//

Апта шолуы: журналистерге қандай қысым көрсетілді, желі қолданушылары неден сақ болуы керек?

142 рет қаралды
Апта шолуы: журналистерге қандай қысым көрсетілді, желі қолданушылары неден сақ болуы керек?
photo: Unsplash

Minber-Academy апта бойы журналистердің құқығына қатысты болған негізгі оқиғаларды шолуды жалғастырады. Бұл шолу 29 қазан – 4 қараша аралығын қамтиды.

Аптаның басты оқиғалары

1. RSF журналист Амангелді Батырбековті босатуды талап етті

22 қазанда Түркістан облысындағы Сарыағаш аудандық соты журналист Амангелді Батырбековті екі айға қамауға алды. Ол Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 73-3-бабы (жала жабу) бойынша 20 тәуліктік әкімшілік қамаудан босап шығып келе жатқанда ұсталған. Жаңа қамаудың ресми негізі жария етілмеді. Әріптестері мен Әділ сөз қоры бұл істі журналистің белсенді Құрал Сейітханұлын қолдап түсірген бейнесімен байланыстырады. Сейітханұлы 8 қыркүйекте үш жылға сотталған. RSF 29 қазанда Батырбековтің қамауға алынуын негізсіз деп атап, оны босатуды және қудалауды тоқтатуды талап етті.

2. Полиция «Уральская неделя» редакциясына келді

29 қазанда Оралда полиция «Уральская неделя» басылымының редакторы Тамара Еслямовадан түсініктеме алды. Оған Николай Карповтың жұбайының шағымы себеп болған. Шағым иесінің айтуынша, басылымның Instagram-дағы жазбасында сотқа дейінгі тергеу туралы жалған ақпарат болған. Редактор полицияға дереккөзін растайтын баспасөз қызметінің ресми жауабын көрсетті. Тексеру әлі жүріп жатыр.

3. Жалған шағымдар толқыны: Әділ сөз бен журналистердің парақшалары бұғатталды

27 қазанда Facebook авторлық құқықты бұзды деген шағым бойынша Әділ сөз қорының ресми парақшасын Қазақстанда шектеді. Бұл қордың Құрылтайдағы журналистерге қойылған шектеулер туралы жазбасынан кейін болды. Қордың мәліметінше, шағым иесі жалған тұлға болып шыққан, ал шағымда көрсетілген email бұғаттаудан бір күн бұрын ғана ашылған. Парақшаға қолжетімділік 30 қазанда қалпына келтірілді. 28 қазанда журналист Лұқпан Ахмедияровтың Instagram парақшасы бұғатталды. Бұл оның Facebook аккаунтын қалпына келтіргеннен соң екі күн кейін болды. 30 қазанда Instagram парақшасы қайта ашылды. 29 қазанда Санжар Бокаевтың адвокаты Артем Асқаровтың Instagram профилі де бұғатталды.

4. Сот журналистің ісінде жалған ақпарат таппады

Қостанай облыстық соты «Время» басылымының журналисі Стас Киселевті жалған ақпарат таратты деп әкімшілік жауапкершілікке тартудан бас тартқан бірінші сатыдағы сот шешімін өзгеріссіз қалдырды. Шағымды Қостанай қалалық білім бөлімінің бұрынғы басшысы Гүлсім Оразбаеваның адвокаты түсірген. Алайда ол журналистің мақаласында нақты не жалған екенін түсіндіре алмаған. Сот құқық бұзушылық дәлелденбегенін және қоғамдық тәртіпке қатер төндіретін жалған ақпарат жоқ екенін көрсетті. Шешім заңды күшіне енді.

5. Instagram-дағы 25 мың теңгелік жарнама 1,5 млн теңге айыппұлға айналды

Жамбыл облысында Instagram қолданушысы 2026 жылғы маусымда өз парақшасында букмекерлік кеңсенің жарнамалық бейнесін жариялаған. Бұл жарнама үшін оған 25 мың теңге төленген. Сот осы кеңсенің тауар белгісіне құқық иесі болып табылатын серіктестікке ӘҚБтК-нің 455-бабының 6-бөлігі бойынша, яғни букмекерлік жарнаманы қайталап таратқаны үшін, 1,5 млн теңгеден астам айыппұл салды. Апелляциялық алқа шешімді өзгеріссіз қалдырды.

Журналистер неден сақ болуы керек?

  • Сіздің материалыңызға шағым түсіп, полиция түсініктеме сұраса, асықпаңыз. Түсініктемені заңгердің қатысуымен беруге құқығыңыз бар. Дереккөзді растайтын құжаттарды (ресми жауаптарды, хаттарды, жазбаларды) алдын ала сақтап қойыңыз. Тамара Еслямова мен Стас Киселевтің жағдайы қолында бұлтартпас дәлелі бар ақпарат журналистің ең берік қорғанышы екенін көрсетті.
  • «Жалған ақпарат» деген айыппен іс қозғалса, шағым иесі нақты қай сөйлем жалған екенін көрсетуі керек. Талап қойылса, осыны дәлелдеуді сұраңыз.
  • Әлеуметтік желідегі парақшаларыңызға екі факторлы аутентификацияны қосыңыз, ал жарияланымдарыңыздың сақтық көшірмесін басқа жерде жүргізіңіз. Парақшаңыз бұғатталса, платформаға шағымданыңыз және Әділ сөз қорына хабарлаңыз. Қор бұғатталған парақшаларды қалпына келтіруге көмектесетін халықаралық ұйымдармен (Access Now, RSF) байланыс жасайды.
  • Қысым көрсеңіз, Әділ сөз халықаралық сөз бостандығын қорғау қорына немесе Құқықтық медиа-орталыққа хабарласыңыз.

Әлеуметтік желі қолданушылары неден сақ болуы керек?

  • Жарнама алмас бұрын оның не туралы екенін тексеріңіз. Букмекерлік кеңсе мен казино жарнамасына Қазақстан заңы бойынша шектеу қойылған. Мұндай жарнама үшін бірнеше мың теңге алып, кейін ірі айыппұлға және сот ісіне ілігуге болады.
  • Тексерілмеген ақпаратты таратпаңыз. Бас прокуратураның түсіндіруінше, жалған ақпарат таратқаны үшін ӘҚБтК-нің 456-2-бабы бойынша 20-дан 250 АЕК-ке дейін айыппұл салынады, ал қайталанса 15 тәулікке дейін қамауға алынуыңыз мүмкін.
  • Біреу туралы сын жазбас бұрын фактіні бұлтартпас дәлелмен растай алатыныңызға көз жеткізіңіз. Жала жабу мен ар-намысқа тию туралы шағымдар бойынша әкімшілік қамау да қолданылады.

Minber-Academy шолуы әр бейсенбі сағат 10:00-де шығады. Келесі шолу 12 қарашада жарияланады.

Парақшамызға жазылыңыз
Редакция участвует в сети «Все СМИ».

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар