Пластикалық отадан зардап шеккендер емханадан өтемақы талап ете алады

42 рет қаралды

Фото: istockphoto.com

TengriHealth хабарлағандай, Қазақстанда пластикалық оталар мен эстетикалық процедуралардан кейінгі асқыну жағдайлары жиі талқылана бастады.

Осы ретте Ұлттық тұтынушылар лигасының басқарма төрағасы Светлана Романовская сәтсіз отадан кейін өз құқығын қалай қорғау керектігін түсіндірді. Сарапшының айтуынша, отандық заңнамада «эстетикалық медицина» деген жеке ұғым жоқ, сондықтан бұл қызметтердің бәрі «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заңның 35-бабына (сапасыз көрсетілген қызмет) бағынады. Егер емделушіге нәтиже ұнамаса немесе денсаулығына зиян келсе, ол клиникадан кемшіліктерді өтеусіз жоюды, шығындарды толық қайтаруды және моральдық өтемақы төлеуді талап етуге құқылы.

Дәрігерді таңдау және келісімшарт жасасу кезеңі

Құқық қорғаушы сырт келбетті жақсартпас бұрын Instagram-дағы фотолар мен күмәнді пікірлерге сенбеуге шақырады. Клиника мен дәрігердің тиісті лицензиялары мен сертификаттарын сұрап, олардың деректерін ресми тізілімдерден және «Сот кабинеті» арқылы тексеріп алған жөн. Сонымен қатар ота жасамас бұрын қызмет көрсету шартын мұқият оқып, қол қою қажет. Егер клиника келісімшарт ұсынудан бас тартса, мұндай мекемелерден бірден бас тарту керек. Тіпті келісімшартқа байқамай қол қойылған күннің өзінде, егер оның тармақтары заңға қайшы келсе, оны сотта даулауға болады.

Асқыну жағдайындағы іс-қимыл алгоритмі

Егер процедура сәтсіз аяқталса, пациенттер жіберетін ең басты қателік — сотқа дейін өз бетінше тәуелсіз сараптама жасату. Мұндай сараптаманы сот ескермейді, себебі оны соттың өзі тағайындауы тиіс. Бірінші кезекте клиниканың атына ресми наразылық (претензия) хатын жолдау керек. Тәжірибе көрсеткендей, мұндай даулардың 90 пайызы медиация (бейбіт келісім) тәртібімен шешіледі, өйткені емханалар өз беделін сақтау үшін материалдық және моральдық зиянды сотсыз-ақ өтеуге тырысады. Егер келісім орнамаса, Денсаулық сақтау министрлігіне немесе сотқа шағымдануға болады. Мұндай істер бойынша талап қою мерзімі — 3 жыл, бірақ мәселе туындаған бойда бірден әрекет ету қажет.

Қандай жағдайда өтемақы өндіру мүмкін емес?

Сарапшы үй жағдайында немесе жалдамалы кабинеттерде заңсыз қызмет көрсететін «мамандарға» жүгінгендер өтемақы ала алмайтынын ескертеді. Ондай жерлерде келісімшарт жасалмайды, кассалық чек берілмейді. Асқыну болған жағдайда бұл адамдар ізін суытып үлгереді, ал құжаттар болмағандықтан, қызметтің нақты кім тарапынан көрсетілгенін заң жүзінде дәлелдеу және оларды сотқа тарту мүмкін болмайды.

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар