Фото: muftyat.kz
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының (ҚМДБ) ресми мәлімдемесіне сәйкес, соңғы уақытта әлемде кеңінен насихатталып жатқан «чайлдфри», яғни саналы түрде балалы болудан бас тарту идеологиясына қатысты шариғат үкімі жарияланды.
Діни басқарма бұл ағымның ислам қағидаттарына, адамның табиғи болмысына және некенің негізгі мақсаттарына мүлдем қайшы келетінін мәлімдеді. Пәтуа мамандары үйлену мен ұрпақ өрбітудің адамзат тегін сақтау үшін маңызы зор екенін алға тартып, бұл құбылыстың Құран аяттары мен Пайғамбар сүннетіне негізделгенін атап өтті.
Шариғат бойынша, балалы болу — ерлі-зайыптылардың екеуіне де ортақ құқық. Денсаулықты қалпына келтіру немесе бала тәрбиесіне дайындық сияқты маңызды себептермен жүктілікті өзара келісім арқылы уақытша кейінге қалдыруға рұқсат етілгенімен, тек жауапкершіліктен қашу немесе кедейліктен қорқу салдарынан бала сүюден әдейі бас тарту құпталмайды. Сонымен қатар жатырды байлату немесе ағзаға зақым келтіру сияқты ұрпақсыздыққа әкелетін, жүктілікті біржолата болдырмайтын медициналық тәсілдерді себепсіз қолдануға исламда қатаң тыйым салынады.
Діни сарапшылар бұл субмәдениеттің тек діни тұрғыдан ғана емес, әлеуметтік жағынан да қауіпті екенін ескертеді. Олардың пайымдауынша, «чайлдфри» түсінігі дәстүрлі отбасы институтын әлсіретіп, деноминациялық дағдарысқа әкеледі, сондай-ақ мемлекет пен ұлттың болашақ демографиялық дамуына үлкен кері әсерін тигізеді. Сондықтан ҚМДБ бұл идеологияны насихаттауға және оны өмірлік ұстаным ретінде қабылдауға тыйым салынады деген шешім шығарды.
Парақшамызға жазылыңыз
