Фото: drive.google.com
Рапид және блиц шахматтан Қатар астанасы Дохада өтіп жатқан әлем чемпионатында Бибісара Асаубаева топ жарды. Ақпаратпен ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі бөлісті.
15 турдан тұрған, швейцариялық жүйе бойынша өткен блиц шахмат жарысына 140 спортшы қатысты.
Бибісара 11 ұпай жинап, жартылай финалға жолдама алды.
Жартылай финалда Бибісара Қытай өкілі, блиц шахматтан әлем чемпионатының қола жүлдегері Чжу Цзиньэрді 3:0 есебімен жеңді. Ал финалда блиц шахматтан екі дүркін әлем чемпионы Анна Музычукты 2,5:1,5 есебімен ұтып, жеңіске жетті.
Айта кетейік, Бибісара Асаубаева осыған дейін 2021 және 2022 жылдары блиц шахматтан әлем чемпионы атанған.
2012 жылдан бері өткізіліп келе жатқан әлем чемпионатында әйелдер арасында тек Екатерина Лагно мен Бибісара Асаубаева ғана үш дүркін әлем чемпионы атағына ие.
Осы жеңісінің арқасында Асаубаева Әлем чемпионы атағы үшін таласуға мүмкіндік беретін кандидаттар турниріне ең жоғары рейтингпен жолдама алды. Кандидаттар турнирі 2026 жылдың наурызында өтеді.
Түгелбай Бисен
Парақшамызға жазылыңыз
