/

Академик Рахманқұл Бердібай өмірден озды

2253 рет қаралды
3

Сейсенбі, 3 сәуірде әдебиеттанушы, Қазақстан Ұлттық Ғылым академиясының мүшесі, еңбек сіңірген ғылым қайраткері Рахманқұл Бердібай 85 жасқа қараған шағында қайтыс болды.

Бұл туралы Азаттық радиосына Әдебиет және өнер институты хабарлады.

Рахманқұл Бердібай Абай Құнанбайұлы мен Мұхтар Әуезовтің шығармаларын кеңінен зерттеген. Қазақ ауыз әдебиеті мен фольклорын зерттеп, кеңінен насихаттау мақсатында Алматыда «Халық университетінің» негізін қалаған.

Өмірбаян:

Рахманқұл Бердiбай 1927 жылы 2-желтоқсанда Оңтүстiк Қазақстан облысы Түркiстан ауданының Ихан кентiне жақын Көкiш деген ауылда туған. Ащысай кентiндегi орта мектепте оқып, 1943-1944 оқу жылында Түркiстан педагогтiк училищесiн бiтiрген. Ол 1944-1945 жылдарда Ащысай кенiнде жұмыс iстейдi, кеншiлердiң ауыр да абыройлы еңбегiмен танысады; өлең, очерк жазумен шұғылдана бастайды. Оның “Жас кеншi” деген алғашқы өлеңi 1945 жылы “Оңтүстiк Қазақстан” газетiнде басылды. Осы кезеңде ол Ащысай кентiндегi клубта көркемөнерпаздар үйiрмесiн басқарды; Құрманғазы, Дәулеткерей күйлерiн үйренедi; хорға қосылып айтушыларды гармонмен сүйемелдейдi; аудан көлемiнде концерттер қояды. 1945 жылғы қыркүйекте Р.Бердiбай қазақтың С.М.Киров атындағы мемлекеттiк университетiнiң филология факультетiне оқуға түседi. Ол кезде университеттiң филология факультетiнде қазақтың ең танымал ғалымдары сабақ беретiн; әсiресе, қазақ әдебиетiнiң классигi әрi ғұлама М.Әуезовтiң ауыз әдебиетiнен дәрiстерi бiлiмнiң кәусар бұлағындай болатын. Орыс әдебиетiнiң жаїанға даңқы кеткен шығармаларымен танысу, әдебиет үйiрмесiнде өлеңдер оқып, талқылауларға қатысу Р.Бердiбайдың көркем әдебиет сырларын тереңдеп үйренуiне жол ашқан едi. Р.Бердiбай университетте үш семестр үздiк бағамен оқып, тұрмыс жағдайына байланысты сырттай оқу бөлiмiне ауысады. Сырттай оқыған жылдарда (1947-1948) ол Ащысай кентiндегi орта мектепте қазақ әдебиетiнен сабақ бередi. Р.Бердiбай 1948-1949 оқу жылында Қызылорда мемлекеттiк педагогтiк институтының қазақ тiлi мен әдебиетi факультетiн бiтiрiп шығады.
1949-1953 жылдарында Р.Бердiбай Оңтүстiк Қазақстанның Ильич, Мақтарал, Фрунзе аудандарында қазақ орта мектептерiнде директор, аудандық оқу бөлiмiнде инспектор болып қызмет iстедi. Әдеби, ғылыми ортаға жақындауды арман еткен Р.Бердiбай 1953 жылы күзде Алматыға келiп, Қазақ мемлекеттiк университетiнiң филология факультетiне аспирантураға қабылданды. 1953-1954 жылдарда ол әдебиет пен сын тарихынан, философиядан бiлiм толықтырады; аспирантураның теориялық курсын тамамдайды. “Қазақ әдебиетi” газетiнде қызмет iстеген жылдары (1955-1959) Р.Бердiбайдың әдебиетшiлiк тағдырында елеулi iз қалдырды; сыншы-публицист ретiнде осында қалыптасты. Бұл жылдарда сыншының әдебиет тарихы, мәдени мұра, қазақ тiлiнiң тағдыры туралы (“Ең үлкен мәдени байлық”, “Қазақ әдебиет тарихының мәселелерi”, “Музыка мұқтажы”, “Қазақша энкциклопедия қажет” т.б) жазған проблемалық мақалалары жұртшылықтан қолдау тауып, Қазақстан үкiметiнiң ұлт мәдениетiн көркейтуге бағытталған үш бiрдей қаулысының алынуына себепкер болды.
1955-1959 жылдар Р.Бердiбайдың әдебиет сыншысы ретiнде өнiмдi еңбек еткен кезеңi болса, ол 1960-1972 жылдар арасында әдебиеттiң тарихы және теориясы мәселелерiмен тереңiрек айналысады. Сыншы, ғалымның осы тұстағы iзденiстерiнiң нәтижесi “Әдебиет және өмiр”, “Роман және заман”, “Қазақ прозасындағы замандас бейнесi”, “Қазақ совет әдебиетiнiң қалыптасуы”, “Дәстүр тағлымы” тәрiздi кiтаптардан көрiнiс тапты. Р.Бердiбай 1961 жылы филология ғылымдары бойынша кандидаттық (“Қазiргi қазақ романындағы сюжет проблемасы”), 1971 жылы докторлық (“Қазақ романдарының теориялық мәселелерi”) диссертация қорғайды.
ґзiнiң еңбектерiнде қазақ әдебиетiнiң әр дәуiрдегi туындыларын бiлгiр талдаған Р.Бердiбай қомақты да көпқырлы жанр – романның қалыптасу жолдары, шеберлiк деңгейi, көркемдiк жаңалықтары жөнiнде маңызды монографиялар (“Роман және заман”, “Қазақ романы”, “От легенды к роману”, “Қазақ тарихи романы”, “Тарихи роман”, “Мұхтар шыңы”) жариялады. 1968-1970 жылдарда ол жаңадан ашылған Қазақ Совет энциклопедиясы Бас редакциясының жауапты секретары болып, 70 мыңға жуық терминнен тұратын 13 томдық әмбебап энциклопедияның сөз тiзбегiн саралауға басшылық еттi. Ол – алты томдық “Қазақ әдебиетiнiң тарихы” (1960-1967 ж.ж.), “Көпұлтты совет әдебиетi тарихы” (1970-1974 ж.ж.) авторларының бiрi.
Р.Бердiбай 1973-1995 жылдарда Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясы М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында фольклор бөлiмiнiң меңгерушiсi болды. Сонымен бiрге Алматыдағы Әл-Фараби және Абай атындағы мемлекеттiк университеттерде ауыз әдебиетiнен лекция оқиды. Бұл кезде оның басшылығымен “Қазақ фольклорының типологиясы”, “Қазақ тарихи жырларының мәселелерi”, “Фольклор шындығы”, “Фольклордың тарихилығы”, “Ауыз әдебиетiнiң архаикалық жанрлары”, “Фольклордың поэтикасы” секiлдi коллективтiк монографиялар жазылды. Ал “Қазақ фольлористикасының тарихы” деген еңбек үшiн Р.Бердiбайға және бiрнеше фольклоршыға Ш.Уәлиханов атындағы бiрiншi дәрежелi сыйлық берiлдi. Оның көне, қаїармандық, ғашықтық, нақтылы тарихи жырларды жанрлық-стадиялық сипаты жағынан зерттеу жөнiндегi концепциясы эпостануда жаңа бағыттың негiзiн салды. Бұл жылдарда ғалымның қаламынан “Қазақ эпосы”, “Сарқылмас қазына”, “Кәусар бұлақ”, “Эпос – ел қазынасы”, “Жыршылық дәстүр”, “Айтыс әлемi” секiлдi күрделi еңбектер туды. Оның ғылыми жетекшiлiгiмен отыздан артық докторлық және кандидаттық диссертация қорғалды. Бұл және басқа еңбектерi оны қазақ фольклоршыларының көшбасшысы деңгейiне көтердi. Р.Бердiбаевтың қатысыуымен қазақ фольклорын филология факультеттерiнде оқытудың бағдарламасы жасалды.
ғалым Рахманқұл Бердiбайдың зерттеушiлiк қызметiнiң тағы бiр саласы түбi бiрге туысқан түрiк халықтары әдебиетiнiң өзара байланысына арналған. Бұл мәселе оның “Гүлстанның бұлбұлдары”, “Достық кемесiнде”, “Сарқылмас қазына” деген кiтаптарынан бастау алып, “Байкалдан Балқанға дейiн”, “Жұлдыздар жарығы”, “Ел боламыз десек” атты жинақтарда жалғастық тапты.

Дереккөз: azattyq.org

Парақшамызға жазылыңыз

3 Comments

  1. Марқұмның топырағы торқа, жаны жаннатта болсын! Соңындағы ұрпағына ақсақалдың жасын, өнегелі ғұмырын берсін!

  2. қайырын берсін! еліміздің бетке ұстар азаматы ретінде есте қалары сөзсіз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі