/

Оралда түсірілген «Мама» фильмінің тұсауы кесілді

422 рет қаралды

5 наурызда оралдық режиссер Айбек Нығметтің «Мама» фильмі көрерменге жол тартты.

Осыған орай бір күн бұрын Оралда өтетін жабық көрсетілімге фильмнің сценарий авторы, басты рөлді сомдаған Азамат Сатыбалды және бас продюсері оралдық Назгүл Қарабалина, қазақ кино өнерінің жарық жұлдызы Ғани Құлжанов және жас та болса көпке танылып үлгерген Алишер Исмаилов келді.

Оралдағы Kinoplexx кинотеатрының екі залы көрсетілімді күткен көрерменге лық толы болды.

Фильм көне қаланың көшелерінде түсірілген. Көрерменнің басым көпшілігі түсірілім процесіне қатысқан қалалықтар. Ал арнайы шақырылған қонақтардың ішінде жерлесіміз Назгүл Қарабалинаның ата-анасы да болды.

Көрсетілім алдында сөз алған Азамат Сатыбалды түсірілім командасын ортаға шақырып, көрерменге таныстырды.

– Киноның анасы да, әкесі де ол – режиссер. Режиссер болмаса, кино болмайды. Идея авторы, режиссер – Айбек Нығметов. Режиссер үшін бұл – бақыт, өзінің дебюттік киносын жазады, сол дебюттік киносын туған жері Оралда түсіреді. Бұл екінің бірінің қолынан келе бермейді. Мен Жамбыл облысынанмын, Жамбыл облысында Таразда түсірілетін бір кинода ойнағым келеді, бірақ әлі түсе алмай жүрмін, – деді Азамат Айбек Нығмет туралы.

Сонымен қатар ол фильмнің жабық көрсетілімі осыдан бір күн бұрын Алматы қаласында өткені туралы айтты. Алайда Ғани Құлжанов екеуі фильмді алғашқы рет Оралда көретінін және осы сәтті оралдықтармен бірге өткізетінін ерекше атап өтті.

Фильмнің сюжеті бас кейіпкер Темірдің темір тордың арғы жағындағы мекемеден босатылып шығуынан басталады. Ең алдымен Темір емдеу мекемесіндегі өзінің анасына барады. Бірақ анасы ұлын, Тимошын танымайды. Темір үйіне келген уақытынан бастап оқиға шиеленіседі. Осы сәттен фильмнің аяғына дейін көрермен тағдырдың талайына түскен ана мен баланың өміріне және кейіпкерлердің шытырман оқиғаларына куә болады. Ал өздері күнде өтетін туған қаласы Оралдың үйреншікті даңғылы мен әдемі көріністерін фильмнен көріп сүйсіну көрермен үшін бөлек бір сезім.

Түсірілім тобы фильм аяқталған соң көрерменнің алдына шықты.

Олар Оралдың табиғаты мен көне қаланың көріністері туралы, оралдықтардың қонақжайлылығы мен әркез көмекке дайын болғаны туралы жарыса айтты.

Фильм продюсері Назгүл Қарабалина түсірілім тобына Оралдың ұнағаны сондай, топтағы 52 адам бірауыздан «келесі фильмді де Оралда түсірейікші» деген ниет білдіргенін мақтанышпен жеткізді.

Ғани Құлжанов болса Оралға бірінші келгеннен ғашық болғанын айтты. Ол қаланың бас даңғылындағы  көненің көзін бүгінгі күнге дейін сақтап қалған, көненің құндылығын білетін Орал халқына алғысын білдірді. Сөз соңында «Мен бүгін нағыз кино көрдім. Айбек, сен менің режиссерімсің» деген ыстық лебізін білдірді.

Фильм соңында көрерменнің көпшілігі көз жасына ерік бергенін айтты. Түсірілімге қатысқан қалалықтар сахнаға шығып, фильмнің жүректерге жеткенін жеткізді.

– Біздің сүйікті актерлер, біз сіздерді осы уақыт ішінде қатты жақсы  көріп кеттік. Менің айтқым келгені, «бұл жағдай менің өмірімде не үшін болып жатыр» деп өзім көп ойландым. Бүгін фильмді қарап отырып сол құпияны аштым, шын мәнінде бұл өте зор тарихи пласт, трагедияға айналған адамдардың тағдыры. Менің өмірімде де осындай тағдыры ұқсас адамдар кездесті, мен оларды сөгетін едім. Мен осындай ананы сөгетінмін, баласына дұрыс тәрбие бермеген деп ойлайтынмын. Қазір мен ол адамдарды қабылдау керек екенін түсіндім, – деді қала тұрғыны Светлана Мошко.

Фильмнің кейбір сценалары, нақтырақ айтсақ бір түн осы Светлананың гаражында түсірілген екен.

Бас продюсер жерлесіміз Назгүлдің әкесі Әдиет Қарабалин жүзі жылы, көп сөзге жоқ адам екен. Фильмнің өзіне қатты ұнағанын және осындай жақсы фильмдер көбейе берсін деген тілегін айтты.

– Фильмнен өте қатты әсер алдым. Фильм басталғаннан аяғына дейін көзімнен жас кетпеді, жылап шықтым. Негізі түсірілім кезінде Назгүл бізді келіңдер, көріңдер деп шақырды. Шынын айтайын біз бармадық, үйде болып, тамақтарын әзірлеп, күтіп, жағдайын жасадық. Назгүл өте тентек бала болды. Сырттың жұмысын жасайтын өзі еді. Ол Алматыға оқуға барам дегенде жібергім келмеді. Сосын үйде әжесі бар еді, әжесіне апардым. Ол үлкен кісі ғой барма деп айтар деп ойладым. Ол кісі «барсын, апар, оқуға түссе түсер, түспесе қалар» деді. Ол уақытта ақша жоқ қой, үйдегі екі кілемді саттық, оны екі досым сатып алды. Сол ақшаға Алматыға кеттік, – деп Назгүлдің кино өнеріндегі жолы қалай басталғанынан сыр шертті анасы Зияда Алдиярова.

Фильмнің әлеуметтік желідегі ресми парақшасынан «Кешірім сұрауға кешікпе» деген сөзді оқуға болады. «Мама» фильмі көрерменге анаңның бары шексіз бақыт, бақытты барында бағалауымыз қажет екенін тағы да бір еске салады.

Альфия Шамаева

Парақшамызға жазылыңыз

Альфия Шамай

Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданы Алғабас ауылында дүниеге келген. Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің түлегі (1998-2002ж.ж).

2016 жылдан бері «Қазақстанның тең құқық пен тең мүмкіндік институты» ҚҚ (М.А.Ускембаева) Батыс Қазақстан облысындағы жобалар бойынша өңірлік менеджері

Қазақстан Сорос Қоры мен «Zertteu Research Institute» ҚҚ ұйымдастырған «OpenBudgetFellowship2019» 2019 жылғы түлегі

Қазақстандағы Internews өкілдігі жариялаған, MINBER ақпараттық агенттігі ұйымдастырған 2021 жылғы «Азаматтық журналистер» жобасының түлегі

MINBER ақпараттық агенттігі ұйымдастырған «Журналистиканың негізгі машықтары» мектебінің түлегі

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Мұхтар Шаханов дүниеден озды

Қазақстанның халық жазушысы, Қазақстанның Еңбек ері, көрнекті ақын, драматург, қоғам қайраткері Мұхтар Шаханов 84 жасқа қараған