//

Біләл Қуаныш. “Ер Жәнібек – 300 жыл: Астың аманаты”

1018 рет қаралды
1

«Моңғол, Қытай жеріне жетіп жатыр,

Бүгінгі той жайында жұрт ақпары…»

222014 жыл бейресми түрде Қазақстандағы Ер Жәнібек жылы болды десек артық емес. Филология ғылымдарының докторы, абыз ақсақал Тұрсынбек Кәкішұлының ұйтқы болуымен құрылған «Ер Жәнібек» қоры айтарлықтай іс-шаралар атқарды. Бүгінгі таңда аталған қорға белгілі ғалым Мақсұт Темірбаев басшылық етеді.
Ер Жәнібек Бердәулетұлының 300 жылдығы ғылыми конференциялармен басталды. Жыл басында Абай атындағы Қазақ Ұлттық Университетінде, Қазақ Аграрлық Университетінде танымдық-практикалық конференция ұйымдастырылды. Маусым айында Алматыдағы бес жұлдызды «Rixos» қонақ үйінде ас беріліп, баба рухына құран бағышталды. Белгілі қоғам қайраткелері қатысқан осы жиында шығыстанушы ғалым Жанымхан Ошанұлы мен Насихат Нәбиоллаұлы құрастырған «Ер Жәнібек» атты энциклопедиялық жинақтың, Моңғолияда тұратын жазушы Сұлтан Тәукейұлының «Ақыр Жәнібек» атты романының тұсауы кесілді. Сондай-ақ, «Ер Жәнібек» туралы жырлар аудиодискіге жазылып, батыр өміріне арналған деректі фильммен қатар «Керейде батыр Жәнібек» деген атпен жарық көрді. Іле-шала Республика сарайында Қазақстан өнер жұлдыздарының қатысуымен қайырымдылық концерті өткізілді.

Міне, кеше ғана Елорданы сөз құдіретімен тербеген дүбірлі айтыс өтті. Еуразия университетінде «Мәңгілік ел идеясы және Ер Жәнібек батыр» атты халықаралық ғылыми конференция мәресіне жетті. Астана іргесіндегі Қоянды ауылында көлемді ас берілді. Әрі қарай Жарма ауданында баба рухына арналған ұлан-асыр той өтті. Балуандар арысқа түсті, жүйріктер аламанға шапты, өнерпаздар ән салды, жиналған жұрт тамсанды…
Ендігі кезекте жыл сайын өткізілетін «Шығыс шынары» дәстүрлі жыр мүшәйрасы Ер Жәнібектің 300 жылдығына арналады. Күзге қарай Ер Жәнібек батырға арналған прозалық шығармалар мен журналистік зерттеу мақалалардың жүлдесі тағайындалмақ.
Айта кетерлігі – Ер Жәнібектің 300 жылдығы тек Қазақстанда ғана емес Еуропаның төрінде, Моңғолияның даласында, Алтайдың арғы-бергі жұртында түгел тойланып жатыр.

«Осындай елім деген есіл ердің,
Ұрпақтары жеттіғой бағасына»

Жоғарыда аталған іс-шаралардың көптігі мен көлеміне қарап, былайғы жұрт мерейтой мемлекет тарапынан тойланып жатыр деп ойлауы мүмкін. Жоқ, жергілікті билік пен кейбір мекемелердің қол ұшын созғаны болмаса, Ер Жәнібектің 300 жылдығы тек санаулы кәсіпкерлердің демеушілгімен жүзеге асуда. Бұл ретте «Ер Жәнібек» қорының вице-президенті Жеңіс Түркияның рөлі айрықша болды десек артық емес. Кәсіпкерлікпен айналысатын Жеңіс мырза айналасына қаржылық мүмкіндігі бар атымтай азаматтарды топтастыра білді.
Рақат Әбдіқадыр, Ділдахан Дәлел, Асқар Жакулин, Серік Көкенай қатарлы кәсіпкер азаматтар Алматыдағы ас пен Республика сарайындағы концертті дүрілдетіп өткізсе, Жеңіс Түркия, Толқын Ақанұлы, Біржан Қажығалиев, Жомарт Омаров, Дәулеткерей Кәпұлы бастаған азаматтар Астананың айтысын жоғары деңгейде ұйымдастырды. Қазылар алқасына Мемлекеттік сыйлықтың иегері Несіпбек Айтұлы басшылық етті. Айтыстың бас жүлдесі – КІА автокөлігін Еркебұлан Қайназаров жеңіп алды, ал 1-орын – 1 миллион теңгені павлодарлық Аспанбек Шұғатаев еншіледі. 2-орын иегерлері Мейірбек Сұлтанхан мен Анаргүл Бәделхан әрқайысысы 500 мың теңгеден қалтасына салды. 3 орын иегерлері Мақсат Аханов пен Қарлығаш Әубәкірова да 300 мың теңге жүлдеге ие болды. Тіпті жақсы айтыс үлігісін көрсеткен ақындарғада 100 мың теңгеден сыйақы берілді.

at jarisАл Шығыс Қазақстанда өткен астың орыны тіптен бөлек. Қалба тауға 100-ден астам ақ үй тігіліп, Ер Жәнібек батырдың басы жатқан қасиетті мекенге Алты алаштың баласы басын қосты. Қазақта баяғыдан келе жатқан дәстүр бойынша кейбір қазақ рулары ақордаларын тігіп, ас-суын әзірлеп, той иелерімен бірге астың мерейін асырды. Шұбартаудан Жобалай батыр ауылы, Күреңбел ауылы, Алматыдан Қызай ана ауылы, Үржар, Аякөз ауданы болып, топ-топ ақ үйлер тігілді. Семей қаласының әкімі Айбек Кәрімовтің өзі алты қанат ақордасын сайлап, алыстан келген ағайындарды күтіп алды. Қалба таудағы осы астың өз деңгейінде өтуіне Қанат Сүлейменов дейтін азаматтың ерекше еңбек еткенін айта кеткен жөн. Ер Жәнібек батырдың ескерткішін тұрғызған Қанат мырза бұл жолы да жергілікті әкімшілік пен «Ер Жәнібек» қорының бірлесіп жұмыс жасауына ұйтқы бола білді.

Қытайдан келген бауырларға бас-көз болып жүрген кәсіпкер Мерей Сіләмұлы, астың басы-қасында ұйтқы болып жүрген Рақат Әбдіқадыр, Ділдахан Дәлел сынды азаматтардың арқасында бәйге, балуан жарыстарындағы жүлдегерлерге 10 автокөлік тігілді. Жеңіс Түркия мырзаның өзі бәйге жеңімпазына Джип автокөлігін мінгізді. Ақын Талапбек Тынысбекұлының ұйымдастыруымен Жарма ауданында өткен конференцияда Қабдеш Жұмаділов, Тұрсынбек Кәкішев, Несіпбек Айт бастаған ақсақалдар мен Жанымқан Ошан, Серікқазы Қорабай сынды ғалымдар аталы сөз айтты.
Базарбек Әдіғай, Қайрат Құл-Мұхаммет сынды өнер қайраткерлері концерттік бағдарламаның сәтті өтуіне мұрындық болса, Шығыс жекпе-жегінің шебері Жамали Диханұлы 300 пышақтың жүзінен жүріп өтіп, жұрт алғысына бөленді.

«Бабаң батыр болғаннан пайда бар ма,
Балаң тартып тумаса бабасына»

Сөйтіп, Ер Жәнібек батырдың 300 жылдығы қазақ бар жердің бәрінде жоғары деңгейде тойланып жатыр. Атаға тартып туған азаматтар береке-бірліктің, ұйымшылдықтың не екенін көрсетті. Қолдарынан қаншалық іс келетінін аңғартты. Ұлыны ұлықтауға, ұрпақты оятуға қызмет атқарды. Мемлекетке жалтақтамай-ақ, ұлтқа қызмет етудің мүмкіндіктерін көрсетті. Бабаларымыздың ел мен жердің тұтастығына қалай қызмет атқарғанын Алты Алаштың есіне салды. Біздіңше, жыл бойы тойланатын астың мақсаты біреу ғана. Ол – кешегі Жәнібектің қазақ тұтастығын ту еткен ерлігін паш етіп, бүгінгі Жәнібектерді, бір рудың емес, бүкіл Алаштың жоғын жоқтайтын азаматтарды тәрбиелеп шығару.
Тарихта «Абылайдың асы», «Сағындайдың асы» дейтін атақты астар өткен. Жасыратыны жоқ – ол кезде асты есте қалдыратын бірнеше ұғым бар болатын. Қанша ат шапты? Қанша мал сойылды? Қанша үй тігілді? Заман солай еді. Сонысымен есте қалатын.
Қазір ас өткізудің жауапкершілігі бұрынғыдан да ауыр десек қателеспеспіз. Ғасырлық боданнан кейінгі қол жеткізген тәуелсіздікті ұстап қала аламыз ба? Тұғырынан тайған тілімізді орнына қоя аламыз ба? Ұланғайыр далаға көз алартқан дұшпанға Ер Жәнібектей үн қата аламыз ба? Бүгінгі жаһанның ең үлкен соғысы ақпараттық соғысқа төтеп бере аламыз ба? Тарыдай шашылған қазақтың басын бір Отанға жия аламыз ба? Мұның бәрі кешегі емес, ертеңгі емес, бүгінгі ұрпақтың мойынындағы парыз. Ринат Зайтовша айтсақ, «Жауыңа қалай ғана таптатпақсың, Жәнібек батырыңның жатқан жерін».
ХХ ғасырдың дәл осы кезеңі – Алашордашылардың азаттық күресінің күрделі кезеңі еді. Бас біріктірді, тізе қосты. «Қазақ» газетін шығарды. Кешегі Абылайлардың, Жәнібектердің аманаттап кеткен даласын келесі ұрпаққа дін аман жеткіземіз деді. Сол үшін жандарын айырылды. Есесіне Қазақ мемлекетінің ірге тасын қалады, бүгінгі ұрпаққа өшпес із қалдырды, ұлттың атасы атанды. Қанша жерден тәуелсіз елміз десек те, дәл қазіргі кезеңде сол ХХ ғасырдың бас кезіндегі Алаш аманаты қайтадан күн тәртібіне шықты. Арқадағы жүк, алдыдағы мақсат – сол ғана.
Құдайға шүкір, жоғарыда айттық. Үш жүзге сауын айтып, ас өткізген азаматтар Алты Алаштың бірлігі үшінде тізе қоса алатынына сенім мол. Бұл ұран емес.

PS. Мақалаға «Ел қорғаныЕр Жәнібек» деп аталатын Астанада өткен айтыстағы Ринат Зайтов пен ИранҒайып Күзембаевтың өлең жолдарын пайдаландық.

Біләл Қуаныш

Суреттер: Нұртай Лахан, Әмірболат Құсайынұлы, Ғабит МАДАЛИЕВ

Дереккөз: Қамшы

Парақшамызға жазылыңыз

1 Comment

  1. Мақала авторының есіне!!
    Ер-Жәнібек батырға арналған үлкен тойдың жалғасы маусымның 6-8 күндері Берлинде өткен Еуропа Қазақтарының кіші құрылтайы аясында өз жалғасын тапты. Құрылтай бағдарламасына енген “Қазақша күрес”, “Асық ату” ойындары бабымыздың атында өтті. Жеңімпаздар “Ер-Жәнібек” халықаралық қоры атынан марапатталды. “Ер-Жәнібек” бабымызға арналған дөңгелек үстелге Қазақстаннан келген: Әдебиет және өнер институтының директоры, филология ғылымының докторы Уәлихан Қалижан, Алматыдағы Республикалық ұлттық кітапхананың директоры, жазушы Әлібек Асқаров, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының 1-ші орынбасары Талғат Мамашев, осы ұйымның бөлім меңгерушісі Ботагөз Уатқан, “Асық ату” федарациясының атқарушы директоры Жомарт Сабыржанов, “Ер-Жәнібек” халықаралық қоғамдық қорының президенті Мақсұт Темірбаев, вице-президент Жеңіс Түркия және Еуропа қазақтары федерациясының төрағасы Каюм Кесижи бастаған өкілдер тобы қатысты. Бүгінгі күні Еуропа елдерінде өмір сүріп жатқан 10 мыңға жуық қазақ ағайындар “Ер-Жәнібек” бабамызға арналған бұл тойға да өз үлестерін қосты.

    “Ер-Жәнібек” халықаралық қоғамдық қорының вице- президенті, философия ғылымының докторы, профессор Досан Баймолда
    Адам Мискиевич Университеті,Познань,Польша

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі