///

Бақытбек Бәмішұлы: Ұлттық құндылық. Ұлытауға  бардың ба?

125 рет қаралды

Армандар орындалады. Рас. Армандар орындалады. «Ұлытауға барсам, ұлар етін жесем» деген бір көкейгесті арман көкейімде тұнып жататын. Бірде белгілі жазушы,  фольклоршы, баспагер, этнограф, аудармашы «Зейнолла Сәнік атындағы мәдениет қорының» атқарушы директоры, қазақтың белгілі ақыны, айтыскер, жаны жайсаң, жаттығы жоқ жақсы Серік Әкрамұлы Қалиев хабарласып, жыл бойы республика көлемінде Қазақстан Жазушылар Одағы мен «Зейнолла Сәнік мәдениет қорының» біріккен жобасы аясында «Ұлттық құндылық: қазақ этнографиясы, Зейнолла Сәнік – 90» атты республикалық экспедиция құрамында Қазақстанның  орталық өңірі, Ұлытау аймағына барып-қайтуға ұсыныс жасағанда алғыс айта отырып, ішімнен «армандар орындалады» деп қайталаған едім.

Бұл сапар-экспедиция Қазақстан Жазушылар одағы мен Зейнолла Сәнік мәдениет  қорының жыл басынан басталып, жалғасып келе жатқан, еліміздің бүкіл өңірін толық қамти отырып, тарихи орындарды аралап, ел ішіндегі кеніш адамдармен кездесіп, ұлттың кешегісі мен бүгініне қатысты жаңа деректер тауып, зерттеп-зерделеп, насихаттау  мақсатында жүзеге асқан ұлттың руханиятына  өз үлесін қосатын игілікті істің бір парасы болса керек-ті.

Экспедиция құрамында ҚР Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары,аппарат жетекшісі,ақын-жазушы Ғалым Қалибекұлы, «Зейнолла Сәнік мәдениет қорының» атқарушы директоры,ақын Серік Қалиев, «Егемен Қазақстан» газеті Бас редакторының орынбасары Талғат Батырхан, ақын-жазушы Бақытбек Бәмішұлы, жазушы, әдебиет сыншысы Айзат Рақыш, талантты ақын Дүйсенәлі Әлімақын болды.

Қарағанды. Алматыдан аттанған экспедиция құрамы өз сапарын Қарағанды қаласындағы қазақтың киелі білім ордасының бірі, әйгілі ғалым, академик Е.А.Бөкетов атындағы мемлекеттік жоғары оқу орын, Қарағанды Ұлттық зерттеу университетінен бастады.  Университеттің негізі 1938 жылы құрылған Қарағанды мұғалімдер институтынан бастау алады.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылғы 12 тамыздағы Жарлығымен ұлттық мәртебе берілген.

Университетті Еуропалық EQAR жоғары білім беру сапасын қамтамасыз ету агенттіктерінің тізіліміне және Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің №1 Ұлттық Тізіліміне кіретін Білім беру сапасын қамтамасыз ету жөніндегі тәуелсіз агенттік аккредиттеген.

Экспедиция мүшелерін, ҚЖО-ның басқарма төрағасы Мереке Әбдезұлы Құлкенов, оның көмекшісі Әміржан Сағидрахманұлы Қосановты университеттің Басқарма төрағасы-ректоры заң ғылымдарының докторы, профессор Нұрлан Орынбасарұлы Дулатбеков жылы қабылдап, экспедицияға сәт сапар тіледі. Одан соң ҚЖО-ның басқарма төрағасы М.Ә.Құлкенов бастаған экспедиция мүшелері  университеттің тарихы, материалдық-техникалық базасы, ғылыми инфрақұрылымымен танысып, профессор-оқытушылар, студентермен келелі кездесу өткізді.

ҚЖО-ның басқарма төрағасы Мереке Әбдезұлы Құлкенов экспедиция мақсаты жөнінде, сондай-ақ көрнекті ғалым Зейнолла Сәнік және Зейнолла Сәнік атындағы мәдениет қоры туралы егжей-тегжейлі баяндап, профессор-оқытушылар, студентермен пікір алмасты.

Кітапхана. Руханияттың қордалы орны әрине кітапхана. Экспедиция мүшелері Қарағанды облысының «Н.В. Гоголь атындағы Қарағанды облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының»  оқырмандарымен маңызды кездесу өткізді. Экспедицияның  ұлттық құндылықтарды насихаттаудағы мақсатымен таныстырып, өзара екі жақты пікір алысты. Экспедиция  басшысы С.Ә. Қалиев жас өнерпаз, домбырашы Ерденнің тұсауын кесіп, ақ батасын беріп, ғалым Зейнолла Сәніктің «Қазақ этнографиясы» кітабын тарту етті.   Ақындар өлең оқып,

кітаптарын кітапханаға сыйға тартты.

 Қасым Аманжолов. Қазақтың қаһарман ақыны Қасым Аманжолов Қарағанды тумасы. Экспедиция мүшелері Қарағандыдағы ҚЖО-ы финалының жетекшісі ақын, журналист Жанат Жаңқашұлының бастауымен орталықтағы Қасым Аманжоловтың зор тұлғалы ескерткішін тамашалап, оның 110 жылдық мерей-тойында отырғызылған 110 түп ақ қайыңы жайқалған аллеясымен жүріп өтті.

Әлімхан Ермеков. Қарағандыға алыстан ат басын тіреген әрбір саналы азаматтың зиярат етер киелі мекеннің бірі Қазақтың  біртуар ұлы, мемлекет және қоғам қайраткері, Алашорда үкіметінің мүшесі, тұңғыш математика оқулығының авторы Әлімхан Әбеуұлы Ермековтың зираты екені сөзсіз. Экспедиция мүшелері де осы дәстүрден айнымай Әлімхан Әбеуұлы басына барып зиярат етіп, аруақтар рухына құран бағыштады. Қабыры жақсы күтімде, қасына жұбайы қатар жерленген екен.

Біздің сапарымыз Карлагқа – қазақтың басынан сталиндік қуғын-сүргіннің қасыретті тарихы «Қарағанды еңбекпен түзеу лагеріне» бағыт алды. (Жалғасы бар)

Б.Бәмішұлы

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар