///

Тарихты музейлер де түгендейді

64 рет қаралды
Дәулеткерей КӘПҰЛЫ, Саяси қуғын-сүргін және тоталитаризм құрбандарының АЛЖИР мемориалды-музей кешені директоры

АЛЖИР мемориалды-музей кешеніне барғанда кісі қарасы көп көрінді. Арнайы туристік бағытпен келгендер де, жеке өзі жүргендер де біршама. Зұлмат жылдардың ызғарын музей ауласынан-ақ еске түсіретін ескерткіштер, мемориалды тақталар мұнда келушілердің әрқайсын өткен жылдарға жетелейтіндей. ­Мекеме басшысы Дәулеткерей КӘПҰЛЫМЕН музей тарихы, болашағы, қазіргі жай-жапсары туралы сұқбаттастық. 

АЛЖИРГЕ ӘЙЕЛДЕРДІ  “КҮЙЕУЛЕРІҢМЕН ЖОЛЫҚТЫРАМЫЗ” ДЕП АЛДАП ӘКЕЛГЕН

 – Әңгімемізді музей тарихынан, ондағы тұтқындар тағдырынан бастасақ…
– Сталиндік қуғын-сүргін жылдары «Халық жауы» деген жаламен қаншама азамат ұсталды ғой. Енді олардың отбасы, жары, қарындасы, қызы да күдікке ілігеді. Осылайша бұрын да түрме болған осы маң 1937 жылы Қарлагтың 26-шы нүктесіне айналады.

1938 жылғы 6 қаңтарда елу шақты әйелді этаппен айдап әкеледі. Жалпы Лагерь дәл музей орналасқан жерде болмаған, сәл арырақ, Жалаңашкөл жағалауында тұрған.  Қазіргі Астананың теміржол вокзалынан Ақмол ауылы маңындағы лагерге дейін тұтқындарды үскірік аязда жаяу айдап әкелген. Адам баласына қиянат көрсетудің шегі жоқ қой. Сол шексіз қиянатты АЛЖИР-дегі әйелдер де көрген.

Лагерден этаппен өткендердің саны 20 мыңның үстінде. Осында отырған 8 500 адамның толық құжаты, нақты есім-сойлары сақталған. Әрине, әлі де табылып жатқан құжаттар да бар. Ал деректері табылмаған әйелдер қаншама? Олардың кейбірінің құжатын әдейі жоқ қылып жіберген. Яғни жаза мерзімі аяқталып, еліне кететін кезде тұтқынның төлқұжатын арнайы жоғалтып, діттеген жеріне бара алмайтындай кесірін тигізген. Лагерьде қаншама әйелдің өлгені де белгісіз. Жалаңашкөл жағасында бауырластар зираты жатыр. Лагерьде қайтыс болғандарды сол жерге жаппай көме берген. Бұл да азалы жердің бірі.

Лагерьде 62 ұлттың өкілі отырған. Оның 89-ы қазақ әйелі. Қазақ әйелі неліктен аз? Қазақстан аумағы болғандықтан, көптеген арысымыздың жарын, туыстарын Ресей жаққа апарған. Мәселен, Қошке Кемеңгерұлының әйелі Свердловскінің түрмесінде отырған. Басқа азаматтарымыз­дың жарлары да тағдыр теперішімен түрлі лагерьге кеткен.

АЛЖИР-де жазасын өтеген Қазақстандағы беделді тұлғалардың әйелдері мен балалары, жақын туыстарынан С.Сейфуллиннің әйелі Гүлбахрам, Б.Майлиннің әйелі Күлжамал, Т.Рысқұлов­тың әйелі Әзиза, С.Қожановтың Күләндам, С.Мендешевтің ­әйелі Рәзия, Т.Жүргеновтің әйелі Дәмеш, ­С.Асфендияровтың әйелі Мәриям, т.б. атау­ға болады. АЛЖИР ­Сталин дүниеден өткен соң таратылып, тұтқындар басқа лагерьге ауыстырылады, мерзімін өтегендер босатылады. 1956–1957 жылы саяси реп­рессия құрбандары ақтала бастаған кезге дейін олардың көпшілігі тұрған жеріне қайтып оралуға да құқы болмады.

1989 жылы Малиновка ауылын Шарф деген неміс басқарған. Сол кісі ТМД-ға тарайтын газеттерге АЛЖИР түрмесінде кім отырды, солар хабарлассын деп хабарлама жібереді. Жалпы бұл жерге әйелдердің көпшілігін әу баста алдап әкелген. Әуелі күйеулерін тұтқындаған. Кейін әйелдеріне хабарласып, күйеуіңмен жолықтырамыз деп алдап шақыртқан. Олар күйеуімен кездесуге барын киіп, әдеміленіп шыққанда, осы түрмеге әкеп қамаған. Олар ұстап келген әсем сөмке, әдемі киім музейде сақтаулы.

Міне, о баста бір рет алданған олар 1989 жылғы газеттегі хабарландыруға күдікпен қараған. Сондықтан хабарландыруды оқыса да, көпшілігі кезекті алдау болар деп жауап қатпайды. Тек «қазір заман басқа ғой» деп нақты шешім қабылдап келген адамдар 1989 жылы кездесіп, көрісіп, осында жиын өткізіп, Малиновканың Мәдениет үйінде кішкентай бұрыш ашып, АЛЖИР тарихын жинай бастайды. Музей ресми 2007 жылы ашылады.

Түрме жабылғаннан кейін тұтқын ­әйелдер салған барактардың барлығын жермен-жексен етті. Барактардың кейбірі тұрғын үйлерге айналды. Мәселен, тұтқын әйелдер салған моншаның іргетасы бар. Қазір электрстанса болып тұр. Әу баста бір қабатты болған, табиғи тастан соққан, кейін үстіне ғимарат қосқан екен. Жалаңашкөлдің жағасында тағы бір барак сақталыпты. Сол баракты музей балансына алып, экспедициялық бағытқа қосу үшін әрекет етіп жатырмыз.

Музей тарихын айтқанда оның атына да назар аударсақ. Бұл музейді әйелдер түрмесінің музейі ғана деп қарамауымыз керек. Музейдің нақты атауы: Саяси қуғын-сүргін және тоталитаризм құрбандарының «АЛЖИР» мемориалды музей-кешені. Сондықтан музей тарихына және оның жәдігерлеріне кешенді түрде қараған жөн.

Қазақстанда 37-нің қасіретін көп тартқан ұлт – қазақ. Бұл жер сол 37-нің зобалаңын көргендерді еске салатын мекен. Алаш арыс­тарының көбінің бейіті жоқ. Алматыдағы «Жаңалық» музейі ашылды, музей орналасқан ауыл маңынан арыстарымыздың асыл сүйегі қазып алынып, зерттеу жүргізіліп жатыр. Ал АЛЖИР Астана төріндегі қасірет музейі. Сондықтан музейдің жалпы мазмұнын кеңейтіп, ішіне құжаттар, жәдігерлерді жинай беруіміз керек деп шешіп отырмыз.

САЯСИ ҚУҒЫН-СҮРГІНДІ ЖАН-ЖАҚТЫ ҚАМТИТЫН ЭКСПОЗИЦИЯЛАРДЫ КӨБЕЙТУДІ КӨЗДЕП ОТЫРМЫЗ 

– Демек, қуғын-сүргінге қатысты жәдігерлерді толықтыра түсесіздер ғой?
– Әлбетте. Қуғын-сүргіннің аясы кең. Аштық та қанша қазақты жалмады. Оның да құжаттары осы музейге топтастырылса дейміз. Музейде қазақ даласындағы ұлт-­азаттықты, еркіндікті аңсаған көтерілістер, шетелге соның кесірінен ауған көтеріліс­тердің құжаттық жәдігері көрсетілуі керек.

Музейде 50-60 жылдары қуғындалған тарихшылар, әдебиетшілердің бұрышы, Абайдың қуғындалған ұрпақтары деген экспозициялар бұрыннан болған. Ендігіде Әлкей Марғұлан, Мұхтар Әуезов, Ермұхан Бекмахановтардың бұрышы керек.

Қытайда «Тарымның табасында қуырылғандар» деп бір бөлім ашуға болады. Моңғолия қазақтары да қуғын көрген. Өзімнің атам да сол қуғындалған қазақтың бірі. Өзбекстандағы, Ирандағы қазақтардың да тағдырын музейге тұтастырса, тарихтың бір жыртығын жамар едік. Бір ғана мысал айтайын. Сейітхан Әбілқасымов деген ағамыз болды. Ол кісі Қытайдан Қызырбек Оралов деген ақын екеуі қашып шыққан. Қызырбек шекарада қайтыс болады да, бұл кісі Моңғолияға бассауғалайды. Сол кісі Моңғолияда басқа атпен, кейін Қазақстанға келгенде басқа атпен жүрген. Қазақты қуғындағанда тіпті өз атынан да айырған ғой. Біз осындай тарихты ұмытпауымыз керек.

ҚАЗАҚТЫҢ ҚҰРТЫ ҚАМҚОРЛЫҚТЫҢ, БАУЫРЛЫҚТЫҢ СИМВОЛЫ БОЛЫП ҚАЛДЫ 

Кез келген тарих – сабақ. Музейге кіреберісте Алаш экспозициясы тұр. Арыс­тарымыздың тағдырына, жазықсыз жалалы болу тарихына, қуғындалуына қатыс­ты сұраққа көрермен осы экспозицияны көріп жауап тапса дейміз. ­Т.Жүргеновтің, ­Ж.Шаниннің, Т.Рысқұловтың, Н.Нұрмақов­тың, Б.Майлиннің аяулы жарлары, ­туыстарының көз жасы, ауыр еңбектен ащы тері тамған мекен. Іргеде Жаңажол деген елдімекен әлі бар. Қазақы ауыл. АЛЖИР, Карлаг туралы көрнекті ақын Ғалым Жайлыбай ағамыз «Қара орамал» деген поэма жазды ғой. Қазақтың мейірімі, ауыр жұмыстан қажыған, арып-ашқан тұтқындарға қазақ ауылының үлкендерінің айтуымен балалар лақтырған құрты қамқорлықтың, бауырлықтың символы болып қалды. Құрт қана емес, ауыл адамдары қамыс арасына май, нан, ет жасырып кетеді екен. Ендеше музей сол тарихты да жақсылап көрсете алуы керек.
– Экспозициялар көрерменге не көрсетуі керек. Эмоция ма, құжат па? Әлде осы қателік қайталанбауы үшін не істеуіміз керек деген ой тууы керек пе? 
– Біз музейге келушілер жүрегінен ауыр ой өткеріп қана кетпесе екен дейміз. Тұтқын әйелдердің тағдырына алаңдаған қорқыныш тудыруды ғана мақсат етпейміз. Ондай сезімдер тез ұмытылады. Музейге келушілер ардақты азаматтарға не үшін жала жабылды, неге қуғындалды деген түпкі дүниені іздеуі керек. Бұл қателік келешекте қайталанбауы үшін не істемек керек деген дүние ойландыра алса, дегенімізге жеткеніміз. Қандай қиын сәттерде де қарапайым адамның бауырмалдығы, мейірімі, қамқорлығы адамның адам болып қалуына көмектескенін музей қонақтары мықтап жүрегіне түйіп алса дейміз.
– Музейге келген әрбір көрермен осы экспозицияны көруге міндетті деп қайсы жәдігерді ұсынар едіңіз?
– Ондай жәдігер көп. Жанайдар ­Сәдуақасов деген қазақтың мықты арысы бар. Сол кісінің өзі киген бешпенті сақтаулы. Теріден тігілген жәдігер, жақында ­реставрацияға беруіміз керек. Біздің музейге ұрпақтары тапсырды. Перизат Сәдуақасова деген қарындасымыз осы музеймен тығыз байланыста. Жанайдардың інісінің немерелері болып келеді. Сол әулет жәдігерді тапсырды.

Өзіңіз де бүгін куә болдыңыз, бізге ­шетелдіктер көп келеді. Шетел президенттері де жиі қонақ болады. Музей ауласында 14 елшіліктің қойған ескерткіш тақтасы бар. 62 ұлттың өкілі отырған түрме дедім ғой. Әр ел өз елінің азаматтарына құрмет және қазақ жеріне тағзым ретінде ескерткіш тақта қойған. Әлі де сол тақтаны көбейте түскіміз келеді. «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» деген Абай ұстанымындағы елміз. Осы лагерьде азап шеккен әрбір анаға, әйелге көрсетілген құрмет, олардың жеке тарихына қатысты жәдігерді келушілер көруге тиіс деп ойлаймын.

Күз айында Германиядан Конрад Райс деген неміс келді. Дәл осы түрмеде туған. Қарындасы түрмеде шетінеген екен. Шешесі жаңа туған сәбиіне тігіп берген иткөйлегін бірер жыл бұрын елшілік арқылы алдыртқан едік. Өзі киген иткөйлекті музей жәдігері ретінде көріп, егіліп жылап жіберді. Қазір сексенге таяп қалған кісі. Ол жәдігерді де келушілер көргені абзал.

Шешесі жөргекке орап әкелген баланың жөргегі де музейде сақтаулы. Тұтқын әйел­дер көкаязданып кеткен наннан мүсінше жасап, дала гүлдерінен бояу алып, бояп қойған ойыншықтар бар. Тұтқын әйелдердің алақанының табы қалған мұндай жәдігердің әрқайсын көруге кеңес берер едім.

Жәдігерлер қатарын толықтыру үшін әлі де іздестіру жұмысын жүргізіп жатырмыз. Алматы қаласындағы музейлер бірлестігіне қарасты музейлерде АЛЖИР-де отырған әйел­дердің ұрпақтары тапсырған жәдігерлер бар. Қазір Алматы әкімшілігімен келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Ол біздің ­музейде тұруға тиіс жәдігерлер деп ойлаймыз.

Музейге кіреберістегі Қасірет қақпасы керемет композиция. Ішіндегі қара үшбұрыш батырдың дулығасы, оның сыртындағы ақ темір аналардың ақ жаулығы. Демек, батырдың дулығасын ананың жаулығы сақтап қалды деген сөз. Ол жаныма өте жақын композиция. Содан бастап келушілерге түсіндіреміз. Шетелдіктерге көрсететін бір ескерткіш осы.

– Музейде кісі қарасы көп екен. Студенттер, оқушылар көруге тиіс экспозициялар бар екен. Көшпелі экспозицияны Астанадағы университеттерге, айналадағы мектептерге апарасыздар ма?
– Астана мектептері, іргедегі мектептер өз жоспарлары аясында келіп тұрады. Бұл музей кезінде жеке музей еді, өз әкімшілігі болған. Кейін Астананың бірлескен музейлер дирекциясына қосты. Содан кейін мүмкіншілігі сәл азайған. Тіпті ғылым бөлімін экскурсия бөліміне қосып тастаған. Қазір дирекцияда ғылым бөлімін қайта ашқыздық. Күнделікті экспозициямызды, қорымызды толықтырып отыруымыз керек, үнемі ізденісте жүруіміз керек. Ғылым бөлімі болмаса бұл мекеме музей емес, жай ғана көрме болып қалмай ма? Ғылым бөлімін Нұрсерік Жолбарыс деген бауырымыз қадағалап отыр. Әр дүниенің ғылыми төлқұжаты болуы керек. Экспозицияның құжатпен бекітілген қағазы жоқ. Музейдің шаруасына тиянақтылықты жолға қойғымыз келеді. Жәдігерлеріміз, экспозицияларымыз туралы ғылыми мақалалар басылса, жан-жаққа экспедициялық бағыттар құрастырып, мамандар ол жақтан материалдар барып іздесек.

Биыл Ташкент пен Бакуге баруды жоспарлап отырмыз. Қазір АЛЖИР-де отыр­ғандардың барлығы қайтыс болған. Соңғы кейіпкер 2014 жылы Астанада көз жұмды. Ол кісі еліне кетпей, осында қалған кісі еді. Енді АЛЖИР-де отырғандардың ұрпақтарының өзі азайып барады. Сондықтан біз солардан алып қалатын жәдігерлерді жинау жолында ғылыми қызметкерлерді жіберіп отыруымыз керек.

Енді сіздің сұрағыңызға келсек, музей дербес мекеме болғанда жеке микроавтобусы бар екен. Мен директорлыққа келгенде  жеке микроавтобусын да, қар күрейтін тракторын да алып қойыпты. Оның бәрі қазір кері қайтты. Қалаға қарамайтын, Ақмола облысына қарайтын азғантай мектеп оқушылары бар ауылдар көрші отыр. Соларға экспозициямызды дайындап, апарып, көрсету ісін қайта қолға алып жатырмыз. Келушілердің барлығы музейді бұрынғыдай Республикалық маңызы бар дербес мекеме ету керек дейді. Жеке мәртебесін қайтару керек деген өтініш көптеп айтылады, бірақ оның жайына кім қаншалықты құлақ асарын білмейміз.
– Музейде цифрландыру, ЖИ-мен жұмыс ісі қалай жүріп жатыр? Қазір музейлерді виртуалды да көретіндер бар, бұл жағын қалай реттедіңіздер? 
– Биыл Президентіміз ЖИ жылы деп жариялады ғой. Цифрландыру, ЖИ, ең алдымен, музейге керек. Дүниежүзі музейлеріне барып жүрміз. Виртуал әлемді, ЖИ-ді сәтті қолданады. Музейге кіргенде сол заманға топ ете түсесіз. ЖИ-ді дәл қолданатын жер – музей. Әйтпесе ЖИ арқылы шығарма жазу, өлең жазу адамзатқа кері әсер етеді.

Қорларды сақтауда, дұрыстап көрсетуде ЖИ-ді пайдалану маңызды. Музейге кіріп келгенде туннельмен келе жатқандай әсерде болады екенсіз дедіңіз ғой. Міне, кіреберістің төбесіне LED экран қойғызып, этаппен, пойызбен айдап әкеле жатқан, үскірік боранда айдалып келе жатқан әйелдерді көрсеткіміз келеді. Былтыр LED экран қойғанбыз, қалған жоспар да, әкімдік қолдаса, орындалып қалар.

Деректі фильм түсіруді қолға алып жатырмыз. Кинозалымызда 2007 жылы Президенттің телерадиокешені түсірген, Бақыт Қайырбеков, Марат Әбсеметовтер атсалысқан 20 минуттық деректі фильм бар. Сол деректі фильмдегі түрмеде отыр­ған әйел­дердің сұқбаттарын сақтай отыра, деректі фильмді жаңартуды қолға алдық. ­Қыста түсірілімді бастадық. Әйелдер түрмесі тұрған жердегі қамыс арасында, боран, аяз үскірікте Асхат Майемиров театрының актерлерін әкеліп, қысқы кадрларды түсірдік. Лагерь тұтқындары еккен алма ағаштары әлі күнге сақталған. Алма ағашы гүлдеген уақытты күтіп жүрміз, сол кезде де тағы бір ерекше кадрды түсірмекпіз. Біз жаңа форматтағы, қазіргі технологияның мүмкіндіктерін,  ЖИ-ді пайдалана отыра және ескі кадрларды сақтап, жаңа деректі фильмге кірісіп жатырмыз.

Ғимаратымызды да жаңартқымыз келеді. Қызметкерлер қазір үшінші қабатта отыр. Үшінші қабатты да экспозицияға берсек, онда қоятын жәдігерлеріміз жетерлік. Қазақстандағы екінші ақталу толқыны жақсы жүрді ғой, сол құжаттарды да қойсақ, музейдің мазмұны да толыға түсер еді. Ал қызметкерлерге жеке әкімшілік ғимарат салғызып, сол жерде кинотеатрымыз, конференциямызды өткізетін залымыз, кітапханамыз болса. Музей мазмұнына сай келетін кітаптардың каталогін жасадық. Кітаптарды дүниежүзі елдерінен алдыртқымыз келеді. Сондықтан кітапхана да ауқымды болғаны дұрыс. Қор сақтайтын жер де керек. Кітапханамызды цифрландырсақ бұл музейдің даңқы да, абыройы да аспандайды деп ойлаймын. Президент айтқан ЖИ жылында жақсы жаңалықтар бола ма деп үміттеніп отырмыз.

– Деректі фильмді қашан көрсетесіз?
– Әуелі қазақша толық дайындаймыз. Қазір сценарийін жазып жатыр. Синопсисін осындағы қызметкерлер дайындап берді. Ары қарай іске сценарист кірісті. Режиссер бәрін қарап отыр. Фильмді қазақша түсіреміз. Содан кейін дубляжбен орысшаға, ағылшыншаға аударып, үш нұсқаны дайындаймыз. Кинозалымызға LED экран қойылды. Сонда музей келушілеріне көрсетпекпіз. Тағы баса айтатын нәрсе, бізге шетелдіктер көп келеді. Аудиогид БҰҰ-ның алты тілінде барлық экспозициямызды таныстыруы керек. Ғылыми кеңес жәдігерлерді таныс­тыратын мәтінді дайындап қойды. Алты тілде аудиогидке сөйлетіп берсе деген арманымыз бар.
– Халықаралық байланыстар туралы сұрағымыз келеді. ТМД, алыс шетелдердегі қуғын-сүргін музейлерімен байланыс қандай?
– Музей Сталиндік қуғын-сүргін тарихына арналған соң көршіміз Ресеймен байланыс бұрыннан бар. Жақында ғана Түркияның ТРТ арнасы келді. Әзербайжан әнұранын жазған ақынның жары АЛЖИР-де отырған. ТРТ келіп, сол кісі туралы деректі фильмнің кейбір кадрларын түсірді. Түркия­ның Анкара қаласында саяси қуғын-сүргін музейлерінің семинары өткелі жатыр. Бұйырса соған барамыз. Өзбекстандағы, ­Қырғызстандағы, Әзербайжандағы музейлермен байланысымыз бекіп келеді. ­ТҮРКСОЙ ұйымының музейлер қауымдастығына АЛЖИР мүшелікке енді. Сол арқылы да байланысты нығайта береміз. Қазақстанда қуғын-сүргін музейі Шымкентте бар, Жаңалықта ашылды, Карлаг бар. Олармен де байланыстамыз.
– АЛЖИР-да отырған әйелдерге, осында дүниеге келген балаларға қатысты ­құжаттық деректерді жинақтап отырсыз­дар ма? Оларды цифрландыру ісі қалай жүріп жатыр?
– Армиял Тасымбеков ағамыз осы тақырыпты індете зерттеген. АЛЖИР-де отырған адамдарды іздеп барып, сұқбат алған, сөйлескен. Архивін таба алмай жүрмін. Бір кітабын шығаруымыз керек деп ойлаймын. Музейдің екінші директоры ­Болат Жүнісбекұлы екі томдық кітапты тасқа басқан. Қарағандыдағы Е.Бөкетов атындағы университет ректоры Нұрлан Дулатбеков «Карлагтың балалары» деген кітап шығарды. 1 507 бала осы Алжир мен Карлагта дүниеге келген. Бұл жерде дүниеге келген балалар зорлық-зомбылықтың құрбаны болған әйел-аналардан туған. Солардың деректері осы кітапта қатталған. Қуғын-сүргін құрбандарын ақтау комиссия төрағасы болған Сабыр Қасымов ағамыз біраз құжаттарды тапсырамын деген. Қолға тисе олардың бәрін цифрлаймыз.
– ХХ ғасыр басындағы қайраткер тұлғаларымыздың жары, туыстары осы АЛЖИР-де де отырды дедіңіз. Демек, бұл жерде арыстарымыздың да, керек болса Алаш зиялыларының да көз жасы бар. Алашқа қатысты экспозицияны музейге қоясыздар ма?
– «Үй сыртында кісі бар» дейді ғой қазақ. Кейде айтпай тындыратын іс болады. Алаулатып-жалаулатып емес, 1937–1938 жылдың құрбандары ретінде боз­дақтарымызды еске алатын экспозиция қоймақпыз. Қазір қылдан нәзік саясат бар. Сол саясатқа кесіріміз тиіп кетпейтіндей етіп, бірақ тарих үшін керек жұмысты жасай береміз. Алаш арыстарының композициялық ескерткіші болуы керек. Оған қоса Сәкен, Ілияс, Бейім­бетті бөліп тастай алмаймыз. Соларға арналған ортақ композияция АЛЖИР-де де тұрғаны маңызды. Сол арқылы ол заманның арман-мақсатын жеткізетін композиция болса дейміз. Бұл мемлекет тарапынан қолдау табуы керек деп ойлаймын.
Одан бөлек, музей ауласына қазақ ­әйелінің өжеттігіне, намыстылығына ­арналған ескерткіш қойғымыз келеді.
– Музейдің бір жұмысы келген жәдігерлер, құжаттар негізінде ғылыми конференциялар ұйымдастыру десек, ол жағын қалай қолға алып жатырсыздар?
– Жоспар өте көп. Барлығы мүмкіндікке сай болуы керек. Жақында ғана Қошке ­Кемеңгерұлының 130 жылдығына байланысты ірі жиын өткіздік. Академик ­Дихан Қамзабекұлының модераторлығымен өткен өте бір мазмұнды басқосу болды. ­Әлімхан Ермековтің 135 жылдығы, ­Жанайдар ­Сәдуақасовқа арналған жиындар да өткізу ойда жүр.
– Өзіңіз ақынсыз. Оған қоса жақында ғана ғылыми жұмысыңызды қорғадыңыз. Ақыт Үлімжіұлына қатысты тақырыпты таңдаған екенсіз. Ақыт Ұлімжіұлы да қуғын көрген тұлға. Музейге келгенге дейін ғылыми қуатыңыз, ақындық шабытыңыз қуғын-сүргін тақырыбын өлеңге айналдыруға, індете зерттеуге болады екен ғой деген ой тудырды ма?
– Қазақ қоғамына қал-қадерімізше еңбек етіп жүрміз. Астанада 7 жыл Жазушылар одағының филиалын басқардым. 1999 жылы Астанаға көшіп келдім. Одан бері Астана да өсті, біз де жетілдік.  Сол уақыттан руханиятқа бір кісідей қызмет етіп келеміз. Музейге келгелі де сол қаламға сертіміз өзгерген емес. Жұмат Шаниннің әйелі ­Жанбикеге, Бейімбеттің әйелі Гүлжамалға қатысты кейбір жайтты қағазға түртіп қойдым. Өлең деген шалқар дүние ғой. Кезі келгенде оқи жатарсыздар.
Алтайдағы ағартушылық мектебінің көрнекті өкілі Ақыт қажы Үлімжіұлы 1939 жылы, 71 жасында ұсталған. Оларға қатыс­ты тарихты музейде еске қалдыруға арналған іс-шаралар туралы да айттып өттім ғой, оны қайталап жатпайын. Бәрі ретімен болар. Сол кезде жаңалықты өздеріңіз де ести, оқи жатарсыздар.
– Әңгімеңізге рақмет! 

Сұқбаттасқан
Қарагөз СІМӘДІЛ

Дереккөз: “Анатілі”

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар