//

Латын қарпіне көшуге қаншалықты дайынбыз?

1951 рет қаралды
5

d0b5d0bbd0b1d0b0d181d18b

Елбасының «Егемен Қазақстан» газетіне жарияланған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы қазір қоғамда өте күшті резонанс тудыруда. Оның бірнеше объективті және субъективті себептері бар.

Біріншіден, қоғам дамуындағы кейбір саяси және экономикалық мәселелер бүгінгі ахуалдың дағдарысын, қоғамның рухани деградациясын көрсетеді. Екіншіден, жылына қатарынан бірнеше рет жүргізілген девальвация, және экономикалық дағдарыс елдің ертеңгі дамуын, болашақ бағдарын бұлыңғыр етті. Үшіншіден, көптеген саясаттанушының Назарбаевтан кейінгі дәуірді сөз ете бастағаны да жасырын емес. Қазақстанды қандай болашақ күтіп тұр? Біздің сыртқы саясаттағы басымдығымыз не болмақ? Дүрбелеңге толы дүниеде ішкі толқулар мен экстремизм-терроризм қаупінің алдын алу үшін не істеу керек? Бұның бәрі де бүгінгі басты тақырыпқа айналғаны рас.

Сол заманда Елбасының қоғамның жаңа белесі, рухани жаңғыруы туралы мақаласының жариялануы дағдарған қоғамның бағытына жол сілтеуші іспетті болғаны да рас! Аталған мақаладағы басты талқыға түсіп жатқан мәселе – латын қарпіне көшу мәселесі.

Бұл неге соншалықты маңызды? Жұрт дәл осы мәселені не үшін ықыласпен талқылауда. Кейбіреулердің шабына от түскендей ыршып түссе, кейбіреулер бұны бөркін аспанға атып қуана қабылдауда. Енді ше? Латын қарпіне көшу идеясы көтерілгелі біраз жылдың жүзі. Осы уақытта Қазақстан қоғамы оған қандай дайындық жүргізді? Неге бұл тезис бүгін ғана күн тәртібіне шыққандай, бірден үрке қабылдап жатқандар жетерлік? Бұл Президенттің латын қарпіне көшу туралы 4-мәлімдемесі болуы керек. Демек, қоғамда Президенттің мәлімдемесінен кейінгі дайындық жұмыстары, елдің санасын осы бір маңызды мәселеге бұру, оны санаға орнықтыру ісі жүргізілмеген. Бұған тікелей ақордалық саяси технологтар кінәлі.

Қаріп ауыстыруды үш түрлі аспектіде алып қарастыру керек. Біріншіден, ол – лингвистикалық астар. Қоғам дайын болғанымен, қазақ лингвистері дайын болмаса, олар бір ортақ идеяға шоғырланбаса, бір әліпбиді ұсынбаса, онда жалған қызыл кеңірдектігімізден ештеңе шықпайды.  Яғни, ғалымдар бұл істе жұмылған жұдырықтай дайын отыруы керек. Және осындай талқылаулар кезінде, өз ой-идеяларын ұсынудан қалыс қалмағаны абзал. Қазір әлеуметтік желідегі талқыға көз салсаңыз, олардың арасынан осы саланы жік-жігімен түсіндіріп беретін ғалымның пікірін сирек көреміз. Тіпті, мүлдем көрмейміз деп айтуға болады. Бірақ, білетініміз, лингвистер әлі күнге дейін бір идеяға жұмылдырылмаған. Әлі күнге дейін жаңа қазақ-латын әліпбиінің елуден астам нұсқасын ұсынады. Бір байламға келе алмаумен жүр.

d0b7d0b0d2a3-d182d0b0d181Екіншіден, әлеуметтік астар. Қоғам бұл жаңалықты қалай қабылдайды? Ең бастысы, алфавит ауыстыру – адамдардың ойлау жүйесі, сауаттылық деңгейіне, тіпті санасына дейін ықпал етеді. Саясаттанушылар мен әлеуметтанушылар Қазақстан қоғамында Кеңес дәуірі кезінде екі рет ауыстырылған әліпбиді рухани геноцидке теңеп жүр. Әуелгі әліпби Ахмет Байтұрсынұлы араб алфавитіне негіздеп жасаған төте-араб әліпбиі – қазақтың төл жазуы іспетті қабылданады. Кейіннен латын әліпбиін қабылдадық. Ал, 1941 жылдан кейін кириллицаға көштік. Кириллицаға көшуіміз арқылы орыс мәдениетіне, тіліне, тіпті менталитетіне бір табан жақындай түстік. Адам өзге ұлттың құндылықтары мен мәдениетін, ұлттық менталитетін тек тілі арқылы ғана түсінеді. Егер, сол ұлттың тілінде мүдірмей емін-еркін сайрап тұрсаң, сен сол ұлттың өкілі ретінде де қабылданасың. Ахмет Байтұрсынұлы бабамыздың «тілі жоғалған ұлттың, өзі де жоғалады» деуі сондықтан. Тіл ұлттың жаны мен рухы. Ол өшкен күні бүкіл-бүтін ұлт та өшеді. Кез келген ұлт сол үшін де тілден айырылмаудың неше түрлі амалын қарастырады. Ал, алфавит сол тілді жеткізудің, таңбалаудың құралы. Қазір қоғамда тіл мен таңбаны шатастырушылық байқалады. Латын алфавитін әлемнің дамыған елдерінің біразы қолданады. Ағылшын, неміс, француз, түрік тілдері барлығының пайдаланып отырғаны – латын әліпбиіне негізделген жазу. Кеңестік бұғаудан босағаннан кейін түркі халықтарының біразы латыницаға көшіп кетті. Әуелгі көшті Өзбекстан бастап, Түркіменстан мен Әзірбайжан жалғастырды. Олар негізгі әліпбиін түрік әліпбиіне негіздеуді мұрат тұтты. Қазір бұл қоғамдар Түркия мәдениеті мен тілімен етене бола түсті деп айтуға толық негіз бар. Ал алфавитті тілмен шатастырып жүрген қоғамның латын жазуын оқып, жаза алатыны қанша? Қазіргі технологиялар дәуірінде ағылшын тілін оқып, үйреніп жүрген жастар болмаса, орта жастан жоғарғыларға бұл қаншалықты қиындық тудыруы мүмкін? Қоғамның қанша пайызының көзі ашық? Латыницаға көшуіміз арқылы қоғамда тағы бір рет рухани геноцид жасамаймыз ба? Осы сауалдар күн тәртібіне шығып, лингвист ғалымдар мен әлеуметтанушылар арнайы зерттеу жүргізуі тиіс. Бүгінгі елдің сауаттылық деңгейіне барометр болатындай мониторинг немесе зерттеуді жүргізген кім бар? Елбасының кез-келген ұсынысы мен мәлімдемесі кезекті бір науқандық «ура-ура» талқылаумен өтпеуі керек. Әрбір мәлімдемеден қорытынды жасалып, қоғамдық зерттеулер дайындалуы тиіс. 2025 жылдың да беті көрініп қалды. Біз осылай «уралап» отырғанда ол заманға да жетерміз. Бірақ кешенді зерттеу жоқ, дайын, апробациядан өткен алфавит жоқ, «әлі дайын емес екенбіз» деп тағы да кейін ысыруға мәжбүр болып жүрмесімізге кім кепіл?!

ec57da73-9651-4a62-b900-6277e5e17c5c_mw1024_mh1024_s

Үшіншіден,  саяси аспект. Мәселенің дәл осы тұсы – біздің қоғамға аса ауыр міндет жүктейді әрі қоғамның белгілі бір деңгейде саяси дайындығының жоқ екендігін байқаймыз. Неге? Біріншіден, жоғарыдағы әлеуметтік аспектіде атап өткенімдей, алфавит ауыстыру – тек таңбаны ауыстыру ғана емес, адамдардың сана-сезіміне де үлкен ықпал етеді, салмақ түсіреді. Әлі күнге дейін қоғамдық институттарды консолидациялауға, интеграциялауға, бір жұдырыққа жұмылдыруға қажетті идеологияны жасай алмаған, қос тілді қоғамда  латын қарпіне өту – ең әуелі қорқыныш тудырады. Егер, депутат Смирнова “біз латыницаға көшу арқылы орыс әлемінен алшақтай береміз” деп, шын жүрегімен ақтарылса, бұл оның кінәсі емес, қоғамдағы этникалық саясаттың және тілдік ұстанымның дұрыс жолға қойылмағандығының салдары.

Қазақстанда қазақ тілі – мемлекеттік тіл болғалы 28 жыл (1989 жылдан) өтті. Бір тілді толыққанды үйрену үшін кемінде 5 жыл керек болады дейік. Ал жиырма сегіз жылда ден қойған адам бір қазақ тілін емес, 5-6  тілді игеріп шығады екен. Ендеше, жиырма сегіз жыл бойы қазақша сөйлемеген қоғам, бес-алты жылда бір тілді ұлтқа айналады дегенге кім сенеді? Қазақстан қоғамы қазір екі тілді қоғам деуге де келмейді. Екі тілді қатар меңгерген және екі тілде қатар ойын емін-еркін жеткізе алатындар негізінен қоғамның қазақтілді бөлімі. Орыстілді қоғам қазақ тілін үйренуді қажетсінбейді және өзі өмір сүретін мемлекеттің тілін білмегендігін ар санамайды. Демек, біздің қоғам жартылай қос тілді, жартылай бір тілді қоғам. Қоғамның қазақтануы соңғы жылдары аса қарқынмен, стихиялы түрде жүзеге асып келе жатқанымен (2016-2017 оқу жылында мектеп табалдырығын аттаған 345 мың бүлдіршіннің 89 пайызы қазақ мектептерін таңдаған), өкінішке қарай, билік эшелонында оны сезінетін, оны түйсінетін топ аз болып отыр. Билік қоғамдағы әлеуметтік немесе саяси үрдіске дайын емес. Бүкіл Қаулы-қарар, Жарлық, заң-закон, мемлекеттік маңызды жиындар, халықаралық басқосулар, келіссөздер орыс тілінде өткізіледі, тіпті ауруханадағы науқастардың тарихының өзі  орыс тілінде толтырылады. Қазақ тілінде құжат айналымын жасау немесе оны жүзеге асыру ісі мүлдем кері кетіп барады.

image

Ендеше, бізде сұрақ туындайды. Латыницаға қоғамның қазақтілді бөлігі ғана көше ме? Жоқ, бүкіл ел болып көшеміз бе? Егер, ол тек қазақ тілді қоғамға ғана қатысты болса, бұл өте қауіпті синдром болар еді. Қазіргі бірін-бірі түсінбей отырған қоғам, екі әліпбиді пайдалана бастаса, бір-біріне жат, мүлдем екі планеталық адам болып шығады. Кезінде Назарбаев «Қазақ тілі – Қазақстан халқын біріктіруші фактор» деген ұран тастағаны мәлім. Бірақ, Қазақстандағы этностарды бір идеяға, бір мәдениет пен тіл төңірегіне біркітіру былай тұрсын, қазақ тілінің билік пен ғылым тілі болуының өзіне үлкен қауіп төніп тұрған жоқ па? Дәл осындай саяси және тілдік лояльдылық жоқ, екіге жарылған қоғамда латыницаға көшуге дайынбыз деп айтудың өзі ұшқары. Әуелі халықтың, әсіресе, орыс тілін ана тілім деп қабылдаған халықтың бұған деген көңіл-күйі зерттелді ме? Яғни, біздегі саяси стратегиялық зерттеулер институты мен әлеуметтанушылардың иығына түсер салмақ мың баттам. Латыницаға көшу қажет болса, онда бүкіл қоғамдық сипат алғаны дұрыс. Онсыз әлі бір ұлт идеясына жұмыла алмай отырған қоғамның екіге жарылуы одан әрі үдей түсетін болады.

Есенгүл Кәпқызы

Парақшамызға жазылыңыз

5 Comments

  1. Өте тамаша, маңызды әрі дәлелді сараптамалық мақала жазған екенсің. Алайда орыс тілді қоғамнан ажырап қаламыз деп қорқа берсек түк те шықпайды. Сөз айтылды, қалды болады. Өтірікшінің шын сөзі зая кеткенге саяды. Қазақстанда бір қазақ қоғамы бар. Олар екі тілде сөйлейді. Латиниица сол қазақ қоғамы үшін жасалынып отыр. Ал орыс тілділер қай жазуды қалайды ол өз еріктері. Ең бастысы мемлекет қазақ тілінде сөйлеу керек.

  2. Билік тұтқасын ұстап отырғандар қазақ тіліне көшпей Елбасынының бұл жолдауы да жай бір қоғамды қоздырып қана, қоламтаны түртіп қойған даңғаза болып қала бермек.

  3. Әліпбимен қоса өрбитін келелі мәселелерді қамтыған сарабдал мақала болыпты. Жарайсың, Есенкүл! Ал, мына науқан кезекті алдарқату болып жүрмесе болғаны деген де күдік жоқ емес. Дегенмен, жақсы сөз жарым ырыс дегендей, сәл қоқиланып та қалғанымыз рас.
    Ау, Қарамер-ау! “…Латиниица сол қазақ қоғамы үшін жасалынып отыр. Ал орыс тілділер қай жазуды қалайды ол өз еріктері” деген не сөз!? Қара орыстарға таңдау беретіндей олар бәйбішеден, қазақтар тоқалдан туып па. Қажет болса, орыс сөздерін латынмен жазып пұшайман болып жүрсін солай. Бірақ, біздің үкіметтің ондай батылдыққа баратынына өз басым сенбеймін.

  4. Қазақтың тілші ғалымдары қазақша латын әліпбиінің бірнеше нұсқасын дайындағаны белгілі. Енді уақыт күттірмей, жыл аяғына дейін созбай бір шешімге келіп Елбасына ұсыну керек. Соза берсе тоза береді. Темірді қызған кезінде соқ дейді, егер бұл жолғы қарқыннан қалып қалса қайтып бас көтеруі екі талай болар.

  5. Досхан мырза, мен жоғарыдағы мақалада айтылғандағыдай қазіргі қазақ қоғамы қостілді, айыр тілді екенін сіз де жақсы білесіз. Үкіметіміз, билігіміз жарым жартылай ғана қазақ тілді. Іс қағаздары солардың, билікті ұстап отырғандардың қр олында, ал олардың орыс жазуынан бас тартуы екі талай. Билік латын жазуына көшуге дайын емес. Сондықтан олар орыс жазуын да қатар алып жүруді ұйғарады. Өйткені бізде барлық құжаттар екі тілде, соның ішінде әуелі ресми тілде дайындалатынын сіз жақсы білесіз. Осы келеңсіздік салдарынан қазақ қоғамы латын жазуына көшкен күнде де орыс жазуы қатар жүретін болады. Орыс тіліндегі құжаттар орыс жазуымен ал қазақ тіліндегі құжаттар латын қазақшасын қолданатын болады. Бұл процес қазақ билігі бір тұтас қазақ тіліне өткенге дейін жалғасады. Әр адам қай тілді тұтынса сол елдің жазуын пайдаланады. Қытай қытайша, қазақ қазақша, орыс орысша, гүржі гүрзіше, үндіс үндісше, ебірей ебірейше т.с.с.

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі