Фото: aqorda_resmi
Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлайды.
Ақордада Медицина қызметкерлері күніне орай салтанатты іс-шара өтті. Жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев дәрігерлерді кәсіби мерекесімен құттықтап, ұлт саулығы еліміз үшін ең қымбат құндылық екенін атап өтті. Президент өз сөзінде өткен жылы басталған бұл игі дәстүрдің биыл да жалғасын тапқанына ризашылығын білдіріп, денсаулық сақтау саласында қоғам игілігі үшін адал қызмет етіп жүрген әр маманның еңбегі ерен екенін қадап айтты. Сондай-ақ жаңа Ата заңда ұлт саулығы ұғымына алғаш рет кең ауқымда назар аударылып, адам өмірін сақтау тек дәрігерлердің ғана емес, тұтас қоғамның жауапкершілігі ретінде айқындалғанына тоқталды.

Мемлекет басшысы денсаулық сақтау саласындағы соңғы жылдардағы оң көрсеткіштерді де тілге тиек етті. Мәселен, былтыр еліміз бойынша азаматтардың орташа өмір сүру ұзақтығы 76 жасқа жақындаса, соңғы үш жылда ана өлімі 35 пайызға, ал сәби өлімі 24 пайызға қысқарған. Бұл Тәуелсіздік жылдарындағы ең төменгі көрсеткіш. Сонымен қатар кейінгі жеті жылда 1300-ге жуық жаңа медициналық нысан бой көтерген. Президент қазіргі таңда 280 мыңнан астам маман еңбек ететін бұл салада дәрігерлердің қауіпсіздігі мен құқығын қорғау басты назарда екенін айтты. Осы орайда жыл басында медицина қызметкерлеріне күш көрсеткен адамдарды қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы арнайы Заңға қол қойылғанын және бұл шешім қоғамдағы «Заң мен тәртіп» қағидатына толық сай келетінін мәлімдеді.
Дәрігерлерді әлеуметтік қолдау бағытында соңғы үш жылда көрсетілетін көмек көлемі 7 есе ұлғайып, биыл жалақыны көтеру мақсатына қазынадан 33 миллиард теңге бөлінген. Шалғай ауылдарда еңбек ететін дәрігерлерге де бір реттік көтерме төлемдер беріліп келеді. Дегенмен Мемлекет басшысы елімізде пайдалану мерзімі өтіп кеткен 14 мыңнан аса нысанның әлі де қызмет көрсетіп тұрғанын сынға алып, Үкіметке бүкіл денсаулық сақтау инфрақұрылымына ауқымды реновация жүргізуді тапсырды. Сонымен қатар басты мәселе білікті маман тапшылығын жою екенін айтып, ауылдық жерлердегі алғашқы медициналық-санитарлық көмек жұмысшыларын қолдау бағдарламасын әзірлеу қажеттігін жүктеді.

Жиын барысында Қасым-Жомарт Тоқаев отандық медициналық жоғары оқу орындарын нығайту бойынша маңызды шешімдерді жариялады. Президенттің қолдауымен «Астана медицина университетіне» ең жоғары — Ұлттық университет мәртебесі беріледі және оған отандық тағамтану ғылымының негізін салушы, Қазақстанның Еңбек Ері Төрегелді Шармановтың есімі иелендіріледі. Ал Қарағанды медициналық университетіне осы оқу орнының негізін қалаған әйгілі тұлға Петр Поспеловтың аты берілетін болды.
Салтанатты шара соңында Президент бір топ медицина қызметкеріне жоғары мемлекеттік наградаларды табыс етті.
Парақшамызға жазылыңыз
