Қазақстан құрамасы Эквадорда өткен кадеттер арасындағы әлем чемпионатының жекелей сындарын 3 алтын, 3 күміс және 4 қола медальмен аяқтады. Ел дзюдошылары командалық есепте екінші орынға тұрақтады.
Бұл жарыс Қазақстан дзюдосы үшін әлем чемпионаттарындағы ең үздік нәтижелердің бірімен ғана емес, бірқатар тарихи көрсеткіштермен ерекшеленген-ді.
Құрама қоржынына үшінші алтынды Әділжан Жаудинов салды. +90 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен қазақстандық дзюдошы финалда ресейлік Абдулманаф Рамазановпен белдесті. Негізгі уақыт жеңімпазды анықтай алмады. Қосымша уақытта Әділжан қарсыласын иппонмен жеңіп, әлем чемпионатының алтын медалін иеленді.
Әлемдік рейтингте төртінші орында тұрған Жаудинов жарысты екінші айналымнан бастады. Ол алғашқы белдесуінде жапониялық Кога Терукиден, ширек финалда бразилиялық Жозе Паулу Перейрадан басым түсті. Жартылай финалда Франция өкілі Азриэль Декенн Диффоны жеңіп, финалға жолдама алды.
Осылайша, Қазақстан құрамасы Гуаякильдегі әлем чемпионатында үш бірдей алтын медальға қол жеткізді.
Қазақстан құрамасының сапында өнер керсеткен Расулхан Ғабит, (60 келі), Фатима Сұпығалиева (52 келі), Әділжан Жаудинов, +(90 келі) алтын жүлде еншілесе, Әділжан Нұрбекен (50 келі), Адия Жанахмет (40 келі), Інжу Жұмажан (57 келі) күміс, Бекарыс Құдайберген, (50 келі), Ахмет Баубек )60 келі), Ерік Үсенов (66 келі) және Еркен Бекәлі (73 келі)
Фатиманың тарихи жеңісі
Эквадор татамиіндегі Қазақстанның ең айтулы жеңістерінің бірі – Фатима Сұпығалиеваның чемпиондығы.
52 келіге дейінгі салмақта сынға түскен 16 жастағы спортшы финалда Украина өкілі Ксения Кирильчукпен жеңді.
Осы жеңісінің арқасында Фатима Қазақстан дзюдосы тарихында қыздар арасында кадеттер арасындағы әлем чемпионатында алтын медаль алған тұңғыш спортшы атанды.
Жас дзюдошының бұл жетістігі қазақ қыздарының дзюдодағы жаңа белесінің басталғанын көрсететін тарихи нәтиже болды.
Бір салмақтағы алтын екінші жыл қатарынан Қазақстанда
Қазақстандық дзюдошылар 60 келіге дейінгі салмақтағы әлем чемпионы атағын екінші жыл қатарынан сақтап қалды.
2025 жылы бұл салмақта Ернұр Батырғали әлем чемпионы атанса, биыл оның ізін Расулхан Ғабит жалғады.
Айта кетейік, дәл осы салмақта Қазақстан дзюдосының жұлдызы Елдос Сметов Париж Олимпиадасының чемпионы атанған болатын.
Үш алтын – Қазақстан үшін тұңғыш нәтиже
Эквадордағы әлем чемпионаты Қазақстан дзюдосы тарихындағы тағы бір маңызды көрсеткішпен есте қалды.
Бұған дейін Қазақстан құрамасы бір әлем чемпионатында үш алтын медаль жеңіп алған емес. Гуаякильдегі додада ұлттық құрама алғаш рет бір әлем біріншілігінің жекелей сындарында бірден үш әлем чемпионын шығарды.
Сонымен қатар 10 медаль – Қазақстан құрамасының әлем чемпионаттарындағы рекордтық көрсеткіші. Бұған дейін жасөспірімдер, жастар және ересектер арасындағы әлем чемпионаттарының бірде-бірінде ұлттық құрама мұндай нәтижеге қол жеткізбеген.
Қазақстандық спортшылардың әр жеңісі ел мерейін үстем етті. Әлем чемпионатының үш күнінде де Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимні шырқалып, көк туымыз жеңіс тұғырының ең биік сатысында желбіреді.
Бұл татамидегі жеңістің ғана емес, қазақстандық дзюдо мектебінің жүйелі дамуы мен жас спортшылардың халықаралық аренадағы әлеуетінің айқын көрінісі.
Енді – командалық сын
Жекелей жарыстар аяқталғанымен, әлем чемпионаты әлі жалғасады.
23 тамызда кадеттер арасындағы әлем чемпионаты аралас командалық жарыспен қорытындыланады. Бұл сында Қазақстан құрамасы командалық шеберлігін көрсетіп, медаль қорын толықтыруға тырысады.
Биылғы әлем біріншілігіне әлемнің 59 елінен 457 жас татами шебері қатысуда.
Түгелбай Бисен
Парақшамызға жазылыңыз



