//

Альбионнан Алматыға

797 рет қаралды

«Туған жерін сағынбайтын жан бар ма?». Ән мәтінінің осынау жолы соңғы кездері жиі-жиі жадыма оралып соғатын болып жүр. Көкірегімнің көк иірім тереңінде, мүмкін жүрегімнің тұңғиық түбінде ме екен салмақты аңсар, мұңлы сарын үнемі жұп-жұмсақ, жып-жылы самал самалдай үлбіреп баяу сызылып тұратынды шығарды. Өзімді өзім тыңдаймын. Әлгі «Әлхиса» әуенге еріп, сол «Көңіл толқыны» тербеткен саздың жіпсіз жетегімен Бұлғынға, Бұлғыныма барамын. Сұраған (Рахметұлы) жиі есіме салатын Бұла Бұлғыныма барып қайтамын. Бала күнгі басқан жер, барған ел, ойнаған майса, ойған мұз, аунаған құм, аралаған өлке, ішкен бастау, іздеген із, жүзген су, жүрген жер, шыққан құз,  шырайлы қыз, мінген ат, мінгескен дос… тұп-тұнық, тап-таза, мөп-мөлдір, кіршіксіз қалпында көз алдымнан көлбей өтіп жатады да әлгі әдемі көш сұлбасы бүгінгі күндері, кеше әлде бүгін «бақ іздеп, тіршілік қуып мұхит асып, құрлық аралап кеткен жандардың, ғылым-білім аңсаған қандастарымның артынан ілеседі. Араларында «сайынан сайғақ құрлы сая таппай» кеткені де бар шығар?! Олардың жөні бір басқа. Қай-қайсысы болсын, «қаршығадай қайырылып мойыны тала ма екен?!» деймін ғой. Өйткен атажұрт алтын бесік қой. Үйден алты қадам аттам шықсақ, Алатауымызды, Алматымызды, аязы сүйген Астанамызды… сағынымамыз. Қазақ бәлен жерде бақыр бар, барсаң бақыр түгіл жауылша да жоқ» дегеніндей адамзат баласының ақыл ойын ақша, көкейін көк қағаз тескен заман елге, туған жерге, ата жұртқа деген аңсарды, сағыныштып сарқып ішіп қояма ма?!

Сонау жылдары басқа түгіл, жай адам емес, ақша қуған алып-сатар емес, жемсауын толтырған жемеңқор емес, «жазудан басқа тіршілік қылмаған» (өз сөзі), зерлі жер іздеген зердесіз емес, отансыз, опасыз емес, мемлекеті  атаған алып-алып атағы ұшан теңіз, ұлттың, қазақтың сөз ұстасы, арғы-бергіні алақанынан көретін ғарыш ойдың кемеңгері, қазақ үшін өлуге дайын ұлтшыл, жақсылығың мен жамандығыңды бетіңе айдай қылып айтып беретін көріпкел, боларыңды болжап білетін сәуегей, ел есім дейтін Мұқаң (М.Мағауин) «өкпесі қара қазандай болған сірә», бұл жері бізге жұмбақ, құдай-ай, сол, өкпе деген не тәйірі, бас аман, бауыр бүтін болғанда, аяқ астынан атамекенін тастап, қалай қиып кетті екен байтағын, ал біреулер бір келуге, бір жұтым ауасына, бір тамшы суына зар болып жүрсе, Прага барып айлап-жылдап жатып алып, одан Әмерике асып бірақ кеткенде «менің сүйегімді сүйреп әуре болмаңдар» деп өсиет жазғанын оқып жағамызды ұстап едік. Арқалығымыз опырылып, сүйменіміз сынғандай болған. Қоңылтақсып қалғамыз. Сонда ағамыз алыстан Алматыдан хат жолдағамыз. Ғаламтор арқылы. Мінбер.кз ұлттық интернет порталына жариялап, жапанға шаштық. Назы басым. «Келмейа-ақ қой, келіп мұнда не етесің?». Алматы қаласы,
2010 жыл 2-айдың 5-і. Сол хатымыз бүгінгі күні де ғаламтор бетінде қалқып тұр. Өшкен жоқ. Оқып көріңіз.

Келмей-ақ қой, келіп мұнда не етесің!

07 Feb 2010|

(Мұхтар Мұқанұлы Мағауинге)

Болды бұл бір:
жазмыш-жазу –
бұлдыр сын.
– Қайт,– дейд,– Мұқа,
саған
ғалым…
бүлдіршін…
«Туған елдің ұстағандар тізгінін,
Туған жерді шағып, сатып, бүлдірсін!»…

Қара майды түп қопарып,
«Атырауды сары судай сапырды»,
Көк көрінсе құны бардай жапырды.
Аза – дала аңыраған асты-үсті,
Ақырында
ес кірмеген сәбиің де сатылды.

Мәңгі бақи жойқын жорық –
Ер –
Есің!
Ақпа құлқым,
Қызыр еді кеңесің.
Бақанастан бабаң басын,
Қазықұрттан бек мүмкін
Таппай қалу пайғамбардың кемесін!

Барар бағыт баяғыда-ақ байқалған,
Базар суын сұрап іштік Байкалдан.
Басы – алаң,
Төсі жалаң –
Төбелер,
Бақ сынасқан
Бай балдағы байталдан.

Келмей-ақ қой,
келіп мұнда не етесің?
Ұлың түгіл қызың да жоқ қызартатын шекесін.
Онда да бар құнның ізі баяғы,
Айту-қайту,
Темірқазық –
Жеке ісің?.

Жақсы сөзбен жатса-дағы жебелеп,
Аз бір қазық,
көбі күлгін көбелек.
Жер түбінен жетіп жатыр дауысың,
Жүре бергін Влтаваны көбелеп.

Пәлі, бізге одан артық не керек?
Пұшпақ қайда,
Пісте, соя егер ек.
Парықсыздау пақырларың шетінен,
Пара жиған,
тілін қиған ебелек.

Келмей-ақ қой,
келіп мұнда не етесің?
Құй даттасын,
Құй мақтасын,
кекесін.
Өртті ұзақтан үрлегенің жөн болар,
Өйтпегенде өртеніп сен кетесің!

Білесің ғой тулатпаған бу кімді.
Пастернакті, Бродский, Бунинді.
Кәрі қобыз күңіреніп, «Алдаспан».
Елес – ғұмыр –
Қаздай тізген боулингі.

Тінің кекті,
тілің жетті Текті Арға,
Сені күткен ырақым ет чехтарға.
Мағжан!
Жақып!
Ақмет!
Шоқай!
Әлихан!..
Симаған
мың
миллион- миллион гектарға!

…Біз де, Мұқа, азап көрген шеттенбіз,
Бір кісідей зардың найын шеккенбіз.
Сағыныштан сар қурайдай кепкенбіз,
Жазмыштан зар еңіреп жеткенбіз!

Өрлететін,
өсіретін көсем жоқ.
Мен-мен дейтін,
менменситін көкем жоқ.
Ғажабым да –
Азабым да –
Қазағым!
Менде басқа жер бетінде мекен жоқ!

Келмей-ақ қой!

Ал, қазір Әлбиөнда (Альбион – Англия) оқып жүрген қазақ баласы Есенгүл Кәпқызына мына өлеңді жазып отырмын. Оны да оқуларыңызға ұсынамын.

Ұлғайды уақытпен жарысқан күн.

Жасымнан іздеген шын жабысқан мұң,

Күз келіп күненнен күнге қоюланып,

Сағындым Алматымды алыстамын.

Сағындым Алматымды алыстамын,

Бұлт бұзып елеңдейді ғарыштан ым.

Мен қалғып, теңіз тынып,

Ерітеді

Құрсақта қанға айналып табысқан үн.

Буланған жатырқауық жердің тысы.

Алдарақ адамының серпінді ісі.

Алтынын бар ғаламның басып алып,

Құрлықтың қалған мынау кертін-тісі.

Киінген сұп-сұр тұман жердің беті,

Күйінген ескі қорған теңіз шеті.

Сағындым, Алатауым, ай аймалап,

Алматым, самал сүйген келбетіңді.

Ұйыған көңіл кеше алып ұшқан,

Кеткендей суға сіңіп сағы дұшпан.

Киім – көк, тамақ – таңсық, Ар – уайым…,

Және де жүдеп жүрмін сағыныштан.

Бұл жақта ай көрінбес, күн көрінбес,

Сырт көзге сияқты ғой күн көрім бес.

Ай туса амандасып,

Жұлдыз жауған,

біз жақта болушы еді жүлгелі кеш.

Жолдаймын сәлемімді Әлбиөннан*,

Қоятын өз асығын оннан-оннан.

Сары арқам, сағындым ғой сағымыңды,

Адамдар сағынышсыз қай бір оңған.

Бес сағат мұнда уақыт айырмасы,

Аразшыл арасынан ауылдасы.

Бақ іздеп мұхит асқан ағайынға,

Осы еді айтпақ әнім қайырмасы.

Қай тұстан күн шығады, шығыс қай жақ,

Ғаламның қожасындай тынысты аймақ.

Бөкендей оқтан қашқан ойым заулап,

Түрім бар жұла қашар қойса байлап.

Өлсемде мына жерде тұра алмаймын,

Кіміме бұнда бәлсіп, бұраңдаймын.

Басқаның не қылайын жерұйығын,

Жер қайда Түрікстандай, Тұрандайын.

Сағындым Алматымды алыстамын.

11.11.2019ж

* Әлбиөн – Альбион – Ұлы Британияның ескі атауы;

Бақытбек Бәмішұлы

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі