Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, айтыскер ақын, журналист Бекжан Әшірбаев Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін, бір формациядан екінші формацияға өткен халық пен саяси биліктің жаңа келбетін сипаттай жырлағаны көпшіліктің есінде. Оның ұтқыр теңеуін көрермен, осыдан бірнеше күн бұрын, ақын дүниеден өткенде тағы бір еске алды.
«Октябраттар орнына,
Ақпақұлақтар келді ғой,
Пионерлер орнына,
Зиян ерлер келді ғой,
Комсомолдар орнына,
Нан соғарлар келді ғой,
Коммунистер орнына,
Коррупцистер келді ғой…», деп жырлаған еді, Бекжан Әшірбаев.
Ақынның осынау өлең жолдарын Minber редакциясының тағы бір мәрте еске алуына себеп жоқ емес. Наурызда қабылданған жаңа Конституцияға сәйкес, елде бір палаталы парламент – Құрылтай сайлауы аяқталып, додаға түскен 7 партияның 5-уі мандат жеңіп алды. Олардың барлығы да өз құрамынан Құрылтайға баратын депутат тізімін жария етті.
«Ақжол», «Республика», «Ауыл», «ЖСДП» партиялары бұған дейін де Мәжіліс құрамынан мандат алып, елдегі заң шығару ісіне араласып келді. Ал, «Әділет» партиясының құрылғанына бес ай ғана уақыт өтті. Дегенмен, осы уақыт аралығында сайлаушылар көңілінен шынымен жол тапты ма, әлде оның мүшелері бұрынғы «Amanat» немесе оның алдындағы «Nur Otan» партиясы кезінде елге танылып, көптің көңілін жаулап алған ба, әйтеуір 110 мандатқа ие болды.
Осылайша, 2 палатаның орнына келген жалғыз палаталы парламент жасақталып болды. Оның құрамында депутат ретінде 2023 жылғы сайлауда депутат болған тұлғалар да бар, жаңа есімдер де көп.
Әділет партиясы баспасөз қызметінің хабарлауынша, 110 мандатты иеленгендер арасында Ұлттық Құрылтайдың экс 13 мүшесі және 20 экс-мәжілісмен және 4 экс-сенатор бар. Осылайша, партия өз депутаттарының арасында 24 адамның заң шығару тәжірибесі болғанын алға тартыпты.
Президенттің жастар кадр резервінен 10 адам, Жастар саясаты жөніндегі кеңестің 4 мүшесі, Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның 5 мүшесі, бар екенін жазады «Әділет» партиясы таратқан релизде. Сонымен қатар, Құрылтай депутаты атанған 26 адам бұрын Мәслихат депутаты болған екен. Бұған қоса, «Әділет» бірнеше журналист, экологтар, волонтерлік қозғалыс өкілдері мен IT мамандарына да депутат ретінде елдің заң шығару ісіне белсене араласуға мүмкіндік беріпті.
Айта кету керек, «Әділет» партиясы атынан кандидат ретінде ұсынылған Президент Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Ерлан Қарин депутаттар тізімінде жоқ. Сонымен қатар, саяси кеңестің мүшесі, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлы да кандидат қатарында болғанымен, депутат тізімінен табылмады.
Есесіне, Алматы облысы Кеген ауданының әкімі болған, спортшы Нұрбақыт Теңізбаевты енді Құрылтай депутаты ретінде көреміз. 2023 жылы сайланған Мәжіліс қатарында да Алматы облысынан бір спортшы депутат болған еді. Ардақ Назаровтың Мәжіліс мінберінен анасын құттықтағанын көпшілік ұмыта қойған жоқ…
«Әділ сөз» Халықаралық сөз бостандығын қорғау қорының бұрынғы президенті Қарлығаш Жаманқұлова да енді Құрылтай депутаты. Журналистер Дихан Қамзабекұлы, Ләззат Қожахметова, Максим Рожин, Ирина Тен, Армангүл Тоқтамұратпен бірге Қарлығаш Жаманқұлова елдегі баспасөз еркіндігіне қатысты бастамаларға ұйытқы болады деген үміт бар. Өйткені, Құрылтай сайлауы қарсаңында тәуелсіз журналистерге жасалған қысым елдегі сөз еркіндігіне берілген Конституциялық кепілдікке көлеңке түсіргені жасырын емес.
1996 жылдан 2023 жылға дейін 8 рет сайланған Мәжілістің өзінде 67 мен 107 депутат аралағында мандат болған еді. «Әділет» партиясының бір өзі 110 мандат алып, бүкіл бір палаталы парламенттің орнын толтырғандай болды.
Жоғарыда атап өткенімізде құрамында да Президенттің бастамалары негізінде құрылған ұйымдардың мүшелері бар екені де ашық хабарланған. Осылайша, «Әділет» басқа партияларға қарағанда өзінің билікке бір табан жақын екенін ашық көрсетіп отыр. Төрағасы Айбек Дәдебай мен партия мүшесі Ерлан Қарин Президент әкімшілігінің бірі экс екіншісі қазіргі қызметкері.
Құрылтайдан одан кейінгі ең көп мандат «Ауыл» партиясы – 10 орын, Respublika партиясы – 9 орын, «Ақжол» мен ЖСДП партиясы 8 орыннан алды.
«Ақжол» партиясы құрамында партияның экс-төрағасы Азат Перуашев жоқ. Мәжілістің V, VI,VII,VIII сайланымында депутат болған Перуашев бәлкім жастарға жол берген шығар, болмаса Қазақстанды «штрафстан» атап, артықтау кеткені партия мүшелеріне жақпай қалды ма, ол жағын партияның саяси кеңесі ашық жария етпеді.
Мұнай-газ саласының сарапшысы Нұрлан Жұмағұлов өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында партиядан ұсынылған депутаттар арасында осы саланың мамандары бар екенін атап өткен болатын. Оның дерегінше, Respublika атынан депутат Махамбет Хасенов – Special OilProjects компаниясы және «Әлмерек» мұнай базасының негізін қалаушы.
«Ақжол» партиясынан сайланған депутат Бибаев Бақтыбек бұрын Энергетика министрлігінде жұмыс істеген, Texol компаниялар тобының GR директоры.
Жұмағұловтың дерегінше, «Ауыл» мен ЖСДП партиялары мұнайшы мамандарды депутаттыққа ұсынбаған. Ал, «Әділет» құрамындағы Серік Қожаниязов «ПетроКазахстан Кумколь Ресорсиз» вице-президенті, Марат Себасов – «Қаражамбасмұнай» компаниясы департамент директорының орынбасары, Бегалы Ералиев – «Азия Газ құбыры» компаниясының директоры. Қазақстанның Қарашығанақ операторларына қатысты Халықаралық арбитражға жүгінгенін ескерсек, Құрылтайға саланы жақсы білетін мамандар қажет-ақ.
Партиялар арасында сайлаушы дауысы үшін талас-тартыс қаншалықты қызу өтті, бұл сауалға сарапшылар арасында әртүрлі пікір бар. Дегенмен, партиялардың ешбірі, тіпті жеңілгендері де (сайлаудағы жеңілістен соң баспасөз мәслихатын шақырып, кейін одан бас тартқан Азаматхан Әміртайды қоспағанда) сайлаудың өту барысы, дауыс санау процессінің ашықтығына қатысты сын-пікір айтпады. Демек, барлығы бірауыздан сайлау нәтижесіне келісті деген сөз.
Осы орайда, «Сайлау туралы» Конституциялық Заңның 43 бап, 8 тармағына сәйкес, дауыс беру нәтижесі жазылған хаттамалар, сайлау учаскесіне ілінді ме, үш күн бойы тұрды ма, деп те бір де бір партия сұрау салды ма екен, деген сұрақ туады. Өйткені, сайлау өткеннен кейінгі екі тәулік ішінде Алматы қаласындағы сайлау учаскелерін аралап, хаттаманың ілінген-ілінбегенін тексеруге талпынған «Minber» тілшісі аталған заңның осы бабын сайлау учаскелері орналасқан ғимарат әкімшілігі ескере бермейтінін анықтады.
«8-1. Сайлау округі бойынша дауыс беру нәтижелері туралы хаттаманың көшірмесі жалпы жұрттың танысуы үшін округтік сайлау комиссиясының үй-жайында ілінеді және үй-жайда үш күн бойы тұрады.
Осы Конституциялық заңға сәйкес, дауыстарды санау кезінде қатысқан адамның тiлегi бойынша оған комиссия төрағасы мен хатшысының қолдары қойылып, сайлау комиссиясының мөрiмен куәландырылған хаттаманың көшірмесі беріледі»,- делінген «Сайлау туралы» Конституциялық Заңда.
Осы бапқа сүйенсек, өздері заң шығаруға ниеттеніп отырған партиялардың қай-қайсының да Орталық сайлау комиссиясының жариялаған нәтижесіне қарсы уәж айтар мүмкіндігі болды. Елдегі 7 партияның ешқайсында Қазақстан аумағында құрылған 10 мыңнан аса сайлау учаскесіне барып, хаттамамен танысуға ниет білдіретін 10 мың мүше жоқ па, әлде, мұны саяси ұйымдағы саяси енжарлыққа балаймыз ба?
Не десек те, Мәжіліс пен Сенаттың орнына келген жалғыз палата – Құрылтайға қатысты марқұм Бекжан Әшірбаев секілді, елдегі қоғамдық-саяси оқиғаларға бей-жай қарамайтын бір ақын, уытты тілімен қанжардай теңеу таппасын деп тілейміз.
Комсомолдар да, коррупицтер де өзімен кетсін….
Риза Тұрдақынқызы
Парақшамызға жазылыңыз

Комсомол-момсомол дегеннің не екенін бүгінгі жастар біле ме? Жаңаша ойлау керек қой!!)!