Ұлттың рухани көсемі

8877 рет қаралды
1

Азат елде азат ойлы тұлғалар болуы керек. Бірақ, өкініштісі сол, біздің қоғам кешегі елесінен,А.Б бодандық елесінен қол үзе алмай отыр. Отарсыздандыру саясатының жолға қойылмауы салдарынан, біздің ұрпақ әлі күнге дейін өзін Ресейдің бір бөлшегі ретінде сезінеді.

Егер, сізден ұлттың ұлы тұлғалары жайында сұрай қалса, ханның да, қараның да, дананың да, баланың да ауызға ілігері – Абай. Одан өзге қазақта пассионар тұлға болмағандай. Бүгінгі ұрпақ Қазақ хандығының негізін қалаған Керей мен Жәнібекті білмейді. Біреуін – Қазақтың орта жүзінің руымен шатастырса, екіншісін – әз Жәнібектен кейін тарих сахнасына шыққан қазақтың сансыз Жәнібек батырларының бірі деп қабылдайды. Өйткені, бұл тұлғаларды дәріптеу, ұлықтау былай тұрсын ауызға алу да сирек. Қазақ тәуелсіздігінің 18 жылы артта қалып, 19-шы жылы қылаң бергенде, айтулы хандарымыздың атында көше де, есі түзу ескерткіш те жоқ. Ал, Қазақтың бүгінгі территориясы мен тәуелсіздігіне жол салып берген Алаштың ерен тұлғалары да атаусыз қалып барады.

Алашорда қозғалысы – Қазақ хандығынан кейінгі, Қазақ мемлекетшілдігі тарихында орасан зор орны бар қозғалыс. Өткен ғасырдың 90-шы жылдарының басында Алаш қозғалысын зерттеу, Алаш қайраткерлерін ұлықтау ісіне кәдімгідей ден қойылған еді. Бірақ, неге екенін қайдам ХХІ ғасырдың алғашқы он жылдығы бұл тұлғалардың да көмескіленуіне жол салды. Сөйтіп, Алаштың Әлиханы, алаштың Ахметі, Алаштың Дулаты, Алаштың Міржақыбы, Алаштың Жүсіпбегі бүгінгі жас буын үшін елеусіз тұлға боп қала беретін түрі бар. Алаш қайраткерлерінен гөрі, бізде кешегі партократтарды дәріптеу ісіне көбірек маңыз берілетін болды.

Мәселенің тоқ етері – 15-қаңтар Алаштың біртуар азаматы, Қазақ баспасөзінің негізін салушы, Қазақ әліпбиінің реформаторы, Алашорда партиясының жетекшілерінің бірі –Ахмет Байтұрсынұлының дүние есігін ашқан күні. Қазақтың саяси және рухани тарихында алар орны ерекше Ахмет Байтұрсынұлының туған күні жайында әлі күнге дейін ғылыми бірізділік жоқ екен. Кейбір деректер Ахаңның туған күнін 4-қыркүйек десе, кейбір деректер 15-қаңтарды меңзейді. Бірақ, қалай дегенмен де, Ахмет Байтұрсынұлы секілді азат ойшыл тұлғаларымыздың дүние есігін ашқан күні мемлекет және қоғам қайраткерін еске алып, оның қазақ тарихындағы алар орнын таразыға тартып жатқан ешкім байқалмайды.

«Сөзі жоғалған елдің – өзі де жоғалады» деп қазақты рухани күреске шақырған Ахаң «Ұлтшыл болу – ұлтын сүю» дегенді шегелеп айтқан екен. Бүгінгі мемлекет қайраткерлеріміз өлердей қорқатын осы бір ұғымның әзірейіл көрінетін ештеңесі жоқ екенін Ахаң әрбір қазақтың санасына құйып бергендей-ақ. Ұлтын сүю – елін, халқын, мемлекетін сүю. Біздің бүгінде тонын айналдырып «патриот» деген терминмен алмастырып алған «ұлтшыл» деген киелі ұғымның санамызда қайта жаңғыратын күні болар ма екен?! Ұлты үшін басын бәйгеге тігуге бар Алаш көсемдерінің рухани ісін жалғастыруға бел шешіп кірісетін тәуекелшіл тұлға қайда?

Осындайда қазақты ояту үшін қолында бар байлығы – білімін қару еткен бабаларымыздың ерен ісі көкейде жаңғырығады. Ахаң – ұстаз, Ахаң – философ, Ахаң – публицист, Ахаң – педагог, Ахаң – ғалым. Қазақтың ертеңі үшін жаны шырылдаған ұлт көсемдері – қазақ тілінде оқулық жазды, қазақ әліпбиін жасады, Қазақ тілінде газет ашты, «Маса» болып ызыңдап шырт ұйқыда елді оятуға күш-жігерін жұмсады. Ақыр аяғында осы жолда өздері құрбан болды. Ал, сол Ахаңдардың бүгінгі ұрпағы бабаларының аманатын қалай іске асырып отыр? Ол жағы беймәлім, әрі үрейлі. Рухы кембағал, өз қағынан жерініп, өзгенің қаңсығын таңсық еткен дүбәра ұрпақтың бүгінгі беталысы кім-кімді де алаңдатады.

Алаш көсемдерінің, ұлттың рухани көш басшыларының аманатына қиянат етпеу үшін бүгінгі ұрпақтың көкірегіне сәуле түсіріп, санасына шам жағып, халықтың ертеңін баянды етер, ұлттық рухы мықты, ділі күшті ел болуға жұмыла кірісуіміз керек. Сонда ғана Ахаңдарды аруағы тыныш жататын болар, сірә!

Е. Байнұр.

Парақшамызға жазылыңыз

1 Comment

  1. Дені дұрыс мақала! “есі түзу ескерткіш те жоқ”. Есі түзу еркегі жоқ елден ненің есі түзу ескерткіші болады. Балалық!

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі