Фото: www.gov.kz
Бұл туралы ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметі мәлім етті.
Қозыбаев университетінде функционалдық геномика және биоинформатика мектебі екінші жыл қатарынан ұйымдастырылып, жас зерттеушілерге жаңа мүмкіндіктер алаңын ұсынып келеді. Ол заманауи деректер жиынтығымен жұмыс істеу және әртүрлі геномдық секвенирлеу платформаларында практикалық тәжірибе алу үшін ауқымды аймақтық алаңға айналды.
Биылғы іс-шараны Қозыбаев университеті жанындағы Агроқұзыреттер орталығы Аризона университетінің геномика институтымен бірлесіп ұйымдастырды.
«Азық-түлік қауіпсіздігі – ұлттық қауіпсіздіктің ажырамас негізі. Геномиканың жаңа әдістері Қазақстанға еліміздің әр өңірінің климаттық және топырақ ерекшеліктеріне бейімделген күріш пен бидайдың отандық жаңа сұрыптарын іріктеуді жеделдетуге көмектесе алады», – деді Аризона геномика институтының директоры, профессор Род А.Винг.
Мектепте Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Сауд Арабиясынан 14 зерттеуші білім алады.
«Бүгінде мен күріш пен бидай секілді стратегиялық дақылдарды дамыту бағдарламасын ұсынып отырмын. Қозыбаев университетінің Агроқұзыреттер орталығы мен Аризона университетінің бастамасының арқасында Ислам азық-түлік қауіпсіздігі ұйымына мүше елдердің өкілдерін осында шақыру мүмкіндігіне ие болдық. Бұл – бірегей мүмкіндік, себебі стратегиялық өнімдер бағдарламасы аясында Қазақстанда енгізіліп жатқан тәжірибені зерделеп, мұндай бастамаларды ел ішінде ғана емес, одан тыс жерлерде де кеңейтуге мүмкіндік алып отырмыз», – деді Ислам азық-түлік қауіпсіздігі ұйымының бағдарламалық менеджері Шахло Атабаева.
Курс 5 күнге жоспарланған және бактериялық әрі эукариоттық геномдарды жинақтау мен аннотациялау, геномдық браузерлермен және деректермен жұмыс істеу бойынша бірнеше модульден тұрады. Әр күн 4 сағаттық дәріс пен 4 сағаттық практикалық сабақтарды қамтиды.
Жұмыстың негізгі бағыты ел үшін стратегиялық маңызы бар дақылдар – бидай мен күрішке арналды. Зерттеушілер осы ауыл шаруашылығы дақылдарының көрсеткіштерін жақсарту және селекция тәсілдерін жаңғырту бағытында жұмыс істейді. Қазіргі уақытта Агроқұзыреттер орталығы халықаралық серіктестермен бірлесіп, Қазақстан өңірлерінің қажеттіліктерін ескере отырып, күріш, бидай және жүгері жобаларына геномдық селекция технологияларын енгізу алгоритмін әзірлеп жатыр.
Дәрістерді генетика саласындағы әлемге танымал ғалымдар оқиды. Олардың қатарында өсімдік геномдарын, әсіресе күріш пен басқа да ауыл шаруашылығы дақылдарын зерттеулерімен белгілі жетекші ғалым-генетик, профессор Род Винг бар. Сондай-ақ Италиядан АҚШ-қа дейінгі кең халықаралық тәжірибесі бар геномика және биоинформатика саласының беделді маманы, Қозыбаев университетінің профессоры Андреа Дзукколо дәріс оқиды. Онлайн форматта өтетін сабақтарға Сауд Арабиясы, Ұлыбритания және АҚШ ғалымдары да қатысады.
Мұндай курстар университетте алғаш рет тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл Орталық Азия аумағында жүзеге асырылып отыр. Жоба халықаралық стандарттарға сай ұйымдастырылып, озық тәжірибелерді, заманауи технологияларды және әлемдік деңгейдегі сарапшылардың қатысуын біріктіреді.
Бүгінде геномика мен биоинформатика іргелі ғылым шеңберінен шығып, мемлекеттердің дамуы үшін стратегиялық маңызды бағыттарға айналып келеді. Дәл осы технологиялар климаттың өзгеруі мен жаңа экологиялық сын-қатерлерге бейімделген, өнімділігі жоғары әрі төзімді ауыл шаруашылығы дақылдарын жасауға мүмкіндік береді. Генетикалық зерттеулердің арқасында азық-түлік қауіпсіздігін арттырып қана қоймай, болашақтың маңызды ресурсы саналатын бірегей биоалуантүрлілікті сақтауға жол ашылады.
Парақшамызға жазылыңыз
