///

Қазақстандағы су тапшылығын шешудің қандай жолдары бар?

7701 рет қаралды

Қазақстанда су тапшылығы жыл өткен сайын күрделі мәселеге айналып келеді. Қазақстан 2050 жылға қарай «суға өте мұқтаж» елдер санатына кіруі мүмкін. Бұл туралы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі кеңесте айтты. Кейбір деректерге қарағанда, қазір елімізде таза ауыз су мәселесін шешуді талап етіп отырған 600 мыңнан астам адам бар.

Қазақстан географиялық жағдайына орай ірі өзендердің төменгі сағасында орналасқан. Cондықтан еліміздегі су ресурстарының жетіспеуін, ең алдымен, осы трансшекаралық өзендер ағысының азаюымен байланыстыра қарауға болады.

Елімізде су ресурстарының жартысына жуығы шет елден бастау алады. Мысалы, Ертіс, Еміл, Іле, Шу, Талас, Сырдария, Жайық, Тобыл. Әртүрлі есептеу бойынша, біздегі 100-ден аса текше шақырым судың 50 пайызы шет елден келеді екен.

Ал жыл сайын көршілес мемлекеттердің халқының саны ғана емес, экономикасы да өсетінін ұмытпаған жөн. Сондықтан трансшекаралық өзендер бойынша көрші елдермен келісімшартты ұстану маңызды. 1981 жылдан 1990 жылға дейін Қазақ КСР Мелиорация және су шаруашылығы министрі болып қызмет істеген Нариман Қыпшақбаевтың айтуынша, егер рационал түрде қолданатын болсақ, дәл қазіргі келісімшарт бойынша су Қазақстанға тағы мың жылға дейін жететін көрінеді. Қазір біздің басты мәселеміз су тапшылығы да емес, суды дұрыс әрі үнемді қолданбау. Суға жауапкершілік танытпай, ысырап ете берсек, су тапшылығы басты мәселемізге айналары сөзсіз.

СУ ТАПШЫЛЫҒЫНА ӘКЕЛЕТІН ФАКТОРЛАР

Елімізде су тапшылығына әкелуі мүмкін бірнеше фактор бар. Біріншіден, су шаруашылығы маманы Нариман Қыпшақбаев айтқандай, су тапшылығына халықтың суды тиімсіз пайдалануы әсер етіп отыр.

– Қазір Қазақстан су тұтыну көлемі бойынша әлемде 11-орында тұр. Жан басына шаққанда әр адамға 3,5 мың литрден келеді. Ресейде бұл көрсеткіш 1,3 мың  литр болса, Германияда бар болғаны 855 литр, Ұлыбританияда тіпті 348 литр екен. Біз айтып отырған ауыз су мен шаруашылыққа арналған суға деген тапшылық бойынша Қазақстан Азиядағы Бангладеш, Үндістан мен Қытайдан кейінгі 8-орында тұр. Басқа аймақпен салыстырғанда қазіргі уақытта Сырдария, Жайық, Іле, Шу мен Талас өзендерінің бассейнінде және орталық аймақтарда су тапшылығы қатты сезіледі. Ал оңтүстік өңірдің егістік алқапты суаратынын, өнім өндіретінін, ауыл шаруашылығын дамытып отырғанын ескерсек, қаншалықты зардап шеккенін бағамдай беріңіздер, – дейді гидротехник Нариман Қыпшақбаев.

Гидротехник Нариман Қыпшақбаев. Фото: Ұлжан Мұханбек

Екіншіден, Н.Қыпшақбаев су министрлігінің 2023 жылы ғана қайтадан құрылуын, бұл салада мамандар жетіспеуін су тапшылығына әкелетін фактордың біріне жатқызады. Себебі, «осы уақытқа дейін трансшекаралық өзендер бойынша қай ел қанша су қолданып жатқанын қадағалайтын министрлік болмады», – дейді.

Қазақстан су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2023–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын дайындап жатыр. Қазір елімізде білікті және жас мамандардың тапшылығы байқалады. Тұжырымдамада жыл сайын су саласында жоғары білімі бар 200 адам, ал орта техникалық салада 100 адам ғана шығатыны көрсетілген. Әрі түлектердің жалпы санының тек 22%-ы ғана мамандығы бойынша жұмысқа орналасады екен.

Үшіншіден, суды үнемді қолданбау ғана емес, әр елді мекенге, шаруашылыққа, кәсіпке бөлінетін суды қадағаламау да тапшылыққа алып келеді. Су ресурстарын зерттеуші Жания Хайбуллинаның айтуынша, бір схеманы бүкіл облысқа қолдана алмаймыз, суды әр жердің ауа райына орай  бөлу керек.

Төртіншіден, су тапшылығына тап қылатын тағы бір жайт –  каналдардың тозуы, су құбырларының ұзындығы. Елімізде судың 65%-ы ауыл шаруашылығына жұмсалады. Алайда, сол судың жартысына жуығы техникалық жағдайы ескірген каналдардан егістікке жеткенше құмға сіңіп, ысырап болып жатыр. Мысалы, Түркістан облысындағы К-30 каналына 12 жылдан астам уақыт күрделі жөндеу жұмысы жүргенімен, аяқталмады.

Paperlab зерттеу орталығының «Қазақстандағы су дағдарысы: су ресурстарын тиімді басқарудың жолдары қандай?» деген тақырыппен өткен талқылауында су шаруашылығы маманы Айгерім Кәрібай су тапшылығын тудыратын күрделі мәселенің бірі – диқандардың егістікті түнгі уақытта суаруы екенін айтты.

– Диқандарда түнгі суару деген болады. Кеңес Одағы кезінде кеңшарлар мен ұжымшарлар каналды қадағалап отырды. Күндізгі суаруда кім болатыны, түнгі суаруда кім болатыны кезекшілік арқылы қадағаланып келді. Қазір мұндай бар деп айта алмаймын. Диқандар түнгі суаруды қолдай қоймайды. Түнде ұйқысы келеді, күндіз суардым дейді. Немесе түнде суды ашады да, кетіп қалады. Осы жерден бастап суды тиімсіз басқару, тиімсіз пайдалану басталады. Мұның соңы  күрделі мәселеге алып келіп жатыр, – дейді А.Кәрібай.

Ал Парламент Мәжілісінің депутаты Еділ Жаңбыршин су саласындағы мәселе ретінде су үнемдейтін технологиялардың жоқтығын айтты.

– Бізде тамшылатып суаратын әдістер жоқтың қасы. Игерілетін жердің тек 14 пайызында ғана су үнемдеу технологиясы қолданылады. Мысалы, құнарлы жері жоқ, тас пен құмның үстінде агроөндірісті дамытып отырған Израиль суды үнемдеу тәсілдерінің арқасында 1 гектар жерге небәрі 6 текше метр су пайдаланады. Біз сондай жерге екі еседей су шығындаймыз. Алдағы бес жылдықта еліміздің Ішкі жалпы өнімін екі есеге өсіруді жоспарлап отырмыз. Ол үшін өндіріс дамуы керек. Ал өндірістің ең негізгі ресурсының бірі – су, – деді депутат.

Су тапшылығын тудыратын маңызды себептің бірі – климаттың өзгерісін ескермеу. Өткен жазда Алматы қаласының бүтіндей бір аудандары сусыз қалды. Күн күрт ысығандықтан, мұздық еріп, су лайланған. Жергілікті жауапты қызметкерлердің жауапсыздығынан тұрғындар сусыз отырды. Жаздың кезінде мұндай болатыны алдын ала ойластырылмағандықтан, суды өшіруге тура келді. Бұл – уақытша су тапшылығы. Алдағы уақытта ірі климаттық өзгерістер түбегейлі су тапшылығына әкелмес үшін осы факторды ескеру керек.

Өкінішке қарай, суға қатысты мекемелердің құжаттарында климаттың өзгеруі туралы көп айтылмайды. Қазақстанның Су кодексі су ресурстарын басқаруға айқын мамандырылған жалғыз құқықтық негіз,  ал онда климаттың өзгеруі туралы ештеңе айтылмаған. Ол 1993 жылы қабылданған, 2003 және 2013 жылы жаңартылған. Қазақстан Республикасының Экология кодексінде су ресурстары туралы көп айтылады, соның ішінде су алабы деңгейіндегі су ресурстарын басқарудың маңызды екені мойындалады, сондай-ақ онда климаттың өзгеруі туралы бірнеше рет айтылады. Алайда, осы ескертулер бір-бірінен бөлек болып, климаттың өзгеруі мен су ресурстарын басқару арасында ешқандай байланыс жасалмаған.

Фото: adyrna.kz

Су тапшылығын тудыратын тағы бір фактор – қала халқының өсімі. Адам саны көбейген сайын, суды үнемдеп пайдалану мәдениетін қалыптастырудың мәні зор. Қала халқы өсіп, су бола тұра су тапшылығын көрген жағдайлар да кездесті. Мысалы, өткен жылы Астананың кей аудандарында су болмады. Себебі, қала халқының күрт өсуіне жергілікті билік дайын болмай шықты. Соның салдарынан кейбір көпқабатты үйлердің тұрғындары «Миллениум саябағы» тұрғын үй кешені маңындағы көшені жапты.

ӘЛЕМДІК ТӘЖІРИБЕ НЕ ДЕЙДІ? 

Әлемдік ресурстар институтының мәліметі бойынша, қазір 25 ел су ресурстарына жыл сайын өте жоғары тапшылықты сезінеді. Жалпы алсақ, олар жер халқының төрттен бір бөлігіне тең. Әлемнің ең көп зардап шеккен аймақтары – Солтүстік Африка мен Таяу Шығыс. Мұнда халықтың 83%-ы су тапшылығын сезінді. Бұл көрсеткіш 2050 жылға дейін 100%-ға жетеді деген болжам бар. Көптеген дамушы елдің өзі су тапшылығы болуы мүмкін деп дабыл қағып отыр.

Өзге елдер су тапшылығымен қалай күресіп жатыр деген мәселеге келсек, казинолардың отаны, керемет қонақүйлер шоғырланған туристік мекеннің бірі Лас-Вегас суға келгенде қатал. Невада штаты бірнеше жылға созылған құрғақшылықпен күресу үшін су саласына біраз тыйым енгізді. Оның ішінде газондарға тыйым салынды, бассейндердің көлемін қысқартты. Лас-Вегаста су саласында патруль полициясы бар. Олар таңертеңнен көше аралап, сынған крандар мен ағып жатқан шлангілерді іздейді. Заңды алғаш бұзғандарға ескерту жасалып, қайталағандарға айыппұл салынады.

Фото: Иветт Фернандес/KNPR

2027 жылға қарай жеке үйлерді қоспағанда, тек эстетикалық мақсатта қолданылатын  функционалдық емес шөпті суаруға тыйым салынады. Сондай-ақ Лас-Вегас үй иелеріне әр шаршы фут шөп үшін 3 доллардан төлеуге дайын. Егер тұрғындар суды көп қажет ететін шөпті су үнемдейтін, тамшылатып суаратын өсімдіктерге ауыстырса, оған ақы төленеді. Мұның барлығы кішігірім іс-әрекеттер болып көрінуі мүмкін. Бірақ су үнемдеуге септігін тигізіп отыр.

 Франция Президенті Эмманюэль Макрон әр француз да, фермер, мэр мен кәсіпкерде суды қолданудың ережесі болады деді. Германия су қолдану жағынан ең үнемшіл ел десек болады. Себебі, немістер тісін жуса да, басын жуса да, кран керек кезде ғана қолданылады. Біздің елдегідей тоқтаусыз су ағып тұру деген жоқ. Ыдыс жуғанда да бір ыдысқа жуып барып, шаяды. Суды ағызып қойып жуу деген жоқ. Кейбір немістер суды үнемдеу үшін душқа түсу уақытын да қысқартады екен.

Фото: Nihongo-manabo.com

Жапондар да суды үнемдеуге ерекше көңіл бөледі. Су үнемдеуге көмектесетін жапондардың өнертабысының бірі ретінде әйгілі дәретханаларды айтсақ болады. Онда унитаздың үстінде орналасқан қол жууға арналған раковина бар. Қол жуғаннан кейін сол суды әжетхананың суын ағызуға қолданады.

Жапонияның су үнемдеу үшін шығарған тағы бір технологиясы – крандарға қолданылатын Bubble 90 саптамасы. Өнертабыс иелерінің авторлары бұл саптама 80-95%-ға дейін су үнемдеуге көмектеседі дейді. Суды үнемдеумен қатар, электр энергиясын үнемдеу жолында да жаңа жетістік. Бүгінде Bubble-90-ды әлемнің бірнеше елі қолданады.

Фото: Water-technology.net

Ал Латвия, Нидерланды, Швеция елдері жаңбыр суын асфальтқа шашуға қолданады екен. Суды үнемдеу үшін Кореяда дәретханаға бір уақытта 6 литрден астам суды төгуге тыйым салатын заң бар. Құқық бұзушыға 2500 долларға дейін айыппұл салынады. Заң 2014 жылы ресми түрде енгізілді, бірақ осы уақытқа дейін бірде-бір заң бұзушылық болған жоқ. Жергілікті басылымның бірі  Кореяда дағдарыс кезінде әйелдер күйеулерінің киімін күнде жумас үшін оларға қара жейделер сатып әперген деп жазады. Осылайша, кір жумай да суды үнемдеген. Ағылшындар бетін жуғанда да суды бекітіп қояды. Кей ағылшындардың үйінде әлі күнге дейін су ағызатын құрал жоқ. Дамыған елдерде су үнемдеу мәдениеті қалыптасқан. Біздің әлі олардан үйренеріміз көп.

Су қолдану мәдениетінен бөлек, шет елде су үнемдейтін үздік  технологиялар қолданылады. Ауыл шаруашылығында пайдаланылатын судың үлкен көлемі жай жерге түспейді немесе буланып кетеді. Германияның ZIM Plant Technology компаниясы жапырақтарға жабысатын және өсімдіктерге қанша су қажет екенін анықтайтын сенсорлар ойлап тапты. Адамдардағы қан қысымын өлшейтін құрал сияқты сенсорлар жапырақтардың жасушаішілік қысымын өлшеп, деректерді серверге жібереді.

Біріккен Араб Әмірліктері ыстық, құрғақ жерлерінде жаңбыр жаудыру технологиясын белсенді түрде дамытып жатыр. Осыған байланысты Әмірліктер химиялық қосылыстарды пайдаланбай, бұлттардағы электр разрядтары арқылы жаңбыр тудыруы мүмкін дрондарды қолдана бастады. Бұл сынақтарды Дубайдағы SANAD академиясы ұлыбританиялық Рединг университетінің ғалымдарымен бірге өткізді. Өзге елдер жаңбырды жасанды жолмен шақыртып жүргенде,  Қазақстан неге жауын-шашыны жеткілікті бола тұра табиғаттың бұл сыйын пайдаланбайды деген ой туады. Жалпы, әлемнің қай дамыған елін алсаңыз да, суды үнемдей отырып экономика, ауыл шаруашылығы, медицина саласында жетістікке жетіп отыр. Бастысы, суға деген көзқарас, жауапкершілік, тәртіп.

Қорытындылай келе, Қазақстан үшін мынадай шешімдер ұсынуға болады:

–  Қазақстандықтар арасында су мәдениетін қалыптастыруға үндейтін әлеуметтік роликтер санын көбейту.

—  Көпшілік орындарда, үйлерде сенсорлы қол жуу құралдарын орнату.

 —  Кореядағыдай унитазда қолданылатын су жүйесін қадағалау.

—  Фермерлерді суды үнемдеуге ынталандыру үшін суды үнемдеу технологияларын қолданғандарға салыққа жеңілдік жасау не субсидия беру. Су ресурстарын зерттеуші Жания Хайбуллина айтпақшы, суаруды өзара жоспарлап отыратын Фермерлер одағын құру керек.

—  Әр өнеркәсіп иесінен қолданған суды қайда жібергенін сұрау керек. Біздің елде өнеркәсіпте бірінші реттік ауыз суды қолданады, оны екінші мәрте қолдану жоқ.

—  Қазақстанның жаңбырлы елді мекендерінде жаңбыр суын жинап, оны көше тазалауға, асфальтқа шашуға жұмсау керек.

—  Ағынды суларды тазарту және қайта пайдалану.

—  Моншаның бағасын адамдардың қолдануына орай белгілеу. Суды ағызып қойып, үнемсіз қолданған адам сәйкесінше көп төлеуікерек. Суды аз қолданса, аз төлейді. Монша, спа-бассейндердің қанша су құртып отырғанына мониторинг жасау және қатаң талап қою да маңызды қадамның бірі.

 —  Көлік жуу, клининг орталықтарына да суды үнемдеуге қатысты ережелер ұсыну.

—  Бізде дүкендердегі судың құны тым арзан. Судың бағасы су тегін болмауы керек.

—  Суды көп қажет ететін мемлекеттік үлкен жобалар салмас бұрын бірінші кезекте су ресурстарына қалай әсер ететініне анализ жасау. Мысалы, АЭС салынса, табиғи су объектілеріне қалай әсер ететініне мән беру керек.

—  Қазақстандық журналист және агроөнеркәсіптік кешен саласындағы талдаушы Кирилл Павлов Қазақстанда бір келі бидай өсіру үшін 6 000 литр су жұмсалатынын, ал Қытайда небәрі 840 су жұмсалатынын жазады. Біз бірдей көлемдегі өндіріске жеті есе көп ресурс жұмсаймыз. Осыған ұқсас жағдайда Қырғызстан 2 700 литр, ал Өзбекстан 759 литр жұмсайды. Сондықтан тағы бір ұсыныс – Қазақстанға суды көп қажет ететін дақылдарды өсіруді өзге елдерден үйреніп, су үнемдеу жолдарын қарастыру керек. Не ондай дақылдарды екпей-ақ, импорт арқылы алу керек.

Кейбір сарапшылар 2030–2050 жылдары судың бағасы алтын мен мұнайдан да қымбат болады деген болжам айтуда. Сондықтан уақытымыз бен мүмкіндігіміз барда суға деген жауапкершілікті  арттырған жөн. Су мәселесі – тек елдің емес, әр адамзаттың мәселесі.

Ұлжан Мұханбек

 

Бұл материал «Solutions Journalism Lab» жобасы аясында журналистиканың шешімдері жанрында жазылған және автордың жеке пікірі мен ұстанымын білдіреді.

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі