//

Тұрсын ЖҰРТБАЙ: «КЕКТІ ҚАТЫНДАР»  

944 рет қаралды

Осы арада мынаны ескерте кетемін: қатын – қазіргі қазақ тілінде архаизмге айналған ұғым, ол әуелгі заңдық құқы мен мағынасы бойынша   – дәрежелік атау. Отағасынан кейінгі заңды билік иесі, жерге мұрагерлік  ететін, мүлік пен малдың  еншілесі, сыбаға басы. Қазақ қоғамындағы қатындар – иерархиялық (әулеттік) орнына қарай: бәйбіше, тоқал, құдағи, құдаша, келін, қыз, абысын, ажын, жеңге, сондай-ақ  өзі теңдес еркектермен тең құқықта – нағашы, жиен, бөле ретінде әр қайсысы өз орынына қарай билікке араласып, енші алып,   тиісті  сыбағасын бөліскен. Тіпті күңнің де мұрагерлік құқы болған. Ал  бүгінгі әдеби тіл айналымындағы әйел ұғымының араб тіліндегі мағынасы – күңсі, яғни, күңнен де күні төмен, бас еркі жоқ, өлсе – құнсыз, еңбегіне жалақы төленбейтін, туған баласы да есепке алынбайтын басыбайлы үй салмасы. Кеңестік теңгерме саясат тұсында сауаты ортадан төмен, тәрбие мен әдеп сіңбеген белсенді қазақ әйелдері: біз меншік иесі – қатын емеспіз, мал-мүліксізбіз, басыбайлы крестьянкалар сияқты біз де әйелдерміз –  деп таптық астар беріп, 1927 жылдан бастап шыққан журналдың атын «Әйел теңдігі» (кейінгі «Қазақстан әйелдері»)  деп атады. Содан бастап «әйел» ұғымы жазба әдеби тілдік термин ретінде қалыптасып қалды. Ал өзбек, түрікмен, қырғыз, татар, ноғай, қарақалпақтар «әйел» терминінен саналы түрде бас тартты. Әйелдерге арналған басылымдар «Өзбекстан қотын-қызлары», «Татарстан қатынлары»  деп аталды. Біз, негізгі әфсана арқауының мақсатына сәйкес, олардың тақ билігіне иелік ететін заңды құқын, билік аясын, мұрагерлік еншісін анықтайтын дәрежелік мағына беретін   «қатын» атауын қолдандық. Әйтпесе, олардың «қатындық» рухын әйелге дейін төмендетсек, онда империяның тұтқасын ұстаған, құрылтайдың шешімі арқылы «қатын» (императрица) дәрежесі берілген Теркен қатынды,  Өгіл-қаймыш қатынды, Сорқақ қатынды, Шәби қатынды, Мандухай қатынды, Тайдулла қатынды «күң» есебінде кемсіткен сияқты көрінер едік. Мұндай мағынасы теріс түсінік беретін ұғымдар әр тілде кездеседі. Сондай-ақ, осы әфсанада кездесетін «алтын ұрық», «кекті жатыр», «кекті қатындар», «ұлы жесірлер», «күндестер» т.б. тырнақшаға алынған сөздердің тарихи термин екенін ескертіп, жатсынбай қабылдауды өтінеміз. Ал сөзіміз сенімді шығуы үшін:  «Хатун – титул представительницы ханского рода. Им обладали даже те дочери ханов, которые состояли в браке с представителями менее знатных семейств. Супруги ханов из числа дочерей беков не имели права на этот титул и назывались обычно уджин (фуджин) или беки (бегім – Т.Ж.), впрочем, в летописной традиций их также могли называть хатун, несколько повышая их статус» – деген орыс ғалымдары Р.Ю. Почекаев пен И.Н. Почекаеваның  пікірін түпнұсқа бойынша келтіруді орынды санадық.

Текті дегдар Шәкәрімнің  сендіре баяндауынша, ұлт боп ұйып келе жатқан қазақ қауымының  әр үш адамының екеуін қасым еткен,   есіл жұртты «елім-айлатып» зар  қақсатқан, «Алқакөлге апарып сұлатқан»  – «Жоңғар хандығы» тарих сақнасына қайдан шыға келді, осы? Ұлы Шыңғыс ханның, кейінгі – Жошы, Шағатай, Өгедей, Төле ұлыстарының тұсында «санда – санаты», «төрде – орыны жоқ» қонтайшылар қалай және қашан қатарға қосылды? Сарыөзен мен Еділ-Жайықтың арасындағы аспан астындағы ұланғайыр кеңістікті  «қанды  құйын» боп  жайпап өткен, «қан мен кекке жерік боп туған», «ұлы жұрттың» жиендерін  (монғолдар қыздан туған тақ мұрагерін «қонтайшы» деп атайды) – Орталық Азияның ойранын шығарған ойраттарды хандықтан дәметтіріп, дәніктірген кім? Аққорғанның (Гансу өлкесінде) қақпасына: «Бұдан ары қытай жүретін жол жоқ» – деп жазып қойған (ал оның жартастағы  нұсқасын «қызыл жүгірмектер» ХХ ғасырдың алпысыншы жылдарындағы мәдени төңкерісте жарып жіберген), Сарыарқа есі түгіл елесіне кірмейтін  мәнжу империясының «сарыаяқ шеріктерін» жоңғарлар өзімен қоса қазақ даласына қалай ертіп әкелді?

Сонымен…

Ширек ғасыр бойы қағыстырған осы сауалдарға қатысты барлық  жауапкершілікті мойыныма ала отырып, бұған бір сөзбен мен: «Қасірет құйынын үйірген кекті қатындар мен кекті жатырда ұйыған хандық және кекті бесікте тербетілген «алтын ұрықтар»  – деп жауап беремін.

(Жалғасы бар. Дерек көзі: Жұлдыз жуналы. Тақырып ықшамдалып ұсынылды)

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі