///

Қабдеш Жұмадiлов: “Абылайдың асында шаппағанда, атаңның басында шабасың ба?!

2137 рет қаралды
1

Қабдеш Жұмадiлов, Қазақстанның халық жазушысы, ҚР Мемлекеттiк сыйлығының лауреаты 

Қабеке, тойға шақырды ма Сiздi?

– Қандай той?

– Абылай ханның 300 жылдық мерейтойы. Көкшетауда өтетiн…

– Шақырды. Осыдан төрт күн бұрын. Төрт күн бұрын да тойға шақыра ма? Ең кем дегенде екi ай бұрын шақыруы керек қой.

– Шақырушыға не дедiңiз?

– Бармаймын дедiм.

– Неге? Неге бармайсыз?

– Ықылассыз өткiзiп жатқан, онда да “птичка” үшiн өткiзiлiп жат­қан тойға баруға еш зауқым жоқ. Бiрiншiден, бұл той өте кешiктiрiлiп өткiзiлiп жатыр. Абылай хан 1711 жылы туған. Ресми түрде бекiтiл­генi де осы – 1711 жыл. Энциклопедияда да солай.

ABYLAYЖарайды, тойды 2011 жылы емес, биыл өткiзетiн-ақ болсын. Бiрақ, ол неге жетiм қыздың тойындай елеусiз, ықылассыз, облыс орталығында өткiзiлуi керек?! Биылғы жылды ерте бастан “Абылай хан жылы” деп жариялап, үгiт-насихат та кең түрде жүргiзiлуi керек емес пе едi.

“Абылайдың асында шаппағанда, атаңның басында шабасың ба?!” деген мәтелдi естiген боларсың?

– Естiдiк қой.

– Естiсең, мұның астарында “Абылай ханның асынан үлкен ас болмақ емес, ендi өнерiңдi, барыңды осындай үлкен ас, ұлы жиында көрсетпегенде қайда көрсетпек­сiң?!” деген мән-мағына жатыр. Бұдан ненi аңғаруға болады? Қазақтың Абылай ханды ерекше қадiрлегенiн, оның қайраткерлiгiн өте жоғары бағалағанын байқауға болады.

Қош делiк. Мiне, бiз сол күллi қазақ қадiрлеген ұлы тұлғаның 300 жылдық мерейтойын ықылассыз ғана өткiзбекпiз.

Жасыратын түк те жоқ, қазiргi күнi “Нағыз тарих бiзден басталады!” дегенге саятын бiр баянсыз, шолақ, келте түсiнiктi қалыптас­тыр­ғысы келетiндердi де байқап жүрмiн. Мұның бәрi бос әурешiлiк! Өткенге мұрын шүйiре қарау – жетесiздiктiң белгiсi. Мәдениет­сiздiктiң, парықсыздықтың белгiсi. Қазақ осылай, дәл осы күйiнде аспаннан аяғы салбырап түсе қалған жоқ. Қазақ мемлекетiнiң тарихы тым әрiде жатыр. Қазақ хандарының бiразы майданда, ұрыс даласында өлген. Мұндай сирек мысал, мұндай сирек дерек кез келген халықтың тарихынан табыла бер­мейдi.

Ендi Абылай ханға тоқтала ке­тейiн. Мен – Абылай хан туралы, оның айналасы туралы, Абылай ханды қоршаған қазақтың мүйiзi шаңырақтай батырлары туралы көркем шығармалар жазған адаммын. Шығарма жазу үшiн олардың тарихын, iс-әрекетiн, тiрлiгiн зерттейсiң. Сонда көзiм жеткен бiр нәрсе, Абылай ханның қазақ хал­қына сiңiрген еңбегi ұшан-теңiз.

Абылай хан 1754 жылы қазақ жерiн басқыншылардан толық азат еттi. 40 жылға созылған осы соғыс­ты өз басым “Отан соғысы” деп атап жүрмiн. Тарихшыларымыз осыны қабылдап-қалыптастырып жiберсе, тiптi жақсы болар едi. Қа­лай Отан соғысы демейсiң, бүгiнгi тiлмен айтқанда, бiздiң бес облыс (Шығыс Қазақстан облысы, Алматы облысы, Оңтүстiк Қазақстан облысы, Жамбыл облысы, Түркiстан Ташкентiмен қоса) жоң­ғардың атының тұяғының астында қалды. 1754 жылы Абылай хан қазақ жерiн жоңғарлардан толық тазартты. Ал ендi осыдан дәл бiр жыл кейiн, нақтылай айтсақ, 1755 жылы әйгiлi Маңшың өкiметi “Жоңғарларды жер бетiнен тып-типыл етiп құртамыз!” деп жойқын ша­буылға шықты. Жоңғарлар тоз-тоз болды. Ал егер сол жоң­ғарлар бұрынғыдай Қазақ жерiнде отыр­ғанда не болатын едi? Қытайлар жоңғарларды, өздерi айт­қандай, “жер бетiнен тып-типыл құртып жiберу үшiн” Қазақ жерiне де келетiн едi ғой. Сонан кейiн оларды қазақтар жоңғарлар сияқты қайта қуып жiбере алатын ба едi, жiбере алмайтын ба едi, бұл – өте күрделi сұрақ, қиын сұрақ.

Жалпы, тарихты жасайтын тұлғалар ғой. Абылай ханның айбынының, амал-айласының, сесi мен сұсының қаншалық екенiн, оның қайраткерлiк, ұйымдастырушылық қабiлетiнiң қаншалық екенiн мынадан да байқауға болады. Абылай хан өлгеннен кейiн 10 жылға жеткен жоқ, Оңтүстiк Қазақстанды Қоқан басып алды. Мына жақтан Ресей де қазақ жерiне қол сала бастады.

– Қазақтың көрiпкел ғұламасы Мәшһүр Жүсiп Көпеев “Батырда Қаракерей Қабанбайдан өткен батыр жоқ. Биде Үйсiн Төле биден өткен би жоқ!” дей келiп, қазақ хандарының iшiнде Абылай ханның еңбегiн айрықша биiк бағалайды. Тарихи деректер келтiре отырып. Мәш­һүр Жүсiп Көпеевтiң толық шығармалар жинағының 15 томы басылып шықты. Бұрындары Мәшһүр Жүсiп Көпеевтiң Абылай хан туралы айтқандары ғылыми айналымға түспей келiп едi, ендi түсетiн шығар…

– Қазақтың белгiлi адамдары, қазақтың ғұламалары мен тарихшы-ғалымдары былай тұрсын, Абылай ханды шет жұрттар да биiк бағалаған. Қытайдың, Ресейдiң тарихшылары бұл жөнiнде жазып қал­дыр­ған.

Қай бiр күнi, ә-ә-ә, ендi есiме түстi, Тәуелсiздiк күнi бiраз зиялылар бiздiң үйге телефон соғып, “Абылай ханның ескерткiшiне гүл қояйық” деп өтiнiш бiлдiрдi. Екiншi Алматы темiржол вокзалының алдындағы Абылай ханның ескерт­кiшiне келсем, 40-50 адам жиналып қалыпты. Алматының әдеби-мәдени зиялылары, Абылай ханның қазiргi ұрпақтары, тағы тағылар. Содан әлгi жерде жиын жасап, сөз сөйледiк. Тәуелсiздiк туралы айттық, Абылай хан туралы айттық. Әншейiнде өрiп жүретiн тележур­на­листердi көре алмадым. Сөйт­сем, осы жиынды ұйымдастырушылар бiреу емес, екеу емес, бес бiрдей телеарнаға телефон соғып, Абылай ханның ескерткiшiне гүл қоятынын ескертiп хабарлапты. Бiрақ бiрде-бiр телеарна төбе көрсетпедi. Неге? Өйткенi олар да жоғары жақтағылардың, билiкте­гiлердiң Абылай ханға қырын қарайтынын сезiп-бiлiп отыр. Содан кейiн қалай келедi?

– Қабеке, осы Сiзден көптен берi сұрайын деп жүрген бiр сауалым бар едi. Бiздiң ғалымдарымыз Абылай ханның сүйегiн тапты, бұл сүйектiң Абылай хандiкi екенiн “бұлтарт­пай дәлелдедi”, осы сүйек арқылы Абылай ханның жаңа портретiн жасады. Ғалымдарымыздың дәлелдеуiнше, Абылай ханның бойының биiктiгi 157 см екен, аузында бiр тiс жоқ, кемиек көрiнедi… Осы ғалымдарымыздың дәлелiн, болжамын, олардың зерттеуiн, тексеруiн, тiрлiгiн, әрекетiн өзiңiздiң әрiптес iнiңiз, қазақтың көрнектi жазушысы Тынымбай Нұрмағамбетов бүге-шiгесiне дейiн, егжей-тегжейлi жоққа шығарды. Бұл жөнiнде Т.Нұрмағамбетов бiр мақала, екi мақала емес, тұтас бiр кiтап жазды. Ол кiтап жарыққа да шықты. Т.Нұрмағамбетовтiң кi­табын зейiн қоя оқып шықтым. Шын мәнiнде, сүйек Абылай хандiкi емес секiлдi. Мұны жазушы ешбiр тарихшы, ешбiр ғалым, ешбiр зерттеушi уәж қайтара алмайтындай етiп дә­лелдеген. Дәлелдерi – нық, те­мiрдей. Және бұл мәселенi Т.Нұрмағамбетов өз тарапынан мейлiнше терең зерттеген.

Сүйек Абылай хандiкi болмаса, ғалымдарымыздың осындай асығыстыққа баратындай, елдi алдайтындай не бастарына зор күн туды?

– Табылған, зерттелген сүйек Абылай хандiкi емес. Басқа бiреудiң сүйегi қалай abylai_moriАбылайдiкi болады?! Мен бұл жөнiнде осы сүйектi Абылай хандiкi деп “дәлелдеп жүрген” ғалымдардың бетiне айтқам.

“Заманына қарай адамы” дейдi қазақ. Қазақтың хандарының бәрi шеттерiнен батыр болған. Әз Жәнiбек, Керей хан, Бұрындық хан, Қасым хан, Есiм хан, Хақназар хан, Тәуекел хан, Есiм хан, Салқам Жәңгiр… Мұның бәрi батыр! Өйт­кенi ол кезде батыр емес адам хан сайланбайтын. Хан болғың келе ме, мiндеттi түрде батыр болуың керек. Сондықтан да ханның тұқымдары, ханның ұрпақтары қаршадайынан (Абылай ханның мөрі)  бастап қылыштасу, семсерлесу, найзаласу, садақ тарту, шоқпар сiлтеу, айбалта жұмсау секiлдi жауынгерлiк амал-тәсiлдердi үйренуге кiрiскен. Оларды “оғлан” деген. Ал оғланға жауынгерлiк амал-тәсiлдi үйрететiн адамды “аталық” деген. “Аталық” дегенiмiз – ұстаз. Ол батыр болумен қатар, бiлiмдi, бiлiктi, сан қырлы болған.Оғланға оңай адам ұстаз болушы ма едi?! Абылайдың аталығы – Ораз. Ораз Абылайды жауынгерлiк амал-тәсiлдерге 7 жасынан үйрете бастаған. Қылыш жастанып өскен, қаршадайынан шынығып, ширап өскен бала ер жеткенде қалай ғана 157 см болады?

Тарихи деректерден белгiлi, оның үстiне Абылай – жекпе-жекке шыққан батыр. Қарсыласы – әйгiлi Шарыш ноян. Жоңғардың айтулы, iрiктi батыры. Шарышты шаншып түсiру үшiн де (Абылай Шарышты найзамен шаншып түсiрген) күш, қайрат, салмақ керек. Абылай ханның керемет алып адам болмауы әбден мүмкiн, бiрақ оның бойлы-сойлы болғанына күмән келтiрудiң еш ретi жоқ. Егер жаңылмасам, Үмбетей жырау болуы керек, Абылай ханның егде тартып, қартай­ған шағын тiлге тиек ете келiп, “кебеже қарын, кең құрсақ” дейдi. Бойы 157 см. адам “кебеже қарын, кең құрсақ” бола алмайды. Дене бiтiмi мол пiшiлген адам ғана “кебеже қарын, кең құрсақ” бола алады. Үмбетей – Абылай ханды өз көзi­мен көрген адам.

– Осы сөзiңiзден шығады, бiздiң көбiмiз Қарғабойлы Қазтуғанды шағын денелi, қолтоқпақтай ғана адам болған деп түсiнемiз. Қарғабойлы Қазтуған әрi ақын, әрi батыр болған адам ғой. Соңғы кездерi айтылып жүр, Ноғайлыда “қарға”, “қарғабойлы” деген рулар болыпты. “Қаракерей Қабанбай” деген сияқты Қарғабойлы да Қазтуғанның руы көрiнедi…

Тiптi Абылай ханды қойып, бергi Сырым батырдың заманын алайықшы. Сырым батыр әрi би де болған ғой. Сырым билiк айтқан кезде билiкке көнгiсi келмей қыңыратқығандарды тақымына басып, сабап-сабап алады екен.

– Иә, ол кезде ел басқарған адамдарға бiлiкпен қатар, бiлек те керек болған. “Суворов қолтоқпақтай ғана кiсi болған ғой. Абылай ханның бойы да 157 см. болса бол­ған шығар…” дейдi кейбiр әрiп­тестерiм. Суворовтың заманы бөлек қой. Суворовтың заманы – от қарудың (зеңбiректiң, мылтықтың, мүшкеттiң) заманы. Суворов штабта отырып, карта сызып, өз әскерiнiң стратегиялық бағытын белгiлеп берсе, бiтiп жатыр. Ал Абылайдың заманында Абылай хан­ға әр адым басқан сайын бiлек күшi керек , қажет боп отырған. “157 см.” дегенмен келiспейтiнiм де сол. Бұл – Абылай ханды қорлау, оның сүйегiн қорлау.

– Тек Абылай ханды ғана қорлап, жалғыз Абылайды ғана ескерусiз қалдырсақ бiр сәрi-ау…

– Дұрыс айтасың. Әлихан Бөкейхановтың 140 жылдық мерейтойы облыстық деңгейде ғана аталып өттi. Семейде…

Алаштың көсемi. Қазақтың кө­семi. Ұлттың көсемi. Ұлттың кө­семiне қандай құрмет көрсеттiк? Не ескерткiшi жоқ. Не оның атына берiлген көше жоқ…

Алаштың көсемiнiң мерейтойы – күллi қазақтың тойы емес пе едi?! Әлихан Бөкейхановтың 140 жылдық мерейтойын республикалық деңгейде атап өтуге не кедергi болды? Менiңше, билiктен тек нысап қана кеткен жоқ, сонымен бiрге ұят да кеттi. Әлихан Бөкейханов, Әлихан Ермеков… Қайсыбiрiн айта­йын, Алаштың аяулы тұлғаларының мерейтойларының жетiм қыздың то­йындай болып өтуi де – билiктiң ықылассыздығынан.

“Ықылассыз” дегенiмiзден шығады, Қазақ мемлекетiнiң iргета­сын қалағандар кiмдер? Әрине, әз Жәнiбек хан мен Керей хан. Әуелгiде “әз Жәнiбек хан мен Керей ханның ескерткiштерi Қытайда құйылып едi. Жөндi құйылмапты…” деген сөз шықты. Ерiнбей Астанаға iздеп барып, ескерткiштердi әдейiлеп көрдiм. Құйса Қытай құйсын, ескерткiштер әдемi құйылыпты: айбынды, ажарлы. Содан қоятын жер таппай, бұл ескерт­кiштер бiр қыс күресiнде жатты. Халық шулап кеткеннен кейiн, бұл ескерткiштердi елеусiздеу бiр жерге қоя салды, әйтеуiр. Қазiр Астана “ескi Астана”, “жаңа Астана”, “Есiлдiң оң жағалауы”, “Есiлдiң сол жағалауы” деп бөлiнетiн болды ғой. Қайран әз Жәнiбек хан мен Керей ханның, қазақтың маңдайына басқан киелi тұлғаларының ескерткiшi тап бiр жаңа Астананың сынын, сәнiн бұзатындай, ескi Астанада, адам аяғы жиi бара бермейтiн елеусiздеу бiр бұрышта тұр…

– Әңгiмеңiзге рақмет!

 

ДЕРЕК КӨЗІ:http://zhasalash.kz/ruhaniyat/10665.html

Парақшамызға жазылыңыз

1 Comment

  1. Ей, Қабдеш, атаңның басына шабайын деп пе едің, жаяу да болса бармайсың ба. Торсиып, бұлдану сенің не теңің? Шақырмаса сенен ел безініп болған. Жүрген жерің үрген ит, шатақ, бақталастық.4 күн қалғанда шақырса түсінсең бес тиындық құның жоқ дегені. Өзіміз бір ай бұрын шақырылдық

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі