//

Абай ұлттық мектебіндегі дау: 10,8 млрд теңге қайда кетті?

255 рет қаралды
Сурет: gov.kz

Алматыдағы Абай атындағы қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын республикалық мектеп-интернат жаңа оқу жылын білім беру мәселесінен гөрі басқару, аудит және кадрлық өзгерістер төңірегіндегі даумен бастады. Бірнеше күннен бері мектеп түлектері мен бұрынғы ұстаздары оқу орнына жиналып, тұрақты директордың тағайындалмауы, әкімшілік құрамдағы өзгерістер, оқу процесінің ұйымдастырылуы мен бұған дейін жарияланған аудит нәтижесіне қатысты сұрақтарға жауап талап етіп жүр.

Даудың ең салмақты бөлігі – 10,8 млрд теңге.

ҚР Оқу-ағарту министрлігі 2026 жылғы 9 шілдеде мектептің 2023 жылғы 1 қаңтардан 2025 жылғы 31 желтоқсанға дейінгі қаржы-шаруашылық қызметіне жүргізілген аудит қорытындысын жариялады. Министрлік тексеру барысында 10,8 млрд теңгеден астам бұзушылық анықталғанын, оның 10,4 млрд теңгесі қаржыға қатысты  екенін хабарлаған.

Ресми мәліметте 10,2 млн теңге бюджетке қайтарылуға, 10,4 млрд теңге қалпына келтірілуге тиіс екені көрсетілді. Бұған қоса, 370,6 млн теңгенің рәсімдік бұзушылығы анықталған. Оның 34,5 млн теңгесі бюджет қаражатын тиімсіз немесе мақсатсыз пайдалануға, 336 млн теңгесі мемлекеттік сатып алу талаптарының сақталмауына қатысты.

Министрлік аудит барысында 2,8 млн теңгенің бюджетке қайтарылғанын, 16,3 млн теңгенің негізгі құралдары балансқа алынғанын да жазды. Сондай-ақ 2,4 млн теңгенің мүлкі жоғалғаны, толық орындалмаған жөндеу, монтаждау және абаттандыру жұмыстары үшін төлем жүргізілгені, педагогтерге үстемеақы есептеу мен мемлекеттік сатып алу рәсімдерінде кемшіліктер анықталғаны айтылды.

Тексеру қорытындысы бойынша төрт материал құқық қорғау органдарына жіберіліп, әкімшілік құқық бұзушылық белгілері бойынша 24 материал рәсімделген.

10 МЛРД ТЕҢГЕ ЖОҒАЛҒАН АҚША МА?

Шілдеде жарияланған осы ақпараттан кейін қоғамда Абай ұлттық мектебінде 10 млрд теңгеден астам қаржы жоғалды немесе тиімсіз жұмсалды деген түсінік қалыптасты. Алайда арада екі ай өткенде министрлік өкілі аталған соманың табиғатына мүлде басқа түсініктеме берді. 2 қыркүйекте мектеп алдына жиналған түлектермен кездескен Оқу-ағарту вице-министрі Жайық Шарабасов 10 млрд теңгенің жаңа мектеп ғимаратының құны екенін айтты. Бұл туралы Kazinform жариялаған материалда оның сөзі тікелей берілген.

«Мұндағы 10 млрд теңге – бұл мектептің құны», – деді Жайық Шарабасов.

Вице-министрдің түсіндіруінше, жаңа нысан пайдалануға берілген кезде ғимарат мектеп балансына қабылдануға тиіс болған. Алайда бұл рәсім уақытында орындалмаған. Кейін ғимарат министрліктің аудиті барысында балансқа алынған.

Осы тұста министрліктің шілдедегі ресми ақпараты мен қыркүйектегі түсіндірмесінің арасында елеулі айырмашылық байқалады.

Оқу-ағарту министрлігінің 9 шілдедегі хабарламасында 10,4 млрд теңге «қаржылық бұзушылық» және «қалпына келтіруге жататын сома» ретінде берілгенімен, оның негізгі бөлігінің мектеп ғимаратының құны екені түсіндірілмеген.

Ал 2 қыркүйекте вице-министр бұл соманы жаңа нысанның баланстық есебімен байланыстырды.

Демек, мәселе «10 млрд теңге қайда кетті?» деген сұрақпен шектелмейді. Мемлекеттік аудит терминдерінің қоғамға қаншалықты дәл әрі толық түсіндірілгені де жеке мәселе болып отыр.

«ҚАЛПЫНА КЕЛТІРУ» мен «БЮДЖЕТКЕ ҚАЙТАРУ» – ЕКІ БӨЛЕК ҰҒЫМ

Мемлекеттік аудит терминологиясында «бюджетке қайтарылатын қаражат» пен «қалпына келтіруге жататын қаржылық бұзушылық» бір мағынаны білдірмейді.

Мемлекеттік аудит жүргізу қағидаларында қаржылық бұзушылықты қалпына келтіру жұмысты орындау, қызмет көрсету, тауар жеткізу немесе мүлікті бухгалтерлік есепте көрсету арқылы жүзеге асуы мүмкін екені жазылған. Бұл тәртіп «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесіндегі мемлекеттік аудит қағидаларында көрсетілген.

Яғни ғимараттың немесе басқа активтің бухгалтерлік есепте тиісті мерзімде көрсетілмеуі аудит кезінде қаржылық бұзушылық ретінде тіркелуі мүмкін. Бірақ мұндай жағдай автоматты түрде дәл сол көлемдегі ақшаның қолды болғанын білдірмейді.

Сондықтан Абай ұлттық мектебіндегі 10,4 млрд теңгенің нақты құрылымы аса маңызды.

Егер оның басым бөлігі вице-министр айтқандай мектеп ғимаратының балансқа уақытында алынбауына байланысты болса, 10 млрд теңгені жоғалған немесе ұрланған қаражат ретінде түсіндіру дұрыс болмайды.

Сонымен қатар бұл мемлекеттік активтерді есепке алу тәртібінде бұзушылық болмаған дегенді де білдірмейді.

ЕРБОЛАТ МҰХАМЕДЖАН:

«10 МИЛЛИАРД ТЕҢГЕ ЕШҚАЙДА КЕТКЕН ЖОҚ»

Мектеп түлегі, журналист Ерболат Мұхамеджан да аудитке қатысты құжаттарды зерттегенін айтып, мәселенің осы бөлігіне назар аударды.

Ол өзінің Facebook парақшасында жариялаған жазбасында аудит анықтамасында көрсетілген 10,46 млрд теңгенің 10,35 млрд теңгесі жаңа мектеп ғимараты мен интернат корпусына қатысты екенін жазды.

Мұхамеджанның айтуынша, өзі танысқан анықтамада аталған 10,35 млрд теңгенің «қаржылық бұзушылыққа жатпайтыны» көрсетілген.

Журналист: «Бұл жоғалған 10 миллиард емес. Бұл қазір Алматыда тұрған жаңа мектеп пен интернаттың құны», – деп жазды. Оның мәліметінше, ғимаратты қабылдап алу-тапсыру актісіне 2026 жылғы 30 маусымда ғана қол қойылған. Осыдан кейін журналист бірнеше сұрақ көтереді. Егер мектеп ғимаратын балансқа қабылдауға қажетті құжаттар уақытында рәсімделмесе, оған нақты кім жауап берген? Мектеп басшылығы ма, нысанды өткізуші тарап па, тапсырыс беруші мекеме ме, әлде бірнеше мемлекеттік орган арасындағы рәсім кешіккен бе?

Мұхамеджан сонымен бірге министрліктің алғашқы ақпарат тарату тәсіліне күмән келтіреді.

«Неге 9 шілдеде ақпаратты жариялаған кезде сол 10 миллиард теңгенің басым бөлігі жаңа мектеп ғимаратының құны екенін бірден қарапайым тілмен түсіндірмедіңіздер?» – деп жазды ол Facebook парақшасында.

Бұл жерде бір жайтты ажырату қажет. Ерболат Мұхамеджан келтірген аудит анықтамасының толық нұсқасы Оқу-ағарту министрлігінің ашық жарияланған материалында берілмеген. Сондықтан оның 10,35 млрд теңгеге қатысты мәліметі әзірге журналист жариялаған құжат дерегі ретінде қарастырылғаны жөн. Алайда оның негізгі тұжырымы вице-министр Жайық Шарабасовтың түсіндірмесімен сәйкес келеді: екі деректе де 10 млрд теңгеге жуық сома мектеп нысанының құнымен байланыстырылып отыр.

МЕКТЕП МАМЫРДА АШЫЛДЫ, ал ҚҰЖАТ МАУСЫМНЫҢ СОҢЫНДА РӘСІМДЕЛГЕН БЕ?

Мәселенің хронологиясы қосымша сұрақ туғызады. Абай ұлттық мектебінің жаңа кампусы 2026 жылғы 16 мамырда салтанатты түрде ашылды. Ресми ашылуға мемлекеттік лауазымды тұлғалар қатысты.

Осы кезде мектепке жүргізілген аудит те жалғасып жатқан.

Ерболат Мұхамеджан жариялаған мәлімет бойынша, ғимаратты қабылдап алу-тапсыру актісіне 30 маусымда ғана қол қойылған. Ал Оқу-ағарту министрлігінің аудит қорытындысы 9 шілдеде жарияланды.

Егер осы хронология толық расталса, жауап күтетін мәселе бар: 16 мамырда ресми ашылған мемлекеттік нысанды балансқа қабылдауға қажетті құжаттар неліктен 30 маусымда ғана рәсімделді? Бұл құжаттарды белгіленген мерзімде әзірлеу кімнің міндетіне кірді? Мектеп директорының ба? Құрылысты өткізген ұйымның ба? Тапсырыс берушінің бе? Әлде активті бір мемлекеттік мекемеден екіншісіне өткізу рәсіміне бірнеше орган қатар жауапты болды ма?

Аудит нәтижесіне құқықтық баға бергенде осы өкілеттіктердің ара-жігі де анық көрсетілуі қажет.

ДИРЕКТОР МӘСЕЛЕСІ НЕЛІКТЕН ДАУҒА ҰЛАСТЫ?

Аудиттен кейін мектептің бұрынғы директоры Қайрат Мұқашев қызметтен кетті.

Жаңа оқу жылы қарсаңында тұрақты директор тағайындалмауы мектеп түлектерінің наразылығын күшейтті.

2 қыркүйекте түлектер мектеп алдына жиналып, Оқу-ағарту министрлігінің өкілдерімен кездесті. Кездесу туралы Kazinform мектепте кейінгі жылдары басшылықтың бірнеше мәрте ауысқаны да көтерілгенін жазды.

Мектеп мәселесіне қатысты ақпарат таратқан журналист Ришат Асқарбекұлы Facebook парақшасында 3 қыркүйек күні Оқу-ағарту министрінің міндетін атқарушы Жұлдыз Сүлейменованың Алматыға келіп, Абай ұлттық мектебінің ұжымымен, түлектерімен және БАҚ өкілдерімен кездесетінін хабарлады.

Кездесуге мектептің байырғы ұстаздарының бірі Орынша Қарабалина-Қазыбаева да қатысты. Оның мектеп ауласына келуі даудың тек қазіргі әкімшілік құрамға емес, осы білім ордасының тарихи қалыптасқан ортасына да әсер еткенін көрсетті.

«БАС ЖАРЫЛЫП, КӨЗ ШЫҚҚАН ЖОҚ»

3 қыркүйекте Жұлдыз Сүлейменова Абай ұлттық мектебіне барып, түлектермен, педагогтермен және оқушылармен кездесті.

Әлеуметтік желіде тараған видеода министр: «Бас жарылып, көз шыққан жоқ», – дейді.

Кездесудің видеосы Facebook желісінде жарияланды.

Министрдің мәлімдемесі мектеп төңірегіндегі жағдайдың ауқымына қатысты пікірталасты күшейтті. Өйткені оған дейін министрдің орынбасары бірнеше күн бойы мектепте жұмыс істеп, түлектер жиналып, басқару мәселесіне қатысты ашық талаптар айтылған еді.

3 қыркүйектегі кездесудің ресми қорытындысын Оқу-ағарту министрлігі де жариялады.

Ведомствоның мәліметінше, Жұлдыз Сүлейменова алдымен мектеп түлектерімен кездескен. Ашық сұрақ-жауап форматында аудит қорытындысы, басшылықтағы өзгерістер және оқу процесінің қазіргі жағдайы талқыланған.

Одан кейін министр педагогтермен кездесіп, оқу процесін ұйымдастыру, мектептің күнделікті жұмысы және ұжымның ішкі мәселелері бойынша пікірлерін тыңдаған. Сүлейменова мектеп ғимараты мен жатақхананы да аралап, оқушылардың оқу және тұрмыс жағдайымен танысқан. Министрлік кездесуден кейін «Абай ұлттық мектебі штаттық режимде жұмыс істеп, оқу процесі қалыпты жалғасуда» деп мәлімдеді. Бұл ақпаратты «Білімді ел» басылымы да жариялады.

БІР ЦИФР, ЕКІ ТҮСІНІКТЕМЕ

Абай ұлттық мектебіндегі жағдайды талдағанда аудиттің өзге деректерін 10 млрд теңге төңірегіндегі даумен араластырып жіберуге болмайды.

Министрліктің ресми аудитінде 2,4 млн теңгенің мүлкі жоғалғаны, жекелеген жұмыстар толық орындалмаса да ақы төленгені, мемлекеттік сатып алу мен еңбекке ақы төлеуде бұзушылықтар болғаны көрсетілген.

Бұл фактілердің әрқайсысы жеке тексеріліп, заң талаптарына сәйкес бағалануға тиіс. Бірақ 10 млн теңге мен 10 млрд теңгенің арасында орасан айырма бар. Бюджетке қайтарылатын ақша мен бухгалтерлік есепте қалпына келтірілетін активтің де құқықтық табиғаты бөлек. Сондықтан мемлекеттік орган миллиардтаған теңгеге қатысты аудит нәтижесін жариялағанда осы айырмашылықты алғашқы хабарламаның өзінде қоғамға түсінікті тілмен көрсетуге тиіс еді. Қазір министрлікке қойылатын негізгі сұрақтар да осыдан туындайды. 10,4 млрд теңгенің нақты қанша бөлігі жаңа мектеп пен интернат ғимаратының құнына тиесілі? Қанша сома нақты қаржылық шығынға байланысты? 10,2 млн теңгенің бюджетке қайтарылуы мен 10,4 млрд теңгенің «қалпына келтірілуі» арасында қандай құқықтық айырмашылық бар? Ғимаратты балансқа дер кезінде қабылдамауға нақты қай лауазымды тұлға немесе мекеме жауапты? Құқық қорғау органдарына жіберілген төрт материал қандай фактілер мен қандай сомаларға қатысты? Мектептің бұрынғы директоры Қайрат Мұқашевтың қызметтен кетуіне аудиттің нақты қай қорытындылары негіз болды?

Осы сұрақтардың жауабы толық аудит материалымен бірге ашық жарияланса, мектеп төңірегіндегі екі айлық ақпараттық дауға да нақты құқықтық баға беруге мүмкіндік туады.

ЖҰЛДЫЗ СҮЛЕЙМЕНОВА МИНИСТР ҚЫЗМЕТІНЕ ТАҒАЙЫНДАЛДЫ

Абай ұлттық мектебіндегі кездесу өткен күні Жұлдыз Сүлейменованың Үкіметтегі мәртебесі де нақтыланды.

2026 жылғы 3 қыркүйекте Мемлекет басшысының Жарлығымен Жұлдыз Досбергенқызы Сүлейменова Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрі лауазымына тағайындалды. Бұл туралы Egemen.kz хабарлады. Осылайша Абай ұлттық мектебіндегі аудит нәтижесін толық түсіндіру, тұрақты басшыны анықтау және оқу орнындағы басқару тұрақтылығын қалпына келтіру енді министр міндетін атқарушының уақытша жұмысы емес, қайта тағайындалған министрдің тікелей саяси әрі басқарушылық жауапкершілігіне айналды.

Парақшамызға жазылыңыз

Бегім Көктүрік

Бегім Көктүрік — журналист. 2024 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін тамамдады.

Маманданатын салалары: тіл, мәдениет, әлеуметтік мәселелер, зерттеу журналистикасы, медиасауат.

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Дзюдодан ел чемпионаты басталды

Орал қаласындағы «Жайық Арена» спорт кешенінде дзюдодан ересектер арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионаты басталды. Ел біріншілігінің алғашқы