////

Ақын Қадыр Мырза-Әлидің шаңырағында

2714 рет қаралды
3

Марқұм ақын Қадыр Мырза-Әлидің отбасында болып, ақынның жары Салтанат апаймен емен-жарқын әңгіме құрудың сәті түскен еді. Назар аударыңыз! 

кадыр– Сәлеметсіз бе, Салтанат апай! Өзіңізден сұхбат алу мен үшін үлкен мәртебе. Сіз  Жиынбек Рәбілұлының шығармашылық кешіне Оралдан арнайы келген болатынсыз. Бірақ денсаулығыңызға байланысты қатыса алмадыңыз. Қазір денсаулығыңыз қалай?

– Қазір біршама тәуірмін. Бұл жасқа байланысты ауру ғой. Оның үстіне ұшақтың уақытын күтіп 2 сағат және ұшақтың ішінде 3 сағат отырдық. Содан менің қан қысымым көтерілген. Алып бара жатқан ештеңе жоқ. Бүгін тәуір болдым.

– Жолым болып Қадыр ағаның қара шаңырағына келдім. Жылы ықыласыңызға рақмет. Жиынбек аға өтінішімді қабылдап өзі әкелді. Ақын, сазгер Жиынбек Рәбілұлымен Қадыр аға және сіз қалай жолықтыңыздар?

– Жиынбек  өлең жазады екен. Ағаңның кітаптарын оқыған болар. Сондықтан өзін көргісі келген шығар. Өзі іздеп келіп ағаңмен танысқан екен. Содан бастап бір-бірімізге сыйлы болып кеттік.

– Сөз басында Оралға барғаныңызды айттым. Қадыр аға  өзі дүниеден өткенімен, ұрпағына бай мұра кітаптарын қалдырды. Оралда Қадыр Мырза Әли атындағы орталық ашылды. Қандай әсер алдыңыз? Көңіліңізден шықты ма?

– Ағаларыңның музейіне 2-рет арнайы бардым. Сарай сияқты салынған. Бәрі тиянақты жасалған екен. Қадыр ағаңның 7 000-ға жуық кітабы жеткізілді. Өзінің барлық заттары, марапаттары апарылды. Дегенмен үйдегі кітап кеткенде ішіміз удай ашыды. Біршамасын алып қалдық. Кітапханасы үйде тұрғанда, өзінің жүргені, қолын созып бір кітапты іздегені, керекті кітабын орнына қойғаны көз алдымда тұратын. Ал кітаптары кеткенде, өзі де кетіп қалғандай болды. Бірақта кітаптары үлкен мұра. Ол енді ұрпағына қызмет етуі керек.

кады

(Салтанат апайдың қалауымен үйде қалдырылған кітаптар)

– Есіңізде болса, Қадыр Мырза Әлінің 80 жылдығында шығармашылық кеш болды. Сонда кездескенде сізден міндетті түрде сұхбат аламын дегенмін. Алла бұйыртып осы күннің сәті түсті. Әрі қарай сұхбатымызды сіздің туған жеріңіз, отбасыңыз жөнінде жалғастырсақ.

– Мен 1939 жылы Алматы қаласының іргесіндегі қазіргі Іргелі деген жерде дүниеге келдім. Қазір ол жер “Алтын орда” деп аталатын үлкен базарға айналды. 10 жылдық мектепті Қаскелең қаласында “Абай” атындағы мектеп- интернатта бітірдім. Ол жерде соғыстан келмей қалған ата-аналардың балалары, жетім қалған балалар, малшының балалары оқитын. Әкем соғыстан оралмаған. Анам калхозда жұмыс істейтін.

– Ал қадірлі Қадыр ағамен қалай таныстыңыз?

кад– Мен 10-сынып оқып жүрген кезде ҚазҰУ-дің диплом қорғап жүрген 5 курс студенттері бізге педагогикалық тәжірибеге келді. Сыныпқа ешкімге ұқсамайтын, үстінде денесіне құйып қойғандай костюмы бар, әдемі жігіт кіріп келді. Бәріміз тып-тыныш қарап отырмыз. Әдетте практиканттар өздерін таныстыратын. Бұл кісі олай істемеді. Журналды ашты да оқушылардың фамилиясын оқи  бастады. Оқып келіп, «Қадырова кім?» деді. «Қадырова деген Мен» дедім. Ол маған қарады да, «Сен менің қызым боласың» деді. Солай таныстық басталды. Тәжірибесі  біткенше жатақханаға келіп тұратын. Біз шулап кімге келдіңіз, неге келдіңіз деп сұрайтынбыз. Сондағы жауабы: «менің қызым қыдырып кетпеді ме? Соны тексеруге келдім» дейтін. Содан кейін тәжірибесі бітті. Ағаларың Алматыға кетті. Демалыс күндері келіп тұратын. Сөйтіп жүріп мен 10-сыныпты бітірдім. Техникалық училищеге оқуға түстім. Оқып жүріп, тұрмыс құрдым. Қаланың Тастақ деген жерінде 6 жыл бойы пәтерде тұратынбыз. Ең басты айтатын нәрсе, менің ең бірінші көргенім Қадыр ағаларың, одан кейін кітап, кітап, кітап болды. Сөйтіп жинаған кітаптары үлкен кітапханаға айналды. Біз үй болып 54 жыл бірге тұрыппыз. Үш ұлымыз бар. Немерелерім, бір шөберем бар.

– Сөз басында айтқаныңыздай Қадыр Мырза Әли сізге осыдан былай «Сен менің қызым боласың» депті. Сонда ағамыз көреген кісі болып тұр ғой.

– Енді мен өзімді керемет сұлумын деп айта алмаймын (күлімдеп). Тіпті ол кезде мен толықтау болатынмын. Тек менің білектей екі бұрымым көзге түсіп тұратын. Ол жөнінде кейін оқып отырсам «Салтанат» деген поэмасында жазыпты. Енді менің адами тартымдылығым болған шығар. Сағи Жиенбаев өлеңінің бір шумағын айтып берейін.

Жас күнімде үлкендерден естуші ем,

Бәрі, бәрі болады деп несіптен.

Құдай қосқан қосағыңның өзі де,

Маңдайыңа жазылған деп бесіктен.

Сондықтан Құдай қаласа, есебін тауып біріне бірін жолықтырады. Менің әкемнің аты Қадыр болғаны, ағаларынның аты Қадыр болғаны себеп болып тұр ғой.

– Ақын-жазушылардың жары болу қиын деп айтып жатады. Сол қаншалықты рас?

– Қиын да шығар. Оңай да шығар. Бірақ менің тәрбиемде, соғыстан кейінгі балаларда ер адам деген культ болды. Біз отбасымызда 6 адам болдық. Бірақ ер адам болған жоқ. Сондықтан ер адамдарды жоғары бағалайтынбыз. Ал ағаларың өте тәртіпті адам болды. Тіпті түскі асқа асханаға бармай, үйге келетін. Мен үйде тамақ істеп, балаларды қарап, ағаларыңды күтетінмін.

 – Қадыр ағамыз үйде қандай әке болды?

– Қадыр ағаларың ішімдік ішпейтін, темекі шекпейтін. Балаларының алдында беделді болатын. Балаларымыз не ішем, не кием деген жоқ. Балаларымыздың бәрін оқыттық. Бірінші баламыз Қуанышты өзі қарап, маған көмектесетін.

– Қадыр Мырза Әли уақытты өте бағалаған. Әр уақытын қалай өткізетін?

– Қадыр ағаларың үшін уақыт деген ең жоғарғы дүние болатын. Көп мерекелерге бара бермейтін. Уақытым текке өтеді дейтін. Уақыт Қадыр үшін құдірет. Қадыр үшін уақыт – құдірет.

– Қалай ойлайсыз Қадыр аға том-том еңбектер жазуына неден, кімнен шабыт алатын?

– Оны енді өзінен сұрау керек еді. Менен шабыт алды десем мақтанғаным болар. Бұл Құдайдың берген дарыны.

– Қадыр ағаның және сіздің ортақ қандай ұстанымдарыңыз болды?

– Әр нәрсені бірге ақылдасатынбыз. Мен Қадыр ағаларыңды Байеке деп атайтынмын. Себебі әкемнің аты Қадыр болғандықтан, жеңгелерімнің ақылымен Қадырды өз атымен атамадым. Ал шығармаларына келгенде,  Қадыр ағаларың кітап жазып отырған кезде мен де, балалар да кедергі келтірмейтінбіз. Ағаңның өлеңдерінің көзі тірісінде біреуін де оқымадым. Оның өлеңдерімен танысқан жерім: режиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Райымбек Сейітметов деген досымыз болды.  Ол Қадырдың барлық өлеңдерін жатқа білетін. Соның жатқа айтып жүргендері менің есімде қалған.

– Сонда “Салтанат” поэмасында кейін оқыдыңыз ба? Қандай сезімде болдыңыз?

– Мен ол поэманың бар екенін де білмеппін. Кейін біліп оқыған кезде таң қалдым. Өзі де осындай поэма жаздым деп ештеңе айтпайтын. Өзі кеткеннен кейін оқығанда өте ауыр сезімде болдым. Ол  қайғылы, мұңлы поэма.

–  Бар өміріңізді Қадыр ағаға  арнадым дейсіз. Қадыр ағамен мәңгі жүрегіңізде сақталған қызық оқиғаларыңыз бар болар. Сол жөніңде айтсаңыз.

– Қазіргі Абылайхан мен Гоголь  бойында 7 қабатты үй болатын. Содан Жазушылыр одағы бізге 6-қабаттан  2 бөлмелі үй берді. Бірінші қабатта Сириядан келген орыс семьясы тұрды. Бір күні мен кетіп бара жатқанда орыс әйел қасына  шақырып алып, «Сіз білмейсіз бе? Біздің подъезде  өзге ұлттың адамы тұрады». «Мен білмеймін» дедім. Орыс әйел: «Ол күнде сағат 09:00-де жұмысқа кетіп, кешке келеді. Өзі жалғыз жүреді» деді. Мен де таң қалдым, кім екенін таппадым. Бір күні жұмыс бабымен  Ағаларың шықты. Оның артынан мен шықтым. «Әке, әке» деп балалар да шықты. Сөйтіп тұрғанда орыс әйел мені шақырып алып, «осы кісіні сұрадым ғой» деді. Мен күліп, «Ол менің күйеуім ғой» дедім. Сөйтсем ол орыс әйел Қадыр ағаларыңды шетелдік кісі деп ойлапты.

–Сұхбатыңызға рахмет. Шынайы, көркем сырласу болды деп ойлаймын. Алла өзіңізге күш-қуат берсін. Немерелеріңіздің қызығын көріп жүре беріңіз.

Жадыра Бұлжан, 

СДУ, “Журналистика” кафедрасының

ІІ курс студенті

Парақшамызға жазылыңыз

3 Comments

  1. Қайырлы күн! Сұхбатты оқып шықтым, жақсы әсер алдым. Расыменде, көркем сырласу болыпты. Жадыра сіңліме, Жарайсың! – дегім келеді. Өркенің өссін, ағамыздың әруағы қолдап, әрдайым биіктерден көріне бер. Осындай мақалалар көп болса екен деймін…

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар