Ел экономикасының доноры әрі 2,5 миллион астам тұрғыны бар Алматы түтінге тұншығып тұр. «Қазгидромет» 2025 жылы қала ауасының ластану деңгейін «жоғары» деп бағалады, ал көліктер ауаға жылына 100 мың тоннадан астам зиянды зат шығарады. Экопосттарға миллиондар жұмсалды, шырша егілді, жаңа ереже қабылданды. Сонда Алматының ауасы қашан тазарады?
Алматы – Қазақстандағы ең ірі қала. Ұлттық статистика бюросының соңғы дерегіне қарағанда, республика халқының 10 пайыздан астамы осы шаһарда тұрады. Жер көлемі жағынан әлемде 9-орындағы Қазақстан үшін бұл – аз көрсеткіш емес.
Күні-түні тіршілік бір саябырсымайтын қаланың экономикасы да осал емес. Республиканың жалпы ішкі өнімінің 20%-дан астамын қамтамасыз етіп отыр. Салыстырмалы түрде еліміздің мұнайлы өңірі Атырау облысының Қазақстанның жалпы ішкі өніміндегі үлесі 11 пайыздың айналасында.
Ел бюджетінің ең ірі доноры бола тұра Алматы қаласындағы таза ауа мәселесі күн тәртібінен түспей тұр. Атмосфералық ауа жай-күйінің мониторингін жүргізетін еліміздегі жалғыз мекеме – Ұлттық гидрометеорологиялық қызмет ұсынатын Қазгидромет-тің ресми мәліметі де көңіл көншітпейді.
«2025 жылы Алматы қаласының стационарлық бақылау желісінің деректері бойынша атмосфералық ауаның жалпы ластану деңгейі жоғары болып бағаланды, ол азот оксиді бойынша СИ=9,6 (жоғарғы деңгей) мәндерімен №5 ЛББ аумағында және ЕЖҚ=28% (жоғарғы деңгей) мәндерімен №2 ЛББ аумағында азот диоксиді бойынша ал атмосфераның ластану индексі (АЛИ=4,1) «көтеріңкі деңгей» болып бағаланды», деді «Қазгидромет» баспасөз хатшысы Аружан Мұратова.
ЛАС АУАНЫҢ АЛҒАШҚЫ ҚҰРБАНЫ – БАЛАЛАР
Автокөлік экологиясының сарапшысы Райдин Қасымовтың айтуынша, қаладағы лас ауадан зардап шегетін ең алдымен балалар.
«Тиісінше, осы ауамен тыныс алып, денсаулығымызға, ең алдымен балаларымыздың денсаулығына зиянды әсер аламыз. Өйткені ең сезімтал, ең көп зиян шегетіндер — бұл балалар… Әсіресе көлік туралы айтқан кезде, балалардың тыныс алу органдары жерге жақынырақ, ластаушы заттардың жер бетінде шоғырланады, нақтырақ айтсақ, балалар көліктің түтін шығатын құбырларына жақынырақ. Балалар ересектерге қарағанда жиірек дем алады, тиісінше, біз жай ғана көшеде серуендеп, жолдан өтіп бара жатқан кезде олар ластаушы заттардың үлкен мөлшерін демімен жұтады. Тротуар бойымен жүреміз, бұдан қашып құтылу мүмкін емес, өйткені бүкіл қала осы ластаушы заттардың әсеріне толық ұшыраған, тіпті олар таудағы мұздықтарға дейін жеткен. Сондықтан қаланың қай ауданында тұратыныңыз онша маңызды емес. Бұл ластаушы заттар, бұл зиянды әсер сізді кез келген жерден, яғни қаланың кез келген ауданынан тауып алады», дейді Автокөлік экологиясының сарапшысы Райдин Қасымов.
СЫРТТАН КӨЛІК КІРГІЗБЕУ: ШЕШІМ БЕ, ӘЛДЕ БОС ҮМІТ ПЕ?
Бұл мәселе жылдар бойы шешімін таппай келе жатқаны белгілі. Тіпті, еліміздегі ең бай шаһар бола тұра Алматыдағы ауа сапасын жақсарту неге мүмкін болмай отыр, деген сауал да туады. Алайда, қала басшылығы тарапынан ауаны тазартуға қатысты түрлі бастамалар мен мәлімдемелер жасалып жатыр. Соның бірін, Алматының экс-әкімі Ерболат Досаев та ұсынған болатын. Ол, қалаға сырттан көлік кіргізбеу туралы идеяны ұсынды. Әлбетте, бұл ұсынысты айтқан Досаев алғашқы әкім емес. Бірақ, дәл осы бастама Алматыны басқан көк түтінді сейілтуге көмек бола ала ма?
Алматы қаласы әкімінің жанындағы Қоғамдық кеңестің мүшесі Совет Сейітов мұндай бастаманы жүзеге асыру үшін қаланың ішкі инфрақұрылымы дайын болуы керек дейді:
«Бірақ, Алматыға сондай шеттен келетін машиналарды кіргізбеу үшін жағдай жасау керек, мәселен, Қасқелең, Талғар секілді Алматыға жапсарлас қалалардан келетін машналар үшін қаланың шетінде көлік тұрақтары болуы керек. Халық сонда көліктерін қалдырып, ЛРТ арқылы, метро арқылы қала орталығына қатынауы керек. Оның барлығын жасауға уақыт керек. Алайда, қазір қала халқының өзіне көлік тұрақтары жетпей жатыр», дейді Совет Сейітов.
«Мүлде қарсымын, бұл — қате. Қала сыртында тұрып, Алматыға күн сайын жұмыс істеуге келетін адам қала агломерациясының Жалпы Ішкі Өнімін қалыптастыруға қатысады. Әрбір адамның қалаға көлікпен кіруіне құқығы бар, бірақ көлігі ақаусыз болуы тиіс. Бұл – адал техбайқау жүйесі арқылы жүзеге асыруға болатын жалғыз әрі қарапайым талап», дейді Автокөлік экологиясының сарапшысы Райдин Қасымов.
«Әрине, ол халыққа ұнамайды. Бірақ, 30-35 жыл бұрын, Лондонда жасаған. Мысалы, халықтың орталығын жаяу жүргіншілер аумағы деп жариялап, көліктерді кіргізбеу. Бұл бір ұсыныс. Сосын, Қытайда әсіресе қалаға бір күні тақ нөмірлі көліктер, екінші күні жұп нөмірлі көліктерді кезекпен кіргізген. Бірақ, кейбір скептиктердің айтуынша, соны естіген адамдар бір емес, екі көлік ала бастаған», дейді саясаттанушы, қоғам белсендісі Асхат Асылбеков.
Алматыға жақын маңдағы Талғар, Еңбекші қазақ, Іле, Қаскелең аудандарынан көлік қалаға кірмесе, қаланың ауасы тазарып кетеді деген қисынсыз секілді, сену де қиын. Дегенмен, қала басшылығы құрғақ бастамамен де шектеліп отырған жоқ.
ФАНТАСТИКАДАН НАҚТЫ ҚАДАМҒА ДЕЙІН
Мысалы, қала аумағында, Іле-Алатауының шатқалдарында ағаш егу, шырша отырғызу секілді шаралар да жиі жүзеге асып жатады. «Алматы тау кластерін дамыту жобасы» аясында биылғы қазан айында ғана Алматы тауларында барлығы 4 мыңға жуық ағаш отырғызылған. «Көкжайлауда» 2 мың шырша, «Шымбұлақта» 500-ден астам Тянь-Шань шыршасы отырғызылды. Ал, «Кімасар» шатқалында 1,5 мың шренг шыршасын отырғызу акциясына «Minber» редакциясы да қатысып қайтты.
«Кімасар» шатқалындағы шырша егу акциясына Іле-Алатауы ұлттық паркінің бас директоры Елнұр Ахметов те қатысып, шыршаны дұрыс егу әдісін көрсетті. Алматы әкімдігімен бірлесе өтіп жатқан бұл шараның негізгі миссиясы да Алматының ауасын тазалауға сәл де болса, үлес қосу екен.
«Іле Алатауы таулары – Алматының өкпесі ғой. Негізі кешке қарай таудан төмен қарай жел еседі. Сол кезде жоғарғы жақтағы түтіндердің көбін төмен қарай желмен қуалайды. Бұл енді біздің экологиямызға нағыз керек дүние. Осылайша, таудағы таза ауа самал желмен түнде Алматы қаласына түседі», дейді Іле-Алатауы ұлттық паркінің бас директоры Елнұр Ахметов.
Әрине, Алматыға таудан салқын самал соғатыны рас. Алайда, қоғам қайраткері Асхат Асылбековтың айтуынша, Алматыда салынып жатқан биік-биік ғимараттар қаладағы ауа алмасуына үлкен кедергі жасап отыр…
«Бұрын, архитекторлар Алматыда салынатын құрылыстар 5 қабаттан аспауы керек екенін ескертетін. Ақсай ықшамауданы орналасқан төменгі тұсына 9 қабатты ғимарат салуға болады. Өкінішке орай, заманауи қала боламыз деп Алматыда көп қабатты ғимараттарды көптеп салып жатады. Олар көрініске әдемі болғанымен, экологияға қатты әсер етеді», – саясаткер, қоғам белсендісі Асхат Асылбеков.
Кейбір сарапшылардың пікірінше, Алматының экологиялық жағдайы саяси астары зор мәселе. Бұл сөзбен келіспеске шарамыз жоқ. Бір кездері биік мінберден экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев қаланың жоғары бөлігіне көп қабатты ғимарат салуға тиым салғаны да мәлім. Ал, эколог Мэлс Елеусізов қаланың екі басынан жел диірменін орнатайық деген ұсыныс айтса, өнертапқыш Алтай Айнабек күн сайын жасанды жолмен жаңбыр жауғызып, Алматының ауасын тазартуды ұсынған еді.
«Физика заңы бойынша жылу динамикасы бар. Яғни ыстық ауа жеңіл, суық ауа ауыр болады. Демек, түтін ыстық ауа, ол – жоғарыда тұрады ғой. Сол түтінді сорып алу үшін, Алматының үстінен 1-2 шақырым биіктікте, қалқып тұратын құбыр орнату туралы фантастикалық идеям болған еді», дейді қоғам белсендісі, саясаткер Асхат Асылбеков.
PhD докторы, тарихшы-ғалым Берік Ағыбаевтың сөзінше мұндай бастамалардың ғылыми дәлелі болуы тиіс. Бұрын тәжірибеден өткен, тиімділігі дәлелденген бастамаларды ғана қолдау қажет. Өйткені, мұндай жобаларды іске асыру қаражатты қажет етеді. Ал, қала бюджетіне әрбір тұрғын үлес қосады.
МИЛЛИОНДАР ЖҰМСАЛДЫ, ТҮТІН СЕЙІЛМЕДІ
Бюджет демекші, пандемиядан кейін, 2020 жылы қазан айында Алматы әкімдігі қала аумағында 19 экопост орнату туралы шешім қабылдаған болатын. Бұл туралы Minber.kz сайты да жазған еді. Бұл мақсатқа сол кезде шаһар бюджетінен 331 миллион теңге қарастырылған.
Бірақ, ол шара қолға алынғалы 6 жыл өте шықты. Алайда түтіннен арылған Алматы жоқ. Керісінше, шаһарды басқан көк түтін қоюлана түскендей.
«2025 жылы Алматы қаласының стационарлық бақылау желісінің деректері бойынша атмосфералық ауаның жалпы ластану деңгейі жоғары болып бағаланды, ол азот оксиді бойынша СИ=9,6 (жоғарғы деңгей) мәндерімен №5 ЛББ аумағында және ЕЖҚ=28% (жоғарғы деңгей) мәндерімен №2 ЛББ аумағында азот диоксиді бойынша ал атмосфераның ластану индексі (АЛИ=4,1) «көтеріңкі деңгей» болып бағаланды. Атмосфералық ауаның ластануының негізгі көздері: азот диоксиді (12309 рет), азот оксиді (2749 рет), РМ-2,5 қалқыма бөлшектер (2131 рет), күкірт диоксиді (1704 рет), көміртегі оксиді (898 рет), РМ-10 қалқыма бөлшектер (772 рет), озон (77 рет), қалқыма бөлшектері (шаң) (28 рет), бенз(а)пирен (1 рет) бойынша ең жоғары бір реттік ШЖШ арту саны байқалды», дейді «Қазгидромет» баспасөз хатшысы Аружан Мұратова.
АЛМАТЫНЫ НЕ ЛАСТАП ЖАТЫР?
Қарапайым сөзбен айтқанда, жалпы Алматыны не ластап жатыр?
«Алматы қаласы үшін, оған ұқсас көптеген мегаполистер сияқты, ластанудың негізгі көзі — автотранспорт. Үлес салмағы бойынша екінші орында — энергетика, көмір генерациясы, ЖЭО және, тиісінше, газдандыруға қосылмаған, жылытылмайтын жеке сектор тұр. Сондай-ақ шағын дәмханалар, кәуапханалар, қатты отынды пайдаланатын әртүрлі қоғамдық тамақтану орындары сияқты есепке алынбаған өзге де көздер бар. Сондай-ақ өз шаруашылығында отын, көмір пайдаланатын жеке сектордың моншалары мен бизнес моншалары да бар. Тиісінше, мұның бәрін жаққан кезде ластаушы заттардың, қатты бөлшектердің, газ тәрізді қосылыстар түтін болып, ауаға тарайды, Осылайша, ауаны ластайтын шамамен 60%-ы — көлік, 30%-ға жуығы — ЖЭО, ал қалған 10%-ы — шығарындылардың өзге де көздері», — Автокөлік экологиясының сарапшысы Райдин Қасымов.
ЕЛДЕГІ АЛҒАШҚЫ ЕРЕЖЕ: ТАЗА АУА АЙМАҒЫ МЕН АДАЛ ТЕХБАЙҚАУ
Ал, 2025 жылдың соңында Алматы қаласының мәслихаты Қазақстанда алғашқы болып, қаланың ауасын біртіндеп тазарту және экологиялық талаптарды реттеуге мүмкіндік беретін «Атмосфералық ауаны қорғау жөнінде ереже» бекітті. Онда қала аумағында қатты отын немесе дизель тұтынуға тиым салу, қала ішінде біртіндеп таза ауа аймағын құру, автокөліктерді арнайы жабдықталған орталықтарда техникалық тексеруден өткізу туралы талаптар бар. .
Осы құжатқа сәйкес, қаладағы автокөліктер жылына 100 мың тоннадан астам зиянды зат шығаратыны анықталды. 2025 жылғы мәліметке сәйкес, ауаға тарап жатқан осы зиянды заттардың басым бөлігі ескі көліктерге тиесілі. Осы ереже авторларының бірі, Автокөлік экологиясының сарапшысы – Райдин Қасымов. Ол 6 жылға жуық, қалада орнатылған экопосттарда мониторинг жүргізетін мамандарды даярлаумен айналысты. Айтуынша, экпосттардың жұмысы нәтижесіз болған жоқ.
«Бізге қалаға күн сайын шамамен 400 мың автомобиль кіреді. Міне, солардың арасынан біз бастапқыда жылына шамамен 25 000 ақауы бар көлікті тіркейтін едік. Қазір біз оны шамамен 10%-ға дейін, яғни екі еседен астамға төмендеттік. Тиісінше, біз әр жыл сайын Алматы қаласының атмосферасына дәл автотранспорттан келетін шамамен 20 000 тонна зиянды заттың ауаға таралуының алдын аламыз», дейді Райдин Қасымов.
Ал, егер көліктен шығатын түтінді толық мониторинг жасайтын Техникалық байқау орталықтары өз жұмыстарын жүйелі жасаса, қалада ауаға тарайтын зиянды заттардың үлесін тіпті 90 пайызға дейін азайтуға мүмкіндік бар дейді сарапшы.
Оның айтуынша, техбайқау желілерінің әлеуеті қаладағы көліктің 100 пайызын тексеруге жетеді. Яғни жылына 800 мыңнан 1 миллионға дейін көлікті тексеруге болады. Сол кезде Алматыдағы ауаға тарайтын зиянды заттарды жылына 20 000 тоннаға емес, 80 000 тоннаға дейін, яғни 90 пайызға жуық азайтуға болар еді.
Алматыда 2026 жылдың 1 қыркүйегінде арнайы техникалық байқау орындары пилотты жоба ретінде іске қосылды.. Сонымен қатар, «Атмосфералық ауаны қорғау жөніндегі» ережеде көліктерге арнайы катализатр қою туралы да талап бар.
«Әрине, бейтараптандыру жүйелері де бар: катализаторлар, датчиктер, электронды блоктар. Бірақ катализаторды ақауы бар қозғалтқышқа орнатсаң, көліктен көк түтін шықпайды деп ойлау – үлкен қателік. Ақауы бар қозғалтқышта катализатордың еш пайдасы жоқ, өйткені ондағы химиялық реакциялар оттегі балансына тәуелді. Ең бастысы – техникалық қызмет көрсетуді және күйеден тазартуды қажет ететін қозғалтқыш», — дейді Автомобиль экологиясы жөніндегі сарапшы.
Осылайша, Алматыдағы ауа сапасының проблемасы – әкімдіктің ақша бөлуіне немесе акция жасап шырша отырғызып, тал егуге қарап тұрған мәселеге мүлде ұқсамайды. Бұл әрбір қала тұрғынының, көлік жүргізетін әрбір жанның жауапкершілігі іспеттес.
Риза Тұрдақынқызы,
арнайы “Мінбер” үшін
