///

Дандай Ысқақұлы, профессор: Әліпби – ұлттың дүниетанымы мен тарихи жадын ұрпақтан ұрпаққа жеткізетін рухани құрал

75 рет қаралды
жеке архивтен

Қазақстанда қазақ тілін латын графикасына көшіру мәселесі бірнеше жылдан бері талқыланып келеді. 2021 жылы «бір дыбыс – бір әріп» қағидатына негізделген, қазақ тілінің 28 дыбысын қамтитын 31 әріптік жетілдірілген жоба ұсынылған еді. Алайда латын графикасына негізделген қазақ әліпбиі мен оның емле ережелері әлі нормативтік тұрғыдан түпкілікті бекітілген жоқ.

2026 жылғы 8 қыркүйекте Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитеті төрағасының орынбасары Эльмира Асан қазақ тілін латын графикасына көшіру жұмысы жалғасып жатқанын, алайда көшудің мерзімі әзірге белгіленбегенін мәлімдеді. Жаңа әліпби қандай болуы керек, қазақ тілінің төл дыбыстары қалай таңбалануы қажет, «бір дыбыс – бір әріп» қағидаты қаншалықты сақталуы тиіс деген мәселелер әлі де өзекті. Әдебиеттанушы ғалым, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,  Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымының докторы Дандай Ысқақұлымен әліпбидің ұлттық сипаты, дыбыс пен таңбаның арақатынасы, жазу мәдениеті және латын графикасына көшу төңірегіндегі мәселелер туралы сөйлестік.

ЛАТЫН ӘЛІПБИІ ТІЛ ТАБИҒАТЫНА САЙ БОЛУЫ КЕРЕК

– Сіз әліпбиді ұлттың «ұлттық коды» деп атайсыз. Қазақ әліпбиінің бірнеше рет ауысуы ұлттық жады мен тілдік санаға нақты қандай әсер етті?

– Әліпби – жай ғана әріптердің жиынтығы емес. Ол – тілдің дыбыстық табиғатын таңбалайтын жүйе, сол арқылы ұлттың дүниетанымы мен тарихи жадын ұрпақтан ұрпаққа жеткізетін рухани құрал. Сондықтан мен ұлттық әліпбиді ұлттың коды деп қараймын. Әліпбиде сол тілге тән әрбір дыбыс өз таңбасын табуы керек. Қазақ тіліндегі ә, ө, ү, ұ, қ, ғ, ң, і секілді дыбыстар – біздің сөзіміздің ғана емес, ұлттық болмысымыздың да белгісі.

Қазақ халқы ХХ ғасырдың өзінде бірнеше әліпбиді бастан өткерді. Ғасырлар бойы араб жазуымен хатқа түскен рухани мұрадан қол үзіп, латынға, одан кейін кирилл жазуына көштік. Қалтай Мұхамеджановтың «бір ғасырдың қырық жылында тарихи тамыры үш рет қырқылды» деуі осыны меңзейді. Әр жазу ауысқан сайын жаңа ұрпақ алдыңғы буынның жазба мұрасын түпнұсқадан оқу мүмкіндігінен алыстай түсті. Бұл – тек таңбаның өзгеруі емес, тарихи сабақтастықтың әлсіреуі.

Мәселенің екінші жағы – әліпбидің қазақ тілінің табиғатына қаншалықты сәйкес келуінде. Ұлттық дыбыстар толық әрі дәл таңбаланбаса, уақыт өте айтылым да, сөздің тұлғасы да өзгеруі мүмкін. «Әке» сөзіндегі «ә», «қазақ» сөзіндегі «қ», «ғалымдағы» «ғ», «шаңырақтағы» «ң» – бір әріпті екінші әріппен алмастыра салатын кездейсоқ таңбалар емес. Олардың әрқайсысы қазақ тілінің өзіндік дыбыстық жүйесін танытады. Сондықтан әліпби мәселесіне тек «қай графика ыңғайлы?» деген техникалық деңгейде қарауға болмайды. Ең басты өлшем – қазақ тілінің ғасырлар бойы қалыптасқан дыбыстық табиғатының толық сақталуы. Ұлттық дыбыстарымыз түгел таңбаланып, өзінің лайықты орнын алғанда ғана әліпби тілге қызмет етеді. Әліпбиді сақтау – түптеп келгенде тілдің табиғатын, тарихи жадты және ұлттық болмысты сақтау.

– Сіз дауысты дыбыстардың саны тілдің, тіпті ұлттың энергетикалық қуатымен байланысты дейсіз. Бұл тұжырым қандай ғылыми негізге сүйенеді және оны жаңа қазақ әліпбиін жасауда қаншалықты ескеру қажет?

– Әліпби жасаудағы негізгі өлшем – тілдің өзіне тән дыбыстық жүйесін дәл беру. Ахмет Байтұрсынұлының әліпбиді тілге «шақ» болуы керек деп айтуы да осыдан. Артық таңба да, қажетті дыбысты белгілейтін қаріптің болмауы да жазу жүйесіне салмақ түсіреді. Сондықтан әліпби ең алдымен қазақ тілінің табиғи дыбысталу заңдылығына негізделуі керек.

Қазақ тілінің дыбыстық жүйесінде дауысты дыбыстардың орны ерекше. Олар сөздің буындық құрылымын, үндесуін, айтылу әуезін қалыптастырады. Ұлттық дыбыстардың әрқайсысының жазуда өз таңбасы болғаны маңызды. Өйткені дыбысты дәл таңбаламау бірте-бірте сөздің жазылуына ғана емес, оның айтылуына да ықпал етеді. Әліпби ықшам болсын деген талап тілдегі табиғи дыбыстарды қысқарту есебінен шешілмеуге тиіс.

Мен келтірген «энергетикалық қуат» ұғымын да осы тұрғыдан түсінген жөн. Мұнда әңгіме физикадағы энергия өлшемі туралы емес, тілдің дыбыстық қуаты, әуезі, сөйлеу кезіндегі әсері туралы болып отыр. Кейбір еңбектерде дыбыс қорының молдығы тілдің мүмкіндігімен байланыстырылып жүр. Алайда мұны тіл білімінде толық дәлелденген заңдылық деп кесіп айтуға болмайды. Мен үшін маңыздысы – әр халықтың өзіне тән дыбыстық ерекшелігін жоғалтпау.

Қазақ әліпбиіне қатысты бүгінгі талқылаулардың өзегі де осында. Латын графикасына көшу тек әріптердің сыртқы кескінін ауыстыруға тірелмеуі керек. Жаңа әліпби қазақ тіліндегі дыбыстарды дәл таңбалап, оқуға, жазуға, үйретуге жеңіл әрі қазіргі технологиялық ортаға қолайлы болуы қажет. Ахмет Байтұрсынұлы ұсынған өлшемдердің өміршеңдігі де сонда.

Сондықтан мәселе әріптің саны көп пе, аз ба деген есепте емес. Негізгі мәселе – қазақ тіліндегі әр дыбыстың табиғаты сақталып, соған сәйкес таңба беріле ме, жоқ па деген жерде. Әліпби тілге икемделуі керек, тіл әліпбиге икемделмеуі керек.

– Сіз қазақ әліпбиінде «бір дыбыс – бір әріп» қағидаты сақталуы керек дейсіз. Жаңа әліпби қазақ тілінің дыбыстық табиғатын толық беру үшін қандай негізгі талаптарға сай болуы қажет?

– Әліпби жасауда ең алдымен тілдің дыбыстық жүйесі басшылыққа алынуы керек. Дыбыс пен әріптің ара-жігін ажыратқан жөн. Дыбыс – ауызша тілдің бірлігі, ал әріп – сол дыбысты жазуда таңбалайтын графикалық белгі. Сондықтан графика өзгергенімен, тілдің табиғи дыбыстық жүйесі өзгермеуге тиіс.

Қазақ тілінің өзіне тән дыбыстары бар. Ә, ө, ү, ұ, қ, ғ, ң, і тәрізді дыбыстар сөз мағынасын ажыратуға, сөздің дұрыс айтылуына және тілдің фонетикалық жүйесін сақтауға қатысады. Мәселен, Әлімхан Жүнісбек «ә» дыбысын жасалымына қарай ашық, езу, тіл ортасы дауысты дыбыс деп сипаттайды. Демек, әр дыбыстың тіл жүйесінде нақты орны мен жасалу ерекшелігі бар. Оны жазуда дәл беру – әліпбиге қойылатын негізгі талаптардың бірі.

Сондықтан мен «бір дыбыс – бір таңба» қағидатын маңызды деп есептеймін. Бір дыбысты бірнеше таңбамен беру немесе бірнеше дербес дыбысты бір ғана таңбаға біріктіру жазуды күрделендіруі мүмкін. Қазақ тілінің дыбыстық құрылымы мүмкіндік берген жерде әрбір негізгі дыбысқа жеке таңба бекіту оқуды, жазуды және емлені меңгеруді жеңілдетеді. Ахмет Байтұрсынұлының «әріпке бола тілді бұзбайды, тілге бола әріпті бұзып өзгертеді» деген ұстанымының мәні де осында.

Латын графикасына негізделген қазақ әліпбиінің жобаларын әзірлеу барысында осы қағидатқа ерекше мән берілді. 2021 жылы Ұлттық комиссияда қаралған жетілдірілген жобада 31 әріп арқылы қазақ тілінің 28 дыбысын қамту және «бір дыбыс – бір әріп» қағидатын сақтау көзделді. Ә, ө, ү, ұ, ғ, ш секілді дыбыстарға жеке таңбалар ұсынылды. Дегенмен әліпби мен емле мәселесін толық аяқталған үдеріс деп қарауға ерте. Жобаны жетілдіру, қазақ тілінің табиғатына сәйкестендіру жұмыстары жалғаса береді.

Мен үшін негізгі мәселе таңбаның сыртқы пішінінде емес, оның қазақ сөзін қаншалықты дәл беруінде. Әсіресе «ң» тәрізді төл дыбыстарға ұқыпты қарау қажет. «Н» мен «ң» бірінің орнына бірін қолдана салатын дыбыстар емес. Қазақ тілінде олар сөз мағынасын ажыратады. «Он» мен «оң», «тон» мен «тоң» сөздерін салыстырсақ, бір ғана дыбыстың сөздің мағынасын өзгертіп тұрғанын көреміз.

Сондықтан жаңа әліпбиде қазақ тілінің төл дыбыстары толық сақталуы керек. Әр дыбыс мүмкіндігінше дербес әрі жүйелі таңбалануға тиіс. Жазу оқуға, жазуға және үйретуге қолайлы болуы қажет. Ең бастысы – әліпби тілдің табиғатына қызмет етуі керек. Тілді дайын графикалық қалыпқа күштеп икемдеу дұрыс емес.

ТЫНЫС БЕЛГІСІ ЖАЗЫЛҒАН ОЙДЫҢ ҚАЛАЙ ҚАБЫЛДАНАТЫНЫНА ДА ЫҚПАЛ ЕТЕДІ

– Сондай-ақ әріп пен дыбыстан бөлек, тыныс белгілерінің де адам ойлауына ықпал ететін мәні бар екенін айтасыз. Бүгінгі қоғамда сұрақ қоя білу мәдениеті неге маңызды?

– Тыныс белгілері жазба тілде ойдың құрылымын, сөйлемнің аяқталуын, сұрау, леп, кідіріс тәрізді мағыналық және интонациялық реңктерді білдіреді. Сондықтан оларды жай техникалық белгі деп қарау жеткіліксіз. Тыныс белгісі жазылған ойдың қалай қабылданатынына да ықпал етеді.

Профессор Дархан Қыдырәлі осы белгілердің қызметін публицистикалық тұрғыдан тереңдете түсіндіреді. Мәселен, леп белгісін көтеріңкі көңіл күймен, үндеумен, айрықша екпінмен байланыстырады. Бірақ леп белгісін орынсыз көп қолдану ойдың салмағын әлсіретіп, сөзді ұранға айналдырып жіберуі мүмкін деген пікір айтады. Мұнда мәселе белгінің өзінде емес, оны қалай және қай жерде қолдануда.

Сұрақ белгісіне қатысты ойы одан да маңызды. Сұрақ қою танымның басталуына жол ашады. Ғылым да дайын жауаптан емес, мәселе қоюдан, күмәнданудан, «неге», «қалай» деген сауалдардан дамиды. Сондықтан сұрақ қоюды білімнің, ізденістің, ойлаудың алғышарты ретінде қарастыруға болады.

Бұл журналистикаға да тікелей қатысты. Журналист дұрыс сұрақ қоя алмаса, мәселенің түпкі себебіне жете алмайды. Қоғамдағы қайшылықты, шешілмеген мәселені, жауапкершілікті анықтау да сұрақтан басталады. Сұрақ қою мәдениеті әлсіз жерде пікірталас та, қоғамдық бақылау да әлсірейді.

Дархан Қыдырәлінің нүкте туралы толғамында да осы ой жалғасады. Нүкте аяқталған, тиянақталған ойдың белгісі ретінде көрінеді. Ал белгілі ақын Ерлан Жүніс осы ұғымды одан әрі кеңейтіп, нүктені ойдың бастау нүктесі, одан тарайтын кеңістіктің өзегі ретінде түсіндіреді. Бұл жерде тыныс белгісі тілдік қызметінен шығып, көркем және философиялық бейнеге айналады.

Сондықтан тыныс белгілерінің екі қырын ажыратқан жөн. Бір жағынан, олардың тіл білімінде нақты қызметі бар. Екінші жағынан, қаламгерлер мен публицистер оларды ойлау, мінез, таным, қоғамдық қатынас секілді ұғымдарды бейнелейтін символ ретінде қолданады.

Мен үшін ең маңыздысы – сұрақ қоя білу мәдениеті. Бала сұрақ қою арқылы дүниені таниды, зерттеуші мәселе қою арқылы ғылымға келеді, журналист сұрақ арқылы қоғамның жабық тұстарын ашады. Дұрыс қойылған сұрақ кейде дайын жауаптан да маңызды.

ҚАЗАҚ ӘЛІПБИІНІҢ БАСТЫ МІНДЕТІ – ҚАЗАҚ ТІЛІНІҢ ТАБИҒИ ДЫБЫСТЫҚ ЖҮЙЕСІН ДӘЛ САҚТАУ

– Сіз әріп пен тыныс белгісін мағына тудыратын таңба ретінде қарастырасыз. Бүгінде әлеуметтік желі, жарнама мен қоғамдық кеңістікте түрлі символдар көбейген тұста таңбалардың адам санасына және қоғамдық мағына қалыптастыруға ықпалы қалай өзгерді?

– Адам жазу мәдениетінде үнемі таңбалармен жұмыс істейді. Әріп белгілі бір дыбысты таңбаласа, тыныс белгілері сөйлемнің мағыналық жігін, кідірісін, сұрауын, леп мәнін, аяқталған ойын білдіреді. Сондықтан жазудағы бір таңбаның өзі мәтінді қалай түсінетінімізге әсер етеді.

Үтірді мысалға алайық. Оның қызметі сырт көзге қарапайым көрінгенімен, сөйлем құрылымында орны анық. Қаратпа сөздерді, қыстырма сөздерді, бірыңғай мүшелерді және оңашаланған бөліктерді ажыратуға қатысады. Сонымен бірге сөйлеу кезіндегі кідірісті жазуда аңғартады. Үтірдің орнын өзгерту немесе мүлде қоймау кей жағдайда сөйлемнің құрылымын, тіпті мағынасын түсінуді қиындатады. Мұрат Қайыртайдың «Үтірдің өкпесі» атты мәтінінде осы қызмет көркем тәсілмен, үтірдің өзін сөйлету арқылы берілген.

Тыныс белгілерінің мағына тудыру мүмкіндігін қаламгерлер де жиі пайдаланған. Нүкте аяқталған ойды білдіреді. Көп нүкте ойдың аяқталмай қалғанын немесе ерекше кідірісті аңғартады. Сұрау белгісі сауалды білдірсе, леп белгісі сөйлемнің эмоциялық реңкін күшейтеді. Осындай қалыптасқан қызметтердің үстіне әдебиет пен публицистикада қосымша символдық мағына жүктеледі. Сондықтан Ғазиз Ештанаев, Дархан Қыдырәлі секілді авторлардың нүкте, сұрау немесе леп белгілері туралы толғаныстарын тіл біліміндегі ереже емес, таңбаны көркем бейнеге айналдырған авторлық пайым ретінде қабылдаған жөн.

Әріптің өзгеруі сөз мағынасын да өзгерте алады. Ақылбек Шаяхмет келтірген мысалдар осыны анық көрсетеді. «Бас» сөзіндегі бір әріпті өзгертсек, «қас» шығады. «Жоқ» сөзіндегі бір дыбысты өзгертсек, «тоқ» болады. Мұнда таңба жай графикалық пішін болып тұрған жоқ. Ол мағынаны ажырататын тілдік жүйенің бөлшегі.

Қазіргі ақпараттық кеңістікте таңбалардың қызметі бұрынғыдан да кеңейді. Ақша белгілері, жол таңбалары, логотиптер, белгішелер, эмодзилер мен әлеуметтік желідегі түрлі нышандар аз ғана бейне арқылы көлемді ақпарат жеткізеді. Кейбір таңбалардың бастапқы мағынасы тарихи немесе саяси жағдайға байланысты өзгеруі де мүмкін. Яғни таңбаның мағынасы оның сыртқы пішінінен ғана емес, қандай ортада, қандай жағдайда қолданылғанынан қалыптасады.

Сондықтан қазіргі адамға таңбаны тану жеткіліксіз. Оның қай ортада қандай мағына беретінін де түсіне білу қажет. Бір әріп, бір тыныс белгісі немесе бір символ кей жағдайда тұтас хабардың мазмұнын өзгертіп жібере алады. Жазу мәдениеті дегеніміз де таңбаны орнымен қолданып, оның мағыналық салмағын сезіне білу.

– Біз таңбаларға толы заманда өмір сүріп отырмыз. Осындай өзгермелі ортада қазақ әліпбиі өзінің табиғи түркілік болмысын сақтап, ұлттық рух пен рухани сабақтастықтың тірегіне айналуы үшін ең алдымен нені жоғалтпауымыз керек?

– Бүгінгі адам таңбалар әлемінде өмір сүріп отыр. Жазу, белгі, нышан, цифрлық таңба – бәрі біздің ойлауымыз бен қарым-қатынасымыздың бір бөлігіне айналды. Сондықтан ұлттық әліпбиге де жай ғана жазу құралы деп қарауға болмайды.

Қазақ әліпбиінің басты міндеті – қазақ тілінің табиғи дыбыстық жүйесін дәл сақтау. Төл дыбыстарымыз жоғалмай, әрқайсысы өз таңбасын тапқанда ғана тілдің ішкі заңдылығы мен тарихи сабақтастығы сақталады. Әліпби заман талабына бейімделуі керек, бірақ сол бейімделу барысында өзінің ұлттық негізінен ажырамауға тиіс.

Мен үшін ең маңыздысы – қазақ тілінің табиғи болмысын жоғалтпау. Тілдің дыбысы сақталса, сөзі сақталады. Сөзі сақталса, сол сөзбен бірге халықтың дүниетанымы, тарихи жады мен рухани тәжірибесі де жалғасады. Сондықтан қазақ әліпбиінің болашағы ұлттық дыбыстық жүйені сақтау мен оны жаңа заманның қажетіне үйлестіре білуде деп ойлаймын.

Сұқбаттасқан Бегім Көктүрік

Парақшамызға жазылыңыз

Бегім Көктүрік

Бегім Көктүрік — журналист. 2024 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін тамамдады.

Маманданатын салалары: тіл, мәдениет, әлеуметтік мәселелер, зерттеу журналистикасы, медиасауат.

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар