///

Павлодарда тарихи кітап шықты

1933 рет қаралды
6

Айдабол бидің сегіз баласының, олардың ұрпақтарының үш ғасырлық тарихы жылнама ретінде жинақталып, алғаш рет ғылыми айналымға түсіріліп, оқырман қауымға жаңа, тың мәліметтер Қырықбай Мазанұлы Аллабергеновтың: “Орта жүз: Арғын – Айдабол тарихы” атты жаңа кітабында көрсетілген. Павлодар қаласында жарық көрген бұл туынды, он алты бөлімді құрап, бөлімдері тармақтарға бөлініп берілген. Әр бөлімді алып қарасаңыз өзіңізге тың мағлұматтар табасыз. Бұл бір жылдың ғана емес, көз майын тауысқан бес жылдың жемісі екендігі, тайға таңба басқандай анық байқалады. Автордың қажымай еңбектенген жемісінің арқасында осындай жаңа туынды, оқырмандарына жол тапты.

Тарих ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның құрметті журналисі, ҚР әлеуметтік ғылымдар Академиясының толық мүшесі Қырықбай Мазанұлы Аллабергенов:

– Бұл жылнамада “Орта жүз: Арғын – Айдабол руының” соңғы үш ғасырда басынан өткерген қилы кезеңдері, өмір жолдары қамтылған. Атап айтқанда олардың тарихи, саяси, əлеуметтік – экономикалық жəне мəдени, əдеби тыныс-тіршілігі нақты мұрағаттық деректер арқылы салыстырыла отырып, кеңінен талданып берілген. Осының барлығы да бір тайпа, ру мүшелерінің жүздеген жылдар бойы жинаған өмір-тəжірибесі мысалы негізінде тарихи, ғылыми, əдеби шығарма тұрғысында қазақтың киелі қара домбырасының қос шегіндей қатарластырыла өріліп, болашақ жас ұрпаққа тəлім-тəрбие боларлықтай үлгіде жазылған.

Шығарма өз туған халқының өткен тарихы, əдебиеті мен мəдениетін тереңінен білгісі келетін саналы да зерделі оқырмандарына арналған, – дейді автор.

«Мазмұндылығы, деректілігі, оқылу тілінің жатықтылығы оқырман көңілінен шығады деп білем. Әрине, әр бөлімі жеке-жеке кітап болып шығуға лайық шығарманың бір жылнама туының астына біріктірілуі де түсінікті. Сондықтан да автордың айтуынша бұл жылнамаға қатысты алдағы жылдары талай қосымша кітаптардың шығатынына да шек жоқ. Ендеше, кітап авторына осы қиын да қызықты зерттеушілік, жазушылық жолына ақ жол тілейік» – деп, Қазақстанның халық жазушысы Мұзафар Әлімбаев, ақ батасын беріпті.

Жылнаманың құндылығы онда өткен тарих пен бүгінгі өмірдің байланысы бар. Автор ата-бабаларымыздың өткен тарихын нақты деректер мен дәйектер арқылы санамалап көрсете отырып, оны бүгінгі ұрпақтың тыныс-тіршілігімен байланыстыра қарастырады. Өткенге салауат айтып, ертеңге аманат қылып тапсырады. Кітаптың аты “Орта жүз: Арғын – Айдабол тарихы” болғанымен, мұнда Мейрамсопыдан тараған: Қуандық, Сүйіндік, Бегендік, Шегендік, Қаракесек ұрпақтары туралы  жан-жақты мағлұматтар беріліп, ұрпақтарға деген сый-құрмет, қазақ елінің тарих байланыстың жалғасуын айғақтайды. Автор солар арқылы тек жылнаманың орта тұсынан ғана жалпыдан жалқыға көшеді. Айдабол бидің кіндігінен тараған сегіз баланың әрқайсысынан, олардан тараған ұрпақтар тағдырына жеке-жеке тоқталып, тәлімдік-тәрбиелік мәні зор әңгімелер қозғайды. Қазақ халқының бойында ғасырлар бойы қалыптасқан биік моральдық, адамгершілік қасиеттерді көрсете отырып, жас ұрпақты ұлтжандылық қасиет пен патриотизмге, өз ата-анасын, елін-жерін сүюге шақырады.

2015-11-24 17.19.04Әлия Ибакова

Парақшамызға жазылыңыз

6 Comments

  1. Жақсы кітап екен , авторға шығармашылық табыс тілеймін !

  2. Бұл еңбекпен міндетті түрде танысу керек екен. Әр қазақ баласы өзінің тарихы мен шежіресін білуі қажет деп есептеймін. Жалпы еңбекті ғұлама Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы мен Ш. Құдайбердіұлының шежірі жинақтарының заңды жалғасы ретінде таныған абзал ғой деп ойлаймын. Қазақ шежіре тарихы жан-жақты зерттелсе екен деп есептеймін. Себебі шежіре тарихы ел аузында ғана сақталып, кейбір руларға қатысты мәліметтер бір-бірімен келіспей жатады. Аталған еңбекті қай жерден алып, танысуға болады?

  3. Әлбетте, міндетті түрде оқып көріңіз. Бұл кітап 16 бөлімнен және бөлімдері тармақтардан тұрады. Аталған еңбек автордың өз қаржысына шыққандықтан ақылы. Менің сізге берер кеңесім Мәди, авторға хабарласу арқылы толық мағлұматтар ала аласыз.

  4. Осындай құнды дерек пен дәйектерге толы тағылымы мол кітаптың жарық көріп, оқырманына жол тартқаны қуантады. Авторға сарқылмас шабыт пен жемісті еңбек тілеймін! Аталмыш мақалада кеңінен сипатталып жазылғандай,тарихи туынды қызықты әрі тың мәліметтерге толы болар.Тауып алып оқығаным жөн болар деген ойда қалдым.

  5. Авторға сарқылмас шабыт, жемісті еңбек,отбасына бақыт тілеймін! Жазар кітап көбейсін. Болашақта Ұлы, Орта және кіші жүздің барлығын жазсаңыз аға, оңды болар ма еді?!Қаражат жағынан көмектесетін адамдар да, табылып қалар. Ақшасы бар бай көкелер, осындай игі іске қаражаттарыңызды жұсасаңыздар, сіздерге сауап болады ғой. Келе жатқан Жаңа жылдан жақсылық күтейік!

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар