//

ЗИЯЛЫ БОЛУ, ТЕК ЗИЫНДЫ АДАМҒА ТӘН ҚАСИЕТ

1079 рет қаралды

«Отан отбасынан басталады» деген ұғымды өзіне үлгі еткен шет елдегі этникалық қазақтар арасынан отанына көшіп келіп тұрақты қоныстанған қандастарымыздың ұлы көшіне 2016 жылдың 17-ші наурызында «25» жыл толады. Көш басшысы кімдер және елге оралу деген арман мақсат қалай туындады оның жолындағы қиыншылық кедергілердің оңтайлы жолын кімдер қалай жүйелеп шешкені жайында Сағат Зақанқызының «Ұрпақтар тоғысы» кітабындағы деректерге сүйене отырып зерделеп көрейік.

        ОТАНҒА ОРАЛУДЫҢ ОҢТАЙЛЫ ЖОЛЫ ҚАЛАЙ БАСТАЛҒАН! 

Зиялы адам, зиялы қауым өкілі деп кімдерді айтамыз? Әрине бұл мән-мағнасы өте терең де күрделі мәселе. Елі мен халқының мүддесі үшін толғанып, тартымды салиқалы ой-пікір айта білетін, парасатты, талғамды, қабілетті, сабырлы, дарынды азаматтарды елі, халқы жылдар өте келе үлгі тұтып, құрметтеп жатады. Десе де әр адамның тағдыр тауқыметіндегі жайсаң тірлік қасиеттері зиялылығының куәсі іспеттес..

Сағат Зақанқызы: өз кітабында, «Заман ағымына сай ұрпақ қамын ойлап, ата-бабадан жалғасып келген ұлттық дәстүрді, тілімізді, дінімізді сақтау мақсатымен қызыл империяның ыдыраған кезіндегі басқа өркениетті халықтармен бірдей қозғалып, заман талабына сергек қарап, өзіміздің тарихи отанымыз-Қазақстанға қайта оралып, атажұртпен ұрпақты тоғыстыру біздің буын өкілдерінің маңдайына жазған жауапкершілігі мол тарихи міндет екенін біз жан жүрегімізбен сезінгенбіз. Ұрпақ алдындағы осы міндетімізді абыроймен атқаруды арман етіп, «Кісі елінде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деген қағиданы ұстап, батыл қадам жасауға бел байладық.  Егер аяғымызды шалыс бассақ, бір нәрседен мүлт кетсек, бұрын-соңды қазақ боздақтарының басынан кешкен саяси қуғын-сүргіннің құрбаны
болуымыз да әбден ықтимал. Тек халықтан қолдау тауып, өкіметтің ықтиярын алсақ болғаны»
– деген ұлы мақсатты алға қойып және оны шешу жолында 1990 жылдары Моңғолия-Ресей-Қазақстан елдерінің арасында болып жатқан саяси экономикалық жағдайға да қарамай өзінің ұтқыр да ұтымды ойларын  жүзеге асыра алғаны, елінің, халқының қамы үшін күресіп ел басқарып жауға да қарсы тұра білген қазақ қыздары бүгінгі қоғамда да бар екенін көрсете білгені.

Сағат Зақанқызы  1989 жылы Кеңес одағы Совет Үкіметі дүркіреп тұрған

кезде жұмыс күші ретінде Қазақстанға келмек болып Мәскеуге өтініш жазып жаупсыз қалған ісін жалғастырудың оңтайлы сәті келгенін сезініп,1990 жылы 19 наурызда Моңғолиядан Мәскеуге іс сапармен келгенін пайдаланып  Алматыға барып келуді жоспарлаған. Бірақта, Алматы жабық қала. Оған алдын-ала не мақсатпен баратынын хабарлап, Ішкі істер бөлімінен рұқсат алмаса, шетелдің адамын өз бетімен жібермейтіні кедергі болады.  Өзінің іскерлік қайсарлығымен С.Зақанқызы Кеңес одағының Моңғолиядағы елшісінің хатшысы Қ.Тәжібаев мырзаның көмегімен 1990 жылы 25 наурызда Алматыға өз қаражатымен ұшып келеді.

Шетелдегі қазақтармен мәдени байланыс жасайтын «Отан» қоғамының төрағасы Ш.Жәнібековтың қабылдауында болып, ол кісіге әзірге көшу мәселесін ашық айтпай, еңбек күшін алатын мекеме болса, солармен Еңбек келісімшартын жасап көшіп келсек деген ой-пікірін жеткізеді. Шәңгерей Жәнібеков мырза мұндай мәселеге ат үсті қарауға болмайтынын түсіндіре келе биыл күзде ҚазССР-нің құрылғанына 70 жыл толуына байланысты торқалы тойға келіңіздер, біз оған дейін еңбек күшін алатын мекеме, кәсіпорындар болса қарастырып, сөйлесіп қояйық-деген ақыл кеңес береді. Дәл осы күні ұлы көштің ұлағатты жолының тұсауы «Отан» қоғамында кесіліп негізі қаланғаны көш жолындағы тарихи деректің бірі болмақ.

Қазақ қыздарының, ер адамды қадірлеп қастерлейтін қасиеттін бойына

дарыта білген Сағат Зақанқызы «Отан» қоғамында, қоныс шалу, ел көшіру мәселесін ер азаматтар басқарып келген. Менімен ойы ортақ, елге белгілі азаматтар –Аятқан Тұрысбекұлы мен Сайт Зақанұлының атына шақыру беріңіздер деген өтініш жасағанының өзі қазақтың ұл-қыздары ұлы іске ұлағаттылықпен қарайтынының паш етуімен бірге қазақтың парасатты ақылды қыздары ер азаматтарды өрге тартуға келгенде өзгеге үлгі бола білетіндігі. Сонымен Аятқан Тұрысбекұлы мен Сайт Зақанұлы 1990 жылдың күзінде Қазақ ССР-ның 70 жылдық мерей тойына қатысып жиында Аятқан Тұрысбекұлы сөз сөйлеп егер мүмкіншілік туса, моңғолия еліндегі кейбір қазақтар өзінің тарихи отанына көшіп келуге ниеті бар екенін мәлімдейді. «Отан» қоғамының жауапты қызметкері Ә.Омаров мырза Аятқан мен Сайт екеуін Талдықорған облысы Кербұлақ ауданының әкімшілік басшысы Тілеужан Садыққұловпен кездестіріп ол кісінің қолдауына ие болған қос азамат ауызша келісім жасасып кетеді.

С.Зақанқызы 1990 жылы сәуір айында Кеңес Одағының Моңғолиядағы елшісінің кеңесшісі Қ.Омаровтың қабылдауында болғанда М.С.Горбачевтың өзі елшіліктен «Моңғолия қазақтары Қазақстанға көшкелі жатыр деген қауесет распа екен?» – деп сұрағанын, Қ.Омаров өзі Баян-Өлгейге барып көптеген адамдармен жолығып сөйлескенін көш туралы ой қазақтардың түсіне де кірмепті-деп М.Горбачевке хабарлағанын біледі. Сондықтан көшті, еңбек келісімшарты бойынша Қазақстанға жұмыс күші ретінде апарамыз деген мақсатпен жалғастыруға шешім қабылдайды. Отанымызға бір жолата көшеміз десе орыстар шекараны жауып тастауы әбден мүмкін деп сыр сақтап қалғанының өзі  болар кедергіге тосқауыл қояа білгендігі.

1990 жылы 19 желтоқсанда Моңғолияның Еңбек Министрлігінің жанынан жұмыссыздарды шетелдерге шығарып жұмыстату мәселесін реттейтін бюро құрылып, С.Зақанқызына Қазақ ССР-на барып Еңбек келісім шартын жасауға құқық берілген «№ 01 жолхаттын» береді. Бірақта Моңғолия жағынан жол шығынын көтеруге  мүмкіндік болмай тұрғанын ескертеді. С.Зақанқызы өз қаражатымен Талдықорған облысына келіп Кербұлақ аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары В.М.Колупаев және ауыл шаруашылық бірлестігінің төрағасы Нұрбай Жантілеуовтермен алғашқы Еңбек келісімшартқа 1990 жылы 27 желтоқсанда Сарыөзек кентінде қол қояды. Бұл Моңғолия қазақтары үш елдің шекарасынан өтуге шетелдік төлқұжат алуларының негізін қалаған ресми құжаттың дүниеге келген күні. Бұл келісімшарт арықарай ҚазССР-ның барлық өңірлерінде еңбек келісім шартын жасасқанда үлгі ретінде қолданылғаны моңғолия елінен атамекеніне оралған қазақтар көші тәуелсіз Қазақ елінің кең даласына тарауының негізін қалаған ресми құжат болып саналады.

Сағат Зақанқызы өзінің Үкімет құрамындағы баға комитетінде 20 жыл табысты қызмет атқарғанын, 1987 жылы дүниеден өткен, экономика ғылымдарының докторы жолдасы марқұм Дөрбетқанның  Моңғолия Республикасының Стандарт және баға жөніндегі ғылыми-зерттеу институтын басқарғанын, Моңғолия Республикасының Премьер-министрінің экономика жөніндегі кеңесшісі қызметтерін абыроймен атқарған бет беделдерімен 1991 жылы 20 ақпанда Моңғолия Республикасы Үкіметінің премьер-министрі Д.Бямбасүрэннің қабылдауына кіріп көш жолына Үкімет тарапынан қолдау көрсетуге жазбаша өтініш береді. Шындығында бұл әркімнің қолынан келе бермейтін күрделі мәселе абыройлы іс еді.. Премьер-министр Д.Бямбасүрэн  «Еңбек министрлігіне, С.Зақанқызының Советтік Қазақстанға адамдарды жұмыстату туралы бастамасын қолдап сонда жұмыстатайық» деген тапсырмасы бойынша Еңбек министрі Ц.Цолмон 1991 жылғы 14 наурыздағы № 67 бұйрығымен С.Зақанқызын Қазақстанға баратын жұмысшыларды басқаратын өкіл ретінде тағайындайды. Осылайша ата-бабаларымыздың сан ғасырлар бойы атамекен, атажұрттарына келіп кетуге зар болған асыл армандарын қазақтың бір өжет қызы орындап олардың ұрпағын тарихи Отанына жеткізудің сара жолын Моңғолия Үкіметінің келісімін ала отырып заңды түрде жолға қойғаны зиялы адамға тән қасиет деуден басқа не айтуға болады. Орайы келгенде айтылатын және мойындауға тура келетін іс, көш басшысы Сағат Зақанқызы ақылшылары бірлесіп жүйелі қызмет атқарған Аятқан және Сайт ағаларымыз екені. Ал С.Зақанқызының бұйрығымен тағайындалған немесе халық өзі сайлап 100-300 отбасына жетекшілік жасаған азамат, азаматшалар өзіне жүктелген міндетті атқарған яғни бастау алған көшке ат салысқандар болып көш тарихында өз есімдерін қалдырған жандар.

1991жылы 12 наурызда Моңғолиядан Қазақстанға 96 адам көштің алғашқы қарылғаштары болып көш бастап бес күн жол жүріп 1991 жыжы 17 наурызда түскі сағат 15 те Талдықорған облысы Кербұлақ ауданы Сарыөзек кентіне келеді. Бұл, қаншама ғасыр өткеннен соң өз еріктерімен тарихи отанына оралған қандастарымыздың көші алғаш атажұртына келген ерекше тарихи тамаша күн. Көшті сән салтанатпен қарсы алуды ұйымдастырған аудандық атқару комитетінің төрағасы Тілеужан Садықұлов, Нұрбай Жантілеуов бастаған жауапты басшы қызметкерлер, көркем өнерпаздар, ауылдың қариялары мен жастары алыстан келген қандастарына құшақтарын айқара ашып, ескі таныс туыстарындай шұрқырасып қарсы алған Сарыөзек кентінің халқы да ағайындардың мәңгі есінде қалғаны қазақтың қонақжайлылық қасиеті мен ынтымағы жарасқан ұлт бірлігінің ұлылығы.

Қиын қыстау заманда қаржылық тапшылықтарға да қарамай көші-қонға қатысты адамдардың тағдыры, әлеуметтік жағдайы, дүние мүлкіне қатысты сан алуан мәселелердің шешімін жолға қою үшін С.Зақанқызы, А.Тұрысбекұлы, С.Зақанұлы үшеуі қаншама облыс, аудан әкімдері, ауыл шаруашылық басшылары, екі елдің қаншама министр, елшіліктерінің жауапты  қызметкерлерімен ресми келіссөз жүргізеді. 1991 жылы 12 сәуірде «Социалистік Қазақстан» газетінің бас редакторы, халық жазушысы Шерхан Мұртаза мырзамен де кездеседі. Шерағаңның тапсырмасына сәйкес журналист Әмірхан Меңдекенің «Жақыныңды жат етпе» деген мақаласы газеттің сол күнгі нөмерінде жарық көргенін мақтанышпен жазады.

1991 жылы 30 сәуірде Моңғолия Үкіметінің премьер министрі Д.Бямбасүрэннің қабылдауында екінші рет болып Қазақстанға барып жұмыс жасауға ынта білдіріп отырған адамдар отбасымен бірге үй-мүлкін бірге алып кету және шекарадан кеден салығынсыз алып шығу мүмкіндігіне ие болды. Осыдан бастап  Моңғолиядағы әрбір қазақ Қазақстанға бару – бармау, ол елдің азаматы болып қалу-қалмау сияқты өздерінің ұрпақ алдындағы міндеттерін өздері шешу мүмкіндігіне ие болды. Моңғолия Үкіметі, жұмыс күшін пайдаланушы қазақстандық шаруашылық кәсіпорындары нарық заңына сәйкес, жұмыс күшін пайдаланғаны үшін төлейтін төлемі негізінде барған адамдардың әлеуметтік сұранысын қамтамасыз етуді өздері шешсін деген ұсыныс білдіреді.

1991 жылы 19 щілдеде Қазақ ССР Министрлер Кабинетінің шешімімен Алматы қаласында Моңғолия Еңбек министрлігінің Өкілдігін ашуға рұқсат беріледі. Өкілдік Қазақ ССР-ның Сыртқы экономикалық байланыстар министрлігі жанында тіркеледі. Моңғолия Еңбек министрі Ц.Цолмонның бұйрығымен өкілдіктің төрайымына Сағат Зақанқызы орынбасарына Аятқан Тұрысбекұлын тағайындайды. Бұлар Қазақ ССР-ның Еңбек министрлігінің қызметкерлері Памир Камалиев және Марат Қонақбаевтармен бірлесіп жұмыс жасайды. Нәтижесінде Қазақ ССР Министрлер Кабинеті 1991 жылы 18 қарашада  № 711 қаулысын шығарады. Қаулы бойынша шетелдерден республиканың селолық жерлерінде жұмыс істеуге тілек білдіруші байырғы ұлт адамдарын қоныстандыру, оларды тасымалдау, келген жерлерінде қабылдау мен орналастыруды ұйымдастыру халық депуттатары жергілікті кеңестерінің атқару комиттетеріне, агроөнеркәсіп кешенінің кәсіпорындары мен ұйымдарына жүктеледі.

Мінеки Сағат Зақанқызының қыруар еңбегі қайтпас қажыр жігері ұтымды ұсыныс-пікірлерінің жүйелі жүзеге асуының жемісі екі ел Үкіметінің назарын оңға бұрып Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев: «Күйінсін жауың, сүйінсін досың, Жиылсын қауым, құйылсын көшің» деп айтқанындай дұшпанды күйіндірген, досты сүйіндірген құтты көш болды. Бұл ауған ел қайта оралған, айырылған ағайын қайта табысқан Ұлы көш болып саналады» – деп бағалаған көштің сара жолын осыдан 24 жыл бұрын қазақтың бір қызы осылай бастаған екен. Құдай қаласа келер жылы Ұлы көшке 25 жыл толады.

Сағат Зақанқызының жолдасы Дөрбетқан Тотилаұлы жайында жоғарыда қысқаша айтылды. Десе де қарапайым қызметкер қазақ қызын бір елдің Премьер-министрі екі рет қабылдап өтініштерін қанағаттандырудың маңыздылығы бұл кісілердің отбасының ынтымақ бірлігі, татулығы, сыйластығы әйел адамның отбасына ұйытқы бола білуі, дастархандарының ырысы мен тағамдарының дәмділігі деуге толық негіз бар. Дөрбетқан марқұм жайында Моңғолияның премьер-министрі Д.Бямбасүрэн өзінің «Таңғы ызғар» деген тарихи-деректі, аса құнды еңбегінде: «Мен, социализм тұйыққа тіреледі деген пікірді алғаш рет талантты жас ғалым Дөрбетқан Тотилаұлынан естіп едім» – деп жазғаны бұл отбасының тектілігін бағалап тұрғандай. С.Зақанқызы елінің еңсесін көтерер азаматтарға қолдау көрсетіп біреудің қамқорлығына іліктіруге де көңіл бөліп жүретіні өз кітабында толыққанды баяндалған мына бір дерек көздерінен білінеді.

1990 жылы Орталық партия комитетінің жанындағы әлеуметтік ғылыми-зерттеу институтының «Социалистік құрылымының қисын мәселелері» бөлімінің меңгерушісі тарих ғылымдарының докторы Зардықан Қинаятұлы жайында кітабында жақсы пікір айта келе ол кісіні жоғарғы лаузымды мәртебелі басшымен өз отбасының дастарханында таныстыра алғаны кейін Зақаңның білікті де білімді азамат ретінде қызметі өсуіне себепкер болды деп жазады. Мұндай өжеттікпен ер азаматтарға деген құрмет ниетін адалдық қасиетпен көрсете білудің өзі тектілік қасиетке бейімділік болар. Дастархан басында отырғанда З.Қинаятұлы Премьер-министрге өзін Партияның бас хатшысы, Халық Ұлы Хуралының төрағасы Ж.Батмөнх мырзаның қабылдауына кіргізуін өтінеді. Бірнеше күнде тілегі қабыл болады.

С.Зақанқызының ақыл кеңесін алған талай жандардардың еңбектері өрге тартып, қилы-қилы тағдыр жолында табысқа кенеліп бақытқа бөленген әңгімелері бір басқа..

 

    Құрметбек Сансызбайұлы,

саясаткер көш-қон үрдісін зерделеуші.

                                                   Алматы облысы, Талдықорған қаласы

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі