/

Бекболат Тілеухан: Ешқандай қан мен суы араласпаған қазақты көріп отырмын…

997 рет қаралды
3
Шілденің 16-17-і күндері ҚР Парламент мәжілісінің депутаты Бекболат Тілеухан Баян-Өлгийде болып, халықпен кездесу өткізді. Осы орайда қадірлі мейманмен сұхбаттасудың сәті түскен еді. Енді  осы әңгімені назарларыңызға ұсынамыз.

–         Бекболат аға,  Баян-Өлгийдің топырағына аяқ басып, ас-суынан дәм татып жатырсыз. Моңғолиядағы қандастарыңызды көріп қандай ойға келдіңіз? Не түйдіңіз? Әуелгі әңгімемізді осыдан бастасақ…

– Ешқандай қан мен суы араласпаған қазақты көріп отырмын.  Отарлық саясат бұл жақта да жүрді, басқыншы жұрттың текпіні осы жаққа да жетті ғой. Бірақ, орыстың ықпалы дендеп ене алмады. Сондықтан да отаршылық экспанциядан аман қалғанын көріп отырмыз. Ең бастысы – тіл тұтас, дәстүр сақталған. Қай қазақ та қонақжай ғой. Бірақ, бұл жақтағы қазақтардың дархандығы, қазақылығы Қазақстанның кейбір аймақтарымен салыстырғанда жақсы екендігі байқалады.

–         Біз өткенге қарап бүгінгімізді таразылайтын халықпыз ғой. Қазтуған мен Доспамбетке, Махамбеттер мен Абайларға қарап бұрынғы қазақтың қандай болғанын елестетеміз. Ал, қазіргі қазақ қандай қазақ?

– Отарлық саясат үш ғасырға жуық уақыт жүрілді. Басында қазақтың тамырын ақырындап басып көрді, миссионерлерді жіберді. Бірте бірте жәукемдей бастағанын білесіздер ғой. Ал, тәуелсіздік алғаннан кейін ғасырлар бойы жүрілген отарлау саясатының нәтижелері көріне бастады. Қазақша сөйлегенде сөзінің иірімі қиыспай қалса қымсынбай, орысша бір сөзден сүрініп кетсе,  жерге кірердей болып ұялудың ар жағында да сол отарлық сана жатыр. Құлдық сана дендеп сіңіп, санамыздағы бұлалық кетіп қалды. Құлдыққа үйреніп қалған адамға қожа іздеп тұратын бір жаман мінез пайда болады.  Біреудің езгісінен құтылған соң екінші бір езгіні  іздеп тұрады… Бұрынғы қазақ пен қазіргі қазақтың арасында осындай жер мен көктей айырмашылық бар.  Мұның жалғыз ғана емі бар, санада отарсыздану процессі жүрілу керек. Отарсыздану процессі тарихи сананың қалыптасуымен болатын нәрсе. Ал, тарихи сана дегеніміз ата-бабаның қадірін білу, ілкіден қалған дәстүрлердің озық үлгілеріне қарай ұмтылу. Тарихи сана бірте бірте мемлекеттік санаға ауысады, екеуі бір бірінен ажырағысыз дүние.

–         Қазақ елі тәуелсіздік алғаннан кейін моңғолиядағы қазақтар бастап атамекенге ұлы көштің легі ағылды. Қарап отырсақ содан бері де 20-дай жыл уақыт өте шығыпты. Оралмандар туралы әр түрлі пікірлер де айтылуда. Шетелден келген қазақтар Қазақстанға  не берді?

– Әр нәрсенің маңыздылығының реті болады. Сол реттілік бұзылған  кезде іс ешқашан нәтижесін бермейді. Қазақ үшін, Қазақстан үшін ең маңызды мәселе – демография. Оралманның келуімен Қазақстанда тілдің мәселесі шешіледі. Қазақи қазақтардың оралуымен салт-дәстүр, жұмыс күші, қазақтың дархан мінезі келеді. Орыстың қысымын көрсе де алыстан көрген, тіпті, көрмеген қазақтардың келуі – жеп отырған тамағыңа май қосып маңыздандырған сияқты дүние. Қазақстанның күшейіп кетуінен күдіктенетін «мысық тілеу» күштер  жоқ емес… Абай: «Біріңді, қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» дейді. Істің бәрін «босату» үшін қазақты бір-бірімен жау қылу қажет. Алпысыншы жалдардың аяғында Қазақстанда оңтүстіктің қазағын солтүстікке, батыстың қазағын шығысқа қарсы айдап салу үрдісі белең алды.  Әсіресе, Шымкенттің қазақтарын «қу», «алаяқ» деген түсінікті барынша сіңіруге тырысты. Тура осы саясатты  қазір оралмандарға пайдалану бастады. Арнайы түрде оралмандарды «масыл» көрсетуге тырысқан процесс басталды. Әйтпесе, шеттен келіп Қазақстандағы ғылым мен мәдениеттің, өнердің дамуына үлес қосып жатқан азаматтар жоқ емес қой. Мұның ар жағына бір қазақтың басын бір қазаққа қоспау идеясы тұр. Қазақтың қабырғалы үш биінің екеуі Қазақстан аумағынан тысқарыда, Төле мен Әйтеке Өзбекстанда жатыр. Сонда Әйтеке мен Төленің ұрпақтары оралман болып па?! Қазақтың күй атасы Құрманғазының мүрдесі Астраханьда… Құрманғазы оралман болып па?! Бұл не деген миғаулық?! Оспан батырдың ұлт-азаттық көтерілістің жетекшісі ретіндегі тарихын  қазақтың тарихынан бөліп қарау есі дұрыс адамның шаруасы ма?! Мұның ар жағында қазақты біріктірмеуге деген үлкен мысық тілеу жатыр. Осы ой тұрғанда біз ешқашан ел болмаймыз. Егер осы сөз зиялы қауымның аузынан шығатын болса, ел болудың аулы тіптен алыстап кетеді… Келіп жатқан әр қазақты өзіңді құтқаруға келгендей көрмей, біздің ел болмайтынымыз анық.

–         ҚР-ның «Көші-қон туралы заңына» Нұрлан Өнербай ағамыз екеулеріңіз  өз ұсыныстарыңызды  енгіздіңіздер. Ендігі көштің бағыт бағдары қалай болмақ?

– Бұл жерде мен жеке өз басыма байланысты айтайын. Моңғолияға келердің алдында мен Өзбекстан, Қарақалпақстанда болдым. Ол жерде өзбек билігінің құрсауы тым тегеуірінді көрінді. Сол жақтағы қазақ интеллигенциясына, жасыратыны жоқ,  не де болса атажұртқа қайту мәселесін насихаттадым. ҚР ІІМ-нің Көші-қон комитетімен сөйлесіп отырмын. Облыс әкімдерімен жеке жүздесіп шықтым. Қытайдан  132, Өзбекстаннан 600 жанұяны көшіріп әкелуді тікелей өзіме міндет етіп, қазір сонымен айналысып жүрген жағдайым бар.

–         Бекболат аға, ұйғырлар «әр кәллада бір қиял» дейді ғой. Осы Моңғолиядағы қазақтарды малымен Қазақстанға көшіріп алуға мүмкіндік бар ма?

– Менің арманымның үстінен түсіп отырсың…  Бірақ, Ресей үкіметінің мүддесі бар, ішіміздегі кейбір адамдардың көзқарасы бар, т.б. мәселелер қолбайлау болып отыр. Моңғолиядағы көп мал келетін болса, сатып отырған тауығымыз, т.с.с. дүниелеріміз өтпей қалады деп тосқауылдар  қойылып отырған жағдайлар да жоқ емес. Бұл мәселені Парламентте бірнеше рет көтердім. Сондағы айтып отырған сылтаулары «Моңғолиядағы малдың ветеринарлық сапасы төмен, ауру бар». Екіншіден, Ресейдің құрамында қалған 47 шақырым жердің кесірінен қолымыз кесіліп отыр. Ал, Ресейге «сен мына жерді бер» дейтіндей қауқарды қазаққа Алла тағала әлі берген жоқ.

–         Кеше кездесу кешінде де айтып өттіңіз ғой: «Қазақты құртып жатқан бір нәрсе бар. Ол – арақ» деп. Ащы судың кесірі бізді де діңкелетіп отырған жайы бар. Бәрінен бұрын қынжылтатыны араққа жастарымыздан бұрын жол бастайтын ағаларымыз көбірек әуес болып отырғандығы. Соңғы кезде аз ғана халық тұратын Өлгий қаласының өзінен зинақорлықпен айналысатын қыздарымыз бой көрсете бастады. Бұл үлкен  трагедия. Осындай теріс қылықтардың алдын алатын,   тамырына балта шабатын күш бар ма?

– Әрине, бар. Ол – сенің иманың ғана.  Отарлауға келген жұрттың барлығы неге біздің дінімізбен алысты?  Неге молдаларды атты?  Осыдан-ақ түсінікті…  Бұрын қазақ орысқа қызын берген жоқ.  Орыстан қазақтың әлеуметтік жағдайы мықты болған жоқ, орыстан бай болған жоқ, орыстан күшті болған жоқ. Өзінен күшті, өзінен қауқарлы орысқа қызын бермеуінің жалғыз ғана себебі бар. Орысты «кәпір» деп санады. Яғни, оның бүкіл имунитеті дінінде тұрды. Діннен айырыла бастаған сәттен бастап орыстан қыз алу, қыз беру үрдіске айналып кетті. Осы жағдай қазір Қытайдағы қазақтарда да бар. Кезінде қазақты құрту үшін, иманынан айыру үшін Қазақстанда, Қытайда,  Моңғолияда да араққа  арнайы түрде үйреткен. Бұл қазақтың тамырына балта шабудың төте жолы еді. Кезінде молдалардың «арақ ішкен адамның  дұғасы қырық күнге дейін қабыл болмайды» деуінде де үлкен мән жатыр. Себебі, арақ ішкен адамның қанында қырық күн бойы спирттің құрамы жүреді. Енді бұдан құтылудың бір-ақ жолы бар. Құдайдан қорқу керек…  Алладан қорыққан адам, Алладан береке іздеген адам Алланың істе дегенін істейді де, істеме дегенін істемейді. Кез-келген дені сау еркектің әйелді қаламайтыны аз шығар. Араққа ауызданған адамның бір тартып жіберіп, қанын қыздырғысы келмейтіні жоқ шығар. Осыны дені сау бола тұра,  ішкісі келіп тұрса да, ішпеу керек. Неге? Өйткені, бұл үшін азап бар. Бір сахаба Пайғамбарымыздың алдына келіп: «Істе дегеніңнің бәрін істейін. Мен үшін тастау қолымнан келмейтін бір нәрсе бар. Ол – зинақорлық болып тұр. Осының мен үшін үкімін жеңілдетіп беретін жағдай болмай ма?» дейді. Сонда Пайғамбарымыз: «Біреу сенің қарындасыңмен зина жасаса жақсы ма?» дейді. Сахаба: «Астаһпыралла!» дейді. Пайғамбарымыз: «Біреу сенің әйеліңмен жақындасса жақсы ма?» дейді, ананың қолы қылышына барып қалады. Пайғамбарымыз: «Біреу сенің анаңа тиіссе, апаңа тиіссе, келініңмен ойнас жасаса жақсы ма?» дейді. Сахабаның жаны шырылдап кетеді. Сонда Пайғамбарымыз: «Бауырым, сен зина жасаған адам біреудің қарындасы, не біреудің әйелі, келіні болуы мүмкін. Өзіңе тілемеген жамандықты басқаға тілейсің бе?» дегенде, сахабба айтады: «Мен Алланың елшісінің алдына кіргенде мен үшін ең сүйкімді нәрсе нәрсе зина болса, шығып бара жатқанда дүниедегі ең жексұрын нәрсе зинақорлық болды» дейді. Зинақорлық шыға бастаса, мұның ар жағына намыс, ұят, иман деген нәрселердің кеткендігі жатыр. Иманымыз қайта келсе, мұның барлығы өзінен өзі жоғалады. Елді елдікке бастайтын, қасіреттен құтқаратын жалғыз жол – осы иман. Біздің дініміз адамдарды еңбекке, махаббатқа, ең бастысы мейірімге үндейтін дін.

–         Аллаға шүкір, соңғы кезде жастарымыз дінге көбірек бой ұсынып жатыр. Алайда, интернеттегі, БАҚ-дағы кейбір ақпараттарға қарап, сол дінге беріліп жатқан жастарымыз да «көп ағымның біріне ілесіп кетпеді ма екен?» деп күдікпен қарайтын болдық. Ал, осы  Алланың ақ жолын ислам дінінің өзге ағымдарынан  қалай ажыратуға болады?

– «Бос арбаның салдыры  күшті»  дейді қазақ. Көп адамдар иманға, намазға келеді де, оның түп негізіне бойламайды. Намаз оқығанға дейін ешкімнің көзіне ілікпей жүріп, намазға жығыла бастаған соң бойына ерекше желік кіріп, ана-мынаның бойындағы кемшілікті көре қалып, елдің бәріне қоқиланып, ақыл айтқыш болып, кісілігі «ояна» қалу сияқты әрекеттер кейбір адамдардың бойынан көрініп жатады.  Бұл жағдай кейде басқалардың ызасын тудырады. Осы мәселе хикметтің, даналықтың жоқтығынан туындайды. Дін асықпай өзінің әдемі қалпымен даму керек. Елдің мұсылманшылыққа деген наразылығын тудыру мақсатында арнайы топтар да жұмыс істеді. Мұсылманшылық дегеніміз не? Құранды қарап отырсаңыз 114 сүренің 113-і «Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймыз» дейді. Сонда ең бірінші ауызға келетін сөз «қамқорлық, мейірім». Біздің қоғам дін үшін аяғын жаңа ғана тәй-тәй басып келе жатқан бала сияқты. Қалыптаспаған қоғамға басқа бір діні дамыған қоғамның талабын қою өте үлкен қателік. Мұсылмандық дамығанда қарттар үйіне өткізетін қариялар болмау керек, жетім жебеусіз қалмау керек, жесір қамқорсыз қалмау керек, өштерің дос болы қажет, аразың тату болу керек. Мұсылманшылықтың сипаты осы.

–         Қазаққа Алладан осң, оның қасиетті кітабы Құраннан соң Абай керек. Ал, осы Абайдың жолы қандай жол?

– Абайдың жолы қандай жол десеңіз, өзі айтады:

Әркімнің өз мақсаты керегінде,

Біле алмадым пысығын, зерегін де.

Саяз жүзер сайқалдар ғапыл қалар,

Ақиқат та дінде ғана тереңінде.

Ислам деген кең дария, іздегеніңнің бәрі табылады.  Ал негізгі жол не десең:

Мазлұмға жаның ашып, ішің күйсін,

Әрекет қыл пайдас көпке тисін.

Көптің қамын әуелде тәңірі ойлаған,

Мен сүйгенді сүйді деп иең сүйсін – дейді. Абайдың жолы –қазақтың негізгі жолы. Абайдан неге біз барлығын таба береміз? Себебі, Абай  абсолютті ақиқат аят пен хадиске сүйенген. Осылайша азғантай ғана тобықтыны тәжірибеге ала отырып, адамзаттың биік деңгейіне шығып кеткен. Өзі де мұны «Алланың өзіде рас, сөзі де рас. Рас сөз ешқашанда жалған болмас» реп растайды.

–         Бекболат аға, Сөз соңындағы Баян-Өлгийдегі жүз мыңнан астам қазаққа не айтасыз?

– Өткенде Америкаға Елбасымен бірге Қазақстанның ең үлкен екі телеарнасынан екі журналист еріп барды:  Айбек Қобдабай мен Нұрлан Окаұлы. Екеуі де Баян-Өлгийдің тумалары. Осы жақтан барған бауырларымыз қазақ руханиятына, Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің баяндылығына сүбелі үлес қосып жүр. Яғни, бұл жердегі елдің қоры, қазақылығы үзілген жоқ. Сондықтан да, мен бұл жақтағы қандастарыма тілейтін тілегім, ағайын, қорларыңды үзіп ала көрмеңіздер. Имандарыңызға берік болыңыздар!

–         Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Нұрболат Өнерханұлы,

baiolke.com сайтынан

Парақшамызға жазылыңыз

3 Comments

  1. Бекболат бауырымның айтып отырғаны шындық қой. Сенің қазақ үшін шырылдап жүргеніңді білеміз, жан жүрегімізбен сезінеміз. Алдың ашық, маңдайың жарық болсын.

  2. Бекболат ағаның орындауындағы “Япурайды” тыңдаған сайын қазақтың өнеріндегі бір құдіретті сезінген үстіне сезіне түсесің. Сол сияқты сұхбатында да қазақтың иісін (рухани болмысын) бауырсақтың иісіндей етіп, мұрныңа әкеледі.

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі