//

Мәскеудегі теракт: «CROCUS CITY HALL» концерт залындағы террорлық оқиға салдарынан қаза болғандар саны артып келеді

1156 рет қаралды
Фото: ашық дереккөзден Өңдеген: Амина Темірханова

Мәскеу қаласындағы лаңкестік оқиға

22 Наурыз күні, сағат 20:00 шамасында (МСК, UTC+3) Мәскеу қаласындағы «CROCUS CITY HALL» концерт залында теракт болды.

«Пикник» тобының концерті кезінде комуфляж кигендер ғимаратқа басып кіріп, іштегілерге оқ жаудыртқан. Артынша жарылғыш зат лақтырған.

Қаза болғандар саны артып келеді

Ресейдің «112» Telegram арнасында тараған ақпаратқа сүйенсек, атыстың салдарынан 152 адам мерт болған. Олардың мәліметінше, бұл көрсеткіш түпкілікті емес, яғни қаза болғандар саны әлі де көбейетін көрінеді.

Ал Baza Telegram арнасының мәліметінше, қаза болғандар саны 143.

Қазіргі есепке сәйкес, лаңкестік оқиғаның салдарынан жарақат алғандар саны 180-ге жетті. Бұған дейін Ресейдің Денсаулық сақтау министрлігі теракт құрбандарының жаңартылған тізімін жариялаған болатын. Оның құрамында 41 адам болды. Сондай-ақ, ауруханаға жатқызылған 107 науқастың аты-жөні жарияланған болатын.

Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, 24 мыңнан аса донорды қабылдап, 10 мың литр қан және 2 мыңдай литр плазма дайындалды.

Күдіктілер тұтқындалды

Фото-коллаж: ашық дереккөзден
Террорлық шабуыл жасады деген күдіктілер азаптау белгілерімен Басманный аудандық сотына жеткізілген (24 Наурыз, 2024 жыл)

Сот шешіміне сәйкес, сегіз күдікті тұтқындалды. Тікелей шабуылға 4 содыр қатысқан, олар тәжікстандық үш азамат және Қырғызстанда дүниеге келген Ресей азаматы. Тергеу органдарының дерегінше, ағайынды Исломовтар және әкесі лаңкестерді баспана мен көлікпен қамтып, ақшаны тасымалдаған. Сондай-ақ, Әлішер Касимов содырлардың біріне пәтерін жалға берген. Бұл жөнінде Касимовтың өзі баяндап, пәтерді «Авито» арқылы жалға бергенін және содырлардың жоспары туралы хабарсыз болғанын айтты.

Күдіктілерге өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасы шығарылуы мүмкін. Ал Мемлекеттік Думада заңнамаға өзгеріс енгізу бойынша жұмыс тобы құрылды. Саясаткерлер өлім жазасына мораторийді алып тастау, Ресей азаматтығын алғандарға 5 жыл бойына қару-жарақ сатып алуға тыйым салу мен өзге де бастамаларды қарастырып жатыр.

РФ Мемлекеттік Дума депутаты Дмитрий Вяткиннің айтуынша, тергеу мен құқық қорғау органдары жұмысының нәтижесін күту керек. Сонда ғана, қажет болған жағдайда заңнамаға өзгерту енгізуге болады. Ең бастысы — террорлық қауіпті азайту.

Аталған концерт залына шабуылдаған содырлардың екеуі Түркиядан ұшып келгені белгілі болды. Түркияның қауіпсіздік күштері ДАИШ ұйымына қатысы бар 147 адамды қамауға алды. Олар елдің 30 провинциясында бір мезгілде өткен операция нәтижесінде ұсталды. Түркия билік өкілдерінің дерегіне сәйкес, күдіктілер кезінде террорлық топ құрамында шайқастарға қатысып, оны қаржыландырған.

«Террористердің ұлты жоқ»

Орын алған терактінің күдіктілері Тәжікстан азаматтары болуы мүмкін деген ақпарат тарай сала, әлеуметтік желілердің Ресейлік сегментінде барлық Тәжіктерді Ресейден шығару, оларды жұмыстан шығару, сондай-ақ Тәжік жүргізушілерімен таксиде жүруден аулақ болуға шақырған жазбалар мен пікірлер кеңінен тарай бастады. Тек Ресей халқы емес, басқа ұлт өкілдері де Тәжік ұлтына деген көзқарастарын өзгерте бастады.

Осыған байланысты, пікір көшбасшылары мен танымал тұлғалар терроризмнің ұлты жоқ екенін еске салып, сабырға шақырды. Бұл тақырыпты алғашқылардың бірі болып Ресей Президенті өз Жолдауында баяндады: «Террористердің ұлты жоқ. Оларды тек жазалау керек және ұмыту керек. Олардың болашағы жоқ».

24 Наурыз күні Тәжікстан президенті Ресей президенті Владимир Путинмен онлайн кезлесуінде Мәскеу облысындағы «Crocus City Hall» кешенінде болған қанды лаңкестік әрекетті қатаң айыптап, «террористердің ұлты да, отаны да, діні де жоқ» деп баса айтты.

ҚР Мемлекет басшысы Мәскеудегі террорлық оқиғаға байланысты Қауіпсіздік Кеңесінің мүшелерімен жиын өткізді

Фото: Ақорда баспасөз қызметінен
Өңдеген: Амина Темірханова

Ақорда баспасөз қызметінің хабарламасына сәйкес, 23 Наурыз күні Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Мәскеудегі «CROCUS CITY HALL» концерт залында болған террорлық әрекетке байланысты Қауіпсіздік Кеңесінің мүшелерімен жиын өткізді.

Жиында Президент Мәскеудегі бейбіт тұрғындарға жасалған зорлық-зомбылық әрекетін тағы да айыптап, терроризмге қарсы күресте Қазақстанның Ресеймен ынтымақтастығын атап өтті.

Кездесуде Тоқаев терроризмге қарсы күресте азаматтардың қауіпсіздігін және Қазақстанның басқа елдермен және халықаралық ұйымдармен өзара іс-қимылын қамтамасыз ету шараларын күшейтуді тапсырды.

Сондай-ақ, жиында құқық қорғау органдарының жергілікті атқарушы органдармен жұмыс жоспарлары және олардың төтенше жағдайлар кезіндегі қызметін үйлестіру қайта қаралды.

Амина Темірханова

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі