Хорватияның Загреб қаласында өтіп жатқан дзюдодан әлемдік Гран-при турнирінде Қазақстан құрамасы жарыстың алғашқы күнін аяқтады. Отандастарымыз бір алтын және екі күміс медаль иеленді.
Күннің басты жетістігі – 66 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Нұрқанат Серікбаевтың чемпиондық атағы. Ол финалдық белдесуде бразилиялық Роналд Лимамен кездесіп, қарсыласын иппон әдісімен мерзімінен бұрын жеңді.

Нұрқанат финалға дейін төрт белдесу өткізіп, барлығында жеңіске жетті. Іріктеу кезеңдерінде бразилиялық Кристиан Силва мен аргентиналық Минору Тамашироны жарыс жолынан шығарды. Ширек финалда португалиялық Мигель Нери Гагоны, жартылай финалда италиялық Валерио Аккоглиді жеңіп, ақтық сынға жолдама алды.

Қазақстан құрамасы тағы бір алтын медалға сәл жетпеді. 48 келіге дейінгі салмақта белдескен Ғалия Тынбаева финалға дейін төрт қарсыласын жеңіп, шешуші кезеңде италиялық әлем чемпионы Ассунта Скуттомен кездесті. Тартысты белдесуде қарсыласына есе жіберген отандасымыз күміс жүлдегер атанды.
60 келіге дейінгі салмақта Аман Бақытжан да финалға дейін сүрінбей жетті.

Ол жарыс барысында Үндістан өкілі Хараш Синхті, израильдік Ариэль Шульманды, ширек финалда украиналық Дильшот Халматовты және жартылай финалда словениялық Дэвид Старкелді жеңді. Алайда финалда Токио Олимпиадасының күміс жүлдегері, Тайпей өкілі Янг Юнг Вэйден жеңіліп, күміс медальді қанағат тұтты. Бұл – спортшының мансаьындағы гран-при турнирлеріндегі алғашқы жүлдесі.
Осылайша, Қазақстан құрамасы Загреб Гран-приінің алғашқы жарыс күнін бір алтын және екі күміс медальмен қорытындылады.
Айта кетейік, халықаралық додаға 66 елден 462 дзюдошы қатысуда. Турнир 15 қарашаға дейін жалғасады.
Түгелбай Бисен
Парақшамызға жазылыңыз
