/

Жаңа әлеуметтік саясат: әлеуетті ұлт мүмкіндікке зәру

1866 рет қаралды

Елбасы, ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан-2050» стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына жолдауында 21-ші ғасырдың сынақтары мен қауіп-қатерлеріне дәлме-дәл жауап беретін Қазақстанның жаңа ұлттық идеясын бағдарлап берді. Жаңа бағыт – өркендеу бағыты. Қазақстан Орталық Азия аймағындағы көшбасшы ел ретінде 2008-2009 жылдардағы жаһандық экономикалық дағдарыстан алғашқылардың бірі болып сүрінбей өтіп, өсіп-өркендеудің жолына таңдау жасады. Ал 2013 жыл тарихтың шежіресіне ұлтымызды дамытудағы шапшаңдықпен алға ұмтылған айтулы жыл болып енбекші. Ең бастысы, мемлекет басшысы Қазақстанды әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына қосу туралы барша қазақстандықтарға ауқымда да жауапты міндет жүктеді. Үлкен «отыздыққа» кіретін елдердің құрамы қалай болғанда да, Қазақстан әлемнің алдыңғы қатарлы мемлекеттерінің арасынан табылуы тиіс.

Президенттің өзі анықтап берген Қазақстанның жаңа әлеуметтік саясатының негізгі екі принципі бар: әлеуметтік кепілдіктер және жекелеген адамдардың жауапкершілігі. Осы екі принцип әділетті әлеуметтік саясаттың түпқазығына айналмақ. Өйткені, Нұрсұлтан Назарбаев: «Біздің басты мақсатымыз – әлеуметтік қауіпсіздік және азаматтарымыздың бақуаттылығы» деп қадап айтты. Олай болса, әлеуметтік саясатты іске асыруда аса маңызды деген мемлекеттік шешімдерді қабылдаған кезде әлеуметтік қауіпсіздік басты критерийлердің бірі болмақ. Біздің әлеуметтік саясатымыздың негізгі формуласы мынадай: әлсіз ұлттар жәрдемақыға зәру, ал әлеуеті күшейген ұлттар мүмкіндікке зәру. Бұл мәселенің мәнісіне тереңнен үңілу үшін, халықаралық тәжірибеден мысал келтірейік.

Мысалға, Грекия мен Түркияны алайық. Екі ел ғасырлар бойы экономикалық, геосаяси, әскери салаларда күш жарыстырып, лайықты қарсылас болды. Алайда, бүгінгі таңда Түркия бұл тайталастан Грекияны жеңіп, аймақтық қуатты державаға айналды. Грекия керісінше, жеңіліс тауып, «Еуропаның әлжуаз елі» атанды. Неге? Грекияның құлдырауының бірден-бір себебі – әлеуметтік саясатты дұрыс жүргізе алмағаны. «Әлеуметтік мемлекет» деген еуропалықтардың идеясын түсінбеген гректер әлеуметтік шығындарды шектеусіз өсіре берді. Мұның соңы мемлекет қарызының күрт ұлғаюына және елдегі кәсіпкерлік тапты салықпен тұншықтыруға әкеліп соқты. Сөйтіп, екі онжылдық кезеңінде Грекия деиндустрияландыруды басынан кешіп, ел дағдарыстың торына шырмалды. Ал дағдарыс жайлаған қоғамда әлеуметтік шығындардың онсыз да қысқаратыны мәлім. Сөйтіп, әділетсіз жүргізілген әлеуметтік саясаттың нәтижесінде аға буынның қарызын жас буын төлейтін күн туды.

Ал Түркияның ұстанған бағыты басқа болатын: түрік билігі мемлекет шығындарын асқан ұқыптылықпен жұмсап, үлкен қарызға ұрынған жоқ. Керісінше, ұлттық кәсіпкерлікті барынша ынталандырып отырды. Сөйтіп, Түркия өзінің тарихының жаңа парақтарына бұрын-соңды болмаған экономикалық өсім туралы жазды. Сондай-ақ, Еуропамен қоян-қолтық араласқан түріктер жаңа индустрияландыруды да жүзеге асырды. Прайс Уотерхаус Куперс-тің болжамдары бойынша, алдағы 10 жылдықта Түркия экономикалық дамуы жөнінен тіпті Италияны да басып озады. Сонда гректер неден қателесті? Бұл сауалдың жауабы анық: гректердің түсінігіндегі әділеттілік – «жәрдемақылардың әділеттілігі» болса, түріктердің түсінігіндегі әділеттілік – «мүмкіндіктер әділеттілігі» болды. Яғни, «әділеттілік дегеніміз мемлекеттің шектеусіз жәрдемақыларды төлеуі» деген түсініктен арылу қажет. Ең абзалы, өтпелі кезеңде әділеттілік принципін прагматизммен өлшегеніміз дұрыс. Яғни, елді дағдарыс пен тоқырауға алып баратын ұстаным – әділетсіздік болса, ұлтты дамытуға бастайтын ұстаным – әділеттілік болғаны.

Әлеуметтік саясатты жетілдірудің бір жолы – шағын және орта бизнесті қолдау, – дейді «Даму» қорының басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова. – Бүгінгі таңда «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасын толыққанды іс жүзіне асқан құжат деуге болады. Мәселен, бұл бағдарламаның мақсатының бірі  –  бұрыннан бар жұмыс орындарын қолдау және жаңа жұмыс орындарын ашу. Енді қараңыз: үш жылда бұрыннан бар 136 мың жұмыс орындары қолдау тапса, 34,7 мың жаңа жұмыс орындары ашылды. Сондай-ақ, бюджетке келтірген пайдасы – бағдарламаға қатысушылар шамамен 58 млрд. теңге салық төледі. Ел бюджетіне 2014 жылдың соңына дейін тағы да 117 млрд. теңге табыс түседі. Әрине, бұл – үлкен нәтиже. Ләззат Ибрагимованың айтуынша, «Даму» қоры осы механизмнің тиімділігін анықтау мақсатымен аталған бағдарламаға қатысушы 1116 респонденттерге зерттеу жүргізген. Нәтиже көрсеткендей, респонденттердің көпшілігі (89 пайыз) несиелерін инвестициялық мақсаттарға жұмсайды екен. Соның ішінде, 69 пайызы несие ақшаны негізгі құралдарды сатып алуға, 11 пайызы – қолда бар құрал-жабдықтарын жаңалауға, 9 пайызы өз несиелерін ғимараттар мен нысандар салуға жұмсапты. Жалпы алғанда, сұрау салынған кәсіпкерлердің пікірінше, бағдарлама алға қойған бизнес-мақсаттарға жетуге мүмкіндік беруде. Яғни, олардың 54 пайызы өз мақсат-мұраттарына толық жетсе, 39 пайызы толыққа дерлік, 7 пайызы жартылай жеткенін айтқан.

Мемлекет басшысы Н. Назарбаев халыққа жолдауында әлеуметтік стандарттарға деген жаңа ұстанымды жария етті. Соның негізгі қағидаттарының бірі – мемлекеттік қолдау елдің, әр аймақтың, әр азаматтың даму принципімен тығыз байланысты. «Біз өз азаматтарымыз үшін экономика мен бюджеттің өсіміне тікелей тәуелді болатын ең төменгі әлеуметтік стандарттар мен кепілдіктерді белгілеуіміз керек»,- деді Елбасы. Яғни, бұл жерде екі жақты жауапкершілік бар. Әрбір қазақстандықтың әл-ауқатының жақсаруы тікелей мемлекеттің дамуына да, сондай-ақ сол азаматтардың өз өміріне, елді дамытуға қосатын үлесіне байланысты болмақ. Бұл жердегі бір анық нәрсе: мемлекет әлеуметтің әлсіз топтарына (зейнеткерлер, мүгедектер, еңбекке жарамсыз адамдар, ауру балалар және т.б.) толығымен қолдау жасауды мойнына алады. Ал, бұл санатқа жатпайтын уақытша жұмыссыздарға қатысты прагматизм және ортақ жауапкершілік принциптері қолданылады. Қарапайым тілмен айтсақ, кедейлікке ұшыраған адамның өзі кінәлі. Ол нарықтағы сұранысқа сай білімі мен білігін жетілдіріп, жаңа мамандықты игеруге әуелі өзі талпыныс жасауы қажет.

         Әрине, әлемде тұрақсыздық жыл сайын өсе беретіні анық. Жұмыссыздық қаупі – бұл жаһандық тұрақсыздықтың негізгі факторларының бірі. Алайда, бұл бағытта Қазақстанның үздік тәжірибесі бар. Сондықтан, мемлекет басшысы жұмыссыздық мәселесін шешу үшін, елімізде жүзеге асырылып жатқан барлық бағдарламаларды (мемлекеттік, салалық, кәсіпкерлікті қолдау) біріктіруді ұсынды. Айта кетерлік бір жайт, 2013 жылдың шілде айында еліміздегі жұмыссыздық деңгейі 2012 жылдың шілдесіндегі көрсеткішпен бірдей болды. Статистика агенттігі хабарлағандай, өткен жылдың қыркүйегінен бастап  2013 жылдың наурызына дейін бұл көрсеткіш 5,3 пайызды құраған. Соның өзінде, 2012 жылдың шілдесімен салыстырғанда жұмыссыздардың саны  470,1 мыңнан 467,9 мыңға дейін азайған. Егер ресми мәліметтерге сүйенетін болсақ, 2013 жылдың шілде айының соңында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің еңбекпен қамту органдарында 58,2 мың адам жұмыссыз болып тіркелген. Яғни, ресми тіркелген жұмыссыздардың үлесі халықтың экономикалық белсенді бөлігінің 0,6 пайызын құрайды.

         Бұдан байқалатыны, қазақстандықтар «мемлекет мені өлтірмейді» деп қол жайып отыратын заманның өткенін түсінді деген сөз. Десек те, әлемнің көптеген дамыған елдері әлеуметтік салаға бөлінетін бюджет шығындарын қысқартып жатқанда, Қазақстан керісінше, бұл саланы қаржыландыруды ұлғайтуда. Яғни, ұлт болашақта бәсекеге қабілетті болуы үшін, мемлекет мүмкіндік беріп отыр. Сонымен қатар, сол мүмкіндігі арқылы қоғамдағы маңызды мәселелерді оң шешуде. Мысалға, жұмыссыздықпен күрес. 2013-2015 жылдарға арналған  республикалық бюджетте «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасына 2013 жылы – 1 трлн. 100 млрд., 2014 жылы – 1 трлн. 200 млрд., 2015 жылы – 931 млрд. теңге бөлу көзделген. Бағдарлама шеңберінде алдағы үш жылда 300 мыңнан астам адам жұмыс орындарымен қамтамасыз етіледі. Әрине, үш жылда 300-350 мың адам жұмысқа орналасса, ол – үлкен нәтиже. Ең бастысы, жаңа әлеуметтің саясатты халық түсінуі керек. Ел ішінде белгілі бір мінез-құлық, құндылықтардың бағасы артып, ол әрбір қазақстандықтың өзін-өзі жетілдіруінің бір бөлшегіне айналғаны жөн. Мысалы, өмірдегі қандай да бір жағдайлар мен қиыншылықтарға қарамастан, әр адам үнемі білімін көтеріп, кәсіби жағынан жетілуге ұмтылып отыруы қажет.

         Жаңа әлеуметтік саясаттың бір бөлігі – аймақтық саясат. Жаңа заманда «дамудың ошақтары» орталықтан аймақтарға қарай ауысатыны жиі-жиі айтылып жүр. Сондықтан,  Елбасы халыққа жолдауында бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі – аймақтардың әлеуметтік қауіпсіздігін қамтамасыз етуді қадап айтты. Бұл орайда еліміздің бірқатар аймақтарында әлеуметтік тұрақсыздық ошақтарының бары анық. Мемлекет те оны жоққа шығарып отырған жоқ. Керісінше, сол аймақтардағы мәселелерді оңтайлы шешуде. Сөзімізді дәлелді болсын десек, Өңірлік даму министрлігі жүзеге асырып жатқан «Аймақтарды дамыту» салалық бағдарламасын деректер келтірейік. Біріншіден, халықтың  еліміздегі үлкен қалалардың айналасына шоғырлану үрдісі қарқынды жүргізілуде. Ел Үкіметі 2020 жылға дейін Астана, Алматы агломерациясын дамыту бағытында бірқатар іс-шараларды қолға алды. Сондай-ақ, Ақтөбе, Ақтау, Шымкенттің төңірегіне халықты шоғырландырудың нақты жоспары жасалуда. Екіншіден, жергілікті өзін-өзі басқаруды қолдауға биылғы жылға республикалық бюджеттен 6,0 млрд. теңге қаражат бөлінді. Бұл ақша Қазақстанның аймақтарындағы 2100 елді-мекендердегі коммуналдық шаруашылық, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт нысандарын жаңартуға жұмсалуда. Ескеретін нәрсе, бөлінген ақша көмекке мұқтаж елді-мекендердің халқының сұранысына қарай жіберіледі. Алғашқы жарты жылдықта 6,0 млрд-тың 2,5 млрд-ы игеріліп қойыпты. Үшіншіден, биыл ауылдық жерлерге аттанатын жас мамандарды қолдауға 6,7 млрд. теңге бюджеттің несиесі мен 1,3 млрд. мақсаттық қаражаттар қарастырылған. Бір қуантатыны, бүгінге дейін ауылдық жерлерге 2,7 мыңнан астам әлеуметтік саланың және мал шаруашылығының мамандары жұмысқа барды.

         Сонымен қатар, «Қолжетімді баспана – 2020» бағдарламасы да сәтімен жүзеге асырылуда. Осы бағдарлама аясында 2012 жылы 6,7 млн-нан астам, биылғы жылдың 6 айында  – 3 млн. шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Өңірлерді дамыту министрінің бірінші орынбасары Қайрат Өскенбаевтың айтуынша, барлық қаражат көздерінің есебінен биыл 6,6 млн. шаршы метр тұрғын үйлерді салып бітіру жоспарланған. 1-ші шілдеге дейінгі мәлімет бойынша, барлық қаржы көздерінен үй салуға 212,7 млрд. теңге инвестиция бөлінген. Пайдалануға берілген 3,0 млн. шаршы метрдің 1,8 млн-ы (60 пайызы) жеке меншік тұрғын үйлер. Әлеуметтік тұрақсыздық ошақтары дегенде ең алдымен, үлескерлердің мәселесі еске түсетіні рас. Қазақстан кешегі жаһандық экономикалық  дағдарыс кезеңінде де, бүгінгі таңда да бұл мәселені оң шешуде. Аталған министрліктің деректері бойынша, ағымдағы жылдың 1-ші шілдесіне дейінгі кезеңде елімізде 3264 ( 2-уі – Астанада (532 үлескер), 5-еуі – Алматыда (680 үлескер), қалған 9 нысан – аймақтарда (2052 үлескер) үлескер қаржысын құйған бар-жоғы құрылысы бітпеген 16 нысан қалыпты. Сол нысандардың ішінде, 1637 үлескерді біріктіретін тұрғындардың өз еркімен салынып жатқан 13 нысан және мемлекет қолдауымен салынып жатқан 3 нысан (1627 үлескер) бар. Атап айтарлығы, соңғы жылдары жас отбасыларға жалға берілетін үйлерді салу үрдісі қолға алынды. Мәселен, 2013 жылы сондай үйлер салуға облыстардың, Астана мен Алматы қалаларының әкімдіктеріне 27,5 млрд. теңге қаржы бөлінген. 1-ші шілдеге дейінгі мәлімет бойынша, аймақтарға 12,7 млрд. теңге аударылып, соның 12,2 млрд-ы, яғни, барлық ссоманың 96 пайызы игерілген. Ағымдағы жылдың қаңтар-маусым айларында жас отбасыларға – 314 пәтер, үй кезегінде тұрғандарға – 632 пәтер берілген. Бұған қарап, мемлекет қоғамдағы ең күрделі мәселелерді тиімді жолмен шеше отырып, одан әрі дамудың айқын бағдарын таңдағанын көреміз.

         Біздің еліміздің әлеуметтік саясатының өміршеңдігін халықаралық сарапшылар бірнеше мәрте мойындады. «Қазақстандық даму моделінің табыстылығының негізгі құпиясы – алдағы күннің мақсатын дұрыс жоспарлау, – дейді Ресейдегі аймақтық мәселелерді зерттеу институтының директоры Дмитрий Журавлев. – Ел басшылығы өз алдына сандық емес, сапалық бағдарды мақсат етіп қояды. Мұндай ұстаным билікке де, қоғамға да елдің болашағы туралы нақты көзқарас қалыптастыруға мүмкіндік береді. Содан кейін ұлттық элита да осы мақсатқа жұмыс істейді. Олай етпесе ол элита болудан қалар еді. Қазақстанның өзгелерге ұқсамайтын ұлттық идеясының негізі осы». «Дағдарыстан кейінгі әлем» қорының директоры Екатерина Шипова былай дейді: «Қазір Қазақстан «2050 стратегиясын» жүзеге асыруға кірісіп кетті. Салыстырып қарайтын болсақ, Қазақстан 2050 жылға дейін өзінің дамуын ауқымды түрде жоспарлаған посткеңестік кеңістіктегі жалғыз мемлекет. Бұл стратегияда ұлттық экономикадан бастап ұлттық қауіпсіздікке дейінгі қазақстандықтардың  өмірінің  барлық жақтары қамтылған».

Айтпақшы, «Дағдарыстан кейінгі әлем» қорының «2050 келешегі: әлемнің жаңа саяси-экономикалық картасы» деп аталатын сараптамалық зерттеуіне қатысқан халықаралық сарапшылардың 24 пайызы  «Қазақстанның әлемдегі жаңа экономикалық көшбасшы елдердің біріне айналуына үлкен әлеуеті бар» деп санайды. Зерттеу авторлары халықаралық сарапшыларға: «Бүгінгі таңда G20-ға кірмейтін, бірақ 2050 жылға дейінгі кезеңде күтпеген жерден үлкен табысқа қол жеткізетін мемлекеттерді атай аласыз ба?» деген сұрақ қойыпты. Нәтижесінде, сұрау салынғандардың 57 пайызы Түркияның «Азияның жаңа барысы» атануға лайық екенін айтыпты. Ал екінші орынды – Индонезия мен Вьетнам (41 пайыз), үшінші орынды – Қазақстан мен Иран  (24 пайыз) иеленген. Айтпақшы, халықаралық сарапшылар қауымдастығы бұл рейтингке бұрынғы кеңестік республикалардың арасынан жалғыз Қазақстанды таңдаған. Мұндай таңдауға еліміздің үздік мемлекеттік басқару және жоспарлау тәжірибесі, халықтың білім деңгейінің көтерілуі, отандық өнеркәсіп пен банк секторының қарқынды өсуі себеп болған.

         Қалай айтсақ та, Қазақстан Орта Азия аймағындағы көшбасшы ретінде үлкен шапшаңдықпен дамып келеді. Еліміздің жаһандық деңгейде рейтингтерінің үздіксіз өсуі – осының дәлелі. Дүниежүзілік экономикалық форумның соңғы есептеріне сәйкес, «Жаһандық бәсекелестік индексі» бойынша Қазақстан бұрынғы көрсеткішінен 21 тармаққа жоғарылап, 49-шы орынды иеленді. БҰҰ-ның даму бағдарламасының адамзаттың дамуы туралы баяндамасына сәйкес, 2012 жылы еліміз халықтың сауаттылығы жөнінен 99,7 пайызға жетіп, осы санаттағы көшбасшы-елдердің қатарына кірді. Айта кетелік, «Әлемдегі елдердің бақуаттылығының өсуі мен өркендеуі» деген де рейтинг бар екен. Ұлыбританиялық The Legatum Institute сараптамалық орталығының мамандарының айтуынша, Қазақстан осы рейтингте 142 елдің арасынан 46-шы орынды иеленген. Мұны анықтау үшін, орталық мамандары экономика, кәсіпкерлік, елді басқару, білім беру, денсаулық сақтау, қауіпсіздік, адамдардың жеке басының бостандықтары және әлеуметтік капитал сияқты салаларға талдау жүргізіпті.

 

Таңатар Табынұлы.     

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі