//

1 маусым — Халықаралық балаларды қорғау күні. Елімізде балалардың әл-ауқаты қандай?

1087 рет қаралды
Ашық дереккөзден алынды

1 маусым Халықаралық балаларды қорғау күні әлемде атап өтілді. Елімізде бұл мейрам 1950 жылдан бері тойланып келеді. Басты мақсаты — ересектерге балалардың өмірін, денсаулығын, құқығын қорғап, бақытты балалық шақты қамтамасыз ету міндетін тағы бір еске салу. Жылына бір рет балаларға сыйлық сыйлап, қолдарына шар ұстатудан бөлек, күнделікті балалар құқығы елімізде қорғалып жатыр ма? Балалардың әл-ауқаты қандай? Бұл жауапкершілікті ата-аналар қалай атқарып жатыр? Minber.kz сайты осы сұрақтардың жауабын қарастырып көрді. 

Демографиялық Статистика

Ұлттық статистика бюросының 2023 жылғы ақпаратына сәйкес Қазақстан Республикасындағы 0-17 жас аралығындағы бала саны — 6 738 017. Ал жынысы мен жасы бойынша саны ең көп бүлдіршіндердің жасы 1-де. Қыздарға қарағанда ұлдардың саны жоғары.

Screenshot/bala.stat.gov.kz

Бала санын облыс бойынша қарастыратын болсақ, ең көп балалар Түркістан облысында (917 511) тұрса, ең аз көрсеткіш Ұлытау облысына (74 749) тиесілі.

Screenshot/bala.stat.gov.kz

Қазақстандағы Бала қауіпсіздігі мен әл-ауқаты

Бала Құқықтары туралы Конвенцияны қолдау мақсатында ДДҰ, ЮНИСЕФ және CAP 2030 әзірлеген “Балалардың денсаулығы мен әл-ауқаты туралы” ақпараттық панельде әлем елдеріндегі балалардың әлеуметтік жағдайы берілген. Салыстырмалы түрде Қазақстанда жағдай жақсы. Десе де, бірнеше бөлімдерде ақпарат “қолжетімсіз”. Ана сүтін алмастыру мен интимдік серіктестің зорлық-зомбылығы категорияларында “орташа прогресс” деген көрсеткіш тұр. Қалғанында “жақсы прогресс” немесе “ақпарат жоқ”.

Screenshot data.unicef.org

El.kz ақпарат агенттігінің дерегіне сәйкес 2024 жылдың басынан бері (жарияланым 20.05.2024) 101 бала терезеден құлаған. 24.kz-тің мәліметінше, жыл сайын үш жүзге жуық бала терезеден құлайды. 2023 жылы мың жарымға жуық адам терезеден құлап кетті. Оның 507-сі бала. 26-сы мерт болған.

Ал 2022 жылы 250 бала мертігіп, 21 бала мерт болған. Бұдан 3 жыл бұрын 260 бала мертігіп, 28 бала көз жұмды.

ҰШМҮО басқарма төрағасының стратегиялық даму жөніндегі орынбасары Асхат Сапаровтың айтуынша, терезеден құлап мерт болған балалар саны жылдан жылға өсіп келеді. 

2024 жыл басталғаннан бері ақпан айына дейін 15 бала жол апатынан қайтыс болды. Бұл туралы khabar.kz ІІМ өкілдерінің дерегіне сүйене отырып хабарлаған. Олардың 12-сі көлікте отырып, жүргізушілердің салғырттығынан қайтыс болған.

Sla.kazguu.kz мәліметінше Қазақстанда жыл сайын 1,5 мыңға жуық адам жоғалады, оның 20%-ы балалар. Құқықтық статистика және арнайы есепке алу органдары порталының дерегіне сәйкес Qamqor.kz. Қазақстанда 2,5 мыңға жуық ересек адам мен 200 бала жоғалып кетті. Көп жағдайда адамдар Алматы, Ақмола және Батыс Қазақстан облысында жоғалады. Сондай-ақ, Түркістан және Қарағанды өңірлерінде жоғалу деңгейі жоғары.

Атырау қаласының полиция департаментінің айтуынша, жасөспірімдердің үйден кетуі көбінесе отбасындағы зорлық-зомбылыққа, қиын жағдайға, тәрбиедегі қателіктерге, сондай-ақ баланың ішкі проблемаларына, қоғамның, достардың және мектептің ықпалына байланысты болуы мүмкін.

Ашық дереккөзден алынды

Қазақстандағы ЮНИСЕФ өкілі Артур ван Дизеннің Tengrinews.kz тілшісіне берген сұхбатында, ол еліміздегі балаларға қарсы жыныстық зорлық-зомбылық проблемасын айтып өтті:

— Қазақстанда балаларға қарсы жыныстық зорлық-зомбылық қылмыстардың 40 пайыздан астамын құрайды. 2021 жылы балаларға қарсы 2088 қылмыс тіркелді, оның 913-і жыныстық сипатта болды. Бұл құқық қорғау органдарында тіркелген жағдайлар ғана, бірақ олардың кейбіреулері зорлық-зомбылықтың жасырын сипатына байланысты ашылмай қалуы мүмкін. Қазақстанда балаларға қатысты физикалық және эмоционалдық зорлық-зомбылық жиі кездеседі. 15 жасқа дейінгі балалардың 52,7 пайызы үйде зорлық-зомбылыққа тап болады; балалардың 66,2 пайызы мектептерде зорлық-зомбылық пен буллингке ұшырайды. Интернат мекемелеріндегі балалардың да қатыгездікке ұшырау қаупі жоғары.

Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің мәліметінше, 2022 жылы балаларға қатысты 2 005 қылмыс жасалған, ал олардың жыныстық қол сұғылмаушылығына қарсы қылмыстар саны – 719 жағдайды құраған. Ulysmedia.kz. сайтына берген сұхбатында “НеМолчи” зорлық-зомбылыққа қарсы қоғамдық қозғалыс қорының негізін қалаушы Дина Тансари елімізде күн сайын екі бала зорланатынын атап өтті. Сондай-ақ ол соңғы 1,5 айдың ішінде (сұхбат 26.10.2023 болған) Қордың сенім телефонына Қазақстанның жүздеген азаматтары қоңырау шалғанын, ұйым: 2 баланы өлімі, 18 жас кәмелетке толмағандарды қудалау, балабақшаларда, мектептерде және тұрғын үйде болған 30 ұрып-соғу жайты, 15 баланың зорлық-зомбылық көргенін хабарлады, дейді Ulysmedia.kz. өз дерегінде.

Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің дерегіне сәйкес Қазақстанда алимент төлемегені үшін 1 618 адам іздестіріліп жатыр. Олардың ішінде: ерлер – 1476, әйелдер – 142. Іздестіруде жүргендердің көбі 31 жастан 40 жасқа дейінгі адамдар. Балаларды күтіп-бағуға арналған алимент бойынша 291 886 атқарушылық іс, бұдан басқа, кәмелетке толмаған балаларды асырауға алимент өндіріп алу туралы 31 493 азаматтық іс қаралған. Осылайша ата-ана борышы мен жауапкершілігінен мыңдаған адам қашып жүрген көрінеді. Оның үстіне, ІІМ атап өткендей, “Тұрмыс” республикалық іс-шарасы барысында өз балаларын тәрбиелеу бойынша міндеттерін орындамайтын 8 мың ата-ана есепке қойылған. Оның ішінде мыңнан астам ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 201 факті бойынша кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссияға ата-ана құқығынан айыруға материалдар жіберілген.

Screenshot bala.gov.kz

Қазір барлық білім беру ұйымдарында Қазақстан оқушылары мен олардың ата-аналарына тегін консультациялық көмек көрсету бойынша Bala Qorgau жобасы аясында көмек QR коды бар тақтайшалар орналастырылған. Ресурс мектепте, үйде және сыртта қиындықтарға тап болған мектеп оқушылары мен олардың ата-аналарына көмектесуге бағытталған. Балалар мен олардың ата-аналары тақтадан QR кодын сканерлеу арқылы 24/7 сайтқа кіріп, көмекке жүгіне алады.

Бала құқығы

Төменде БАЛА ұғымын айқындау үшін Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы Заңның 1-тарауы, 1-бабын ұсынамыз. Негізгі ресурс — law.gov.kz.

1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар
Осы Заңда мынандай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) арнаулы көрсетілетін әлеуметтік қызметтерге мұқтаж бала (балалар) – Қазақстан Республикасының әлеуметтік қорғау туралы заңнамасында көзделген қалыптасқан мән-жайлардың салдарынан тыныс-тіршілігі бұзылған және осы мән-жайларды өз бетінше немесе отбасының көмегімен еңсере алмайтын бала (балалар);
1-1) ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бала – ата-анасының ата-ана құқықтарының шектелуіне немесе олардан айырылуына, ата-анасының хабарсыз кетті деп танылуына, қайтыс болды деп жариялануына, әрекетке қабілетсіз (әрекет қабілеті шектеулі) деп танылуына, ата-анасының бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеуіне, ата-анасының баласын тәрбиелеуден немесе оның құқықтары мен мүдделерін қорғаудан жалтаруына, оның ішінде ата-анасының өз баласын тәрбиелеу немесе емдеу мекемесінен алудан бас тартуына байланысты, сондай-ақ ата-анасы қамқорлық жасамаған өзге де жағдайларда жалғызбасты ата-анасының немесе екеуінің де қамқорлығынсыз қалған бала;
2) бала – он сегіз жасқа (кәмелетке) толмаған адам;
3) бала құқықтарын қорғау жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын ұйымдар – бұл балаларды әлеуметтік қолдауды, әлеуметтік-тұрмыстық, медициналық-әлеуметтік, әлеуметтік-педагогикалық, психологиялық-педагогикалық, құқықтық қызметтер көрсету мен материалдық көмек көрсетуді, арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балаларды әлеуметтік оңалтуды, мұндай балалар еңбекке қабілетті жасқа жеткенде олардың жұмыспен қамтылуын қамтамасыз етуді жүзеге асыратын ұйымдар;
4) баланы әлеуметтік оңалту – бала жоғалтқан әлеуметтік байланыстар мен функцияларды қалпына келтіру, тұрмыс-тіршілікті қамтамасыз ету ортасын толықтыру, оған қамқорлық жасауды күшейту жөніндегі іс-шаралар;
4-1) баланы жәбірлеу (буллинг) – қорлау сипатындағы жүйелі (екі және одан көп) әрекеттер, қудалау және (немесе) қорқыту, оның ішінде қандай да бір әрекетті жасауға немесе жасаудан бас тартуға мәжбүрлеуге бағытталған әрекеттер, сол сияқты жария түрде немесе бұқаралық ақпарат құралдары және (немесе) телекоммуникация желілері және (немесе) онлайн-платформалар пайдаланыла отырып жасалған дәл сол әрекеттер (кибербуллинг);
5) баланың әлеуметтік бейімделуі – өмірде қиын ахуалға тап болған баланың қоғамдағы құндылықтарды, мінез-құлық қағидалары мен нормаларын игеру және қабылдау арқылы әлеуметтік ортаның жағдайларына белсенді түрде бейімделу процесі, сондай-ақ басынан кешірген психологиялық және (немесе) моральдық зардаптарды еңсеру процесі;
6) баланың заңды өкілдері – ата-ана, бала асырап алушылар, қорғаншы, қамқоршы, патронат тәрбиелеуші, баланы қабылдайтын ата-аналар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес балаға қамқорлық жасауды, білім, тәрбие беруді, оның құқықтары мен мүдделерін қорғауды жүзеге асыратын олардың орнындағы басқа да адамдар;
7) баланы экономикалық жағынан қанау – бұл бала еңбегінің ең нашар нысандары, оның ішінде кәмелетке толмағандармен сауда жасау, оларды қылмыстық әрекетке немесе қоғамға жат іс-әрекеттер жасауға, жезөкшелікпен айналысуға, порнографиялық суреттер шығаруға немесе кәмелетке толмағандарды порнографиялық сипаттағы ойын-сауық іс-шараларына қатысуға тарту, сондай-ақ жұмысқа қабылдау үшін Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген ең төменгі жастан кіші балалардың еңбегі;
8) жетім бала – ата-анасының екеуі де немесе жалғыз басты ата-анасы қайтыс болған бала;
8-1) жетім балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға тәлімгерлік (бұдан әрі – тәлімгерлік) – жетім балаларға және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдарындағы он жасқа толған жетім балаларды, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды өз бетінше өмір сүруге дайындауға жеке қолдау мен көмек көрсетуге бағытталған қызмет;
8-2) жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар тәлімгері (бұдан әрі – тәлімгер) – тәлімгерлік туралы үлгілік шарт негізінде тәлімгерлікті жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының кәмелетке толған азаматы;
9) қамқоршылық – он төрт жастан он сегіз жасқа дейінгі балалардың құқығы мен заңды мүдделерін қорғаудың құқықтық нысаны;
10) қорғаншылық – он төрт жасқа толмаған балалардың құқығы мен заңды мүдделерін қорғаудың құқықтық нысаны;
11) мемлекеттік ең төменгі әлеуметтік стандарттар – мемлекет белгілеген әлеуметтік қызметтер көрсетудің, нормалар мен нормативтердің ең төменгі көлемін қамтитын, балалар өмірінің сапасын қамтамасыз ететін негізгі көрсеткіштер;
12) мүгедектігі бар бала – тіршілік етуінің шектелуіне және оны әлеуметтік қорғау қажеттігіне әкеп соқтыратын аурулардан, жарақаттардан, олардың салдарынан, кемістіктерден организмінің функциялары тұрақты бұзылып, денсаулығына зақым келген он сегіз жасқа дейінгі адам;
12-1) нысаналы активтер – нысаналы жинақтарды төлеуді қамтамасыз етуге және жүзеге асыруға, сондай-ақ осы Заңда көзделген өзге де мақсаттарға арналған ақша;
12-2) нысаналы жинақтарды алушы – Қазақстан Республикасының он сегіз жасқа толған, нысаналы жинақтарды алуға құқығы бар азаматы;
12-3) нысаналы жинақтау шоты – нысаналы жинақтарды алушының осы Заңға және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында ашылған, нысаналы жинақтар есепке алынатын және нысаналы жинақтарды төлеу жүргізілетін жеке атаулы шоты;
12-4) нысаналы жинақ төлемдері – нысаналы жинақтарды алушыға, сондай-ақ мұрагерлерге Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен нысаналы жинақтау шотынан төленетін нысаналы жинақтар сомасы;
12-5) нысаналы талаптарға қатысушы – Қазақстан Республикасының он сегіз жасқа толмаған, нысаналы талаптарға құқығы бар азаматы;
13) патронат – ата-анасының қамқорлығынсыз қалған баланы уәкілетті мемлекеттік орган мен баланы тәрбиелеуге алуға тілек білдірген адам (патронат тәрбиелеуші) жасасатын шарт бойынша азаматтардың отбасына тәрбиелеуге берген кездегі тәрбиенің нысаны;
14) алып тасталды – ҚР 01.04.2019 № 240-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен;
15) Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары жөніндегі уәкіл – Қазақстан Республикасының Президенті тағайындайтын, өзіне балалардың құқықтары мен заңды мүдделерінің негізгі кепілдіктерін қамтамасыз ету, сондай-ақ мемлекеттік және қоғамдық институттармен өзара іс-қимыл жасай отырып, балалардың бұзылған құқықтары мен бостандықтарын қалпына келтіру жөніндегі функциялар жүктелетін адам.
16) тұрғын үй жағдайларын жақсарту және (немесе) білім беру ақысын төлеу мақсатында бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін нысаналы жинақтар (бұдан әрі – нысаналы жинақтар) – нысаналы жинақтарды алушының нысаналы жинақтау шотында Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының есепті жылдың алдындағы он сегіз жылдағы орташаланған инвестициялық кірісінің және жыл сайын осы сомаға есепке жазылатын, есепті жылдың алдындағы он сегіз жылдағы орташаланған инвестициялық кірістің елу пайызы есебінен жинақталған ақша;
17) уәкілетті операторлар – тұрғын үй жағдайларын жақсарту және (немесе) білім беру ақысын төлеу мақсатында бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры аударатын нысаналы жинақ төлемдерін есепке жатқызуға арналған банктік шоттарды ашуды және жүргізуді жүзеге асыратын екінші деңгейдегі банктер, Ұлттық пошта операторы;

Еске сала кетейік, 2024 жылы Мемлекет басшысы әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған заңдарға қол қойды. Заңға өзгеріс есебінде әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті күшейтетін, сондай-ақ отбасы институтын, кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін нығайтуға арналған нормалар енгізілді.

зерттеп көремін десеңіз, пайдалы дереккөздер:

UNICEF DATA BY COUNTRY: Kazakhstan

bala.stat.gov

Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы

Парақшамызға жазылыңыз

Albina

Альбина Булатова

«Мінбер» ақпарат агенттігі ұйымдастырған «Азаматтық журналистер» жобасының 2023 жылғы түлегі

SDU University Журналистика мектебінің 1 курс студенті

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар