///

Алма Сайлауқызы: Ұлыбританиядағы ғылыми тағылымдама жазбалары. VII бөлім

114 рет қаралды

 Жаз келсе де, күн райы құбылмалы. Бірде әжептеуір жылынып қалады, бірде қайтадан жаңбыр мен жел қосылып, суып кетеді. Тағылымдамамның жетінші айы да келіп жетті. Англияда осынша ұзақ уақыт боламын деп осыдан жеті жыл бұрын ойладым ба? Жоқ, әрине. Жеті деген сан қазаққа  қатты ұнайды ғой, негізі. Жеті белесті артқа тастағандай, аздап қуаныш сезімі кернейді.

Осыған дейін жарық көрген бірінші, екінші, үшінші, төртінші, бесінші және алтыншы жазбамды тұрақты түрде оқып жүргендер біледі: әр айдағы көрген дүниелерімді, түйген ойларымды жүйелеп жазып, білгенімді бөлісіп келемін. Айтар қызық әлі де көп-ақ. Алдағы үш бөлімде соның бәрін жазып сыйғыза алар ма екенмін деп алаңдай бастадым, тіпті. Дегенмен көзі ашық, көкірегі ояу әр замандас, әр әріптес, әр оқытушы, әр студент өз дүниетанымын кеңейтер пайдалы білім алатынына сенемін. (Жақында университетте бірге істеген бір әріптесім: «Англиядан келген соң, өзіңізден семинар күтеміз», деген еді, «Осы әрбір жазбам бір-бір семинарға тең ғой, түсінген жанға!..» деп жауап бердім). Сонымен, Ұлыбританиядағы ғылыми тағылымдамам кезінде куә болған ерекшеліктерді тізбелеуді жалғастырайын.

 Адамға жанашырлық – қоғамға жанашырлық

Отыз екінші ерекшелік, британдықтар үшін жеке тұлғаның, қарапайым адамның қалауы мен игілігі бірінші орында. Мәселен, әр айдың бірнеше күнінде ұшақтың, поездың автобустың арзан билеттерін ұсынып тұру – әлеуметтік қамқорлықтың бір түрі. Әрі ішкі туризмді қолдау. Бүкіл Еуропа елі өздері үшін бір үйреншікті, ортақ кеңістік қой.Испанияға Англиядан билетті алдын ала барыжоғы 13 паундқа алуға болды. Осындағы құрбым сонымен барып-қайтты. Негізгі құны 100-200 паунд тұратын билеттерді он есеге дейін арзан бағамен беріп тұру деген әл-ауқаты әлдеқайда жоғары британдықтарды былай қойғанда, біздің өзімізге өте арзан екені сөзсіз. (Қазақстанның ішкі рейстерінің билет құнын көрсе, олар шошитын шығар…)

Құрмет. Бұл жақта бәрі бір-бірін сыйлайды. Он жыл бұрын Парижге докторантураммен барғанда, француздар тиіп кетсе: «Пардон!» деп кешірім сұрай жөнелетінін көрген едім, ал ағылшындар тимей тұрып: «Сорри!» деу әдеттеріне сіңген. Әр мамандық иесіне, әр еңбек түріне, тіпті қара жұмысшыға да риясыз, зор құрметпен қарайды. Кез келген қоғамдық іс-шараға онлайн тіркеліп барамыз ғой, сол кезде толтыру формаларында ең алдымен, фамилияны емес, атымызды енгіземіз. Соның өзі жеке тұлғаға деген қарым-қатынасты білдіріп тұрса керек. Британ мәдениетін зерттеуші Kate Fox деген автордың «Ағылшындарды бақылау» (Watching the English)  аты кітабын оқығым келіп жүр. Онда не үшін олар кішіпейіл әрі аса мәдениетті екені айтылған дейді.

Қамқорлық. Әр сауда орталығында өте арзан бағадағы дүкендер болады. Ол жерде тұрмыстық химиядан бастап, азық-түлікке дейін бар. Британдықтардан кемі он есе аз айлық алатын біздің өзімізге арзан көрінетін тауар көп. Тиынға сатылып тұратын ол заттардың «прайсы» бір реттік қана акция емесін жеті ай бойы көріп келе жатқан соң білемін. Бағалар салыстырмалы түрде тұрақты. Үш жүз елу теңгелік (яғни оларша 50 пенс  – 50 тиын деген сөз) брендгелді алып тұрып, ойға батамын: не қарапайым халық үшін әдейі арзандатып сатады немесе өзіндік құнын соншалықты арзан ететін тікелей жеткізу тізбегін құрып алған. Бизнестің, үкіметтің әлеуметтік жауапкершілігінің бір көрінісі болуы да мүмкін.

Адамға жанашыр екенін қатысушы, тыңдаушы құқынан да көре аласыз.  Мәселен, кейбір ашық іс-шараға бары-жоғы екі адам келсе де, алдында жүз адам отырғандай мән беріп, мәз болып тұрып түсіндіре береді.  (Бізде жиырма адамның орнына екі адам келсе, өткізбей қайтара салар ма еді…) Өткен айда газет тарихы туралы ғылыми семинарға өзім ғана қатысып, екі спикер екі жағымнан отырып, екі сағат бойы презентация жасады ғой…Сондықтан  да болар, әр студент, әр магистрант, әр доктор және әр қонақ-ғалым өзін ортаның бір маңызды бір  бөлшегі  ретінде сезінеді, мұнда. Одан бөлек, мерекелерде сыйлық үлестіріп тұруы, қолдау қызметінен хабар алып, хат жазуды ұмытпауы, студенттер үйінде апта сайын тегін азық-түлік таратуы, сұраған өтінішке өте сыпайы әрі мұқият көңіл бөлуі жанға жылу сыйлап, адамгершілік қағидаларын бекіте түседі деп ойлаймын.

 

Әрі дініне берік, әрі зайырлы қоғам

Отыз үшінші ерекшелік, Ұлыбританияда дін мен зайырлылық – бір-біріне қарама қарсы күш емес, қайта бір-бірімен біте қайнасқан құндылық. Олар бірін бірі күшейтеді, жұмсартады және кеңейтеді. Діни іс-шаралары университет ішінде де өтіп жатады. Бірақ тозақпен қорқытып, қараңғылыққа үндемейді. Зайырлы бола жүріп, жүректегі мейірімді молайтудың жолдарын және оның нақты мысалдарын көрсетеді. Нағыз нұрлы, өрлі, әсерлі «жұмсақ күш». Ол біте қайнасу бір күнде, тіпті онжылдықта пайда болмаған, әрине. Ғасырлар бойы қалыптасқан дей аламын, өйткені өзім куә болғандай, әр ірі университеттің өз шіркеуі бар. Ол шіркеулері Оксфорд университетінде де, мен оқитын Лидс университетінде де бір шеткері жерде емес, корпустар арасында орналасқан.

Жоғарыда айтқан адамгершілік қасиетін танытуға құштарлық сол дін арқылы да келген бе деген ой түйдім. Шіркеулері өте көп, ал олар өз маркетингін де ойластырады. Мереке сыйлауға құмар, қуантқысы келеді, біріктіруге тырысады, сол жолда тіпті өнер орталығы да болуға әзір. «Кіріп кетші, достым!», «Сенің сыйынғың келеді-ау?», «Сені мұнда күтеді!», «Бізбен бірге сыйын!» деген баннерлерін көшеге қаратып, жарқыратып іліп қойған. Ең қызығы, шіркеулерінің жұмысы садақа сұрауға емес, қайта көмектесуге, баршаны бауырына басуға бағытталған. Әр жексенбіде өткен-кеткенге түрлі жемістерін, ыстық шәй-кофесін ұсынып, ішке кіруді ұсынып, ал ол жерде түрлі ыстық пицца мен панкейктерін үлестіріп жатқаны. Жаңа жыл алдындағы Кристмас (Иса пайғамбардың туған күні) мерекесіне осы заманға дейін үлкен діни мән беріп, дүрілдетіп тойлайтынын осында келіп ұқтым. Қала әкімдігі күніне бірнеше дүркін бес жүз адамдық концерт ұйымдастырып,онда «зайырлы діндерін» насихаттап, ән мен жырын айтып, қойылым арасында киелі кітаптарынан үзінді келтіріп, құдайға мадақ айтып өткізеді екен. Құрғақ уағызды емес, өтімді тәсілді қолдана біледі, яғни. Шіркеулері дін шеңберінен шығып, дамыған қоғамның іргетасын бекітуге үлес қосар маңызды күш екенін көрдім.

 

Кешігуге де, ерте келуге де болмайды

Отыз төртінші ерекшелік, бұл жақта жоспарланған шараны кешігіп бастау немесе кешігіп аяқтау деген жоққа тән. Ол жазылмаған заң, әбден қалыптасқан менталитет. Ары кетсе, басталған соң тағы 5-6 минут қана кешігіп келгендер болса, кінәлі адамдай күбірлеп кешірім сұрап, аяғының ұшымен ыңғайлы бір шеткі орынға жайғаса салуы мүмкін. Кірдің екен, аяқталмай шығып кету деген жаман әдет те жоқ. Мұны мен сөйлеп тұрған спикерге құрмет, айналасына құрмет және өзіне құрмет деп түсіндім. Уақтылы бастаған соң, уақытында бітіруге тырысатыны да заңдылық қой?. Соңғы бірер минутқа келгенде,  «Осымен уақытымыз аяқталып келеді» («We are out of time») дейтінін күтіп отыратын болдық, тіпті. Сол тайм-менеджменттің арқасында, келесі семинарға немесе уоркшопқа минутына дейін жоспар құрып, сенімді түрде тіркеле аласың. Ал алда-жалда уақыттан асатындай жағдай болып жатса (7 айда  2 рет қана  сондайға куә болдым), қатысушылардан кешірім сұрап, ары кетсе қосымша 10-15 минутты қиылып сұрап алады. Өзінің де, өзгенің де уақытын сыйлау осы болса керек.

Бір айта кетерлік жайт, Ұлыбританияда тым ерте келу де құпталмайды. Тағылымдамадан өтіп жатқан біздің топқа арналған арнайы дәріске он бес минут ертерек келіп қойғанымда, ғылыми координатордан сөз естігенім бар: аудиторияны бізге дейін алған адамның соңғы минуттарына зиянымыз тиіпті-мыс. Сондай-ақ Лондонда өткен конференцияға Лидстен бес сағат жол жүріп барып, таңертең ертерек жеткен әріптестеріме ұйымдастырушылар: «Әлі ерте!» деп, ішке кіргізбей, сыртта бір сағат күттіріп қойғаны бар. Ерте де келтіртпейтін, кеш те бастатпайтын, есесіне дәл уақытында аяқтайын қызық Англия, бұл.

 

Ғылым докторлары ғылыми нәтижесін бөлісуге тиіс

Отыз бесінші ерекшелік, бұл жақта PhD дәрежесін қорғап келген әр ғалым сол зерттеуі туралы ашық дәріс өткізіп, идеяларымен егжей-тегжейлі бөлісуі керек. Оған қарт профессордан бастап, бала бакалаврға дейін қатыса алады. Меніңше, бұл бір жағынан сол ғылымның тың зерттеуі туралы басқаларды хабарландырады,  екінші жағынан, жұрт алдында жаңалықтарын, пайымдарын бөлісетін болған соң, ізбасар жас зерттеушілердің жауапкершілігін ертерек оятады. Үшіншіден, зерттеуші кері байланыс арқылы тың шабыт алып, ары қарайғы бағытын айқындай түседі. Мен сондай ғылыми семинардың екеуіне қатыстым: біріншісі музейдегі фотосурет коллекциясының медиа әсерін тарих пен әлеуметтану призмасынан зерттеген диссертация болса, екіншісі жасанды интеллекттегі иммерсивті технология арқылы операция жасаудың жаңа, тиімді жолдарына арналғандокторлық диссертация таныстырылымы еді.

Жаңа зерттеуінің нәтижесі ретінде жаңа кітап жазған ғалымдар да таныстырылым жасайды. Ол ішкі ғалым болуы немесе басқа университеттен келуі де мүмкін. Мен бүгінгі дейін Лидс университетінің заң профессорының (Dr. Matt Tidmarsh); Шеффилд университеті Ақпарат, журналистика және коммуникация мектебінің ғалымының (Dr.Niall Docherty, «Нealthy users») және Лондон университетінің медиа профессоры (Dr. Shakuntala Banaji) жазған жастардың өзгермелі санасы туралы кітаптардың  талқылауына  қатыстым.  Өзіме көп қызық, тың ақпарат алдым. Қоғамның күн тәртібіндегі өзекті тақырыпқа өз саласы тұрғысынан кітап жазған ғалым, сол кітап қандай бөлімдерден тұрады, мақсаты не, қиындығы не болды және болашақтағы жоспары қандай деген ойды қозғайды. Сосын міндетті түрде жиналған көпшіліктің сауалдарына жауап береді. Күтіп алушы университет 2-3 рецензент-ғалымды дайындап қояды екен, олар міндетті түрде өзіне ұнаған және ұнамаған тұстарды және тақырыпты жалғастыруға қатысты ұсыныстарын айтады. (Осылайша су жаңа кітапты өз ғалымдарына да оқытып алады, әрі сын айта алатындай етіп өсіреді). Даңғаза мақтау, пафос презентация, дүрілдеген тұсаукесер дегенді көрмедім. Есесіне конструктивті сын, шынайы баға, жаңа кітапқа қызықтыру және ғылыми орта арасындағы байланысты көрдім. Лента да жоқ, гүл де жоқ. Есесіне талқылау біткен соң, ілтипатпен шай ұсынады: тағы сұрағы пен пікірі барлар уақытын бөле алса, одан кейін де көсілу үшін. Дәл бүгін АҚШ-тан келген, Йель университетінің профессоры Dr.Jeffrey Alexander атты танымал ғалымның демократиялық институттар мен журналистиканың мәні туралы жазған «Frontlash/ Backlash» атты жаңа кітабының таныстырылым-талқылауынан келдім. Симпозиум деді, бұл жиынды. Өте мәнді болды. Білім қоржыным толыса түсті. Тікелей сұрағымды да қойдым. Жауабымды да алдым.

 Кітапханашы болубеделді әрі заманауи қызмет

Отыз алтыншы ерекшелік, Ұлыбританияда кітапхана қызметкерлерінің беделі мен құлшынысы зор екен. Өйткені ол  ұжым  да – академиялық өмірдің белсенді қатысушылары. Кеңес берумен, білімді бекітумен, тарихи танымды тереңдетумен, жаңа дағды үйретумен және студенттердің ғылыми жазу стилін шыңдаумен айналысады. Сол мақсатты орындау үшін түрлі тренингтер мен семинарлар өткізеді. Ол үшін әрине, кітапхана қызметкерлерінің өзі барлық жағынан бір қадам алда болып, жаңа дағдының бәрін жылдам үйреніп отыруы керек. Бізге академиялық жазудан бастап, ғылыми деректі басқару, подкаст түсіруден бастап, заманауи академиялық базалармен жұмыс істеуге дейінгі дүниелерді үйреткен кітапхана қызметкерлерінің әрбірі өз тақырыбын терең зерттеп алғаны құлшыныстарынан көрініп тұрды. Жастары әртүрлі.  Жасы да бар, жасамысы да бар. Бірақ барлығына ортақ нәрсе: жұмысын жақсы көру, ғылымға бейім болу, дамуға ұмтылыс, үйретуге құштарлық. Олар өткізетін семинарлар бірнеше категорияға бөлінеді екен: 1) жалпыға ортақ, 2) бакалавр мен магистрлерге арналған 3) докторанттар мен оқытушыларға арналған. Яғни, мақсатты аудиторияға қарай тақырыпты талдау күрделілігі де әртүрлі деген сөз.

Цифрландыру дүмпуі, жасанды интеллект революциясы кітапханаларында да өтіп жатыр. Ғылыми орта жасап алған. Фантазиялары мықты. Апта сайын тақырыптық көрмелер, активитилер жасайды. Диссертация жазу бойынша  тұрақты кеңес беретін арнайы топтары бар. Кітапхана іші өте жайлы, ал жұмыс уақыттары өте икемді. Лидс университетіндегі ең жаңа кітапхананың іші тіпті бес жұлдызды қонақүй сияқты. Әр столда бірнеше ноутбук қосу тетігі бар. Өте жайлы орындықтар. Тегін шай мен кофе, тұрмыстық тегін заттарды тарату акциялары да осы кітапқұмар студенттер алаңында жиі өтіп тұрады. Цифрлану қарқынына қарамастан, қағаз кітапты оқуға деген ынталандыруды да тиімді жүргізіп отырған – осы кітапханашылар. Оларға «Респект!» дер едім.

Тым сейіл сүйгіш және қыдырымпаз

Ал енді әдеттегі дәстүр бойынша, қандай кемшін тұстары бар деген тұсқа да келдік. Әр жұма күні түстен кейін Лидсте сейіл уақыты басталады. Жай сейіл емес, әр кафе мен пабтың сол күнгі ережесіне сай,  маскарадқа бара жатқандай киіну дәстүрі. Әр кафе өзінің фантазиясы жеткенше кейіпкерлер таңдайтын сияқты. Содан жұма, сенбі және жексенбі күндері қала көшелері түрлі қызық кейіпкерлердің образына енген жандарға толып кетеді. Елестетіп көріңізші: топ-тобымен мәз болып кетіп бара жатқан сап-сары Cпанж-бобтар мен Миниондар, жап-жасыл Шректер мен Фионалар… Спортукус пен Стефанилар… Қалыңдық киімін киіп алған жігіттер… Күлкілі шіркеу қызметкерлері… Шоқпар ұстаған алғашқы қауым адамдарының образы да бар. Ой, несін айтасыз, фантазияларында да, батылдықтарында да шек жоқ екен.  Қыс бойы  cуық жаңбыр астында түрлі-түрлі костюм киіп, суы сорғалап кетіп бара жатқан күлкілі, кейде әбіржіп тоңған аянышты образдарды көрген едік. Күн сәл жылынғанда олардың саны екі еселенді ғой.

Кешкісін сол ерекше киімдер киген жастар барлық пабтарының  іші-сыртын толтырады дерсіз. Столдарына қарасаңыз, тамақ ішкен жан болмайды, тек сары-қызыл сусындар. Олар негізі ол жерге градусы төмен түрлі сусын ішіп, әңгіме соғуға баратын сияқты. Алайда деректерге сүйенсек, әлемнің алкогольдік индустриясы соңғы 4 жылда 830  млрд. долларынан айрылған, өйткені зумерлер аз ішеді. Яғни, Ұлыбританиядағы бұл үрдіс келешекте өзгеруі мүмкін деген сөз.  Сол қыдырымпаз жастар кез келген көше бойына жайғаса кетіп, қауқылдасып  әңгіме соғып отыра береді. Бір жағынан сондай қарапайым, бір жағынан  біз үшін сәл ерсілеу, енді. Кейде лас немесе жолдың өті екеніне мүлдем мән бермейтін сияқты. Ең бастысы, достарымен бас қосып, демалыс күндерінде мәз болып болып жүрсе болғаны. Есесіне, ертеңіне көше бойында тапталып жатқан маскарад киімі мен домалаған бөтелкелерді кездестіріп қалсаңыз, таң қалмаңыз.

…Тереңірек үңілсек, олар бізге қарағанда өмірді шын мәнінде сүретін сияқты.Жасандылықсыз. Қалаған образға еніп, қалаған жерге отыра кетіп. Қалаған адаммен танысып. Құдайдың құтты күні саябақта серуендеп, спортпен шұғылданып жүрген жұрт. Күн сәл жылынса, дереу пикник заттарын алып, күн шуағына малынуды бастайды. Стреске емес, релаксқа мән бергіш екені көрініп тұр. Ешкімнің пікіріне алаңдамай, өз қалауымен жүретіні қатты аңғарылады. (Бәлкім біздің халқымыздың да қағанағы қарқ, сағанағы сарқ күнге жетсе, күйбең тіршіліктен басын көтеріп, «той тұзағының» тәуелділігінен шықса, осылай басқа форматта қыдыруды таңдай бастайтын шығар, кім білсін?..)

Университетеміз апта сайын, демалыс күндері көрші қалаларға бір күндік турлар ұйымдастырып тұрады. Студенттің қалтасы көтеретін суммаға. Университет аккаунтыңмен тіркелген соң, арқаңа рюкзагыңды асып, қыдырымпаз жастармен бірге жаңа қала, жаңа табиғат, тарихи мекен көріп келу мүмкіндігі. Тау-тас кезіп, қырға шығып, көл жағасымен жүріп, әңгіме-дүкен құрып қайтудың тағы бір мүмкіндігі ғой. Оның үстіне Bank holiday, Christmas, Easter (Пасха) деп жалғасып кете беретін демалыстары бір күн емес, 2-3 күннен бірер аптаға дейін созыла береді екен. Тағы бір жаққа қыдыруға мүмкіндік деген сөзсіз.  Аз, бірақ саз жұмыс істейтін, саяхаттау мен сейіл құру қалыпты өмір салтына айналған ағылшындар қалайша даму қарқыны бойынша әлемнің алдыңғы қатарында деген сұраққа ғана әзірге жауап таппай жатырмын. Жауап тауып жатсам, алдағы жазбаларымда міндетті түрде бөлісемін ғой. Ал әзірге жолсапар очеркімнің бұл бөлімі осымен тәмам.

Алма Сайлауқызы

PhD ғылым докторы, “Болашақ” бағдарламасының

 «500 ғалым» ғылыми тағылымдама стипендиаты

Лидс университеті, Ұлыбритания

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар