////

Ауылдар бұрынғы аудан мәртебесін қайтарғысы келеді. Бұл тұралаған елдімекендердің тамырына қан жүгірте ме?

4039 рет қаралды
көрнекі сурет

«Мемлекетіміздің өркендеуі  аймақтардың қуатты болуына  тікелей байланысты. Мен  бұл мәселеге  2019 жылғы Жолдауымда  кеңірек тоқталдым. «Қуатты өңірлер – қуатты ел» деген ұстаным  әрдайым  өзекті. Осы орайда, еліміздегі әкімшілік-аумақтық құрылымның оңтайлы болуы  өте маңызды. Содан бері  азаматтарымыздан көптеген ұсыныстар келіп түсті.  Менің тапсырмам бойынша оның бәрі мұқият зерделенді. Халықтың қалауын ескеріп, мен  бүгін  бірқатар бастама көтергелі отырмын.
Жалпы, жаңа облыстардың құрылуы – көпшіліктің көкейінде жүрген мәселе. Кезінде облыс мәртебесінен айырылған өңірлерде  тұрғындар саны азайып, тұрмыс сапасы төмендеп кеткені жасырын емес. Осы олқылықтың орнын толтыратын кез келді. »

ҚР Президентінің 2022 жылғы 16 наурыздағы жолдауындағы «Еліміздің әкімшілік-аумақтық құрылымын жетілдіру» бөлігінен үзіндіні келтіре отырып, аумақтық құрылым туралы халықтың пікірін білгіміз келді. Өйткені көп уақыттан бері аудандарды бөлу туралы да айтылып келеді. Мысалы, Шығыс Қазақстан облысында Ақсуат ауданына қосылған Ақжар ауылдық округі, Күршім ауданына қосылған Марқакөл ауылдық округі, Үржар ауданына қосылған Мақаншы ауылдық округі. Осы орайда кезінде аудан орталығы болып, қазір ауылдық округ жайын кешіп отырған ауыл халқының пікірін бір жерге топтастырып көрдік.
Тарбағатай ауданы, Ақжар ауылының тұрғыны, белсенді азамат, заңгер Сержан Шөкеевтің айтуынша:


«Енді тағыда халықтың наразылығын тудырмас үшін ШҚО мен су жаңа Абай облысы өздерінің бұрынғы тарихи территориясымен бөлінетін шығар. ШҚО-ның  əкімі Д. Ахметов болмаса келетін су жаңа əкім Өкіметке дəлелдеп, Тарбағатайды бермей алып қалуы керек қой. Ол кезде бұйыртса  біз Ақсуаттан міндетті түрде бөлінеміз.»
2020 жылғы ШҚО әкімі Д.Ахметовтың кезекті есеп беру жиналысында Ақжар тұрғындары облыс әкімінен ауданды бөлу мәселесін шешіп беруді сұраған еді. Ол кезде Д. Ахметов бұл ұсынысты жоғарыға жеткізетінін айтқан.

Үржар ауданы, Мақаншы ауылының тұрғыны Забира Қасенованың айтуы бойынша:

«Үржарда кәсіби колледжде оқу оқыдым. Күнделікті Мақаншы ауылынан Үржарға келіп-кетуге 2 мың теңге қаражат кетеді. Жылда «Жол картасы» мемлекеттік бағдарлама аясында оқу оқытылады, колледж тек Үржарда. Ауылдан қатынап оқитындар үшін жол ауыртпалығы көп. Егер Мақаншыны Үржардан бөлетін болса, оқу орындары, жұмыс көздері ашылатын еді. Мақаншыдағы тоғыз ауылдың жағдайы жақсарар еді. Бақты ауылындағы кедендік бақылау, Алакөл демалыс орындарынан түскен салық Мақаншы бюджетіне тиесілі болатын еді. Қазір Мақаншы ауылының жағдайы нашар, жолдары жөнделмеген»

Көкпекті ауданы Самар ауылдық округінің халқы, ауданды бөлу туралы петиция жариялап, қол жинап жатыр. Көкпекті ауданы бұрын Семей облысына тиесілі аудан болған. Қазір осы қосылған қалпымен жаңа Абай облысына өтіп кетсе, Самарлықтардың облыс орталығына дейінгі жол шақырымы тым ұзақ болады. Самар ауылдық округінен ШҚО облыс орталығы Өскемен қаласына дейін 140 км. Ал Семей қаласына 400 км болады.

«International Legal Initiative» халықаралық құқықтық ұйымның президенті Айна Шорманбаева аудандарды бөлу туралы өз пікірін білдірді:

«Біз 2014 жылы Конституция реформасы мен әкімшілік аумақтық реформасының концепциясын дайындап, өкіметке бергенбіз. Әр облысты 4-5 облысқа бөлу керек. Жергілікті бюджетті халықтың өзі белгілеу керек, республикалық мәселелерден басқа. Шығыс Қазақстанды да бірнеше облыс – аймақтарға бөлу керектігін айтқанбыз. Жалпы 44 аймақ болуы керек біздің елде. Жоғарыдағылар бізді толығымен мойындамаса да, Н. Назарбаев тұсында Түркістан облысын бөлек шығарды. Соңғы кезде біз Қарағанды облысы тым үлкен деп сынағанбыз, оны бөлді. Бірақ Шығыс Қазақстан бойынша төрт аймақ болу керек деп ұсынғанбыз – Аягөз, Зайсан, Семей+Шемонаиха, Өскемен+Риддер+Зыряновск. Аягөз аймағында бірнеше аудан болуы мүмкін, Мақаншы, Марқакөл, Ақжар өздері ұсынуы керек қай аудан құрып, қалай бөлу керек екенін»

Шығыс Қазақстан облысында халықтың саны 1989 жылы 1,771,769 адам болған. Содан бери халық саны тек құлдыраумен келеді. Мәселен, 2009 жылғы санақта 1,396, 866 тұрғын болса, 2020 жылы 1369,597 адамға дейін құлдыраған. Қазір өңірлерді қайта түлету, ондағы халықтың саны арттыру секілді шаралардың жасалып жатқаны мәлім. Сол себепті де шекара аймақтағы халықтың санын арттырып, әлеуетін жақсартудың оңтайлы жолы, жабылған аудандарды қайта ашу болуы мүмкін.

Жұлдыз Ақтанжанова, Шығыс Қазақстан облысы 

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі