///

Ауылдар медиаторсыз қалмасын

1011 рет қаралды

Құрамында қылмыстық іс жоқ дауларды сотқа жеткізбей-ақ бейбіт жолмен шешу әлемде кең тараған үрдіске айналды. Медиация (лат. mediare – делдал) деген терминмен енген мұндай тәсілге жүгінгендердің дауын бейтарап үшінші тұлға қарап, бітімгерлік міндетін атқарады. Ондай тұлғаларды «медиатор» деп атайды. Тәжірибелі медиаторлар бірігіп арнайы ұйымдар құрып алған. Бұл ұйымдардың негізгі мақсаты көбіне өздеріне жарнама жасау мен ақылы курстар ұйымдастыру болып келеді. Медиаторлар негізінен осындай курстарда дайындалады. Сондай-ақ, ешқандай курссыз өз бетімен білімін жетілдіріп алып немесе арнайы құқықтық білімі болғандықтан медиацияны кәсіп еткендер де бар; арнайы құқықтық біліктілікті қажет етпейтін жанжалдарды шешуге дағдыланған әуесқой медиаторлар да кездеседі; сондықтан, екі жақты бітімге келтіре алатын қабілеті бар кез-келген адам медиатор бола алады.
Медиацияның жылдан-жылға кең жайылып бара жатуының, адамдардың олардың қызметіне көбірек жүгінуінің себептері неде деген заңды сұрақ туындайды. Себебі, медиацияның сот жүйесімен салыстырғанда бірнеше артық­шы­лықтары бар:

– Медиация процедурасы сотпен салыс­тыр­­ғанда аз уақыт алады;
– Медиатордың қызметі сот қызметіне қара­ғанда арзанға түседі;
– Тараптардың арасындағы қатынас бұзылмайды;
– Заңды емес, тараптардың мүдделерiн ескереді;
– Құпиялық сақталады.
Медиация институтының Қазақстанға келгеніне көп бола қойған жоқ, оны медиация туралы заңның 2011 жылы қабылданғанына қарап-ақ аңғаруға болады. Әзірге, еліміздің медиаторларының жұмысы туралы ақпараттар көмескі болғандықтан, олардың қаншалықты тиімді екендігі туралы нақты бір тұжырым айту қиын. Дегенмен, медиацияны байырғы қазақтың билер институтымен ұқсастығын айтқан ғалымдарымыз, бұл ежелден келе жатқан дәстүріміздің жаңғырығы деген пікірді көтерді. Өйткені, екеуінің де негізгі мақсаты дау­ласушы екі тарапты да қанағаттандыратын ортақ шешім табу, сөйтіп екі жақтың да пікірін үйлестіріп бітімге келтіру. Сондықтан, медиация туралы заң талқыланғанда, оны «билер соты» деп атауды, ең болмағанда осындай арнайы тарау енгізуді сұрағандар да болды. Әрине, қазақ халқының құлағына жақын, табиғатымен етене, әрі қоғамға түсіндіруге жеңіл билер сотын қайта жаңғырту медиацияға қарағанда ыңғайлырақ еді. Өкінішке орай, заңға жауапты адамдар бұл ұсынысты ескермеді, сөйтіп кезінде ата-бабамыз «билер соты» деп атаған кикілжіңдерді бі­тім­гершілік жолмен шешу тәсілін тиісті органдар қазіргі таңда медиация деген атпен қоғамымызға енгізіп, 2011 жылдың қаңтар айында заң қабылданды. Академик С. Зимановтың билер соты туралы зерттеулерін негізге ала отырып жасалған, осы заңды талқылау барысында кей депутаттардың медиация емес, «билер соты» деген өз атауын беруге талпынған соңғы әрекеттері де сәтсіз аяқталды. 4 тарау, 28 баптан тұратын осы заң, қоғамдағы кикілжіңдерді шешуге тырысқан медиаторлардың адымын ашып, бұл саланың дамуына жағдай туғызады деп күтілгенді. Алайда, заңның қабылданғанына бір жыл өтсе де, әлі де бұл салада көңіл қуантарлықтай ілгерілеушілік болмай тұр, мұны Елбасы да «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» деп аталған үндеуінде басып айтты.
Бұл салаға жан бітіру үшін БҰҰ-ның қаржы­ландырумен арнайы жоба да жасалды, осы бағдарламаның аясында Қазақстанның әр өңіріне барған жұмыс тобы халыққа медиацияның мақсаты мен қызметін түсіндіріп жатыр. Бұл жұмысшы тобының мәліметіне жүгінсек, 2012 жылдың 5 қазанына дейін бағдарлама аясында 21 дөңгелек үстел мен 22 семинар өткізілген жә­не 23 мақала жазылған. Бұл топтың жұмыс қоры­тындыларына қарап медиаторлар даярлауға да қосқан еңбегінің елеулі екеніне көз жеткіземіз. Осындай шаралардың арқасында Қазақстанда медиация институты кең қанат жаюда. Мұның барлығы әрине көңілге қуаныш ұялатады, тек әттеген-ай дегізетіні ауылдық жерлерге медиацияны енгізудің ақсап тұрғандығы болып тұр!!! Егер, мәселені таратып айтар болсақ, медиаторлар негізінен қалалық жерлерде қызмет көрсететіндіктен ауыл тұрғындарының оған жүгінуге мүмкіндігі шектеулі. Олардың, әзірге, медиация институтының қызметінен хабары бар не жоқ екендігін де білмейміз, өйткені қазағы басым ауылдар үшін бұл сөз жат естілуі де ықтимал (осыны ескергендіктен кей азаматтарымыз заңға билер соты деген тармақ енгізейік деп шырылдағанды). Сондықтан, медиация туралы заңның «Қаладағы аудан, аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл (село), ауылдық (селолық) округ әкімінің кәсіпқой емес медиаторлар тізілімін жүргізуі» деп көрсетілген 16-бабының мүмкіндігі тек қағаз жүзінде қалып отыр. Бұл 16-баптың талаптары қарапайым: медиаторлық қызмет атқарғысы келген адам тиісті құжаттарын өзі тұратын елдімекеннің әкіміне апарып өткізсе, оған кәсіпқой емес медиатор деген атақ 10 күн ішінде беріледі. Ендеше, неге медиация институты ауылдарда дамымай отыр деген сұрақ туындайды, өйткені, ауылдықтардың одан хабары жоқ деп жауап беруге болады, бұл сұраққа. Осы себепті ауылдардағы тұрғындарға медиацияның қызметі жайлы жан-жақты кең мағлұмат беру қажет. Сонда ғана сең қозғалып, медиацияның ауылдарда да таралуына мүмкіндік тумақ.
Ол үшін тиісті органдар арнайы жоба жасап, үкіметтің қаржыландыруымен немесе жоғарыдағыдай жолмен жанама қаржы көздерін тарта отырып, аудан орталықтарына, аудандардағы ірі елдімекендерге айналасындағы ауылдардың қызығушылық танытқан халқын жинай отырып, арнайы семинарлар өткізген дұрыс болар. Сөйтіп, ауыл халқына медиация туралы мәлімет те беріледі, екінші жағынан араларынан медиатор болуға ұмтылған кісілер де табылатын болады. Әрине, бұл шығыны көп және ұзақ уақытты талап ететін жоба болмақ. Алайда, осындай жобаны іске асырсақ бірнеше өткір мәселенің шешілуіне жағдай жасаймыз. Атап айтқанда:
Ауылдық медиаторлар елімізде ең төменгі сатыдағы бейресми сот қызметін атқара алар еді, сөйтіп, соттарға келген шағымдардың азаюына септігін тигізіп, өз кезегінде ауыл тұрғындарының да сот үшін орталыққа сабылмай уақытын үнемдеуге мүмкіндік береді;
Соңғы жылдары жиі орын алып жатқан ауыларалық, ауылішілік (мысалы: ОҚО, Төлеби ауданында екі ауыл азаматтарының қақтығысып қалуы, Алматы облысында бірнеше рет қайталанған кикілжіңдер т.с.с.) жанжалдарды шешіп қана қоймай, олардың алдын алуға көмектеседі;
Қарапайым күйбең тіршіліктің кесірінен туындаған араздықтардың кейбірі асқынып барып ауыр қылмыстарға әкеліп жатады, өкінішке орай кейбір кішігірім жанжалдың ақыры адам өлімін де тудыруда; ауылдағы медиаторлар осындай мәселелерді дер кезінде қолға алып бітімгершілік жасауға септігін тигізеді.
Тізе берсек, осындай, көптеген артықшы­лықтарының бар екеніне көз жеткіземіз. Ең бастысы әлеуметтік араздықтардың азаюына, кішігірім қылмыстардың бейбіт шешілуіне, жастардың тәрбиесіне көмектесер еді. Негізі ауылдық елдімекендерде медиацияны енгізу дегенде, ешқандай ірі жаңалық ашпаймыз, ол жерде онсызда бар, бірақ, соңғы жылдары әлсіреген ақсақалдар институына заңдық құқық береміз, сөйтіп олардың қайта күшеюіне жағдай туғызамыз. Қазағы басым ауылдарда ақсақалдар институтының әлі де болса сақталғанын, беделін жоғалтпағандығын білеміз, ендеше, ауылдық аймақ деңгейіндегі азаматтық, әлеуметтік проблемаларды шешуде осы тәжірибелі қарттарды неге пайдаланбасқа? Олар әлі күнге дейін ауылдардағы кейбір проблемаларды өзара талқылап, шешім шығарып бітімдестіруші рөлін атқарып келеді. Тек қоғамдық түсініктегі өзгерістермен бірге, олардың да беделі азаюда. Мұның себебі, «қолында қандай да болсын құдіреті, беделі бар адамды тыңдайтын» баяғы қазақ менталитетінде жатқандай. Ендеше, оларға құқықтық статус беріп, бейресми де болсын медиатор деген атақ берсек, оларға жүгінетін халықтың да қарасы қайта көбейері анық. Егер, әрбір ауылда заңда көрсетілгендей кәсіпқой емес медиаторлардың болуына күш салынса, жоғарыда атап кеткен проблемаларды шешуге мүмкіндік туар еді. Содан кейін оларға арналған семинарларда медиатордың шешімдері билер соты әдістерімен ұштасып жатқандығын жан-жақты түсіндіріп өткен жөн. Қазақ халқының тарихында ағайын ішіндегі, ру арасындағы жанжалдар мен келіспеушіліктерді әділ шешетін билерді ел ерекше құрметтегенін, заманауи медиаторлардың да жарнамасы әділдік болатынына баса назар аударған дұрыс.
Арнайы заң білімі жоқ болғандықтан, олардың кей жанжалдарға шешім таппай қиналмасы үшін кезінде билердің, қазылардың, тіпті имамдардың да қай мәселеде қандай шешім шығарғанын, неге сүйеніп шығарғанын, дәлел-дәйекті қалай тапқанын көрсеткен ауылдық медиаторларға арналған кітапша шығарған да артық болмайды. Мысалы, «Ruth Charlton-ның Кикілжіңдерді шешу кітапшасы (Dispute Resolution Guidebook) немесе Медиатордың қол кітапшасы: практиканттар үшін кеңестер мен стратегиялар (The Mediator’s Handbook. Skills and Strategies for Practitioners)», – деп аталатын медиаторларға арналған кітаптары сияқты. Өйткені, бұрын би шешімді шығарарда өзінен бұрынғы, айналасындағы билердің осы мәселеде қандай шешім шығарғанын естіп-біліп отырғандықтан қиналмайтын, ал, бүгінгі ақсақалдарымызға үлгі боларлық ондай шешімдер айналада күнде бола бермейді. Сондықтан, ауыл медиаторларына арналған С. Зимановтың жетекшілігімен жазылған «Қазақтың ата заңдары» 10 томдығының қысқаша нұсқасын даярланса құба-құп болар еді. Бұл мәселені үкімет немесе Жоғарғы сот арнайы қолға алмаса, еліміздегі қаптаған медиация ұйымдарынан қайран жоғы көрініп қалды. Олардың негізгі мақсаты заң талабын орындап өздеріне жарнама жасау үшін ғана бірлестіктер құрумен немесе ақылы курстар ұйымдастырып пайда табумен ғана шектеліп жатыр. Сондықтан, билік тарапынан көңіл бөлінбесе ауылға медиацияның жетуі ұзақ уақытқа созылады.

Түйін
Медиацияның артықшылықтары мен кемші­ліктері, Қазақстанға енгізуде кездесіп отырған проблемалар мен кедергілер туралы аз айтылып жүрген жоқ, оның мағынасы мен тарихы туралы мақалалар да жетерлік. Тіпті, оның билер институтымен де ұқсастығы ұзақ талқыланды заң қабылданардың алдында. Сондықтан, біз бұл мақалада аталған мәселелерге тоқталып, медиацияға сипаттама беріп, тарихын түсіндіріп жатуды жөн көрмедік. Біздің айтпағымыз, осы медиацияны ауылды жерлерде енгізу қыры болды, өйткені, бұл мәселе тиісті адамдардың назарынан шет қалып келеді. Қазіргі таңда БҰҰ мен ҚР Жо­ғарғы сотының ұйымдастыруымен «медиация институтын Қазақстанға енгізу» деп аталатын жоба жүруде. Осы жылдың басында басталған осы жоба аясында көптеген іс-шаралар өткізіліп, мақалалар жарияланды. Мақсатымыз, жоба жетекшілерінің назарынан «Қазақстанның ауылдарында да медиация институтын енгізу» мәселесі тыс қалмасыншы деген оймен де ұштасып жатыр. Осындай жоба аясында немесе арнайы бағдарлама жасалып, ауыл халқының өкілдеріне де арналған курстар ұйымдастырылып, олар да дөңгелек үстелдер мен семинар-тренингтерге тартылса құба-құп болар еді. Себебі, ауылдарда медиацияны құру заман талабы, егер, оны созсақ ертең кеш болады. Өйткені, осыған дейін бейресми би немесе медиатор қызметін атқарып келген ақсақалдар институты біртіндеп жойылып бара жатыр, қариялардың беделі төмендеп бара жатқаны ешкімге де жасырын емес. Сондықтан, әлі де дәстүршілдік сақталып, қаймағы бұзылмай отырған ауылдарға медиация институтын енгізсек ақсақалдар институтына да қайтадан жан бітіріп көптеген жанжалды ушықтырмай уақытында және жерінде шешуге мүмкіндік туады.

Еркебұлан Әлімханұлы
Л.Н. Гумилев атындағы
Еуразия ұлттық университетінің
PhD докторанты
Пайдаланылған әдебиеттер:
Зиманов С. З., Казахский суд биев – уникальная судебная система. Алматы, 2008.
Медиация туралы Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 28 қаңтардағы Заңы. // Егемен Қазақстан. 8 ақпан 2011 жыл.
Заң қоғам үшін жазылады. // Егемен Қазақстан. 26 қаңтар 2011 жыл.
Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам. // Егемен Қазақстан. 10 шілде 2012 жыл.
Медиация дегенше, билер соты десеңші… // Алаш айнасы. 9 желтоқсан 2010 жыл.
Билер соты ма, әлде медиация ма? // Алаш айнасы. 24 қыркүйек 2010 жыл.
Медиатор деген мамандық бар ол сотқа бармай-ақ дауларды шешіп береді. // Алтын Орда. 9 маусым 2011 жыл.
Ахмеджанова Г. Б., Судебный процесс в обычном праве казахов по источникам XIX начала XX в. // http://www.rusnauka.com/28_PRNT_2009/Pravo/53395.doc.htm (15.02.2013 15:04)

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі