//

Арыс саңлағы – Солтікен

978 рет қаралды

Алғашқы арыста

1975 жылы күз. Қытайдың Шыңжаң өлкелік балуандар командасына Алтай, Тарбағатай, Іле, Қашқар, Қотан, Ақсу, Торпан сынды жеті аймақтан балуан талдап алу жарысы Үрімжі қаласындағы дене тәрбие сарайында өтіп жатыр еді. Үстіне өңі түскен қара шапан киген еңгезердей қара торы жас жігіт жарыс басқарушыларының алдына кимелей келіп, өзін жарысқа қатынастыруды қайта-қайта айтып талап қойды. Оның кесек керемет тұлғасына қарап, қайта-қайта қиыла өтініш еткенін ескеріп, меселдесін қайтарғысы келмеген судьялар алқасы ақылдаса келіп, оның талабын бірден мақұлдады. Табаны қызған жүйріктей, арысты көріп, күш-қуаты қаулай түскен жас жігіт, үстіндегі көнетоз шапанын тастай беріп, балуандарға арналған перезент шапанды киіп, күрес майданына кірді. Талай рет майдан көріп, әбден күрес ережелері мен әдіс амалдарын толық меңгеріп ысылып алған сақа балуан жігіттер «Ә» дегенде бірден ұстата қоймады. Күрес әдісін білмесе де қара күшіне сенген жас жігіт, қолына іліккен балуанды кейде еңкейте тартып, шөке түсірсе, кейде асықтай үйіріп әкеліп, асау жамбасқа алып бір-бірден балаз үстіне жауырынын жерге тигізіп, допша томалатып, баудай түсіріп жатты. Оның алып күші мен алымды қимылын көрген судьялар да, көрермен қауым да дән разы болды. Бірақ ол жас жігіттің кім екенін, қайдан келгенін білетіндер дәл осы сәтте тым аз еді.

      Осы жолғы жарыста біріншілікті алып, алтын медальмен сыйланған бұл жігіттің аты-жөні – Солтікен Көкішұлы, Алтай аймағының азаматы екенін жұртшылық жарыс соңындағы сыйлау салтында бір-ақ білді.

Көзге түсу

Солтікен Көкішұлы 1953 жылы Алтай аймағы, Алтай ауданы, Ұтыбұлақ жайлауында, Көкіш шаңырағында дүниеге келді. Ол оқу жасына тола сол өзі өскен қазақ ауыл мектебінен оқыды. Оқуға деген ынта-ықыласы жоғары болғандықтан сыныптастарынан арқан бойы алда озып оқып жүрді. Бастауыш мектептің 3 сыныбына көшіп, хат танып, қара сауатын ашқаннан бастап өлең-өнерге беріліп өлеңдер жазып, ұстаздары мен сабақтастарының көзіне түсіп, жыл сайын «Озат оқушы», «Үлгілі оқушы» деген марапаттарға ие болып отырды. Қазақ халқының өлең-жыр, қисса-дастандарын, әңгіме-ертегілерін, батырлар жырын жаттап өсті. Бала кезінен-ақ ұлтжанды азамат болып өсуге, келешекте керемет азамат болып ержетуге талпынды. Айналасындағы сабақтастарын да өзіне баурап алып, оқыған кітаптарын әңгімелеп беріп, жазған тамаша өлеңдерімен сусындатып жүрді. Оны бірге оқыған сабақтастары «Ақын Солтікен» деп атап та кетті.

Амал қанша Солтікен 5-сыныпты бітіріп, орта мектептің табалдырығын аттау алдында тұрғанда «Бес салалы бұзық елементтің ұрпағы» деген әкесі Көкішке жабылған жаламен мектеп есігінен қақпайланды. Таланты тасқындап өнер мен білімге енді ғана ентелеп келе жатқан жас бала қоғамның солақай соқыр саясатының кесірінен шарасыз оқудан қол үзіп қалды.

 Иә, әлі де болса, бұғанасы қата қоймаған жас бала басқа түссе баспақшыл деп, амалсыз қоғамдық еңбектің алдыңғы шебіндегі атпал азаматтармен бірге еңбек істеп, бір-екі жылда-ақ белді еңбекшілердің бірі болып шыға келді.

Арыстың арыстаны

 1978 жылы Қытай мемлекетінің он өлкесінен ең үздік балуандар жарысы Шынжаң өлкесінің орталық қаласы Үрімжідегі ең үлкен спорт сарайында өтті. Кезек енді ғана арыс алаңын жағалап жүрген Солтікенге келгенде, қарсы жағы 15 жыл бойы арыс алаңының шаңын қаққан, күрес өнеріне әбден жетілген, Қилоңжаң өлкесінің аға, ақсақсал балуаны Жаң фамилиялы түйедей дәу қытай болып шыға келді.

Талайды әдіс амалымен алдап соғып жер қаптырып үйреніп алған, балуандықтың бар құпия сырын еркін меңгеріп алған, әлгі дәу қытай алдына келіп тұрған қазақтың жас жігітін көзіне іле қойған жоқ. Ол өз ойында, өзіне қарсы келіп тұрған мына қазақтың қара жігітін алғашқы тетінде-ақ алып жібермекші болып, іштей шалып, екі бұрап алып ұрып жауырынын жерге тигізбекші болған еңбегі еш кетті. Оны орнынан жылжыту былай тұрсын,қатты қайрымға келгенде өзі теңселіп қалды.

Бір-екі рет сілкілескеннен кейін, Солтікен де қарсы жақтың әдіс-амалын аңғарып ала қойды. Атақтыбалуанмен алғаш асылысқандағы атша тулаған жүрегі орнына түсіп, күш-қайраты қаулап бойына жиыла берді. Ол ендігі бір кезекте, қарсы жағындағы дәу балуанды үйіріп әкеліп, қырпулы қимылға келтірмей, көз ілестірмей еңкейте тартып, асау жамбасқа алдыда түйедей қытайды мандан палазына доңік еткізіп екі жауырынын жерге тигізіп тастай салды. Шалқалап жатқан төбедей қытай балуаны орнынан тұралмай біраз жатып қалды. Майдандағы көрермендердің көңілденіп соққан шапалақ дауысы  үлкен залда бейне найзағай жарқылдап жатқандай көрініске ие болды. Күрес маданында жүрген судьялар да Солтікеннің қатесіз қимылына дән разы болысты.

 Осы жолғы үлкен мемлекеттік жарыста он өлкеден келген ығай мен сығай балуандарды қырқай жығып, өрелі жарыста өрелі нәтижемен омырауына алтын медал қадады. Көкенай, Серік, Тұрсынғали қатарлы әйгілі аға жүлдегер балуандар жаңадан тебіндеп өсіп келе жатқан жас күшті көріп, жандары сүйіне қолдады. Жарыс соңында Шыңжаң өлкелік дене тәрбие көмитеті қатысты орындардың бекітуінен өткізіп, Солтікенді Шыңжаң балуандар командасына қабылдады.

 Осы жылы күз, қазан айында Қытай мемлекеттік балуандардың 3 кезекті ірі сайысы Шүйжу өлкесінде өткізілді. Осы сайысқа қатысуға Шыңжаң балуандар командасынан Солтікен Көкішұлы талданды. Бұл жарысқа саңлақтана қатысқан Солтікен балуандық сайысынан ерекше өрелі өнер көрсетті.

Бұл жарыста Солтікенмен теңдесіп күресе алатын еш балуан шықпады. Үлкенін де ортаншысында дүйім майданда ұршықтай үйіріп, доптай домалатып, баудай сұлатып қырқай жығып қиратып салды. Жығылған балуандар да «Біз өмірімізде мынадай дию адамды көрмеппіз», – деп мойынсал болды. «Мынау Алтай тауының қара аюы екен ғой», – десті.

 Дүние «дәулерімен» айқасу

1980 жылы мамыр айында,  Иран мемлекетінде халықаралық «Тәкти жарысы» өткізілетін болды. Иран мемлекетіннен шыққан атақты әлемдік дәрежедегі балуанды еске алып өткізетін халықаралық өте жоғары деңгейдегі әлемдік балуандар жарысына алды 20 жыл, ортасы 15 жыл, соңы 10 жыл әр түрлі балуандық сайыс өткелінен өткен кіл «Дүние мықтылары» келіп қатынасты. Бұл реткі ұлы жарысқа Қытай мемлекеті атынан Солтікен, Қали балуан секілді 8 адамдық балуандар командасы Иранға келіп жарысқа қатысты.

Иә, керемет. Тіпті ғажап. Үш жылдан азақ астам ғана балуандық өнер тәрбиесін көрген Солтікен халықаралық балуандар сайысында бес рет жүлде алып,  әлем елінде «Жолбарыс» атанған Куба балуанымен бірінші майданда бетпе-бет келді. Тіс қақты айлагер кәрі пілдей дәу балуан өзіне қанық қарпымды қимылдарын іске қосып, арыс алаңын енді ғана жағалап жүрген жас балуанды бүріп жібермекші болып, Солтікеннің жағасынан алып сілкіп көрді, беліндегі белбеуінен ұстап тарты, шапшаң қозғалатын аяғымен шалып байқады.

Мына Кубалық жолбарыстың лақтырған тасының түсетін жерін шамалаған Солтікен бір-екі сілкілесіп көргеннен кейін, шалдығып жүрегі шәйлығып қалған шала жолбарысты қапсыра құшақтап, аяғын аспаннан келтіріп,  жауырынын жерге тік қадап, қас қағым уақытта көз ілестірмей балаз үстіне алып  ұрды.  Судья да жерді алақанымен бір қағып, Солтікеннің оң қолын көкке көтеріп, жеңді деген белгіні жасады.

 Жарыс тоқтаусыз өтіп жатыр. Әлден уақытта Солтікеннің жарыс кезегі келіп майданға шақырылды. Бұл жолы атақ даңқы әлем еліне тегіс тараған он бес жыл халықаралық күресте бір рет те жеңіліп көрмеген жоғары салмақтағы Индонезияның атақты балуанымен шайқасқа түсті. Екі мықты алғашқы екі майданда ұтыс-ұтылыс ұпайы тең болды. Бірінің-бірі шамаларын да, әдіс амалдарын да біліп қалды. Үшінші майдан шешуші майдан еді. Сигнал берілісімен-ақ,  Индонезия балуаны бүкіл қайратын бойына жиып, тапбермеде байқатпай тап беріп, Солтікеннің оң қолын орайына келтіре тарта ұстап, оны оң жақ иығынан асыра тастап алып ұрмаққа бар жан-тәнімен ұмтылып оқыс қимыл жасады. Жылдам да қағылез, сезгір де сезімтал Солтікен оны ырқына жібере қоймады. Құрыштай мықты шынтағын ол балуанның кеудесіне тіреп, серпи әкеліп шалқасыннан жатқызып, екі жауырын жерге тік тигізіп, тұяқ серпестей етіп жықты.

        Өрлей бер, өр рухты балуан

Бүкіл халықаралық ірі балуандар жарысында бес рет алтын алқа тағынып, жалпақ жаһанға «Жолбарыс» атанған Индонезиялық балуанның Солтікеннен жеңіліп қалуы, төрт бүктеліп нақ майданда жер қапқаны кейбіреулерді өкінішке қалдырғанымен, жас алып балуан Солтікеннің кеме соққан теңіздің толқынындай жойқын күші өте көп санды қауымның алқауына бөледі. Әсіресе жалпақ жаһанды мекендеп отырған 44 мемлекетке бытырай қоныстанып отырған қазақ халқының биік мәртебесін көтеріп, көз қуанышына айналды. Әлем ақпараттары да «Қазақ балуаны», «Арыс арыстаны» деп жарыса жазып жатты.

 Солтікен Көкішұлы – ұлт азаматы үлгісі, кейінгі кездері өзінің туған аймағы Алтай аймақтық дене тәрбие комитетіне келіп, жас балуандарды тәрбиелеп сақа тәлімгерге айналды. Ол тәрбиелеп жетілдірген шәкірттер арасынан, мемлекет және халықаралық балуандар жарысында он алты алтын медаль алды.

Солтікен қара күштің иесі, балуан ғана емес. Ол әжептәуір танылған ақын еді. Өлеңді жазып та топ ортада, дүйім жұлт арасында да қолма-қол өлең құрап та елді таңғалдырса, жұлма қара сөздің де қас шеберіне айналғанына қасында жүрген кәсіптес құрдастары куә. Оның соңғы жылдары  жазған өлеңдері Қытай Халық Республикасында шығатын  қазақ тіліндегі  «Алтай газеті», «Іле газеті», «Шыңжаң газеті», «Алтай аясы», «Іле айдыны», «Шұғыла журналы» сынды газет-журналдарда үздіксіз жарияланып тұрды. Одан сырт  Қазақстанның әр түрлі басылымдарынан да арт-артынан жарық көрді. 2002 жылы Қазақстан Республикасы мемлекеттік баспасынан Солтікен Көкішұлының «Ақ семсер» атты тұңғыш жыр жинағы  жарық көріп, оқырман қауымның шынайы алқауына бөленді.  Қытайда «Көк сүңгі», «Жасыл жебе», «Айбалта», «Қара шоқпар», «Бес қару» атты кітаптары арт-артынан баспандан шығып, оқырмандардың жақсы бағасын алды.

 Сокең, Солтікен Көкішұлының шешендік қара сөзге құрылған қанатты қағытпа қара сөздер жинағы да Қытай қазақтары жағынан реттеліп баспаға дайындалып жатыр.  Ол – қазір Шыңжаң жазушылар қоғамы, Алтай аймақтық, Алтай қалалық жазушылар қоғамының мүшесі. «Қытай мемлекеттік үздік спортшы», «Дене тәрбие саңлағы»!

Солтікен Көкішұлын сирек оралатын тымса ғасыр өз қойнынан қазақ халқының маңдайына бақ жұлдыз етіп тудырды.  Солтікен Көкішұлы өзінің күллі өмірін, күш-қуатын, ерік-жігерін, ақыл-парасатын, өр рухын, қайырымдылығы мен мейірімін, арлы азаматтығын, балуандық өнері мен ақындық және жазушылық өнерін тұтастай сарқып, тамшысын қалдырмай қасиетті халқына арнап аттанды.

 2024 ұлу жылы сәуірдің 25 жұлдызы сағат 11-де , өзінің туған өлкесі Алтай қаласында, өзінің құтты шаңырағында бақиға, Алланың алдына ақ өліммен аттанып кетті. Артын ар нұрымен жап-жарық қып кетті…

Марқұмның жанны жаннатта, топырағы торқа болсын. Артында қалған ұрпақтары аман болсын. Халқына мәңгілік қалдырып кеткен толағай еңбектері ғасырлар бойы тағылымын емізіп, тәрбие уызынан сарқылмасын!

Болат Бопайұлы

06.04.2024 ж. Алматы қаласы

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар