/

Израиль әсерлері

912 рет қаралды
1

Әр адамның тағдыр талайы сан қилы. Неге екенін, бала күнімнен өмірімде болып жатқан құбылыстарға таң қалумен келемін. Бір ғана титтей болмашы оқиға түсіме де кірмеген түрлі жайттарға әкеліп соғады.

1-ші желтоқсан, 2010 жыл. Сағат 11: 00. «Хабар » арнасынан тәжірибеден өтіп жүрген күнім еді. Қалтафоным шылдырлады. Тұтқасын көтерсем: «Ректоратқа 15 минут ішінде кел, маңызды шаруа бар» дейді. «Ә» дегенімше қоя салды. Енді ғана кіріспек монтажымды қайтпекпін? Қазір бітпесем, қайтадан кезекке тұру керек. Бармайын десем бағынбайтын билік қайда. Басым қатқалы тұрғанда телефоным қайта шылдырлады: «Кешігіп қалма…»

Жеткенше ойланумен болдым. Жақында жасаған әбестік-бұзақылығым, жұртты елең еткізген даңқым да жоқ. Не де болса бара көрермін.

Бір ғана сөйлем адамды есеңгіретіндей қуанышқа, не қайғыға бөлей алады. Бір ғана сөз жүзіңе күлкі, я көзіңе жас үйіреді. Бір ғана жасаған қадамың не шалыс, не өрге бастырады.

«Қазақстанның делегациясымен Израильге бір апталық сапарға ұшатын болдың, дайындал!» деп салды барғаннан ҚазҰУ-дың тәрбие ісі жөніндегі проректоры Гүлнар Әлібекқызы. Ашық күні болған найзағайдай әсер етті бұл жайт. «Сасқан үйрек артымен жүзер», аузымнан шыққан жалғыз сөз: «Рас па?» Елімізідің тәуелсіздік мерейтойына орай  ұйымдастырылмақ ол жақтағы бірнеше мәдени іс-шаралар, кездесулерге біздің университеттің басшылығы мен өнерпаз студенттері арнайы шақырылып отыр екен. Таңдалған тоғыз студенттің біреуі болғанымды естігенде, бірінші сыныпты аяқтағанда маған қоңырау соғу бақыты бұйырғандағы көңіл-күйім айна-қатесіз қайталанғандай болды. Ескере кететін тағы бір маңызды жайт,  балалық шақта қиялдай-қиялдай қия алмай кеткен үлкен арманымның бұл жолы  орындалуға толық құқысы бар еді. Тек күлмеңіздер. Аз ба, көп пе жасаған он тоғыз жылымда ұшаққа отырып көрмеппін. Көк аспанда қалықтаған қыранға қатты қызығатын ем. Қандай азат, еркін деп. Бірді айтып бірге кеттім, сонымен бір оқпен екі емес үш қоянды атып түсірудің орайлы сәті туды.

Аз күнде керекті документтерімізді жинақтап арнайы тексерістен өттік. Билет те алынып қойды. «Бақыт» би ансамбльінен бес биші қыз жетекшісі Ғалия Стамғазиевамен, қобызшы Зита Сбанова, жас әнші қыз Мөлдір және домбырда ойнайтын Ерғали Әнесов пен Асқарбек Қазанғап кетуге сақадай сай тұрдық. Жасырмаймыз, көңіл-күй ұшатын күн жақындаған сайын алабұртып, өзгереді. Бар ой да, әңгіме де Израиль болып кетті. Интернеттен қарағанымызда, ол жақтың ауа-райы отыз градустан жоғары ыстық екен. Ал керек болса. Желтоқсанда жаурап жүргенде, мынау таптырмас жұмақ жай болды ғой деп қоямыз.

Көзді ашып-жұмғанша ынтықтыра күткен Израильге ұшатын күн де келіп жетті. Ұшаққа отырғаннан көңілді өзгеше ауа-райы жайлады. Қанша дегенмен, басқа мемлекет. Өзге дінді ұстанған адамдардың көзқарасы, қазақ халқына деген әсері қандай болады? Осы секілді ойларды өзімізбен арқалап кеттік. Айтқандай, негізгі жолбастаушы, лагерь тілімен айтсақ аға вожатыйымыз ҚазҰУ-дың бірінші проректоры Бүркітбаев Мұхамбетқали болды. Ол кісінің бізді дәл ұшар күні үлкен әбігерге салғаны есімізде, сірә ұзаққа дейін сақталып қалады. Уәде бойынша әуежайда таңғы бесте болуымыз керекпіз. Кешке ертерек тынығып алайын деп үйге келгенім сол еді, Зита апайым хабарласып ұшақтың уақыты өзгеріп кетіпті, әуежайда түнгі бірде болуға тиіспіз демесі бар ма?  Ертерек ұшса, тіпті жақсы деп ұшатын сағаттың жақындағанына қуанбасам, шағынбадым. Нағыз қуырдақтың көкесі әуежайда төрт көзіміз түгел жиналғанда болды. Ұшағымыз таңғы сегізде бірақ ұшады екен. Сағат тілі бірді көрсетіп тұр. Сонда бізді ерте аттандатып жинап алған кім десек, бар гәп Мұхамбетқали ағада болды. Ұшу уақытын ұшақтың номерімен шатастырып қойғанын қайтерсіз. Амал жоқ, «жеті ақ» сағат көз ілмей күтіп, сағат сегізді де болдырдық.

Әлқисса, Қазақстаннан ұшқан алғашқы күндегі бірінші бағытымыз Украина болды. Өйткені, Израильге тура баратын бізден ұшақ жоқ. Бес сағатқа жетпес уақытта Киевтің төрінен көріндік. Күн райы біздікіндей, тіпті салқындау ма деп қалдым. Әуежайда үш сағаттай аялдап, ары қарай ұштық. Алдымызда Израиль…

Алматының қысынан бірден Тель-Авивтің жазына топ ете қалдық. Күн расында, интернеттен қарағандай жылы екен. Қамданған қапы қалмас. Жаздық киімдеріміз чемоданда сақадай сай болатын. Әуежайға түскеннен біздің делегацияны Израильде Қазақстанның елшілігінде жұмыс істейтін Еділ мен Дәулет есімді ағаларымыз күтіп алды. Қанша дегенмен, шекара ар жағында жүргендіктен, бізді көргенде көздерінде елге деген сағыныштың шоғы ұшқындап тұрды. Екі көлікке бөлініп, түнгі Тель-Авивпен дәл Жереорта теңізінің жағасындағы арнайы бізге жалға алған екі қабатты үйге тарттық.

Біз келген сенбі күні қатты таң қалғанымыз дерліктей барлық дүкендер жабық. Көліктер мен сапырылысқан адамдар да көрінбейді. Жанымыздағы жол бастаушыдан сұрасақ, бұл еврей халқының жұма 16:01- ден, сенбі 17:15-ке дейін демалатын «Шабат» дәстүрі болып шықты. Осы уақыт аралығында әркім өз үйінде дұға қылып, немесе кітаптар оқып, бір сөзбен демалады екен. Бұл елде жылына максимум екі рет қайталанатын тағы бір атаулы ерекше күн бар. Барлық көлік қозғалысы толықтай бір күнге тоқтайды. Көшеден темір атты көзіңіз шалмайды. Жаппай қала тұрғындары бұл күні жаяу жүру салауатты өмір салтын қолдайды екен.

Екінші әсеріміз, Иерусалим мен Тель-Авив қалалары арасында жолдың екі қапталындағы ағаштарды өз қолдарымен отырғызып шыққан.  Бұрын біз көрген көздің жауын алар көк алқапты жерлерде тал өспестей тақыр болыпты

-мыс. Бір қызығы, өз басым, болған алты күннің ішінде біздегідей қымбат Hummer, Lexus көліктерін көрмедім. Себебі, жанармай қымбат. Есепке қай жағынан болмасын жүйрік еврей халқы есесін жібермейтінін осыдан –ақ  байқатты. Есесіне көшеде велосипед, мотороллер мінген тұрғындарды шоғырымен кездестіресіз. Таза қала ұранын көтеріп жатқан Алматы қаласына бұл да үлгі боларлық бір мысал.

Сонымен кешке уақытша үй-жайымызға жайғасқасын, әрі ұшақпен жол жүріп келгендіктен бірінші күнімізді тынығумен қорытындыладық. Ертеңгі жоспар қасиетті Иерусалим қаласына саяхат.

Қазақстан  мен ол жақтағы уақыт айырымы төрт сағат. Бізде ілгері. Түске таман елшіліктің көлігі келіп делегациямызды алып кетті. Жолай ежелгі Haffa қаласына да соға кеттік. Бірнеше мыңдық тарихы бар көне үйлер мен көшелердің бұзылмай бүгінге сақталып жеткені таңқалдырды. Тель-Авив пен Иерусалимнің арасы алпыс шақырымдай, бір сағатқа толар-толмас уақытта жетіп бардық. Ең бірінші Иерусалимде қасиетті болып саналатын Аль-Акса мешітіне басымызды сұқтық. Ол жерде Иса пайғамбардың дұға қылған, жауларынан тығылған үңгіріне кіргенде, тастарын ұстағанда кәдуілгі өткен шаққа аттап өткендей күйге енеді екенсін. Өзіңді өзің биледім дегенмен, сол жердің мысы басым түсті. «Купол не скале» деп аталатын, жердің  алғаш жаратылғанда, аңыз бойынша пайда болған тасты көрудің сәті түсті. Әуеде ешқандай тіреусіз қалқып тұратын, алақанынмен басу үшін арнайы қуысқа қолыңды сұғатын тасты ұстағанда кімнің де болса қатты толқығаны рас.

Бір сескендіретіні, мешітке кіре берісте суық қару асынған солдаттар тұрады. Сенен құран сүресін, мұсылман екен, емесіңді сұрайды. Мұсылман екенінді дәлелдеп барып бірақ кіресін. Бұндай сақтықтың болуы, кезінде мешіттің ішіне кіріп жарылыс жасайтындар көп болған екен. Елшіліктің жанымызда адамы болғандықтан, ондай тексеріске түспедік.

Өзімізге таңсық болған көп жерлерді қызықтап, келісім бойынша сағат алтыда Иерусалим қаласындағы салтанат сарайында болдық. Ол жерде есімі өнер бағалайтын шет мемлекеттерге таныс Ерболат Төлепбайдың сурет көрмесі болды. Қазақтың тұрмыс-тіршілігінен, дала тынысы, сұлулықтан сыр шертетін оның суреттері көрмеге келген қонақтардан үлкен қызығушылық тудырды. Бастапқыда оның картиналарын бірден түсініп кете алмадым. Бұлыңғырлау көрінді. Бірден ішіне еніп кету қиын. Сәл ойланып барып, көкейіңдегі сұрақпен картинадағы айтар ойды теңестіріп бірақ мәнін түсінеді екенсің. Менің жеке пікірімше осылай.

Кешті Қазақстанның Израильдегі елшісі Ғалым Оразбақов ашып, екі ел арасындағы мәдениеттің, ынтымақтастықтың дамуының айқын көрінісі осындай рухани байланыстан басталатынын атап өтті. Ұлттық көйлекпен көрмеде жүрген біздің қыздарға да жақсы жағынан маза болмады. Шытыр-шытыр түскен талай сол суреттердің әдемі естелік ретінде көп шетелдіктің альбомында тұрарына күмәнім жоқ.

Көрме аяқталып Иерусалимнен Тель-Авивке қайтар жолда аяқ-асты жаңбыр төпеді де кетті. Лезде асфальт суға толып, жылғаларды жағалап кеткені. Енді бір сәтте сап тыйылды. Сөйтсек, біздің Алматының ерке қыздың мінезіндес күн райының құбылып тұруы бұл жақта да үйреншікті жағдайға айналыпты. Тіпті, тым еркелетіп жіберген бе деп бір қойдым.

Ертеңіне Тель-Авив қаласында Қазақстанның тәуелсіздік мерейтойына орай ұйымдастырылып отырған  негізгі іс-шараның легіне біз де қосылдық. Еліміздің атына жиналған шетелдіктер, елшілерден жылы-жылы лебіздер айтылды. Қарқынды өркендеуіміз, алға басуымыз қай қонақтың болмасын тіліне тиек еткен мәселесі.

Аттың басын тартамыз ба, өнер жағына келгенде Қадыр атамыздың «Нағыз қазақ осы, міне танып қой» деген үнімен үндес сезіммен аянып қалмадық. Күй тартыс арқылы дархан даламыздың кеңдігін, халқымыздың азат үнін жеткізуге тырыстық. Бишілерімізді тік тұра қол соғып қошеметтеді. Ұлттық өнерімізді айқындау арқылы осындай би биленіп, күй тартылып, қазақтың әндері шырқалғанда залдағы қонақтардың өзінен делебесі қозып кеткендей болды. Тіпті, Украинадан келген бір ағамыз  визиткасын беріп, Қара теңіздің жағасына өнер көрсетуге шақырды. Соңы үлкен банкетке ұласты.

Әне-міне дегенше төрт күніміз өте шықты. Жерорта теңізінің жағаға ұрған толқындарын көрудің өзі бір ғанибет екен. Үйіміз дәл жанында болғандықтан, кешкілік күнде серуендеу, суға түсуді ресми жоспардан тыс өзіміздің кестемізге бекітіп қойдық. Ол жақта болғанымыз не бары алты күн. Бірақ алып қайтқан әсеріміздің салмағы Ескендірдің әскерінің қаруы, байлығы баса алмаған жалғыз сүйектей(жақсы мағынасында).

Қаланың ішінде дүкенге, кафеге, басқа да жерлерге кіргенде корейлік, қытайлықтармен түрімізді әбден шатастырды. Біз болсақ, күлімдей отырып Қазақстаннан екенімізді айтамыз. Бір риза болғаным, біздің ел жайында шетелдіктердің, көшедегі кездескен көп адамның пікірі құлаққа жағымды. Ең алдымен әдемілігін айтады. Әсіресе, Астана жайында естулері көп болып шықты.

Жайшылықта көпшілікке ән айтатын әдетім болмайтын. Әркім көрпесіне қарай көсіледі емес пе? Бірақ бұл жолы “айтпаймын” десем де оңай құтыла алмадым. Оқиға Тель-Авивте болды. Көшеде кездейсоқ ән айтып отырған “апамыз” бізді қайдан байқағаны, көзі шалып шақырды. Қайдан екенімізді сұрап, білгеннен соң бір сәт таң қалды. Басында түрімізге қарап корей деп ойлаған екен. Қазақ екенімізді естігесін қояр да қоймай біздіңше қонақкәде сұрамасы бар ма?  Бір жағы өздеріңе таңсық қазақ деген халықтың бір әнін айтып беруді өтінді. Жанымда тұрған екі қызға үміт артып,”шешім  қорқақ, тіл батыр” деп “әу” дедік… «Жасыл жайлау, түкті кілем, көк кілем..» Бір деммен айтып шыққандай болдық. Байқаймын көрермендерге әсері жаман емес. Жастардың тілімен айтсақ «өтіп кетті». Олай демейін десем ән аяқтала жауып кеткен шапалақтың соңынша, жұп болсын деп тағы ән сұрады. Қылымсып, тартынғанның дәл осы жерге келмейтінін түсінген, алғашында ұялшақтап тұрған жанымдағы Раушан мен Әлия қосыла Шәмшінің «Кешікпей келеміңе» бастық. Артынан шағын сұхбаттасу болды. Ағылшын курсына барып жүргенімнің, әй осында бір пайдасы тиді ау. Екі сөздің басын құрап, қысқаша тек өзіміз жайында ғана емес еліміз жайында, Астана мен Алматы туралы таныстырып, « I invite you come to Kazakhstan» деп шақырып кеттік әлгіндегі әнші апамызды.

Қоштасатын күн де келіп жетті. Уақытша қонақтап қайтқан жаз айынан қайтадан қысқа баратынымызды ойлағанда, бір шетінен қимадық. Көбіміздің шетелге алғаш шығуымыз. Айтқандай, мен секілді бала кездегі армандары енді орындалған бақытты жандар да бар екен. Ұшаққа отырсам деген.

Әр адамның тағдырталайы сан қилы. Неге екенін, бала күнімнен өмірімде болып жатқан құбылыстарға таң қалумен келемін. Бір ғана титтей болмашы оқиға түсіме де кірмеген түрлі жайттарға әкеліп соғады.

1 наурыз.  2011 жыл. Сағат 23 : 50 Қалтафоным шылдырлады: «Агентке кіріп, неге қайта шығып кеттің?» Кім біледі, кешегі түнгі әңгіме тағдырымды өзгертпесіне кім кепіл?

Асқарбек Қазанғап

Парақшамызға жазылыңыз

1 Comment

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі