photo: English-elpais
Әскери қақтығыс қалай басталды?
Бүгін, 28 ақпанда, Израиль мен АҚШ әскери коалициясы Иран аумағына ауқымды әскери шабуыл жасағанын жариялады. Израиль қорғаныс министрі бұл соққыны “алдын ала шабуыл” ретінде сипаттап, ел қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жасалғанын айтты. Израильдің әскери нысандары мен президент резиденциясы сияқты маңызды объектілер соққыға ұшырады. Бұл әрекетті Израиль мен АҚШ айтарлықтай алдын ала жоспарлағанын хабарлады.
Reuters жазуынша, Израиль “алдын ала әрекет” жасағанын растады және бұл шабуылда АҚШ әскери күштері де қатысқан.
Иран қалай жауап берді?
Иран әскери басшылығы Израиль мен АҚШ шабуылдарын біржақты агрессия деп бағалап, қарсы соққыға көшті. Иран түрлі бағыттарда зымырандар мен ұшақсыз аппараттарды қолдана отырып, Израильге, сондай-ақ араб елдерінде орналасқан АҚШ әскери базаларына шабуыл жасады.
Reuters жазуынша, Иранның зымыран соққылары Кувейт, Катар, БАӘ және Иордания сияқты елдерде АҚШ әскери базаларына бағытталды және бір адам БАӘ‑де қаза тапқаны хабарланды.
Халықаралық реакция
Al Jazeera мәліметінше, АҚШ пен Израильдің Иранға жасаған бірлескен әскери соққылары және Тегеранның жауап әрекеттері әлем елдерінің жедел реакциясын тудырды: АҚШ президенті Дональд Трамп операцияны Ираннан төнетін қауіпті жоюға бағытталғанын мәлімдесе, Израиль премьер-министрі Беньямин Нетаньяху оны «экзистенциалдық қауіпке» қарсы қадам деп атады. (Экзистенциалдық қауіп — мемлекеттің, халықтың немесе тұтас жүйенің өмір сүруіне тікелей қатер төндіретін қауіп дегенді білдіреді).
Иран бұл әрекеттерді БҰҰ жарғысын бұзу деп бағалап, АҚШ пен Израиль мүдделеріне қарсы соққы беретінін ескертті.
Еуропалық Одақ, Қытай, Түркия және Пәкістан тараптарды ұстамдылыққа және дипломатиялық диалогқа шақырса, Оман шиеленістің ушығуы жаһандық тұрақтылыққа қауіп төндіретінін айтты. Ал Қатар, БАӘ, Бахрейн және Кувейт өз аумақтарына бағытталған шабуылдарды айыптап, егемендікке қатер ретінде бағалады, Ресей де АҚШ әрекетін сынға алды.
Жалпы алғанда, халықаралық қауымдастық қақтығысты тоқтатып, бейбіт келіссөздерге оралуға үндеп отыр.
Қазақстан СІМ хабарламалары
Сыртқы істер министрлігі қазіргі таңда Иран аумағында 96 Қазақстан азаматы барын хабарлады. Олардың 18-і – дипломатиялық өкілдіктердің қызметкерлері, 2-еуі студент, 70-і «Заркух» зауытында еңбек етеді, ал 6 адам жеке шаруаларымен жүр. СІМ мәлімдеуінше, Қазақстан азаматтарының арасында зардап шеккендер туралы ақпарат жоқ және министрлік пен шетелдегі мекемелер азаматтармен тұрақты байланыста.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Таяу Шығыстағы жағдайға байланысты Қауіпсіздік кеңесіне қауіпсіздік шараларын күшейтуді тапсырды. Ол Ирандағы шиеленістің ушығуынан ел ішіндегі тұрақтылыққа қауіп төндіру ықтималдығын ескере отырып, шұғыл шаралар жоспарын әзірлеуді міндеттеді. Президент Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Ғизат Нұрдәулетов пен тиісті министрліктер мен құқық қорғау органдарына бұл жоспарды дайындауды тапсырды. Бұдан бөлек, барлық күштік құрылымдар тәуліктік қызмет режиміне көшірілді, ал СІМ-нің бақылауымен арнайы мониторинг тобы құрылды. Аймақ әкімдеріне де қажетті дайындық шараларын орындау туралы нұсқау берілді. Бұл туралы Ақорда баспасөз қызметі хабарлады.
Әуе қозғалысы
Air Astana Иран әуе кеңістігінің жабылуы мен әскери жағдайдың ушығуына байланысты Таяу Шығысқа бағытталған рейстерін тоқтатты немесе өзгертті. Бұған Алматы-Медина, Алматы-Дубай, Алматы-Доха және Астана-Дубай бағыттары бойынша рейстер кіреді. Алматыдан Дубайға ұшатын KC899 рейсі Делиге қайта бағытталды.
Ақтаудан Дубайға ұшып бара жатқан FlyArystan ұшағы басқа әуежайға ауыстырылды.
Қазақстан авиациялық әкімшілігі барлық Таяу Шығыс елдері үстіндегі ұшуларды толық тоқтатты.
Парақшамызға жазылыңыз
