//

Қазақстандықтардың Қытайға деген көзқарасы өзгерді ме?

84 рет қаралды

Коллаж: ЖИ

Қазақстан мен Қытай арасындағы стратегиялық қарым-қатынас берік болғанына қарамастан, қоғам арасында Қытайға әлі де күмәнмен қарайтындар бар.

“Қара қытай қаптайды, ертең тәуелді боламыз,” – деген алып қашпа әңгімелерде елді елең еткізеді. Мұның сыры неде?

Синофобия -деген не ?

Ксенофобия – өзге топқа не басқа ұлтқа қауіппен қарау. Бұл кез келген мемлекетке қалыпты құбылыс ретінде де қарастырады. Ал Қазақстан үшін ксенофобияның кең тараған бір тармағы – синофобия. Қарапайым түсіндіргенде үйіңіздегі өз көршіңізге деген қорқыныш. Қазақстан кейсінде бұл көршілес мемлекеттермен байланысты болуы мүмкін. Бұл қорқыныш қалай және қашан туды деген сұрақтарға нақты жауап жоқ.

Қытай Нанкин университетінің халықаралық қатынастар мектебінің профессоры Чжан Юнь синофобияның әлем бойынша өршуін 19 ғасырдағы “сары қауіп” (yellow peril) пропагандасымен байланыстырады. Ал отандық саясаттанушы әрі тарихшы Данияр Ашимбаевтың айтуынша, Қазақстан аумағында синофобия негізінен Кеңес үкіметі тұсында пайда болды деп есептейді.

Расымен, синофобия – ғасырлар бойы жалғасқан стереотиптердің даму нәтижесінде пайда болған. Отандық ғалым, қытайтанушы Руслан Изимовтың айтуынша, синофобия Кеңес үкіметінде қордаланған саяси текетірестің нәтижесі деп есептейді. Бұл 60 жылдардағы Қытайға қарсы пропаганданың салдары. Дәл сол жылдары екі алып коммунистік мемлекет арасында бәсекелестік қарқын алған. Сондықтан Қытай десе, кейбір қазақстандықтардың іші жыли қоймайтыны сондықтан болса керек-ті.

Уақыт өте келе, бұл процестің де беті қайтып, саябырысып жатқандай. Қазіргі таңда қытай асханасы, медицинасы және қытай тілін үйрететін курстардың арқасында ұзақ уақыт бойы қордаланған стереотиптерді азайтуда. Құдды бір “Қарым-қатынас гипотезасы” (“Contact Hypothesis”) ғылыми теориясы жүзеге асып жатқандай. Бұл теория бойынша қандайда екі әртүрлі мәдениет бір-бірімен етене араласа бастаған сайын, соғұрлым екі жақ арасындағы стереотиптер де бәсеңдей түседі. Қытайдың стратегиялық әлеуетін түсінген қоғам қытай мәдениетімен танысып жатыр. Осылайша Қытай билігінің “жұмсақ күш” саясаты да нәтижесін беріп жатыр десек артық айтқандық емес.

Саяси тұрғыда синофобия көрінісі қалай?

Саясаттанушы, экс-дипломат Қазбек Бейсебаев Қазақстан аумағындағы синофобия туралы мынадай пікір білдіреді: “Қытай келіп бізді басып кетеді деген қорқыныш халықтың басым бөлігінде бар. Меніңше, бұған бірден-бір себеп – Кеңес одағы мен КХР арасындағы 60-жылдардағы қарым-қатынастың салқындауынан да шығар. Өз басым Кеңес одағында әскери борышымды Тыва елінде өтедім. Сол жердегі казармаларда “Қытай біздің жауымыз,” – деп жазылып тұратын. Қысқаша айтсам, синофобияның болуына осы тарихи-саяси әсері де болуы мүмкін.”

Сарапшы: Қазбек Бейсебаев

Маманның айтуынша, синофобия тек қана Қазақстанға тән құбылыс емес. Мысалы, Африка мемлекеттерінде саяси ахуал нәтижесінде Франция мен Ұлыбритания мемлекеттері бұл аумақта беделін жоғалтып, ал Қытай өз саясатын күшейтіп жатыр. Осының нәтижесінде Африка мемлекеттерінде де алаңдаушылық туындауда.

Мәселен, әлем бойынша синофобияның өсу қарқыны 2020-2023 жылдары байқалған. 2020 жылы БҰҰ Бас ассамблеясының х75-ші сессиясында АҚШ президенті Дональд Трамп COVID-19-ды Қытай ауруы деп атап, Қытайды әлем алдында жауапкершілікке  шақырды. Расында, COVID-19 әлем бойынша, оның ішінде Қазақстанға да синофобияның қайта бас көтеруіне әкеп соқтырды. Мұны үлкен державалар арасындағы гео-саяси жарыстың салдары деп атасақ болады.

Сонымен қатар Қазбек Бейсебаевтың айтуынша, Қазақстандағы синофобияның болуына тағы бір себеп – АҚШ пен Ұлыбританиядағыдай Chinatown-дар пайда болуы мүмкін. Десе де, Қытайдың ұтымды саясатының нәтижесінде бұл көзқарас азайып жатыр. “Қарапайым қытай ресторандары да, Қытайға баратын тревел-блогерлер – Қытайдың “жұмсақ күші”. Осы арқылы Қытай өз имиджін көтеріп жатыр. Қытай бұрында термос, аяқ киім, іш киім деген сөзбен сипатталды. Ал қазір Қытай – технология, экономика, әлемдік көсем”.

Ресейдің 2022 жылы Украина мемлекетіне басқыншылығы әсерінен солтүстік көршіміздің Қазақстандағы саяси салмағын азайтса, Қытай керісінше осы жағдайда оңтайлы позицияға айнала алды. Осы тұста геосаясаттың да синофобия деңгейінің төмендеуіне өзіндік әсері бар тәрізді. Paperlab зерттеу орталығының мәлімдеуінше, қазақстандықтар арасында Қытайға негативті көзқарас деңгейі түсіп, Қытайды прагматикалық саясат тұрғысынан ұтымды серіктес ретінде қарау артып келеді. Paperlab ақпаратына сүйенсек, Қытайға деген жылы көзқарас 2020 жылы 48% болса, 2025 жылы 68% ға дейін көтерілген. Сәйкесінше, негативті көзқарас 41%-дан 21% дейін төмендеген.

Қытайтанушы Ақбота Ахметқызы қытай тіліне деген қызығушылық негізінен саяси-экономикалық қажеттіліктен туындауда деп пікір білдірді. Сауда және логистика салаларында Қытай мемлекетінің үлесі басым. Ал қытай тілінің мүмкіндіктері осы тілді меңгерушілер санын көбейтуге ықпал етіп жатқандай. Бүгінде Қазақстан мен Қытай арасындастуденттермен алмасу, білім, ғылым бағдарламалары кеңейді.

Қазақстандық студенттер Қытай ЖОО-на оқуға түсіп, Қытайлық студенттер де Қазақстан ЖОО-на түсуде. Тіпті осы жылдың өзінде ҚХР Қазақстандықтарға 73 білім грантын ұсынды. Бұл гранттар Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі мен Қытай Халық Республикасының Білім министрлігі арасындағы 2003 жылғы 3 маусымдағы білім беру саласындағы ынтымақтастық туралы келісім аясында бөлінді. Қазбек Бейсебаевтың ойынша бұндай бағдарламалардың басқа да астары бар.“Қытайда бес-алты жыл оқыған студент Қытайға тек қана жылы көзқараспен қарайды, дейді саясаттанушы Қазбек Бейсебаев.

Осы тұста Қытайдың The Hong Polytechnic University-де оқитын қазақстандық Әділ Сержанұлынан сұхбат алдық. Оның айтуынша, қытай тілін үйрену оның көзқарасына біршама әсер еткен. Бұл туралы Әділдің өзі:

“Иә, қытай тілін үйрену менің Қытайға деген оң көзқарасымды одан әрі күшейтті. Мен әлі де үйрену барысындамын. Бірақ қазірдің өзінде бұл тілдің қаншалықты маңызды екенін түсіне бастадым. Ағылшын тілінен кейін ол ең сұранысқа ие тілдердің бірі деуге болады. Ал қытай тілін білу қосымша мүмкіндіктер ашады”.

Фото: Әділдің жеке архивінен

Сонымен қатар, Әділдің айтуынша, Қазақстандағы синофобия COVID-19 індеті кезінде ерекше ушыққан.“Менің ойымша, Қазақстандағы синофобия ішінара COVID-19 пандемиясы кезінде күшейді, себебі вирус бастапқыда Қытаймен байланыстырады. Сондай-ақ, стереотиптердің де рөлі зор – мысалы, ел мен оның тұрғындары туралы ескірген түсініктер. Бірақ іс жүзінде бұл көбіне шындыққа сәйкес келмейді.

Қазбек Бейсебаевтың пайымдауынша, билік пен халық арасында ақпарат ашықтығы мен қатар өзара сенімділік қажет. Билік пен халық арасындағы сенімсіздік болмаған жағдайда синофобия ушығуы мүмкін.

Экономикалық тұрғыда синофобия көрінісі қалай?

Қытай – Қазақстанның негізгі экономикалық серіктерінің бірі. Тәуелсіздік алғалы бері Қытаймен ортақ бірнеше жоба жасап, екі елдің дамуына бағытталған.

Кей тұрғындар үшін Қытай еліміздің экономикасына елеулі үлес қосып жатқаны көңіл қуантса, бұдан жасқанатындар да бар. OECD Business and Finance Policy Papers зерттеуінше, шетелдік инвесторлармен келісім шарттарды барынша бұқараға ашық, түсінікті түсіндірсе алаңдаушылық та болмайды. Олардың ойынша, бұл тәуелділікті ұлғайтуы мүмкін.

Экономист Бауыржан Искаковтың айтуынша, Қытаймен жалпы экономикалық серіктестіктің белсенді дамуы автоматты түрде бағыныштылықты қалыптастырады дегенді білдірмейді. “Қазақстан көпвекторлы саясатты ұстанады. Тек Қытаймен ғана емес, басқа да елдермен экономикалық байланыстарды қатар дамытады. Бұл белгілі бір тепе-теңдікті сақтауға мүмкіндік береді” , – деп атап өтті.

Сарапшы: Бауыржан Искаков

Қоғамда қалыптасқан синофобияның экономикаға да өзіндік әсері бар. Осы тұрғыдан алғанда, синофобия тек қоғамдық көңіл күй (қоғамдық көңіл күйбұл халықтың, әлеуметтік топтардың елдегі саяси, экономикалық және әлеуметтік жағдайға қатысты ортақ эмоционалдық күйі) деңгейінде ғана емес, нақты гео-экономикалық үдерістерге де ықпал етуі мүмкін. Экономистің пікірінше, мұндай синофобиялық көңіл-күй Қытайдан келетін инвестициялық жобаға қоғамдық қарсылықтың күшеюіне алып келеді. Сонымен қатар, Қазақстан үкіметін Қытаймен жасалатын келісімдерді барынша ашық түсіндіруге мәжбүр етеді. Мысалы, жер мәселесіне қатысты жобалардың мақсаттары мен шарттарын нақтылау қажеттілігі артады. Сарапшы бұл үрдісті белгілі бір деңгейде оң бағалайды. Өйткені бұл ашықтықтың қалыптасуына ықпал етеді.

Қоғамда қалыптасқан синофобияның экономикаға да өзіндік әсері бар. Осы тұрғыдан алғанда, синофобия тек қоғамдық көңіл күй (қоғамдық көңіл күй – бұл халықтың, әлеуметтік топтардың елдегі саяси, экономикалық және әлеуметтік жағдайға қатысты ортақ эмоционалдық күйі). Оған қоса, сарапшының мәлімдеуінше, экономиканың бірқатар салалары, атап айтар болсақ, ауыл шаруашылығы, сыртқы инвестицияға мұқтаж. Бұл жағдайда Қытай инвестициялары тиісті деңгейде тиімді пайдаланылған кезде, қаражат құйылған салалардың дамуына серпін беруі мүмкін. Алайда қоғамдағы синофобиялық көңіл күй кей жағдайда әлеуетті инвестициялардың жүзеге асуына да кедергі келтіреді.

Сарапшы бұл құбылыстың әсерін былай түсіндіреді: “Бізде инвестицияны қажет ететін салалар өте көп. Мысалы, ауыл шаруашылығы. Қытай тарапынан бөлінетін қаржы осы салалардың дамуына ықпал ете алады. Алайда Қазақстанға тартылуы мүмкін инвестициялардың жүзеге асуына синофобиялық көңіл-күй кей жағдайда кедергі келтіріп жатады. Яғни, синофобия инвестициялық ахуалға жанама әсер етеді.

Экономикалық ықпалдастық (екі тарапқа да тиімді экономикалық саясат) мемлекеттер арасындағы өзара әріптестік тек қаржылық немесе сауда өлшемімен шектелмейтінін көрсетеді. Ол біртіндеп мәдени, білім беру және гуманитарлық байланыстардың да кеңеюіне мүмкіндік береді. Бұл үдерістер көбіне ұзақ мерзімді сипатқа ие болып, қоғам арасындағы өзара түсіністікпен қабылдауға әсер етеді.

Бауыржан Искаковтың айтуынша, Қазақстан мен Қытай арасында экономикалық байланыс мәдени алмасудың дамуына да мүмкіндік беріп отыр:

“Біздің Қытаймен байланыстарымыз студенттердің алмасуына жол ашып отыр. Біздің студенттер ол жаққа барып оқиды, олардың студенттері бізге келеді. Туризм саласында да өсім бар, Қазақстанға келетін қытайлық туристердің үлесі артып жатыр. Сонымен қатар, біздің азаматтар арасында қытай тілін үйренуге қызығушылық көбейіп келеді. Яғни, Қытай мәдениеті Қазақстанда біртіндеп танылып жатыр.

Бауыржан Искаковтың пікірінше экономикалық әріптестіктің мәдени және зияткерлік кеңістікке де әсер етеді. Ал оның нәтижелері біртіндеп, бірақ жүйелі түрде қалыптасатынын көрсетеді.Жаһандану жағдайында мемлекеттер арасындағы экономикалық байланыстар күшейген сайын, қоғамда «сыртқы ықпалға» қатысты алаңдаушылық арта түседі. Мұндай үрей көбіне толық расталмаған ақпараттармен, біржақты медиа нарративтермен және тарихи түсініктермен ұштасып, қоғамдық пікірге әсер етеді.

Осы тұрғыдан алғанда, синофобияны еңсеру тек эмоциялық деңгейде ғана емес, институционалдық және ақпараттық деңгейде жүйелі жұмысты талап етеді. Сарапшының пікірінше, бұл бағыттағы ең алғашқы және маңызды қадам – ашық коммуникация.

Яғни, мемлекет пен қоғам арасындағы сенімді арттыру үшін келісім мен инвестициялық жобалардың мәні мен мазмұны халыққа түсінікті әрі уақтылы жеткізілуі тиіс. Бұл негізсіз күдік мен қауесеттің таралмауына мүмкіндік береді.

Әлеуметтік тұрғыда синофобия көрінісі қалай?

Синофобиялық көңіл-күйге әсер ететін факторлардың бірі – Қытай саясатының салыстырмалы түрде жабық, оқшау болуы. Ақпараттың жеткіліксіздігі мен деректердің ашық болмауы қоғамда түрлі қауесет пен болжамның тууына әсер етеді. Мысалы, Шыңжаңда өмір сүретін түркі тілдес халықтар жайлы түрлі ақпарат бар. Әлеуметтік тұрғыдан талдау барысында біз қытайтанушы, Шанхай шетел тілдері университетінің докторанты, Еуразиялық халықаралық зерттеулер қауымдастығының (ЕАМИ) Қытай және Азиялық зерттеулер бағдарламасының жетекшісі Антон Бугаенконың пікіріне жүгіндік.Қазақстанда синофобия деңгейін нақты өлшейтін жүйелі әлеуметтік зерттеулер аз. Дегенмен, жекелеген сауалнамалар мен Талап” қолданбалы зерттеу орталықтарының зерттеу нәтижесі көрсеткендей, қоғамдағы көзқарастың толқынды сипатта екенін аңғартады.

Оның айтуынша:

“Соңғы уақытта синофобия деңгейіне қатысты нақты социологиялық зерттеулер жүргізілмей отыр. Бұрын жүргізілген зерттеулерде синофобиялық көңіл-күй ақпараттық науқандарға тікелей байланысты болды. Мысалы, жер мәселесі немесе Шыңжаң лагерлері тақырыбы көтерілген кезде қоғамда алаңдаушылық өсіп, кейін біртіндеп төмендеген. Бірақ бұрынғы деңгейіне қарағанда сәл жоғарылыған” .

Сарапшы: Антон Бугаенко

Сонымен қатар ол қазіргі жағдайды нақты бағалау қиын екенін айтты: “Қазірігі кезеңде қоғамдағы синофобия деңгейін анықтау қиын. Мен тек Қытай инвестицияларына қатысты жекелеген сауалнамаларды ғана кездестірдім. Ол жерде Қытай инвестицияларына қатысты негатив басқа елдермен салыстырғанда көбірек екені байқалды.

Central Asia Barometer және Nazarbayev University базасында жүргізілген “Жібек жолынан тыс: Орталық Азия халқының Қытайға көзқарасының күрделі қырлары” (Beyond the Silk Road: Navigating the Complexities of Central Asia’s Public Opinion on China) және “Қытай мен қытай көші-қонына қазақ қоғамының көзқарасы” (Kazakh Perspective on China, Chinese and Chinese Migration) атты зерттеулердің нәтижелері де қытайлық инвестицияларға деген көзқарас басқа елдермен салыстырғанда сақтықпен қабылданатынын көрсетеді. Респонденттер көбінесе жобалардың ашықтығына, сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне және экономикалық тәуелділікке қатысты алаңдаушылық білдіреді.

Ақпараттық кеңістікте «қытай қаптады» деп әлеуметтік желілерде белсенді талқыланған кезеңдерде қоғамдағы сақтық деңгейі арта түседі. Уақыт өте келе бұл шиеленіс бәсеңдегенімен, толық жойылмай, жинақтала келе сенімсіздік әсерін қалыптастырады.

Сарапшы синофобиялық көңіл-күйдің себептері туралы:

«Негізгі мәселе – ұлттық бірегейліктің қалыптасуы. Қазақстан өз ұлттық болмысын қалыптастырып жатқан мемлекет. Ал кез келген ұлттық бірегейлік өзін өзгелерден ажырату арқылы қалыптасады».

Қытай жобалары және стратегиялық нысандар

Қазақстан қоғамы Қытайлық компаниялар қатысуымен жүзеге асыратын ірі инфрақұрылымдық жобаға ерекше назар аударады. Соның бірі – Астанадағы LRT жобасы. Бұл жобаға қытайлық құрылыс компаниялары мердігер ретінде қатысқан. Ал нысан Қазақстан меншігінде қалады.

Дегенмен шетелдік компаниялардың қатысуы қоғамда стратегиялық тәуелділік мәселесіне қатысты пікірталастардың күшеюіне әсер етті. Бұдан бөлек, Қытай инвестициясы мұнай-газ саласында, тау-кен өндірісінде және логистикалық инфрақұрылымда да бар. 2025 жылы Бейжіңде өткен Қазақстан-Қытай Іскерлік кеңесінің отырысындаҚазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайдың еліміздің экономикасына салған инвестиция көлемі 27 миллиард АҚШ долларын құрағанын атап өтті.

Еңбек көші-қоны және алаңдаған әлеумет

Қоғамдық қабылдауға әсер ететін маңызды мәселелердің бірі – еңбек көші-қоны. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрілігінің мәлімдеуінше, 2025 жылғы 1 қазандағы жағдайдағы дерегі бойынша

Қазақстанда ресми 14463 шет ел азаматы еңбек етсе, оның 5405 Қытай азаматтары.

Бұл көрсеткіш шетелдегі еңбек көші-қонымен салыстырғанда айтарлықтай жоғары емес. Салыстырмалы түрде Жапония мемлекетінде 2025 жылы еңбек көші-қоны 2,57 миллион құраған. Соған қарамастан, қоғамда қытайлық жұмысшылар санының артуы туралы алаңдаушылық бар. Қоғам арасында кейде шетелдік инвесторлардың ауыл шаруашылығы жерлеріне жанама жолмен қол жеткізуі мүмкін деген болжам бар. Мұндай пікір көбіне ресми деректермен расталмайды және қоғамдық қауіптену деңгейінің артуына себеп болады. Дегенмен мұндай талқылаулардың өзі қоғамдағы сенім деңгейіне әсер етеді.

ҚР Жер кодексінің 24-бабына сәйкес ауыл шаруашылығы жерлерін шетел азаматтарына сатуға тыйым салынған. 2016 жылғы жер мәселесіне қатысты қоғамдық наразылықтардан кейін бұл шектеулер заң жүзіндебекітілді. Соған қарамастан, жер мәселесі қоғам үшін сезімтал тақырып болып қала береді.

Қорқыныш уақыт еншісінде

Қытай факторы төңірегіндегі қоғамдық сезімталдық кей кездері наразылық акциялары арқылы да көрініс табады. Мысалы, 2016 жылы шетелдіктерге жер беру мүмкіндігіне қарсы Қазақстанның бірқатар қалаларында митингтер өтті. 2019 жылы да кейбір өңірлерде Қытай зауыттарын көшіру мәселесіне қатысты акциялар да ұйымдастырылды. Бұл наразылықтар ұзақ мерзімді сипат алмағанымен, Қытай тақырыбы қоғамда жылдам саясилануы мүмкін екенін көрсетті.

Антон Бугаенко пікірінше, соңғы жылдары Қытай Қазақстан азаматтарының күнделікті өмірінде жиі кездесетін экономикалық серіктеске айналды.:

«Қытай мен қытайлықтардың күнделікті өмірде көрінуі бастапқыда алаңдаушылық туғызуы мүмкін. Бірақ уақыт өте келе бұл үйреншікті жағдайға айналады. Адамдар оны күнделікті өмірдің бір бөлігі ретінде қабылдай бастайды».

Тәуелсіздік алғаннан бері Қытай – Қазақстанның негізгі серіктестерінің біріне айналды. Егемендік жылдарының басынан-ақ экономикалық және саяси қарым-қатынастар оң бағытта дамып, Қазақстанның дамуына өз үлесін қосып келеді. Синофобия деңгейі одан әрі өрши түссе, бұл мемлекеттің дамуына кедергі келтіруі мүмкін. Мысалы, қытайтанушы

Адиль Каукеновтың айтуынша синофобия салдары Қазақстанға оң әсер етіп жатқан жоқ. Салыстырмалы түрде синофобия деңгейі азырақ Өзбекстан нәтижесінде көп инвестициялар мен жобаларды тартуда. Себебі, олар Қытайдан аса қатты жасқанбайды. Ал Қазақстан керісінше, синофобияның кесірінен қапы қалып, дамуды баяулатуда. Атап айтқандай, Қытаймен етене ұтымды саясат жүргізуіміз синофобия деңгейін біршама түсіруде. Сондықтан да синофобия деңгейінің төмендеуі мемлекетімізге оң әсерін тигізері хақ.

Авторлар:Батырхан Марат, Аяжан Аймуканова, Амина Адилжан,

MNU студенттері

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар