///

Шұғайып АҚЫНҰЛЫ. “Ақшам гүлі”(жыр жинағы)

1947 рет қаралды
2

«Ақшам гүліне» ақ жол тілек

Ақындық дарын – Тәңірінің берген өнері, талант – табиғат сыйы, талпыныс, ізденіс – «Алла ерекше жаратқан азаматтың» еншісіндегі ізгі арман мен мұраттың қанат қағуы, шеберлікті шыңдаудың жолы. Дарынның даралануы, таланттың толысуы үшін шымырқанған шабыт керек. Шамырқанбаған шабытсыз өлеңнің әсері электр шамындай қанша жарқырап тұрғанмен, жаныңа сәуле құйып, жылыта алмайды. Шырақ оты, табиғи жылулы, отты өлең, сөнбес жыр тіркестерінің де халықтың поэтикалық түйсігінен түзілгені дау тудырмас.  Әл-Фарабидің өлең жазатындарды: «Бірі – тумысынан ақпа-төкпе, ағыл-тегіл дарындар; екінші – туғаннан соң жетілетін, өлең өнерінің  барлық құпиясымен жете таныс «Ойлампаз» таланттар; ушіншісі – тума қабілеті де, табиғи таным, дарыны жоқ жоғарғы екеуімен  еліктеумен ғана жүретіндер», – деген жіктеуі ғылыми танымнан туған тұжырым. «Ақшам гүлінің» авторы Шұғайып тумысынан өлең  өнері бойына қонған талантты жас екені жинақты оқи бастағаннан-ақ аңдалады. Талғамы толайым халықтың ақыннан тілері де кемел ойлы, көркем образды, терең тебіреністі жыр, текті сөз, айшықты, кесікті тіл. Ақын жанының жалынына шарпылмаған оқушы көңілін шарпымаған жыр нағыз өнер туындысы бола алмайды. Өлең деген жайшылықта тумайтыны анық. Шабытты өлеі жаныңа шуақ құйып, өзіңмен сырласады, мұңдасады, бірде ойға батырып, бірде шаттандырады. Сан алуан сезімдерге бөлеп, өмірге құштарлығыңды, өнерге сүйіспеншілігің арттырады. Көңілдегі көрікті ойдың өңін қашырмай, кетеуін кетірмей, бәз қалпында қағазға түсіру ақындық қабілеттің айғағы. Поэзияны шығармашылық ретінде емес, шынайы сезімнің ішкі рухани әлемі аясындағы әрекеті деп түсінуге ұмтылғанды жөн санайтын Гегенің пайымы поэзияның құдіретін айқын танытады. Мұқағали «Ақынның міндеті – өз сезімін өзі тұтқындамау, ағынан жарылып, азапқа салған ауыр ойды айтып құтылу, өзінің жан дүниесін қауымға жайып салу. Ойын айта алды ма, жоқ па, сезімнің құсы басқа жүректен ұя таба алды ма, жоқ па оған төреші – оқушы қауым», – деген екен. Адам – табиғат перзенті, ақындық – тәңірінің берген өнері, ақын өз кезеңінің үні, өлең – ақын көңілінің айнасы. Айна-жырдан ақынның өзін лирикалық «Менін» көреміз. Шұғайып өмір, заман, қоғам, адам туралы толғанғанда «Мен» «бізге » айналып, бүгінгі орта адамы, ұрпақ буынының қкілі ретінде көрінеді. Көбіміз айта алмай жүрген көкейтесті ой мен сырды ащы да болса алдыңа жайып салады. «Алматы», «Астана», «Қала», «Түүркістан» өлеңдері асқақ мадақ, әсіре дәріптеу емес, көңілге кірбің ұялатар шындық. Тағдырдығ бетіне қаймыға қараған тәлейі татымсыз жандардың іш құсасы. «Жара», «Мұң», «Түңілу» жалқы жанның жарасы жалаң мұңы емес, ойлы, айтары айқын, жұмыр басты пендеге ортақ мұң. «Мұң бар жерде поэзия бар» (Дидро). Жалғыздық мұңын татпаған, сыр сандығын ашпаған, көңіл сырын шертпеген ақын бар ма? Шұғайып өлеңдеріндегі ой мен сезім астасуы табиғат пен тіршіліктің тамырласуы, көңіл ауанының аумалы-төкпелі сәттерін толғаған жолдарға қан жүгіртіп, жанды жыр туғызған, жарасымды бірлестік тапқан. Ақынның назы, қуанышы мен кейісі, сағынышы мен аңсар арманы, беймарал көңілі елге, жерге, табиғатқа деген махаббаты, досқа сыры, сан алуан сезім иірімдері көңіл толқыны, ұлы даланың ұлағаты, қадір-қасиет, бәрі-бәрі тарамдала тарқатылады. «Ақшам гүлі» Шұғайыптың оқырманына жол тартқан алғашқы жинағы. Сапары сәтті, жолы ашық, айтары ақиқат, жыры жақұт болсын!

Сайлау Қажыбекұлы
Филология ғылымдарының кандидаты,
әдебиеттанушы.

Парақшамызға жазылыңыз

2 Comments

  1. Шұғайып Ақынұлы, ең алдымен кітабың құтты болсын! Жанар таудай жалынды жырларыңмен Халқыңнің жүрегін жылыта бер…
    әр қашан шабысыңа шабыт қосылсын…

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар