/

ҚАБДЕШ ЖҰМАДІЛОВКЕ АШЫҚ ХАТ

1366 рет қаралды
12

medeuТоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні: өзін көрнекті қаламгер санайтын Қабдеш Жұмаділов (менімен бір жылғы төл, сексен жастың сеңгіріне ілінген түйдей құр­дас­пыз) «Академиктің көз жасы» атты деректі хикая­тының өзінше сұрыпталған оқиғаларын бастан-аяқ менің Қ.И.Сәт­баев туралы ғұмырнама кітабымның бір емес, жиырма шақты тарауларынан ұялмай қымқырған. Өзім жаздым дерлік еңбегі тек қана – мен тарауларға бөліп, сюжет құрып, даралаған көптеген оқиға­лар­ды, айғақтарды өзінше ықшамдап, конспекті түрінде әжетіне жарат­қан. Сөйтуінің айқын мысалын жоға­рыда даралап көрсеттім. Сөзді көбейт­пеу үшін әлбетте барлығын тізгемін жоқ. Қажет деп білсем оны да жасаймын. Қо­сымша ескертерім: Қаныш Имантайұлы­ның өмір жолын өзінше саралап отырып, Қабдеш әлденеше қателіктерге де ұрынған. Оның бәрін айтсам, Ашық хатым 5-6 бет емес, он шақты параққа созылар еді. Соны газет беті көтермейтінін ескеріп, барлық ұрлығын тізбедім. Бос сөз болмасын: ең соңғы өрес­кел өтірігін ғана көрсетемін: хикаяттың соңында мынадай тұжырым бар: «Академик Сәтбаев 1964 жылы, 31 қаңтарда Мәскеуде, операция үстелінде қайтыс болып, 3 ақпан күні Алматыда жерленді…», – дейді жазушы. Қаныш ағамыз соғыс жылдарында соқыр ішегін ғана алдырған, одан өзге отаға түскен жоқ, академик Вишневский 1962 жылы ұлтабарын шалған обыр ісігін алып тас­тамақ болғанда, әскери госпитальда небәрі бес тәулік жатып, Алматыға қайтып келіп, радий сәулесімен емделген. Екі жылдай уақыт қатерлі ісіктен айыққан да. Алайда, Мәскеуге, Жоғары Кеңес сессиясына барған сапарында, бұл желтоқсанның аяқ шені, сол ауру қайта күшейіп, Кунцеводағы Кремль ауруханасына түсіп, оңаша палата­да­ғы төсегінде жатып, 31 қаңтарда, кешкі сағат бес шамасында опат болған…

Қабдеш отадан өлді дегенді де өз ойынан құрастырған. Қайталап айтамын, мұндай ойжоталар хикаятында аз емес…
Ұзақ сөздің түйіні мынау: дүйім жұртқа белгілі, 1980 жылдан бері 11 рет басыл­ған менің еңбегімді тежеусіз жымқырумен қоса әлгіндей ойжота қателері мол, ши­кілі-пісілі еңбегін журналда жариялап, менен де гөрі өзінің беделіне өлшеусіз зиян келтірді демекпін. Жә, осындай сорақы ұрлыққа ол не себептен барған? Түсініксіз гәп. Мен ойла­дым: сірә, қаламы жүйрік замандасым жазар тақырыбын тауысқан, өзінше сенсация жасағысы келіп, өзі білмейтін, ғылымын түсінбейтін ауыр тақырыпқа қалам сілтеген. О да бір сәрі, менің еңбегіме қол салған. Қысқасы, қаламгер қартайған шағында масқара іске ден қойғаны үшін менен кешірім сұрасын! Мына «Ашық хатты» жазбаша ескерту деп санасын. Қабдеш Жұмаділұ­лы­ның бұдан бірнеше жыл бұрын әдебиет ақсақалы Ә.Нұрпейісовке сот үкімімен ұмытпастай айып тартқаны – жұртшылық­қа мәлім. Мен де сол шараны қайталауға пейілмін…
Шынымды айтайын, осы хатты жазып қойып, неше тәулік ойландым. Менің жа­сымда бұл – елімізге, ұлтымызға нұқсан келтірер ұят іс. Ақыры, әділдік үшін, әде­бие­тіміздің беделі үшін жүзеге асқан осынау әдеби ұрлықты әшкерелеуді жөн деп білдім. Мен үшін әлбетте әділдік қымбат!..   (Бұл мақала қысқартылып берілді – мінбер-ақпарат)

Медеу СӘРСЕКЕ,
жазушы, Семей қаласы мен Баянауыл ауданының Құрметті азаматы, 
«Құрмет» орденінің иегері, 
Шығыс Қазақстан және Семей университеттерінің 
Құрметті профессоры, 
МАИ мен Тарих қоғамдық 
академияларының толық мүшесі.  

17 маусым, 2015 жыл, Семей.

                                                                      

ҰЗАҚ-СОНАР «АШЫҚ ХАТҚА» – ҚЫСҚАША ЖАУАП

Қадірлі Медеу! Жаңылмасам, сен екеуміз – бір жылы туған төл, яғни, құрдас болуымыз керек.qabdesh Сондықтан кездейсоқ танысқан біреулерше бір-бірімізге «сіз» деп сызылмай-ақ, «сен» деп сөйлескеніміз дұрыс болар.
Маған баспасөз бетінде («Қазақ әде­биеті» газеті, 10-шілде, 2015 ж.) «ашық хат» жазып, көңілдегі күдікпен бөліскен екенсің, оның ешбір айып-шамы жоқ. Өйткені, бұл күнде өз дүние-мүлкіңді түгендеп, айналаға жіті көз салып отырмасаң, сен үшін ешкім де ат сабылтып, шығармаларыңа жидашы, қормал бола қоймайды. Оның үстіне, қазір әдебиетте талтүсте қораңа түсіп, «жиендік» жасайтындар көбейіп кетті. Ол жағы басымызда бар, ондай суық қолдылар кейінгі кезде біздің қораға да жиі түсіп жүр. Ондайлар сенен оқиға ұрлайды, образ ұрлайды, ой ұрлайды. Мұның өзі, шынтуайтқа келгенде, қора­дан қой ұрлағанмен бірдей. Мен ұрылар тым басынып бара жатқан соң, олар­дың бірнешеуін баспасөзде әшке­релеп жаздым да. Амал не, қазір әдеби ұрлықты кәсіп етіп, «жазушы» атанып жүргендер аз емес. Мен оларды өздігінен аңға түсе алмайтын, көктегі қырандар мен жердегі жыртқыштардан қалған жемтікпен күн көретін қарақұстарға теңегенім бар.
Бұл енді таза көркем әдебиеттегі көрініс. Ал деректі, құжатты шығарма­лар­да жағдай одан гөрі басқаша. Сіз әлдебір тұлға туралы тарихи пәктілерді жинақтап, деректі шығарма жазған екенсіз, ондағы пәктілер енді сіздің жеке мүлкіңіз болып саналмайды. Тарихи пәктілер мен деректер халықтың ортақ қазынасы, яғни, әлдебір тарихи деректі алғаш ашқан адам да «мынау – менікі» деп меншіктей алмайды. Өйткені, тарихи пәктілер мен деректерді сіз ойлап тапқан жоқсыз. Олар сізге дейін де бар болатын. Егер оларды сіз жарияға шығармасаңыз да, оны, сөз жоқ, басқа біреу шығарар еді. Сон­дық­тан сіз тапқан тарихи деректі «шикізат» ретінде әркім-ақ өз шығармасында пайдалануға ерікті. Оған іштарлық жасап, ренжудің қажеті жоқ, қайта қуану керек. Сен тапқан деректер сол күйі елеусіз қалмай, қолдаушысын, жалға­сын тауып, ел игілігіне жарап жатса, ол жаман ба?!
Енді арамыздағы әңгімеге ора­лайық. Медеу, сен Қаныш Сәтбаевтың өмір жолын ұзақ жыл зерттеп, ол туралы «Қазақтың Қанышы» атты көлемі 600 беттік, қалың кітап жаздың. Сәт­баев тануда дәл қазір сенің алдыңа түсе­тін кісі жоқ. «Қазақтың Қанышы» – ғұла­маға сөзбен соғылған ескерткіш тәрізді. Сенің әйгілі тарихшы Бекмаханов жайында жазған деректі кітабың да бұл сөзімізге толық дәлел бола алады.
Ал мен жазған «Академиктің көз жасы» – небәрі алпыс беттік шағын хикаят. Әрине, менің повесім көлем жағынан болсын, мазмұн жағынан бол­сын, сен жазған «Қазақтың Қанышына» теңесе алмайды және оны қайта­ла­майды да. Шығарманың көлемі ғана емес, сен екеуіміздің ұстанған концепциямыз әр басқа. Сен өз кітабыңда Қаныштың күреске толы өмір жолын, ғылымның биік шыңына көтерілген бақытты кезең­дерін суреттедің. Ал, маған – биіктен биікке тынымсыз өрмелеген «бақытты» академик емес, өмірі қайғы-қасіреттен, уайымнан арылмаған бақытсыз Сәт­баев керек болды. Себебі, ұлтың азат болмайынша, сен де бақытты бола алмайсың.
Деректерге қарап отырсақ, ұлы ғұ­ламаның жасыған, қорланған, өкін­ген, керек десеңіз, еңкілдеп жылаған сәт­тері аз болмапты. Ғылымның ұшар басына шыққан «№1 қазақтың» көрген күні осындай болғанда, басқа қара­па­йым қазақтар не күйде жүрді десей­ші?!
Әрине, Қанышты жылатқан – сол кездегі империялық саясат, орыс шови­нис­терінің әділетсіз зорлығы. Көзі ашық қазақ зиялысының басына түскен қасірет… Медеу, сен менің повесімдегі Қаныштың советтік түзімге іштей қар­сылығын қабылдамайтын сыңай таны­тып­сың. «Бұл күнде Совет өкіметін жамандайтындар көбейді» деп қағытасың. Өзің ойлап көрші, Қаныштың сексенге келген әкесі Имантай отызыншы жылдары түрмеде өлсе, үш бірдей ағасын: Әбікей, Әбдікерім, Ғазиз Сәтбаевтарды 1937 жылы «Халық жауы» деп еш жазықсыз атып тастаса, ғұламаны өз қолымен құрған академиядан аластап, итжеккенге айдалудан Мәскеуге қашып барып зорға жаны қалса, осының бәрін бастан кешкен Қаныштай дана бір ұрты май, бір ұрты қан советтік түзімге қалай ­қарауы керек?
Сәтбаевтардың бүкіл заузатын, аға­йын-туыстарын түгел жазалап жатқан­да, Қаныштың қалай аман қалғанына таң­­ғаласың. Сөйтсек, оның да себебі бар екен. Қанышты ажалдан қорғап қал­ған – Жезқазғанның мысы мен алтыны, марганеці мен ураны, қазақ дала­сының бұдан басқа да ашылмай жатқан кеніштері екен ғой. Империялық өкімет ғұламаның айрықша жаралған таланты мен ақыл-ойын, білім-қабілетін, міне, осы мақсатқа пайдаланбақ болды.
Жоғарыда айтқанымдай, мені бұл тақырыпқа қызықтырған – Сәтбаевтың бұл күнде әркім білетін өмір жолы мен ғылымдағы жетістіктері емес, қорлан­ған, өксіген, еңіреп жылаған сәттері болатын. Осы мақсатта Қаныш Иман­тайұлы туралы жазылған біраз естелік­терді сүзіп шықтым. Ғұламаның 100 жылдық мүшел тойы қарсаңында шыққан естеліктер топтамы, сенің кіта­бың, тағы басқалар… Міне, осылардан өзіме қажетті тарихи деректерді теріп алып, пайдаланғаным рас. Сен «ашық хаттың» бір жерінде «деректерімді пайдалана отырып, тым құрыса маған сілтеме жасамапты» дегендей өкпе айтыпсың. Бұл өкпең орынды. Шынында да, хикаяттың бір жерінде «кейбір деректер Медеу Сәрсекенің еңбек­терінен алынды» деп ескертуім керек еді. Бұл – менен кеткен кемшілік. Кейде, көркем шығармада басқаға сілтеме жасау оқыр­манның қызығуын ке­мі­тіп, әсерін әлсіретеді. Бәлкім, мен содан сақтанған шығармын.
Сонан соң, жоғарыда айттым ғой, жалпыға ортақ тарихи пәктілерді пайдалану – біреудің қорасына түскендік болып саналмайды. Бұл көркем шығармадағы ой ұрлау, оқиға ұрлау, образ ұрлау емес, белгілі деректерді бас­қа қырынан сөйлету болып табылады. Тарихи деректер – ортақ игілік, ортақ қазына.
Ойым түсінікті болу үшін бір ғана мысал келтірейін. Мәселен, соңғы жылдары профессор Тұрсын Жұртбаев «Ұраным – Алаш» деген ортақ тақырып­пен «Алаш» қайраткерлерінің түрмеде тартқан азабы жайында, жалпы қазақ зиялыларын жоюды көздеген репрессия туралы бұрын құлыптаулы жатқан архив материалдарын жарыққа шығар­ды. Онысын «Жұлдыз» журналының әлденеше санында жариялады. Бұл – аса бағалы еңбек. Алаш қайраткерлері жайындағы кейбір материалдар көркем шығарма жазуға сұранып тұр. Міне, осы тарихи пәктілер мен деректерді Тұрсын «менікі» деп бауырына басып отырмайды ғой. Күні ертең ел игілігіне айналған осы қазынадан әркімдер пайдалануы мүмкін. Одан Жұртбаев ұтылмайды, әрине. Өзі қазған бастаудан бүкіл елдің сусындағанын көріп, мерейі тасиды.
Медеу, мен сені түсінем. Қаныш Иман­тайұлы туралы әрбір сөз, әрбір де­рек саған алтыннан да қымбат. Қа­ныш туралы деректерді басқаға қи­май­сың. Мұндайда аздап қызғаныш туатыны да заңды. Алайда, Сәтбаев деген тұтас бір жатқан әлем ғой. Оған қатысты дүниенің бәрі менікі деп, бауырға басу мүмкін бе? Біздің бәріміз­дің де мақ­са­тымыз – шындыққа бір табан жа­қын­дау. Жалпы, Сәтбаев туралы кезінде сен айтпаған шындықты бүгін басқа бі­реу айтса, оған іштарлық жасауға болмайды. Ғұлама жайында сен тапқан де­рек­тер ешқайда кетпейді. Олар қайта айналып келіп, Қаныштың қазанына құйы­лады. «Академиктің көз жасы» да – сол теңізге қосылған тұщы бұлақ­тар­дың бірі.

Қабдеш ЖҰМАДІЛОВ,
Қазақстанның халық жазушысы.

http://writers.kz

Парақшамызға жазылыңыз

12 Comments

  1. Қысқартылып берілген болса да, оқып шықтым. Екі тараптың да уәжі орынды. Алайда Қабдештікі жөн, меніңше.

  2. Оқып шықтым. Екі тараптың да айтулары орынды және жаға жыртысарлық ештеме жоқ. Қабдеш аға дұрыс уәж айтыпты. Менімше, мұнысы екі жаққа да тоқтам болатындай екен…

  3. Қабдеш Жұмаділов бұған дейін де Сәкен өмірінен “Ақынның ақырғы күндері” деген әңгіме жазып шыққан. Менен алдың деп ірі сәкентанушылар Тұрсынбек Кәкішев, Амантай Кәкен, Серік Қирабаев, т.б. өре түрегелмепті.

  4. Қабдеш атам жақсы айтыпты. Екі жазушының таласын жұртқа жария етіп, бірін ақ, бірі қара ету жақсы дүние емес, негізі. Қабдеш ата мойындаған, шығармасына арқау еткен… Тарихи дерек деп онысын жоққа шығармайды. Қалыпты нәрсе!

  5. Қабдеш шынымен қартайды. Қартайғанда да қазымыр қартайды. Тұрсынбек Кәкішев, Амантай Сәкен, Серік Қирабаев Қабдешпен ырылдасып жатқысы келмегенін анық білеміз.
    Қабдеш қазір бүгінгі күнге ілесе алмай

  6. Оқыдым екеуін де. Балалар, Қабдешті арашалап қажеті жоқ. Қабдеш қартайды, қартайғанда да қазымыр. қырт қартайды. Қабдеш те, біз де сендердің қатарларыңа ілесе алмай көштен қалып барамыз. Уақыт сондай екен. Мойындау керек. Латын һарпіне көшеміз дегенде Қабдештің қарсы болғанын естіп, жөнін сұрадым. Айтқаны мынау “Сен екеуімізді біреу латын ғарпіне аударады дейсің бе? Атаңның басы. Ұмытыламыз да қаламыз. Мен Қабдеш атым ұмытылмауы үшін кіммен де болса қырқысамын.”
    Қабдеш СССР дің тұсында алқаудың сан түрін көрді, коммунистерге әбден жақты. мына заманда қытайды жаманадап өлуге бар жазушы керек болмай қалды. Қабдеш осыны түсінбей- ақ қойды.
    Ұрлықты еш уақытта ақтауға болмайды. Ұры ол қашан да ұры. Үйренбеңдер.

  7. Заңғардың найман сыяқты. Қабдешті біліп тауыстық, біресе ұры, біресе жалақор, біресе даукес, біресе “тарихшы”, біресе… Қысқасы нағыз қыртыл-шыртыл боқтышақ. Бір сөзіне сенбейтін бір кітапты бір кезде тас- талқан етіп,сынағанда айызым қанғантұғын. Енді әбден сасыр кетті.

  8. Заңғар сен қызық екенсің. Ұрының ісі қашан жөн болмақшы? Қабдеш жанасатын адам емес бұ күні. Бұрындарда аса қызғаншақ, сордоңызтұғын, қазір тіпті асып кетті. Сұрашы Қабдещпен араласатын бір жазушы қалды ма екен? Айтыспаған, шабыспаған, ит жеместі жемеген кімі қалды. Заңғар ол сен үлгі ұстайтын адам емес. Шаптыққан сөзіне қарап елдің мұңын ойлайтын жазушы десең қателесесің. қарақан басынан өзге еш ойы жоқ мұңдар неме ол.

  9. “Шынында да, хикаяттың бір жерінде «кейбір деректер Медеу Сәрсекенің еңбек­терінен алынды» деп ескертуім керек еді. Бұл – менен кеткен кемшілік. Кейде, көркем шығармада басқаға сілтеме жасау оқыр­манның қызығуын ке­мі­тіп, әсерін әлсіретеді. Бәлкім, мен содан сақтанған шығармын.” Сонда оқырман алдында өзі ұпай жинағысы келіп, Медеу Сәрсекенің еңбегін ескерусіз қалдырғысы келгені ме?.. Мен де Қабаңнан дұрыс болар ештеңе байқамадым.

  10. Қайырлы күн! Мен Қабдеш атамызбен толықтай келісемін. Тарих бұрмалауға келмейді. Медеу атамыз да, Қабдеш атамыз да бір кісінің ұлылығын екі түрлі жанрда жазып отыр ғой.

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі