Астана күніне Ресей әншілерін шақыра беруді қашан тоқтатамыз?

890 рет қаралды

Open Air жыры…
немесе Астана күніне Ресей әншілерін шақыра беруді қашан тоқтатамыз?!

Сонда Ресей әншілерін шақырмау керек пе, – деп сұрады менен Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев ағамыз. Шақырудың реті болады, шақырыңыздар, бірақ мемлекеттік мерекемізде өз әншілеріміз тұрғанда, өзге елдің әншілерін лек-легімен алдырып, алты сағаттық концерт беру артық деп жауап бердім. Енді әңгіме қай жерде, неден басталды, не туралы болды, соған тоқталсам. Әзірет Сұлтан мешітінде Астана әкімі Әсет Өрентайұлының атынан берілген ауызашардан шығып тұрған сәтіміз еді. Театр актері Нұркен Өтеуіл Астана әкімінің орынбасары Ермек Әмірханұлымен сөйлесіп келе жатыр екен. Жанымызда айтыскер ақын Серікзат Дүйсенғазы, ақын Бауыржан Қарағызұлы, тағы бірнеше жігіт тұрған. Әңгімеге мен де араласып, Ермек ағамызға Астана әкімдігінің мәдениет бағытындағы бірнеше жұмысына көңілім толмайтынын, үнемі Ресейге еліктеп, солардан әнші шақыратынын, оларға бюджеттен қанша қаржы шығындалатынын елдің білмейтінін, жалпы Open Air деген ашық аспан астындағы концертке Ресей әншілерінің жыл сайын сонша көп шақырылатынын түсінбейтінімді, бұған қарсы екенімді айтқанымда, әкім орынбасарының әңгіме басында келтірілген «таңқалған жауабын» естідім.

Ақпарат үшін айта кетсем: 29 мамырда Астана әкімдігінің Мәдениет және спорт басқармасының мұрындық болуымен, «Қазақ елі» монументі алдында, Астанамыздың 20 жылдық мемлекеттік мерекесіне арналған ең алғашқы шара – Open Air концерті өтті. Дені Ресей эстрада жұлдыздары қатысқан концерттің аты «Ұлы дала бірлігі» деп аталыпты. Ресейден Дима Билан, Юлиана Караулова, Сергей Лазарев, Анна Седокова, Натан, Анна Семенович, Джиган, Елена Темникова, Тимур Родригез, Макс Барских, Миша Марвин, «Градусы» тобы, Artik&Asti және басқалары, ал өз елімізден Қайрат Нұртас, Айқын, Мәдина Сәдуақасова, Кәмшат Жолдыбаева, Әлішер Кәрімов, Ерке Есмахан, Ринат Мальцагов, Ringo және Ninety One тобы өнер көрсетті. Бір ақпаратта 50 мың, тағы бірінде 100 мың адам жиналды делінген. Сонша көп адам тарттық, бұл аса маңызды деген ұстанымдары болса керек. Өкініштісі сол, Ресейден шақырылған әншілерге біздің көрермен сонша ынтызар деуге келмейді. Астана қаласы Мәдениет және спорт басқармасының басшысы Болат Мажағұловтың өзі айтқандай, жиналғандардың басым бөлігі «91» тобын тыңдау үшін келген. Ресей әншілері үнемі шақырылатын Open Air концертінің биыл төртінші мәрте ұйымдастырылып отырғанын да айта кеткен жөн.

Енді менде сұрақ: Ресейдің мемлекеттік мерекесіне қазақ елінен қанша әнші шақырылады? Шақырыла ма өзі? Бізге келген (келетін) Ресей әншілеріне қанша қаржы бөлінді, қайдан бөлінді және кім рұқсат берді? Достығымыз бен бірлігімізді көрсеткісі келсе Ресейден, Өзбекстан, Қырғыз елі, басқа да алыс-жақын елдерден неге бір-бірлеп әнші шақырылмайды? Неліктен біз үнемі Ресейден шақырамыз? Неге біз руханиятымызға қатысы жоқ осындай шараларға Рухани жаңғырудың белгісін қойып қоямыз?

Айтпақшы, Ермек Аманшаевпен болған қысқа әңгіме барысында, біз өз өнерімізді түгендеп отырмыз, сондықтан Ресейден шақырғанның да айыбы жоқ деген пікір айтылды. Келіспеймін. Шеттен келгендер мемлекеттің қолдауымен қымбат, зәулім сарайларда өнер көрсетіп жатқанда, біздің «Шаншар», «Алдараспан» сияқты өнер ұжымдары өз есебінен жартылай қараңғы, концерт өткізуге арналмаған жерлерде халық жинауға мәжбүр. «Өнер қырандары» сияқты қолдаушысы жоқ театрлардың жайы айтпаса да түсінікті. Осы жерде оқырмандарға сұрағым: Астананың 20 жылдығында қандай әншілерді, театрларды, басқа да өнер ұжымдарын қолдау керек деп санайсыз? Мүмкін бұл ұсынысымызды Астана әкімдігі қабыл алар?

Жығылғанға жұдырық демекші, Астана күніне орай Ресей командаларының қатысуымен КВН-нен Еуразия кубогы өтетін болыпты. Жарнамасын қателесіп «кубогІ» деп жазып қойған. Ойынға Ресейден алты, бізден екі топ қатысады. Ал, өз жастарымызға жақын «Жайдарман» ойыншылары Астана күнінде бар ма екен өзі?

Мәди Манатбектің фейсбуктегі жазбасынан (ult.kz)

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі