///

“Yandex.Go” бизнесінің құлауы: Қазақстанның цифрлық тәуелдігін паш етті

72 рет қаралды
фото: Caravan.kz

Қазанның 8-11-і аралығында Украинаның ұшқышсыз ұшу аппараттары Ресейдің Сасово, Калуга және Владимир қалаларындағы «Яндекс» деректер орталықтарына шабуыл жасады.

300 МЫҢ АДАМ: “Yandex.Go” серверінің істен шығуы дәл осынша қазақстандықты табыссыз қалдырған

Бұл оқиғаның салдары қазақстандықтарға да әсер етті. Тұрғындар «Яндекс Go» қосымшасы арқылы такси шақыра алмай қалды. Салдарынан көптеген адам жұмысқа, оқуға немесе жоспарланған маңызды іс-шараларға дер кезінде жете алмады. Такси жүргізушілері мен курьерлер де қиындыққа тап болды.  Олар жүйе істемей тұрған уақытта тапсырыс қабылдай алмады.

Бұл Қазақстанның өзге елге цифрлық тәуелділігін көрсетті. Сонымен қатар азаматтар арасында күнделікті пайдаланатын цифрлық платформалардың сенімділігіне қатысты заңды сұрақтар туындады. Ал ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі 11 қазанда Қазақстандық «Яндекс» пайдаланушыларының дербес деректерін сақтайтын серверлер қалыпты режимде жұмыс істеп тұрғанын хабарлады.

«Қазақстандық пайдаланушылардың дербес деректерін сақтауға арналған серверлер ел аумағында орналасқан және қалыпты режимде жұмыс істеп тұр. Алайда бұл платформаның барлық бөлігі өз алдына дербес жұмыс істейді дегенді білдірмейді. Такси және жеткізу қызметтеріне қажетті жекелеген компоненттер Қазақстан аумағынан тыс жерде орналасқан. Пайдаланушылар үшін сервистердің үзіліссіз жұмыс істеуі бірінші кезекте маңызды. Сондықтан деректерді Қазақстан аумағында орналастыру және цифрлық платформалардың тұрақты жұмысын қамтамасыз ету – кешенді шешуді талап ететін екі бөлек міндет» делінген министрліктің баспасөз қызметінің хабарламасында.

«Яндекс» компаниясы Қазақстанда ресми түрде 2009 жылдың 14 қазанында жұмысын бастады. Дәл осы күні «Яндекс» порталының қазақстандық қолданушыларға арналған нұсқасының таныстырылымы өтті. Ал 2016 жылдың 26 шілдесінде «Яндекс.Такси» алғаш рет Алматы қаласында қызмет көрсетуді бастады.  2020 жылы  тамызда бұл қосымша ресми түрде Yandex Go болып өзгертіліп, таксиден бөлек жеткізу мен тамаққа тапсырыс беру сияқты бірнеше сервисті бір жерге біріктірді. Былтыр Мәжіліс депутаттарының сұрақтарына жауап берген Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің өкілі қазіргі уақытта Қазақстанның ірі қалаларындағы такси нарығының шамамен 90%-ы «Яндекске» тиесілі екенін мәлімдеді. 2023 жылдың соңында аталған агенттік «Яндекс.Такси» компаниясына қатысты антимонополиялық тергеудің аяқталғанын хабарлады. Компания Қазақстанның цифрлық экосистемасын қолдау қорына ерікті түрде 3 миллиард теңге аударып, антимонополиялық комплаенс аясында бірқатар міндеттемелер алды.

инфографика: Gemini AI

Депутат Ләззат Жылқыбаева қазанның 14-інде өткен Құрылтай отырысында істен шыққан сервис мәселесін көтерді. Ол ҚР Бас прокуроры мен  Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министріне сауал қойды.

«11 қазанда қазақстандықтар «Яндекс» компаниясының кейбір қызметтеріне қол жеткізе алмады. Компания мұны шетелдегі инфрақұрылымның ақауымен түсіндірді. Министрлік қазақстандық пайдаланушылардың дербес деректері сақталатын серверлер ел аумағында орналасқанын мәлімдегенмен, кейбір компоненттердің Қазақстаннан тыс жерде екенін растады. Күн сайын азаматтардың телефон нөмірі, мекенжайы, жүріп-тұру бағыты мен төлем деректерін өңдейтін сервистің шетелдегі бір ақаудан тоқтап қалуы бұл деректердің нақты қай елде, қандай құқықтық режимде өңделетінін анықтауды талап етеді», – деді депутат. Сондай-ақ ол 11 қазандағы жағдайға байланысты дербес деректердің трансшекаралық берілу-берілмеу заңдылығын тексеру қажет деген ұсынысын айтты.

 ІТ маманы Нұрбол Ербосын: 

БІЗ ЦИФРЛЫҚ ТҰРҒЫДАН ТӘУЕЛСІЗ ЕМЕСПІЗ, ТӘУЕЛДІМІЗ

– Бұл оқиға бір нәрсені көрсетті: біз цифрлық тұрғыдан тәуелсіз емеспіз, тәуелдіміз. Тек бұрын оны байқамайтынбыз, өйткені бәрі жұмыс істеп тұрды. Ресейдегі дата-орталыққа соққы тиді, ал Алматыда адам такси шақыра алмады, таксист бір күн табыссыз қалды. Мыңдаған шақырым жерде болған оқиға біздің күнделікті өмірімізге осылай тікелей әсер етсе, бұл енді жай IT мәселесі емес, қауіпсіздік мәселесі.

Бірақ бір нәрсені дұрыс түсінген жөн. Цифрлық тәуелсіздік бәрін өзіміз жасау деген сөз емес. Әлемде ондай ел жоқ, Американың өзі чипті Тайваньнан алады. Мәселе тәуелділіктің болуында емес, оның бір нүктеге жиналып қалуында. Бізде миллиондаған адам қолданатын сервис бір компанияға, бір елге, бір инфрақұрылымға қарап тұр. Ол жақта бірдеңе сынса, бізде де тоқтайды. IT-да мұны single point of failure дейміз, яғни бір жері істен шықса, бүкіл жүйе құлайды.

Бұл мәселе бір күнде шешілмейді, бірақ нақты қадамдар бар.

Біріншіден, маңызды сервистерді тексеру керек: қайсы шетелге тәуелді, сыртқы сервер тоқтаса не болады. Миллиондаған адам қолданатын компанияларға елде резервтік жүйе ұстауды міндеттеу қажет.

Екіншіден, мемлекет қосымша жасамай-ақ, дерек беруші болуы керек. Кадастр, жол картасы, жөндеу жұмыстары, қоғамдық көлік деректерін ашық әрі тегін жарияласа, отандық компаниялар соның үстіне сервис құра алады.

Үшіншіден, бәсекені ашу. Төлем сияқты негізгі қызметтер әділ шартпен бәріне қолжетімді болса, нарықта бірнеше ойыншы пайда болады. Сонда біреуі сүрінсе, ел тұрып қалмайды.

Бәрін өзіміз жасаудың қажеті жоқ. Бізге бір жерде бірдеңе сынғанда тоқтап қалмайтын жүйе керек.

Ясипа РАБАЕВА

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Апта дайджесті: 08.10–15.10.2026

Аптаның ең көп оқылған материалдары — бір жерде. Оқымай қалғандарыңыз болса, назар аударыңыз! Көзқарас: Санжар Керімбай