//

Жайықтың жүйрігі «Жайық жүйрігі» атанды

62 рет қаралды

Орал қаласының күніне орай Жайық жағасын жетінші рет ат дүбіріне бөлеген «Жайық жүйрігі – 2026» өтті.  Ұлттық спорттың мерейін асыратын дәстүрлі додаға БҚО-дан бөлек, Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе, Қостанай, Жамбыл, Жетісу, Алматы, Павлодар облыстарының жүйріктері қатысты.

Дүбірлі доданың ашылу салтанатына облыс әкімі Нариман Төреғалиев, Орал қаласының әкімі Мұрат Бәйменов, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Бақдәулет Сәбитов, БҚО бәйге федерациясының президенті, Құрылтай депутаты Мұратбек Мұхамедиев қатысты.

– Жайық жүйрігі-2026» ұлттық бәйге түрлерінен Батыс Қазақстан облысының ашық чемпионатына қош келдіңіздер! Президент Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей: «Ұлттық спорт түрлерін дамыту – ұлттық рухты көтеру мен жас ұрпақтың бойына отансүйгіштікті дарытудың басты кепілі». Әсіресе бұқаралық спорт пен ұлттық спорт түрлерін кеңінен насихаттау – еліміздің болашағы үшін маңызды қадам екені айтылды.

Бәйгенің шымылдығын құнан жарыс ашты. Құлағында жел ойнаған жас тұлпарлар көмбеге қарай құйғыта шауып, көрерменнің делебесін қоздырды. Тұяқтан көтерілген топырақ пен шабандоздардың айқайы дала төсіне ерекше ажар берді. Қорытындысында:

I орын – «Бақ». Ат иесі – Арыстан Күдебаев, шабандозы – Дәмір Асылқұл (Алматы облысы).

II орын – «Жүректоры». Ат иесі – Арман Есбергенов, шабандозы – Арнұр Баян (Қостанай облысы).

III орын – «Арлан көк». Ат иесі – Сақып Мейрамбек, шабандозы – Әмірхан Жанболат (Ақтөбе облысы).

IV орын – «Құлагер». Ат иесі – Мұрат Қозыбаев, шабандозы – Арыстанбек Аңсар (Алматы облысы).

V орын – «Медина». Ат иесі – Асылхан Төлеуғалиев, шабандозы – Ислам Рахметолла (Батыс Қазақстан облысы).

Құнан бәйгенің дүбірі басылмай жатып, топ бәйгеге түскен сәйгүліктер Жайық даласын қайтадан думанға бөледі. Орта қашықтықтағы тартыста жүйріктердің бабын, шабандоздардың шеберлігін таразылаған нағыз бәсеке өрбіді.

Топ бәйгенің қорытындысы:

I орын – «Басқасқа». Ат иесі – Бейсенбай Жаңатаров, шабандозы – Шәкәрім Тәжі (БҚО).

II орын – «Қарқара». Ат иесі – Мұрат Қозыбаев, шабандозы – Айсұлтан Саматұлы (Алматы облысы).

III орын – «Абырой». Ат иесі – Дидар Мақажанов, шабандозы – Жарқын Рамазан (Алматы облысы).

IV орын – «Кредит». Ат иесі – Ермек Елдос, шабандозы – Қайсар Тілекқабыл (Ақтөбе облысы).

V орын – «Нысана». Ат иесі – Дәурен Тойлыбаев, шабандозы – Сұлтан Назарқұлов (Ақтөбе облысы).

Ал бәйгенің ең ұзақ тынысты, ең ауыр сыны – аламан бәйге Жайық төсіндегі дала қызығын үдете түсті. Ұзақ жолда тұлпардың төзімі, атбегінің шеберлігі, шабандоздың қайраты сыналды. Бірі қара үзіп, бірі соңғы қуатын сарқып, көмбеге қарай ұмтылды.

Аламанның әр сәті қалың елдің назарын өзіне байлап, Жайық даласын дүбірге бөледі. Ат үстіндегі шабандоздардың қайраты қазақтың ежелгі ат спортының айбынын тағы бір танытты.

Аламан бәйгенің қорытындысы:

I орын – «Асылай». Ат иесі – Шариповтар әулеті, шабандозы – Саян Айболат (БҚО).

II орын – «Көкбастау». Ат иесі – Мадияр Құрманғалиев, шабандозы – Арнұр Ахметов (БҚО).

III орын – «Секрет». Ат иесі – Еділ Мейрамбекұлы, шабандозы – Әділжан Төлеген (Алматы облысы).

IV орын – «Батыр қызы». Ат иесі – Ілияс Дүйсенбаев, шабандозы – Саян Елеусін (БҚО).

V орын – «Әлімтау». Ат иесі – Андрей Нәбиев, шабандозы – Жәдігер Осман (Ақтөбе облысы).

Жетінші рет өткен «Жайық жүйрігі» осылайша өз мәресіне жетті. Бірі тұлпардың бабын танытса, бірі шабандоздың қайратын көрсетті. Ал барлығының басын қосқан думан қазақтың атбегілік дәстүрі мен ұлттық рухының көрінісіне айналды.

Бәйге – қазақтың атқа қонған рухы. Жайық жағасында жетінші рет жаңғырған сол рухтың дүбірі бұл жолы да ел көңілінде қалды.

Жайықтың төсінде жүйріктер сыналды. Жүйріктердің ішінде Жайықтың жүйрігі оза шапты.

Түгелбай Бисен

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Базар жабылған жыл

Сурет: ЖИ құралдарын пайдаланып жасалған Бұл мақалада айтылатын оқиғалар Батыс Қазақстанда, негізінен бүгінгі Батыс Қазақстан, Атырау