«Қылмыс» және тарихи шындық

1197 рет қаралды

IMG_67742009 жылдың 24 қараша күні Халық жазушысы Қабдеш Жұмәділовтің мұрындық болуымен, Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының «Атажұрт» баспа орталығынан 2000 данамен жарыққа шыққан алты томдық «Қылмыс» романының тұсаукесері болды. Біз шығарманы тарихи деректерменсалыстыра сараптай кетуді жөн көріп отырмыз.
Алты томнан тұратын «Қылмыс» романы, автордың жеке басының өмірі ғана емес, XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың сексенінші жылдары арасындағы оқиғаларды, яғни бір ғасырды тілге тиек еткен кесек туынды. Автордың бұдан басқа да көптеген шығармалары бар. Алайда, өзіндік қолтаңбасымен, оқырман қауымына айырықша әсерімен жеткен бұл шығарманың алатын орыны бөлек. Шығарманы мемуар деуге толық негіз бар.
Авторымен қоса ұзақ жыл қамауда болған, көркемдік жағынан болмаса да, тарихи құндылығының шексіздігі жағынан дара, шығармада кейбір кейіпкерлердің аты өзгертіліп, кейбір тұлғалардың аты өзгеріссіз енгізілген.
«Қылмыс» романының алғашқы беті Қабдеш Жұмәділовтің беташар сөзімен ашылған. Қажығұмар Шабданұлы романды жазу алдындағы кірісу деген тақырыбы «1968 жылдың басы» деп басталады. Романды жазуға кірісуде өз басына төнген қауіп-қатердің қандай екенін көрсетіп береді: «Тергеу сұрақтары мен қинау да күн сайын төлдеп, өрбіп келе жатқан болатын. Және бұл өңірде, әсіресе орталығы Үрімжіде таяудан бері саяси қылмыстың құрсағы құр жатпай, итше күшіктейтін болып кеткен ғой. Күшіктері де түсе салып ырылдап, түн аса өзі де күшіктей салатын болған жоқ па! Ал, «ақталу», «жеңілдеу» деп аталатын бейуаз жануарлардың ата-енесі қыс аспай қырылып, қозылары қошақансыз – бедеу қалғалы қашан». Бұдан шығарма авторының тағдырының тауқыметті кезеңді басынан өткізгенін аңғаруға болады. «Қылмысыңды тездеп тапсыр» деген тергеушіге айтқан уәжінен де оның нақақ жаланың құрбанына айналғанын сезуге болад: – «Мап-мақұл! Қылмыскер әкем көзін ашқаннан бастап өткізген қылмысын, өз көзімді ашқаннан бергі қылмысымды бірін қалдырмай кино картинасындай тізіп өткізейін!… Бірақ, сізден өтінер үш түрлі ісім бар: бірі, менің үстімнен материал жазғандарға да «өтірік материал жазсаң, қылышты тас төбеңнен ұрамын» деп, «мен саған айтып қояйын» деп қадағалап ескертіп жаздырыңыз! Әр сатыдағы қылмысымды мен де осылай бастайын. Мәселенің шын болуы, сіздің басыңыздың ашымауы үшін де, менің қиналмай өлуім үшін де жақсы», –дейді.
Алты томнан тұратын романның алғашқы томының бірінші бөлімі «Туған апан» деп аталады. Бұл бөлімде автордың ата-тегі тарқатыла баяндалады да, негізгі оқиғаны өз әкесінің өмірімен сабақтастыра суреттейді. Романның басталуынан-ақ ащы ажуаға толы сөздер жүз беріп отырады: « – Айыпқа бұйырмасаңыз, қылмысты тез мойындату жайлы кеңес бергім келеді: қырсық сізбен кәсіптес әулие ғой. Қырсықты құдай тағала іске салады да, сізді үкімет іске салады. Парықтарыңыз сол ғана. Былайша айтқанда сіздің сиынар піріңіз қырсық болуға тиісті. Себебі, ол тарихтан бері барлық сорлы «сойқандардың» қылмысын мойынына артып, жазалап келе жатқан, өте тәжірибелі әулие» деп кекесінді тіл қатады.
Жазушының бұл шығармасы – тарихтың айнасы. Бір ғасырды (ата, әке, бала тағдырларын) тарихпен ұштастыра баяндаған. Енді өз тарихымен сабақтасып, жатқан сол кезеңдегі тарихтың қасіретті қатпарларына назар салып көрелік: 1933 жылы Кеңес одағының қолдан жасаған ашаршылығы, яғни Қазақстандағы қазақтардың басына келген зобалаңды тілге тиек еткен. Ашаршылықтың қысымымен жат топыраққа ауып барған қазақтар тағдыры баяндалған. Ауған елдің де тағдырының қыл үстінде болғанын, ол жерде де ашаршылық пен жалшылықтың құрығына ілінгені бейнеленген. Оны жазушы өз отбасының тағдыры арқылы шебер бейнелеп берген. Сонымен бірге өздері ауып барған Шәуешекте болған оқиғалар да, жазушының қаламынан тыс қалмаған. Олар Бор батыр (дүңген) бастаған көтеріліс пен 1933 жылдары болған Ма фамилиялы дүңген бастаған дүңген мен қытайлардың соғысы. Бұл соғыс та, ауып барған елді әбігерге салып, торғайдай тоздырғаны белгілі. Оны романдағы бір үйлі жанның, жүктерін екі ешкіге артып алып, алаяқтардың алдауына түсіп, Шағантоғай мен Дөрбілжіннің ортасындағы жаяу сенделісінен байқауға болады.
Сонымен бірге 1940 жылғы Шың Шысайдың зұлымдығы да қағыс қалмады. Өйткені ол, әр ұлт зиялыларын зор жиналыс деп Үрімжіге жиып алып түрмеге тоғытатындарын тоғытып, өлтіретіндерін өлтіріп отырған. Кеңес одағы қолданған 1937 жылдың зор қырғыны, Қытайда гоминдаң билеушісі Шың Шысай тарапынан 1937-1940 жылдары жүзеге асырылып, оқыған қазақ зиялыларын (Шәріпхан, Ақыт, Таңжарық, т.б) және басқа да аз ұлт оқымыстыларының көзін жойып отырғаны белгілі. Оған жазушының ұстазы болған Елсадық атты кейіпкердің тағдырын тілге тиек етуге болады. Сондай-ақ, Қытай ұлттық үкіметіне қарсы Шығыс Түркістан ұлт азаттық көтерілісінің алғашқы алауы Алтайда басталып, Құлжа мен Тарбағатайға ұласқанын, Оспан батыр бастаған көтерілістің алауы үлкен жеңіспен аяқталғанын, алайда оның, өзі әперуге күш салған азаттықтың құрбанына айналып қалғанын да тілге тиек етеді. Өзінің Үрімжіде оқып жүргенде, Қытай ұлттық үкіметіне (гоминдаңға) қарсы ұйымға қатысып түрмеге қамалғанын, соңында аман шығып, Шығыс Түркістан ұлт азаттық көтерілісінің ең ауыр болған Шиху көтерілісіне ат салысып, зор міндет атқарғанын да баяндайды.
Азаттықтың ақ таңы атып еңсеміз көтеріле ме екен дегенде, «Барлық гүл шешек атсын, барлық тіл жабыла сайрасын» деген ұран шығып, оның арты «стиль түзету» науқанына ұласып, «Зор секіріп алға ілгерлеу» науқанымен жалғасып, соңы «Мәдениет зор төңкерісімен» аяқталғаны суреттеледі. Жоғарғы жайттардың барлығына қарап отырсақ, астарында қанқұйлы саясаттың жатқанын аңғаруға болады. Қытай тәуелсіздік алып, билік компартияның қолына өткеннен кейін де, арандатушылықтың аяусыз жүріп жатқанын білуге болады. Оған дәлел Қытай ұлттық үкіметі (гоминдаң) оқыған қазақ зиялыларын бір қырса, ал, компартия басшылары тағы да бір қырғынға ұшыратты. Енді 1958-1978 жылдар арасында болып өткен зор әпербақан саясаттың қазақтарға жасаған қанқұйлылығына жіпселеп назар аударып көрелік: «Барлық гүл шешек атсын, барлық тіл жарыса сайрасын» деген атпен жүзеге асқан ұранның астында үлкен саясаттың жатқанын романда аңғарта баяндайды. Дәл осы ұранның жүргізіліп жатқаны, Қытайда ұлттық автономияның жүзеге асып жатқан тұсына тура келеді де, Шыңжаңдағы бір автономиялы район және жекелеген облыстардың құрылуы да осы кез. «Партия қандай да бір сайрауға кедергі жасамайды, мейлінше сөйлеп, өз ойларыңды айтып қалыңдар», – деп, газет-журнал беттеріне ашық шығуға үндеу тастайды. Осы кезде тәуелсіздікті талап еткен жағдайлар да, жиналыс сайын сөз бола бастайды. Секіріп ортаға шыққан ұлтшыл азаматтарды анықтап алады да, «стиль» түзету науқанында шоқпарды солардың басына ойнатады. Алдында ашылып сайраған өз тілдерін өздеріне шоқпар етіп індете соққылайды. «Зор секіріп алға ілгерлеу» саясаты да, үлкен көзсіздік болады, болат қорытуға барлық халықты жұмылдырады да, ауыл шаруашылығы мен мал шаруашылығы жайында қалып, 1958 жылғы ашаршылық басталады. Ең сорақысы – он жылға созылған «Мәдениет зор төңкерісі» болды. Бұл қазақтар үшін үлкен трагедия еді. Өйткені 1962 жылғы елдің қазақ топырағына, яғни Қазақстанға жапа тармағай ауа көшуі, артта өтуге үлгірмей қалған, шекарадан алыстау орналасқан қазақтар үшін қиын жағдайдың басталуы, әсіресе, оқыған қазақ зиялылары үшін үлкен қырсық, зор қырғын болды. Бұны жазушының өз басына тағылған «жерлік ұлтшыл», «оңшыл», «шетпен астасқан тыңшы» және т.б айдарлардың тағылғанынан байқауға болады. Автор өз отбасының трагедиялы халін жазу арқылы, оқыған көзі ашық басқа ұлт зиялыларының тағдырымен ұштастыра суреттейді. Жазушы мұндай ауыр жағдайдың тууына қазақтар арасындағы ру аралық араздықтың тікелей себеп болғанын, қазақтың ең әлсіз жерінен ұстаған Қытай билеушілері өзін, өзіне салып құртуға, ұлт зиялыларының көзін жойып, өзінің құлақкесті құлына айналдыру үшін жасаған зор арандатушылығын, «Қазақтың жауы – қазақ» деп көрсету арқылы өз қолдарымен от көсетуге әрекет жасаған істерін ашық баяндайды. Оны жазушы атын өзгертпей романда қолданылған Долан әкім отбасының трагедиялы қалінен байқауға болады. Шығарма да ол былай суреттеледі: жандайшаптардың «Долан әкімнің басы деп, дағарға оралған иттің басын әйелінің алдына тастай салып, оны жындандырып жіберуі» т.б оқиғалар. Тізбектеп жаза берсең, адам төзгісіз қинаулар мен жазалауларды да кездестіруге болады. Қазақта «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» деген дана мақал бар. Алайда, сол кездегі қатігез жандайшаптар әкесінің күнәсіз екенін айтып зар жылаған қыздың тілін де кесіп алып, қорлықпен мүгедекке айналдырып қойғанын да романда тілге тиек етеді. Тіпті Тарымнан қашып шығып түрмеге қамалғанда, «Азаттық үшін күрескен үш аймақ төңкерісінде қанша қытай өлтірдің?» деген қитұрқы сұраулардың да қойылып қалғанын суреттей кетеді. Жалпы, жоғарыда романдағы баяндалған оқиғаларды тізбектеп көрсетудегі автордың түпкілікті мақсаты – «өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деген халық даналығын ту ету. Оны автордың өз сөзі арқылы беріп көрелік: «Кіндік кесіп кір жуған жерім, туған елім, сендерден айырылып не көрмедім! Талап тілегімнің жалғыз шырағы, тіршілігімнің жаны – туған елім, атамекенім, көзіме бір көрінбей қалар ма екенсің өстіп! Отаным!».
Жазушы түрмеден үш рет қашқанда да, Қазақстанға өту ниетінде болады. Тіпті, романның ең соңғы томының, ең соңғы беттерінде қиялының жетегіне еріп атажұртқа ат басын тіреп, туған-туыс, ел-жұртымен аман-есен қауышқандай етіп бейнелейді. Романның басынан аяғына дейін оқып отырсақ, айтылатын негізгі ой, әлемдік деңгейде көтерілгенін байқауға болады. Отарлаушы елдердің асқан әккілігін, бодан болған халықтардың тартатын тақсіретін, Отансыз ғұмырдың азап пен тозаққа толы болатынын, көкірекке толған қуаныш пен шерді айту үшін де Отансыз тағдырың құрдымға әкететінін айтады. Қажығұмардың қылмысы, «шындықты жасырмай айтуы» мен жабулы күйі қалған алып империяның қатігез қылмысын тайсалмай ашуы, қазақ халқын, береке-бірлікке шақырып, бір тудың астына жиналып бар қазақ, бір қазақ болса екен деген ізгі тілегі екенін аңғаруға болады. Әрине, бұндай асыл ой билеуші елдер үшін қылмыс болып табылатындығы бұлтармас шындық.
Жазушының бұл шығармасының соңғы томы жиырма екі жыл түрмеде жатып, ақталып шыққан кезеңімен аяқталады. Қырық жылдан астам түрмеде жатқан Қажығұмар Шабданұлының соңғы он үш жылы (1986.12-2000) мен мырза қамақта отырған кезеңдерінің барлығын жазушының қаламынан құрыштай құйылып жатқан «Төте қырсық» романынан оқи аламыз деген тілектеміз.

Набиолла Насихат

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі