Фото: istockphoto.com
Tengri Auto басылымының Ranking.kz сайтына сілтеме жасап хабарлауынша, Қазақстанда жеңіл автокөлігі бар отбасылардың үлесі артып, 2026 жылдың бірінші тоқсанында 34,8 пайызға жетті.
Бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 33,7 пайызды құраған болатын. Ел бойынша жүргізілген зерттеу нәтижесінде Маңғыстау (59,6%), Жетісу (56,2%) және Түркістан (45,4%) облыстары автокөлікпен ең жоғары деңгейде қамтылған өңірлер ретінде көш бастады. Сондай-ақ алғашқы алтылық қатарына Ұлытау (42,5%), Қызылорда және Абай (әрқайсысында 40,1%-дан) облыстары енді.
Керісінше, жеке автокөлігі бар отбасылардың ең төмен үлесі еліміздің үш ірі мегаполисінде тіркеліп отыр. Көлік ең аз шоғырланған аймақ — Шымкент қаласы (26,3%), одан кейінгі орындарда Алматы (27,6%) және Астана (27,7%) қалалары орналасқан. Сарапшылар мұны ірі қалаларда қоғамдық көліктің жақсы дамуымен, сондай-ақ такси мен каршеринг қызметтерінің қолжетімділігімен түсіндіреді.
Зерттеу барысында ауылдық жерлердегі отбасылардың 45 пайызында көлік бар екені анықталды, ал қалаларда бұл көрсеткіш небәрі 30,6 пайызды құрайды. Ауылдар арасында Маңғыстау (73,2%), Ұлытау (59,4%) және Жетісу (55,8%) облыстары алға шықса, қала тұрғындары бойынша Жетісу облысы (56,6%) бірінші орынға ие болды. Айта кетейік, бұл сауалнама тек көліктің бар-жоғын анықтаған, бірақ оның тозу деңгейі мен сапасын есепке алмаған.
Парақшамызға жазылыңыз
