“Үкімет э-тендерді орысша жүргізді”

667 рет қаралды
2

Орталық Азия елдеріндегі Интернеттің дамуы атты конференцияда ҚР Парламент мәжілісінің депутаты Мұрат Әбенов интернеттегі қазақ тілі мәселесі кең көлемде талқыланбайтынына баса мән берді. Қазақстанмен көршілес жатқан елдердің интернет мамандары жиналған басқосудың бір бөлімі Интернеттің Орталық Азия тілдерінде дамуы деген тақырыпқа арналды.

депутатӨзінің баяндамасын парламент мәжілісінің депутаты «Қазақстанда 30 000 сайт бар. Оның тек 300-і ғана қазақ тілінде», – деп бастады. Қазақ тілді ресурстардың аздығы техникалық кедергілермен түсіндірілді. Ауылдық жерде тұратын ағайынға, яғни қазақ тілді қолданушыға ғаламтор мүмкіндігі жете қоймады. Мемлекеттік сайттардың өзінде тіл теңдігі сақталмайтынына тоқталған Мұрат Әбділәмитұлы: «Үкіметтік сайттарда мәліметтің тек аздаған пайызы қазақ тілінде. Электронды сатып алу туралы порталдың тек интерфейсі ғана қазақ тілінде де, ішкі мазмұны орыс тілінде» деп биліктің өзі веб ресурстардың мемлекеттік тілде дамуына салғырт қарап отырғанын сынап өтті.

«Осы себепті электронды сатып алу тендерінің бірде бірін заңды дей алмаймыз. Себебі мәліметтер бір жақты, яғни орыс тілінде таратылды. Әрине, барлық нәрсеге түсіністікпен қарауға тырысамыз. Маман жетіспеушілігі де байқалады. Әйткенмен, «Тілдер туралы» заңға сәйкес мәліметтер екі тілде қатар берілуі керек еді», дейді ол қазақшаланбаған ресурстардың қарапайым азаматтардың мәлімет алу құқығын шектеп отырғанын меңзеп.

Қызылорда облысынан сайланған депутат Парламентте «Электронды сауда» заң жобасы қарастырылып жатқанына көпшіліктің назарын аудартты. Бұл заңда мәлімет әуелі қазақ тілінде, сосын орыс тілінде болуы керек деп ұсыныс айтушылар бар. Себебі егер азаматтар қазақ тілін білмесе, онда олар елдің экономикалық-саяси жағдайынан тыс қалады. Осыған орай Мұрат Әбенов: «Мен Қызылорда облысынанмын. Қаласақ та, қаламасақ та ол жерде орыс тілін білмейтін тұтас буын өсіп шықты. Оларды сонда қазіргі өркениеттен шеттеміз бе?» деп интернеттің қазақтілді бөлігін дамытудың өзектілігі күннен күнге артып келе жатқанына мән беруге тырысты.

Депутаттың пікірінше, мемлекеттік деңгейде қолданылатын бағдарламалар ашық кодта жұмыс істемейтіні де интернеттің қазақ тілінде дамымауына тұсау болуда. Мұрат Әбенов өз сөзінде парламенттегі компьютерлердің барлығында бағдарламалардың орыс тіліндегі нұсқасы қондырылғанын жасырмады. Сонымен қатар белгілі бір заң жобасы талқыланғанда әлдебір компанияның мүддесі күйттеушілер табылатынын мойындады. «Электронды үкімет құжатында қазірдің өзінде белгілі бір компанияның бағдарламасына басымдық берілуі керек деген ойлар айтылуда. Бұл дұрыс емес тәрізді», – дейді ол.

Мемлекеттік тапсырыс бойынша бағдарлама жасалып жатқаны жасырын емес. Конференцияға қатысушылар салық төлеушілердің ақшасы мемлекеттік интернет жобаларға жұмсамауы керек деп өз қарсылықтарын білдірді. Бюджет қаржысы есебінен пайда болған мемлекеттік желілерде де қазақ тілі ақсап жатыр. Бұған орай ҚР Парламент мәжілісінің депутаты мынадай мысал келтірді: «Kaztube-қа кіріп: «Әнұран» деп іздесеңіз мәлімет тауып бермейді. Шетелге шыққан спортшыларымыз жүлделі болып, интернеттен қазақ тілінде әнұран іздеп таппай қалды».

Екі күнге созылған Орталық Азиядағы Интернеттің дамуы атты форумға қатысушылар қазнеттің қазақ тілінде дамуына бірнеше факторлар кедергі келтіріп отырғанына баса мән берді. Олардың арасында компьютерлік сауаттылықпен қатар, қазақ тілді қолданушылардың өздері қазақ тіліндегі ресурстарды дамытудан гөрі ресейдің интернетіне жіпсіз байлану да айтылды.

Асхат Еркімбай

суретті түсірген: Темир Укушев

Парақшамызға жазылыңыз

2 Comments

  1. Мұрат бауырым дұрыс айтады. Сұраныс тек қазақ тілінде берілуі қажет. Оны жасауға тапсырыс берушінің қалтасы көтереді және қазақ тілін білуге ынтасы артады.

  2. билікті қолдарына ұстап отырған ағаларымыз әле тоймай жатыр ғой! Тойғандарының көздерін шел басқан! Тіл, ұлттық мәселені ойлайтын уақыт жоқ оларда!

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі