/

Құтты жаратылыс

804 рет қаралды
4

 

Ғаламның Рақым Нұрының жаратылысы – тұтас адамзаттың да жаңадан туылғаны деп саналады. Оның жер жүзіне қадір-қасиет алып келген құтты күндерге дейін ақ пен қараның, түн мен күннің, тіпті гүл мен тікенектің де ешбір айырмашылығы жоқ-тұғын; дүние тұтасынан құлазыған зиратқа айналғандай еді, ал тіршілік аласапыран хал кешті… Оның зат атаулыға бояған нұр-шуағының арқасында зұлмат зиядан (жарықтан) ажырады, түн күндізге өзгерді; ғалам сөзбе сөз, әрбір сөйлемімен, әрбір тарауымен оқылатын мәні терең кітапқа айналды… және барлығы мен баршасы қайтадан тірілгендей болып, шынайы өз құнына қол жеткізді.

Иә, Оның жаратылысы мен жер-жаһанға қадір-қасиет алып келуі – ғаламдық ғажап оқиға және жер мен аспан әлемі үшін ұланасыр құбылыс болды; сол сияқты адамзаттың қайтадан тірілуі деп те есептеледі. Ол әлгі жаһанды жарқыратып нұр шашқан қолдағы иләһи хат-хабарымен жер бетіндегі өмір жүйесін көк жүзілік рухани құндылықтарға қарай жаңадан ретке келтіріп, жаратылыстың арғы жақтағы ақиқаттарға аудармашы болып, зат пен оқиға атаулыға жаңа тәпсір мен жаңа талдау қалыптастырған күнге дейін тіршілік тұтасымен мағынасыз және жансыз-ды; бір-бірінен ажыраған күйде болатын, бір-біріне жат сықылды-тұғын. Жансыздар – жайсыз қойылымның кейіпкерлері іспетті мәнсіз бір-бір фигурадай еді, ал жаны бар тіршілік иелері «өмір үшін күрестің» негізінде қалыптасқан «табиғи сұрыптаудың» тісінің арасына кіріп алғандай күн сайын сан-алуан өлім торларына ілінген-ді… Осы қараңғы жалғыздықта жасап жүрген адамдар болса, әрбір сәтте сан-алуан айырылысулармен зар жылаған жетім сынды, зұлымдыққа душар болған бір-бір әлсіз жан тәрізді, қиянат көруші болып күй кешті. Оның жан-жаққа шашқан нұр-сәулесінің арқасында бірден қараңғылықтың сиқыры сейілді, шайтандар жеңіліске ұшырады және адасушылық үрдістері тозақтың орына барып орналасты. Сонымен зат атаулының мәні мен мазмұны өзгерді. Қираушы күштер жөндеуге кірісті, талан-таражға салғандар қайтадан бой көтеруіне себепші бола бастады… Жер бетіндегі көші-қондар мен барыс-келістер бір-бір салтанатты шеруге айналды; туу – шілдехана бесік тойына, ал өлім – мәңгілік өмірге қосылатын «үйлену тойына» ауысты.

Оның сөнбес нұр-шуағы басымызды сипаған күннен бастап, жанымыздағы «мәңгілікке жоқ болып кетудің» ықпалы жойылды; айырылысудың азабымен соққан жүректерге достықтың таңғажайып дүниесінен «қайта қауышу» сүйінші хабарлары ұласып жетті. Тұтас адамзат болып, баршамыз Оның жүрегімізге естірген өмір самалы арқылы өз-өзімізді танып, зат атаулымен жаратылысымыздың мақсатына сай үзілмес қарым-қатынасқа көштік. Өзегімізге біткен асыл жауһарларды зергерше таразылап, өз болмысымыздағы мәңгі бітпес өмірдің өлшемдерін сезе білдік. Иләһи хат пен хабарды арқалап келген Ол болмағанда, жан-жүйеміздегі дәл осы тереңдікті толығымен ұға алмас едік. Қабірден өтіп мәңгі өмірге дейін жалғасқан дәл осы жол мен сырлы сапарды соншалықты сұлу кейпінде көре алмас едік. Ұлы Құдіреттің қолдауымен жан-жүйеміздегі ғашықтық пен тебіреніс сезімдерін оятқан да, көзімізді нұрмен бояған да, біздерді мәңгілік өлкесіне саяхатқа дайындаған да – Адамзаттың Асыл Тәжі.

Иә, Ол – мәңгілікке жалғасқан әлгі ұзақ және сырлы сапардың жағасында тұрған біздер үшін «ақиқат» атты кеменің бас капитаны және жолбасшысы, сондай-ақ, баршамыздың ақыр-аяғы барып жететін мәңгі әлемде қонақжайлықпен қарсалып, қолдау көрсететін шапағат иесі. Демек біздердің де Оның алдында бір қатар жауапкершілігіміз бар және осы міндетті атқаруда селқостық көрсетуіміз мүмкін емес. Алайда, өкінішке орай, біздер ғасырлар бойы адамзаттың ардақтаған Ақиқат Жаршысына және Оның жеткізген күндей жарық ақиқатына енжарлықпен қарадық; самарқаулық танытқанымызды былай қойғанда, көп жағдайда құрметсіздік көрсеттік…

Әлқисса, тар ғана шеңберде не белгілі бір мөлшерде, кейде салтанатты жиын тектес мәуліт басқосулары арқылы, кей жерде шашу шашып, кең дастарқан жайып таратқан сый-сыяпаттар арқылы, кей кезде бірнеше әншілер мен иләһи ән салушы топтар арқылы әлгі туған күнді мейрамдап, Онымен ара қатынасымызды нығайтуға күш салып талпынатын шығармыз. Бірақ, бұл іс-шаралар еш уақытта Оның ұлылығына сай не ылайықты болмаған; сай болмағаны былай тұрсын, Оның дәргейін күндіз-түні бағып күзеткен ізбасарларына көрсетілетін құрметтің деңгейіне жете алмаған. Бұны да былай қойғанда, тіпті Хазірет Исаның туған күні мен Оған қатысты әртүрлі шаралардың, «рождество», «пасха» сынды ғашырат пен карнавалдардың деңгейінде еш мейрамдалған емес…

Бұл тұстағы ұсыныстар «шартты не міндетті түрде атқарылатын құлшылық амалдардың» қатарында емес екені сөзсіз; ешкім де бұл жөнінде наразылық білдіре алмайды. Алайда, Соңғы Әнбиенің туған күні – Мәулітті Оның әлгіндей нұр шашқан ақиқатының құрметіне одан да ауқымды, терең, шынайы және байыпты түрде өткізуге болмас па еді?

Хазірет Исаға қатысты күндер ел-жұрт христиан болсын не болмасын, әлемнің түкпір-түкпірінде үлкен қуанышпен, шаттықпен тойланып өтеді; неше апта бойы, тіпті неше ай бойы жан-жаққа ілулі жылы лебіздер, түрлі басқосулар мен бағдарламалар үнемі осы мейрамның аясында жүзеге асып жатады… әр тарапқа Оның атынан құттықтау сөздер мен сыйлықтар жаңбырдай жауады… ол күндерде тасымалдаушы мекемелер тек осы іспен ғана айналысады. Телефондар әманда Оның атынан шылдыр етеді, тұтқалар Оның атынан көтеріліп қойылады… және жер-жерде шамшырақтар жағылып безендіріледі; сауда-саттық орындары түрлі-түсті жарықтармен сәндендіріледі… үйлер араның ұясындай Оған ғана қатысты тебіреніспенен ызылдайды, ғибадатханалар Оның даналығымен, Оған арналған жырларымен тебіренеді… және әрбір түнгі кез той-томалақтай тылсымға толы және бас айналдырар кейіпте өтеді.

Затында, мұндай шым-шытырық карнавалдарда көбісі не істеп, не қойғанын білмейді және неге екені белгісіз, көбісі осы сұмдық жағдайға түскенін байқамайды. Дегенмен, ол күндерде де әрбір сағаты мен әрбір минутын діннің ауанына еріп толқитын және не істеп жүргенін саналы түрде білетін адамдар аз емес.

Қандай жағдай болмасын, Хазірет Исаның күні мен түндері адамзаттың санасына сіңгені соншалық, әрбір жан өз-өзін әлгі мейрамның жетегіне кетіп қалғанын кейде байқайса да, кей кезде байқамайды; ғибадаты арқылы, мейрамдауы арқылы немесе әртүрлі сұмдық оқиғалар арқылы христиандармен ортақтаса тойлайды, ортақ сезімдермен қозғалады… тіпті шырша-шынарды жығады, күркетауық сояды, аққайнар шарабын ашады және көр-соқырша мастанып көше жағалап жүреді…

Әлемге мәшһүр мәуліттің дәл осылайша қуанышпен тойлануын және мүбарак Ислам дінін әлгіндей карнавалға айналуын біздер де, басқасы да қаламас… бұны жасауға ешкімнің де әлі келмес. Алайда, өтірік пен рия толған жалған дүниенің ұланғайыр адамзат әлемін ғапылдықтың торына түсіріп алғанына куә болған сайын, «не себептен Ислам әлемі өзінің де туған айы деп саналатын Рабиүл әууәлді, Рабиүл әууәл айымен келетін «Сұлтан Наурызды» және осы күнмен келетін адамзаттың мәңгі бақытқа бөленуін әлгі тебіреніспен, шаттықпен тойламайды» деп, қынжыламыз да өз-өзімізді есепке тартамыз.

Жоғарыда айтылған ойларға қарап, Сәидина Хазірет Иса мен Оның ізбасарларын елемеу не менсінбеу деп ұқпау керек. Біз мұсылман жұртының Хазірет Исаға деген құрметіміз шексіз. Сол сияқты Оның алып келген хат-хабары бүгінгі батыстық өркениетінің маңызды діңгектерінің бірі екеніне де күмәніміз жоқ. Иә, тарихшылар мен өркениет философтарының айтқанындай, егер Хазірет Иса және Оның жеткізген рух пен мағына болмағанда, батыс өркениеті еш уақытта құрылмас еді; себебі оның негізі Грек санасы (математикалық сана), екінші іргесі Рим құқығы, ал маңызды діңгектерінің бірі шын мәнісімен христиан діні. Бірде мына мәселені де айта кету керек, егер адамзаттың мақтанышы Хазірет Мұхаммед (с.ғ.с) және Оның нұрлы ақиқаты болмағанда, Ислам өркениеті де болмас еді. Ал, Ислам өркениеті болмағанда, Батыс мәдениеті де тумас еді.

Расында, егерде Ислам әлгі жүректі жібітер мейірімділігімен, жанды тебірентер сабырлылығымен, ішкі дүниені жылытар ыстық ықыласымен, ғылымға деген құмарлығымен және ой-толғау мен тафаккурға дем беріп отырған аспанды бояуымен батыстық кеңістікке қанатын кең жаймағанда және оныншы ғасырдан бастап, Ислам ғұламалары, сондай-ақ, түркі ойшылдары грек-латын мәдениетін Еуропаға жеткізіп еуропалықтарға таныстырмағанда, батыс әлі күнге дейін орта ғасырларда өмір сүрер еді. Ал математика, физика, химия, астрономия, геометрия және медицина сынды ғылым салаларының шығыстық екеніне және Исламдық ақиқаттардың араласып кеткенінде шүбә жоқ. Біздің аймақта өркениет дегенде, бәріне батыстық деп баға беретін, жан-жүйесімен шарттанған кейбір батысшылдар қабылдамай жатса да, батыс өркениеті қазіргі орнын алу үшін және модернизацияланған кейібімен өмір сүре білу үшін Хазірет Исадан кейін алты ғасыр уақыттай күтуге мәжбүр болатын… күтті, Исламмен жүздесті… бұл жүздесуден қаншалықты пайдаланғаны бөлек бір мәселе; бірақ, Исламнан міндетті түрде әсерленді, пайдаланды және келешегін Ислам шашқан нұр-шуағымен безендіріп сәндендірді.

Иә, батыс Ислам өркениетіндегі негізгі қағидаттарды мойындамаса да, одан алған, алған соң таразылап пайдаланған және осы тұста Исламның батыстағы жағдайды қалпына келтірген көптеген нәрсе бар… және бұлар жаңа батыстық ой-санасы мен жаңа батыстық ой-өрісінің қалыптасуында ешкім күтпеген дәрежеде ықпал еткен болатын…

Сондықтан, Мехмет Акиф Ерсой айтқандай:

«Дүние неге ие болса, құрметіне Нәби, бар қылған,

Қарыздар Оған ел мен жұрт, қарыздар Оған жалғыз жан.

Қарыздар әлгі пәк, бейуаз Нәбиге бүкіл адамзат,

Уа Раббым, бізді махшарда осы сөзбен өткіз алдыңнан!»

Замана көшімен ілескен ғасырлар куә, тұтас адамзаттың борыштар болған Ұлы Пайғамбарды өз қадір-қасиетіне сай бір мәуліт күнімен, мәуліт аптасымен, мәуліт айымен құттықтап мейрамдай алмадық; мейрамдауды былай қойғанда, Оның дәргейіндегі ізбасарларына көрсетілетін құрметтің деңгейінде Оған тағзым ете алмадық. Айлар, жылдар, тіпті ғасырлар бойы Ол үшін тойлар ұйымдастырылып жатса да, әрбір түні Ол үшін жүздеген, мыңдаған  өлең-жырлар оқылса да, Оның ақысын толығымен өтеу мүмкін емес және Ол үшін бірдеме жасай алатынымызды айту қиын. Әйткенмен, «Сұлтанға сұлтандық, қайыршыға қайыршылық жарасар» дегендей, «ештеме жасалмағанның орнына аз-кем болса да, мүмкіндігінше жасап кету әлдеқайда жақсы» деп, «Ұлы Пайғамбар Симпозиумы» іспетті жиындардың жыл сайын әртүрлі елдерде өткізуді… және белгілі бір уақытты осы жиынға арнауды… және мүмкін болса алдымыздағы жылдың (әрине, тек Оған ғана бір жыл арнаудың қаншалықты сараңдық пен опасыздық екенін жанымыздағы ар-ұятты сезінеміз) «Хазірет Мұхаммед (с.ғ.с) Жылы» деп жария етуді ұсынып отырмыз.

Түрік тілінен тәржімалаған

Мәлік ОТАРБАЕВ

Парақшамызға жазылыңыз

4 Comments

  1. Мақаланың мәні терең. Ойламаған тұстарды айқындап береді. Гүлен деген кісіні естігенмін. Мақаласын енді оқып отырмын. Шынымен де терең кісі екені байқалады. Аудармашыға да рахмет.

    Бүгінде мәуліт туралы әртүрлі пікірлер айтылып жүр. Бірақ мына мақаладан аңғарғаным: мәулітті тойлау діни не шариғат бойынша шарт емес, бірақ пайғамбарды құрметтегенімізден атап өтеді екенбіз.

    Осындай материалдар көбейе берсін. Рахмет.

  2. Осындай мақалалар көбейе беруіне тілектеспін. “Мұхаммед пайғамбар” (с.ғ.с.) атты Фетуллах Гүленнің кітабын оқығанмын. Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) ізгі істері мен шыншылдығы бұл кітаптың арқауы. Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) өмір жолын бүгінгі күннің тәрбие құралы және адамзатты ізгілікке шақырудың басты құралы екені аян.
    Аталған кітапты оқуды ұсынамын.

  3. Мәлік бауырым!
    иманы берік ұлттың қашан да рухы биік! Халқымыздың жансаулығы жолында төккен терің мен еткен еңбегіңе Алла береке берсін! Қазағымның өзіңдей текті де көргенді ұлдары көбейе берсін!
    Тілеулес ағаң Д.Мәсімханұлы.

  4. Пайғамбарымызды күллі дүниеге таныстыру барша мұсылманның міндеті. Оны таныған адам – мәңгілік бақытқа апаратын жолды танымақ, ал Оның ізінен ерген адам- мәңгілік бақытқа қауышпақ.

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Қателік кімнен кетті? Балалар ақыны Қуат Әдістің өлеңін өзгенің атымен жариялаған “Алматыкітап” кінәні “Балдырған” журналына жауып отыр

“Алматыкітап” баспасынан 2 сынып оқушыларына арналып дайындалған “Әдебиеттік оқу 2022” кітабына қатысты желіде дау туды. Баспагерлер

«Зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелді күйеуімен татуластырмақ болған»: «Хабар» арнасындағы “Бірақ…» ток шоуы жабылды

 Кеше «Хабар» арнасындағы «Бірақ…» ток-шоуына тұрмыстағы зорлық-зомбылықтан зардап шеккен шымкенттік әйел кейіпкер боп келді. Бағдарлама жүргізушілері