыны талап етеді.

Облыстық мәслихат депутаты, экобелсенді Арман Хайруллин

Облыстық мәслихат депутаты, экобелсенді Арман Хайруллин ескі полигонды рекультивациялау үшін 7 млрд теңге қажет дейді. Ол әбден тозығы жетіп, ресурсы біткен ескі полигондағы қалдықтардан улы заттардың бөлініп, адам азғасына зиянын тигізіп жатқанын айтады.

– Атырау қаласындағы 35 гектар аумақта бес қабатты үйдің көлемінде түрлі қалдықтар жиналған полигон қаланың атмосфералық ауасына және халқының денсаулығына үлкен зиян тигізіп жатыр. Оның ішінде диоксиндер, күкіртсутегі, РМ2.5 ұсақ дисперсті бөлшектері сияқты улы заттар бар. Әсіресе, дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының 20 жылдық зерттеулерінің нәтижесінде әлемдегі 3,5 млн адамның өмірін алған улы заттар қазір ауаға тарап жатыр. Жиі бықсып-жанып тұрады. Оны кез келген адам барып көре алады. Не себепті? Себебі полигонға баратын қоқыс қалдықтары еш сұрыптаусыз үйіліп жатыр. Ол жерде сұрыптау кешені тұрғанымен толық деңгейде жұмыс істеп жатқан жоқ. Өйткені, өз көзіммен талай көрдім, талай әуеден де, жерден де түсірілген видеолар да бар. Сондықтан, 2021 жылғы экологиялық кодекстің талаптарына сай емес, ол полигон жұмысты заңсыз жасап жатыр деп айтуға біздің толық негізіміз бар. Барлық органдар оған көз жұмыс қарап отыр, өйткені бізде қалада екінші полигон жоқ, – дейді А.Хайруллин.

 
 
 
 
 
View this post on Instagram
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

A post shared by Хайруллин Арман (@armankhairullin)

Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев биыл ақпанның басында орталық коммуникациялар қызметінде Қазақстанда жылына 4,5 млн тоннаға жуық коммуналдық қалдық жиналатынын, олардың басым бөлігі бөлек жинаудың үрдісінің болмауына, қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу қуаттарының жеткіліксіздігіне байланысты полигондарда көмілетінін айтқан.

2020 жылы Экология министрлігі мен облыс әкімдігі бірлесіп, Атырауда экологиялық проблемаларды кешенді шешуге арналған «Жол картасында» қатты тұрмыстық қалдықтар полигонын рекультивациялауға жобалық-сметалық құжат жасақтау туралы бастаманы енгізген. Инвесторды тарту арқылы Атыраудың сол жағалауында жаңа полигон салу жоспарланған. Оны 2022 жылғы шілдеге дейін жүзеге асыру керек болған.

Бірақ, рекультивация жүрмеді, жаңа полигон әлі салынбады. Былтыр облыс әкімі Серік Шәпкенов  орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз брифингінде полигонды рекультивациялау жұмыстары 2024 жылы басталып, полигонды жабу көзделгенін айтқан.

Қала әкімдігінің ақпараты бойынша, «қоқыс полигонын рекультивациялау бойынша жоба жасақталған. Қазіргі таңда жоба мемлекеттік сараптамадан өтіп жатыр. Сараптама қорытындысы алынғаннан кейін қаражат бөлуіне байланысты рекультивация жүзеге асады».

Ескі полигонды рекультивациялау үшін оған қалдық төгу тоқтатылуы тиіс. Демек, орнын алмастыратын жаңа полигон салынуы қажет. Ал қазір ол бізде жоқ. Хайруллин қаладан 25 шақырым жерде жаңа полигон салу қарастырылып жатқанын, бірақ бұл қаладан алыс, қалдық тасымалдаушы көліктердің қатынауына алыс болғасын артық шығын болуы мүмкін, есесіне қоқыс тарифін тағы көтеруге тура келеді деген пікірде.

ҚОҚЫСТЫ АЗАЙТУ ҮШІН НЕ ІСТЕЛІП ЖАТЫР?

Қалдықтарды сұрыптау және өңдеу ісі өңірдегі өте өзекті мәселенің бірі. Қалдықтарды бөлек жинауда басты проблема – қоқыстарды бөлек жинауға арналған контейнерлердің, халықтың сұрыптауға ынталандыру жоқтығынан және оларды араластырмай, бөлек шығаруға тиіс арнайы көліктердің болмауы. Бұл жөнінде жылдар бойы қоқыс жинаушы мекеме оларды ұстау тиімсіз екенін айтып келеді. Қалдық жинайтын арнайы көліктің бағасы 50-60 млн теңге шамасында.

2021 жылғы 2 қаңтардан бастап жаңа Экологиялық кодекстің полигондарға қойылатын талаптары бойынша тұрмыстық қатты қалдықтарды алдын ала сұрыптамай көмуге тыйым салынған. Соның ішінде  құрылыс және тамақ қалдықтарын полигонға тастауға рұқсат берілмейді.

Қалдықтарды сұрыптау мәселесін шешу мақсатында 2022 жылы қоқыс полигонына жақын жерде испандық технологияның үлгісінде зауыт салынды. Қалдықтарды сұрыптау зауытының құрылысына инвестордың (кәсіпкер Махмұт Мералиев) 3 млрд теңгесі жұмсалған. Зауыттың меншік иесі – «GreenCityClinic» ЖШС мекемесі. Сол жылы тұрмыстық қатты қалдықтарды жинау, шығару және жою тарифін көтеру мәселелері бойынша өткен қоғамдық тыңдаулар аясында қала билігі тарапынан бұл тарифке сұрыптау қызметінің құны қосылатыны айтылды. Қала билігі зауытты іске қосу маңызды екенін және оны іске қосу сұрыптау тарифін бекітумен байланысты деп түсіндірді. Осылайша қоғамдық тыңдауларда қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау, шығару, сұрыптау және көму тарифтерін белгілеу мәселесі қаралды.

Осы қалдықтар тарифін көтеру туралы бастаманың біразға дейін дау болғаны есімізде. Қала әкімдігі алғашында көпқабатты үйлерге 680 теңге, жеке тұрғын үйлерге 699  теңге тариф көлемін қарастырған. Кейін қоқыс тарифін 197 теңгеден 594 теңгеге дейін көтеруді ұсынған . Бұл бағаны әкімдік өз талдауын жасай отырып белгіледі. Олар тарифты көтеруге жанар-жағармай материалдары, қосалқы бөлшектер мен материалдар бағасының өсуі, қалдықтарды жинау, сұрыптау және қайта өңдеу саласында жұмыс істейтін қызметкерлердің жалақысының 2022 жылы 90 мың теңгеден 180 мың теңгеге дейін көтерілуі себеп болғанын да келтірді.

Бұрынғы тұрмыстық қатты қалдықтардың орташа тарифі 206 теңгені құраса, қалдықтарды жинау және шығару – 132 теңге және көму – 74 теңге тұратын. Ал ұсынылған жаңа тарифке, яғни 594 теңге есебі былай келтірілді: 340 теңге – қалдықтарды жинау және шығару, жаңадан қосылған шығын сұрыптауға – 224 теңге және көму шығыны – 30 теңгеге бағаланды.

Бірақ мұның да соңы үлкен дауға ұласты. Тұрғындар мұндай тарифты қымбатсынды. Сұрыптау ақшасы неге халықтың қалтасынан төленуі тиіс деген сауал қойды, келіспеді. Өз қаржысына салған зауытты іске қоспай жатып халықтан ақша сұрағаны несі деген заңды сауал да туындады. Кейін билік пен қоғам ұзаққа созылған дау-дамайдан соң бір келісімге келгендей болды.

Қалалық мәслихат депутаттары кезекті сессиялардың бірінде тараптарды тыңдай келе көпқабатты тұрғын үйлерде тұратындар тарифті 379 теңге, ал жеке тұрғын үйлер үшін 409 теңге деп бекітті.

Осы талас-тартысты кездесулер барысында «GreenCityClinic» ЖШС директоры Әзілхан Байбатыров қалдықтарды сұрыптау зауытының қуаттылығы жылына 150 мың тоннаны құрайтынын және жылына шамамен 130 мың тонна қаланың қатты тұрмыстық қалдықтарын толығымен қамтитынын айтты.

Материал дайындау барысында Байбатыров «зауыт іске қосуға дайын екенін, барлық экологиялық рұқсат құжаттары бар екенін, ал жұмысты бастап кете алмай отырған себебін қала немесе облыс әкімдіктерінен сұраған жөн» деген ғана жауап берді. Қала әкімдігінің қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөліміне жолдаған бұл сауалымыз әзірге жауапсыз қалып отыр.

Одан бұрын өңірде қалдықты сұрыптаумен жас кәсіпкер Мейірбек Қуанышев айналыса бастады. Ол кейінгі үш жылдан бері Атырау мұнай өңдеу зауытының маңайында орналасқан базада және Алмагүл ықшам ауданындағы экопунктіде жергілікті тұрғындардан қайта өңдеуге болатын шикізат қабылдайды. Бұл – қағаз, картон, пластик, канистр, биг-бэг қаптар және тағы да басқа қалдық түрлерін жинап, Алматыға өңдеуге жөнелтеді. Тұрғындар жинаған қалдық салмағы 100 келіден асса, оны алып кетуге арнайы көлік барады. Ал, санаулы келі болатын қалдықтарды тұрғындар қаладағы Алмагүл ықшам ауданында орналасқан экопунктіге өздері алып келуі тиіс. Қалдықтарды сұрыптап әкелетіндер үшін ынталандыру мақсатында азғантай болса да ақы төленеді. Мәселен, 1 келі макулатура үшін 15 теңге, 1 келі канистр – 60 теңге, 1 келі пэт бөтелкелері – 70 теңге, 1 келі биг-бэг қапшықтарына 40 теңгеден төленеді.

Бастама әрине жақсы, бірақ қалдық тасымалдайтын көлік мәселесі тағы бар. Мейірбек Қуанышев «жоба әуелден әлеуметтік екенін және бұл бизнес ретінде өзін ақтап жатпағанын» айтады. Ол тұрғындардың сұрыптау мәдениеті төмен, олар сұрыптауды үйрену үшін әлі біраз уақыт керек деген пікірде.

700 мыңның үстінде халқы бар Атырау облысы үшін қоқысты азайтуда бұл жұмыстар өте аз. Қоқысты азайту үшін жасалып жатқан бұл жұмыстардың үлесі теңізге құйылған тамшыдай ғана. Енді дәл осылай тұрғындарды ақшалай ынталандыру арқылы қалдықты сұрыптау саласын жолға қойған өзге өңірдегі кәсіпкердің мысалын көрейік.

ӨЗГЕ ӨҢІРДЕГІ МЫСАЛ ҚАНДАЙ?

Материал дайындау кезінде біз Түркістан облысы Сайрам ауданы Ақсукент ауылының тұрғыны Владислав Голярконың тәжірибесін мысал етіп келтіру үшін өзімен хабарласып, жұмысымен таныстық. Голярко жеке үйлермен, компаниялармен келісімшартқа отырып, олардан пластик бөтелке, әйнек ыдыс, картон сияқты өңделетін қалдық түрлерін жинайды. Тұрғындарға арнайы қап таратып береді де, тұрғындар соған өңделетін қалдық түрлерін салып, қақпасының алдына қойып кетеді. Кейін көлік жүргізушілері оларды жинап, өлшеп, сәйкесінше тұрғындардың Kaspi шоттарына ақша жіберіп отырады. Біз оның жобасы жөнінде кеңірек білу үшін өзіне хабарластық. Оның сөзінше, ауылда eco-cashback деген мобильді қосымша істейді. Осы қосымша арқылы тұрғындар үйлерінде жиналған қалдық көлемін суретке түсіріп, өтініш жібереді. Ертесінде қалдық қабылдаушы көліктер қапқа бөлек салынған түрлі қалдықтарды үйлерінен алып кетеді.

Голярконың сөзінше, қалдықты ақшаға сұрыптауға қызығушылық танытып жатқандар қатары артып келеді. Өзге өңірлерден де жобаға қызығып, хабарласқандар бар. Өзге қалалардан кәсіпкерлер хабарласқан. Голярко оларға тегін кеңес беріп, өзінің схемасымен бөліскенін айтады. Егер әлі де өзге өңірден, мәселен, Атыраудан ұсыныс білдірушілер болса, өңірге келіп, қалдықты өңдеу әдісіне талдау жүргізіп, тәжірибесімен бөлісуге дайын.

Былтыр көктемде Голярко Түркістан облысы Сайрам ауданы Ақсукент ауылында пластик бөтелке, әйнек ыдыс, картон сияқты өңделетін қалдық түрлерін азық-түлікке алмастыратын алғашқы әлеуметтік дүкен ашқан. Мысалы, бір килограм пластик бөтелке (25 баклажка) өткізген адам екі бөлке нан алады. Голярконың айтуынша, ол қабылдайтын қалдық түрлерінің бәрі Шымкент қаласындағы индустриалды аймақтағы зауыттарда өңдейді. Голярко тұрғындардан қалдық сатып алған бағаның үстіне екі есе қосып, осы зауыттарға өткізеді.

ШЕТЕЛ ТӘЖІРИБЕСІНЕН

Қоқысты азайту, қоқыс мәселесін өзге өңірде, әлемдегі елдер қалай шешті?

 Шетелде қалдықты сұрыптау жолға қойылған. Онда қоқыстан қаражат тауып, оны кәдеге жаратып отырған мысалдар көп.

Швеция, Германия, Жапония, Сингапур секілді басқа да елдер бұл ретте алда келеді. Бұл халқының сұрыптау мәдениеті қалыптасқан елдер. Швеция тұрмыстық қалдықтардың 99%-ін қайта өңдеп, кәдеге жаратып отыр Швецияның электр станциясының жанармайы мен өндірістік шикізатының 99% содан тұрады. Қалдықтардан биогаз, биоотын, электрэнергиясын өндіреді. Швецияда бұл күнде қоқыстарды сұрыптау жалпыға ортақ ауқымды деңгейге жеткен. Осының арқасында елде үйінділердің мүлде көзі жойылып, олардың қалдықтары отынға айналып немесе қайта қолданысқа жарай бастады. Қысқасы, биліктің әрдайым түсіндірме жұмыстарын жүргізуі халықтың түсінігіне әсер етіп, өз жемісін бере бастады.

Елдегі тұрғындардың басым көпшілігі лақтырылған пластиктің әлі жеті рет қолдануға болатынын жақсы түсінеді. Содан кейін ғана ол электростанцияға өртеуге жіберіледі. Осылайша, жетінші рет қолданылған пластик ақыры электр тоғы ретінде пайдаға асады.

Стокгольмдағы әрбір отбасының үйінде қоқыстарды сұрыптауға арналған 6-7 шелек бар. Атап айтқанда, қоқыс шелектері пластик, қағаз, шыны, картон, металдарды жеке-жеке салуға арналған. Тіпті, Стокгольмдағы жас бала да кәмпит қағазын басқа контейнерге сала қоймайды. Қоқысты сұрыптай салуды ол елде балабақша мен мектептен бастап үйретеді, ал қате сұрыптап салған жағдайда айыппұл төлету қарастырылған.

Жапонияда қоқыс контейнерлері қағаз, пластик, әйнек, темір, жанғыш, жанбайтын, қайта өндірілетін деп іріктеледі. Әр қалдықтың өзіне тиесілі түсті пакеттері болады. Мәселен көк пакетте қағаз қалдықтары болса, жасыл түсті пакетте пластик болады, егер қоқыстарды шатастырып, әлде аралас тасталса, сол үшін «шатасқан» тұрғын қомақты айыппұл да төлейді.
«Қате» қоқыс салынған сөмкелер қабылданбайды.
Ережелерді қасақана бұзғаны үшін жазалауға мүмкіндік беретін заң бар: ол 10 миллион иенге дейін (90 мың доллардан астам) айыппұл салуды немесе тіпті бес жылға дейін бас бостандығынан айыруды көздейді. Дегенмен, мұндай жазалар өте сирек қолданылады – қиын жағдайларда.

Жапонияда әр түрлі дереккөздерге сәйкес, жыл сайын жиналатын 44 миллион тоннаға жуық тұрмыстық қалдықтардың шамамен 21-46 пайызы қайта өңделеді. Бұл Еуропалық Одақтың ең озық елдерімен салыстырғанда ең жоғары көрсеткіштер емес, бірақ жапондықтар жағдайды жақсарту үшін белсенді жұмыс жасап келеді.

Францияның алюминий, әйнек пен қағаз өнімдері түгелге жуық қоқыстан алынады. Австрия 265 мың тонна жылу энергиясын, ал, Бельгия 75% тыңайтқыш, шикізат, энергия алып отыр.

Француз үкіметі әрбір қоқыс жәшігіне арнайы чип орнатылған, оның көмегімен қоқыс таситын көліктің қызметі бақыланады. Чип контейнердің толықтығын және оның шығарылған күнін көрсетеді, бұл қоқыс жинайтын агенттіктерге маршрутты тиімді ұйымдастыруға, уақыт пен отын шығынын үнемдеуге көмектеседі .

 ҚОҚЫСТЫ СҰРЫПТАУ МӘДЕНИЕТІН ҚАЛЫПТАСТЫРУ ҮШІН НЕ ІСТЕУГЕ БОЛАДЫ?

Былтыр үкімет отырысында наурыз бен қыркүйек аралығында 5,5 мың заңсыз қоқыс полигоны анықталғаны айтылды. Экология министрлігіне қалдықтарды бөлек жинау, кәдеге жарату және қайта өңдеуді енгізу бойынша халықаралық тәжірибені зерделеу және заңнамаға тиісті түзетулер әзірлеу тапсырылды.

Сондай-ақ озық еуропалық тәжірибені ескере отырып, жаңа қалдықтарды кәдеге жарату және қайта өңдеу зауыттарын салу бойынша ұсыныстар дайындауды тапсырды. «Әлемнің кейбір елдерінде, мысалы, Швецияда, Францияда, Жапонияда қалдықтарды өңдеу технологиясы зауыттарда қолданылады, соның арқасында үлкен аумақтар, түтін, иіс жоқ», – деді бұрынғы премьер Әлихан Смайылов. Одан бөлек, қалдықтарды өңдеу мәдениетін дамыту және балабақшадан бастап университетке дейінгі білім беру бағдарламаларына енгізу қажеттігін атап өтті.

Шынар Ізтілеуова, экобелсенді

Атыраулық белсенді Шынар Ізтелеуова да бұл пікірмен толық келіседі. Ол да Арман Хайруллин секілді тұрғындардың сұрыптау мәдениетін қалыптастыру үшін оларды ақшалай ынталандыру қажеттігін айтады. Содан кейін сұрыптағаны үшін ақыны көңілге қонымды етіп белгілеп, ал сұрыптамай тастағаны үшін айыппұлды көптеп салу керек деп есептейді. Қалтасын қағатын айыппұл ғана адамның санасына әсер етіп, сұрыптауға итермелейді деген ойда. Сондай-ақ, ол қазіргі қоқыс тарифін қайта қарастыру керек дейді. Себебі, қоқысты әр адам әр түрлі көлемде шығару мүмкін, бірақ олар бірдей тариф төлейді, бұл әділетсіз деп санайды Ізтелеуова. Орынды пікір.

Кей деректер бойынша қала, облыс және аудан орталықтарының қоқыс орындарында 125 миллион тоннадан астам тұрмыстық және коммуналдық қалдықтар жатыр. Оған қоса жыл сайын алты миллион тоннаға дейін қатты тұрмыстық қалдықтар сол қоқыс орындарына жеткізіледі.

Жыл сайын жергілікті әкімдіктер рұқсат етілмеген, стихиялы қоқыс орындарын жою үшін қомақты қаржы шығындайды .

Соған қарамастан, бейберекет қоқыс үйінділерінің саны азаятын емес. Осыған байланысты үкімет ұсынып отырған заң жобасы бойынша машинасымен заңсыз қоқысты әкеліп тастаған адамның автокөлігі тәркіленеді және оның өзіне салынатын айыппұл көлемін қазіргі 50 АЕК-тен 200 АЕК-ке немесе биыл 738 400 теңгеге дейін ұлғайту ұсынылды.

Жапонияда тиісті емес жерге қоқыс тастаған жеке тұлғалар 5 жылға дейін түрмеге қамалады және 10 миллион иена (30 млн теңгедей) көлемде айыппұл арқалайды.

ҚОҚЫСТЫ АЗАЙТУ МӘСЕЛЕСІН ШЕШУДІҢ ЖОЛДАРЫ ҚАНДАЙ?

  • Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімі жыл сайын қоқыс жәшіктерін (контейнер) сатып алады. Әр аулада бірнеше қоқыс жәшігі бар. Солардың сыртына пластик, қағаз, тұрмыстық қалдық деп жазса, қоқысты сұрыптап, төгуді халық та тез үйренеді.
  • Қоқыс таситын көліктер (мусоровоз) сатып алу. Сондай бір көлік ондаған миллион тұрады. Бағасы 50 млн теңгеден асады. Атыраудағы ірі мұнай компанияларының әлеуметтік-инвестициялық жобасы аясында сатып алуға мүмкіндік жасауға болады.
  • Қоқысты жинайтын көлік табылмаса, әр апта сайын жинайтын қоқысты белгілеу керек. Мысалы, бір апта тұрмыстық қалдық жинауға арналған, келесі апта пакет пен пластик жинауға арналған болуы керек.
  • Болмаса, (тұрмыстық қалдықтан басқа) қоқысты қабылдайтын орындарды (пункты приема отходов) қаладағы әр ықшам ауданнан ашып қою керек. Олар белгілі бір көлемде қоқыс жиналған соң әр апта сайын қоқыстар өңдеу зауытына тапсырылуы тиіс. Осының бәрі қаржылай ынталанырылуы тиіс. Тұрғындарға сұрыптап өткізгені үшін күнделікті негізгі азық-түлік алуға жететіндей ақы төленуі тиіс. Ал сұрыптамай өткізгендер қатаң жазаланып, қомақты айыппұл салынуы тиіс.
  • Қоқысты сұрыптау зауыты қала әкімдігіне иек артпай, инвестиция тартып, өздері жұмысты бастауы тиіс.
  • Ескі полигонды қалпына келтіріп, жаңа қоқыс полигоны құрылысын тез арада бастап, салып бітіру керек.
  • Кәріз суларының, мұнай қалдықтарының далаға төгілмеуін, басқа да түрлі қалдықтардың қоршаған ортаны бүлдірген компания ғана емес, жеке азаматтарға да жаза қатаң болса, қоқысты тастап, жерді бүлдірген жеке және заңды тұлғаға айыппұл көлемін қайта қарастыру керек.
  • Қоқысты сұрыптауды, тазалыққа үгіттейтін ағартушылық бағытта дәрістер, оқулар, экологиялық трениңдер, жиындар, талқылаулар өтіп тұрса балабақша, мектеп, университет, мекемелерде айына бір рет болса да тұрақты өткізіліп тұрса. Тұрғындар тұтынған затты ойланып пайдаланып, оны қалай өңдеп, сұрыптауға болатынын ойланар еді. Ата-ана да баласына қолындағы қоқысын кез келген жерге тастамау керектігін үнемі ескертіп, сұрыптау мәдениетін тәрбиелер еді.

Қоқысты азайтудың жолдарын билік қалдықтарды басқару жүйесін реттеп, қалдықтарды өңдеуші, сұрыптау үшін қабылдайтын мекемелерге дотация төлеуді қарастыру керек. Сол кезде олар қалдық тапсырғандарға ақшалай сыйақы беруге мүмкіндік болады. Өңдеуші мекемелер қатары көбейіп, бұл салада сәл де болса ілгерілеу болар ма еді.

Айнұр САПАРОВА

Суретті түсірген автор

 

Бұл материал «Solutions Journalism Lab» жобасы аясында журналистиканың шешімдері жанрында жазылған және автордың жеке пікірі мен ұстанымын білдіреді.

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі