//

224 миллион теңгенің лотын жеңіп алған “New Vision LTD” ЖШС туралы не білеміз?

1823 рет қаралды
2

«Біреу тойға айналғанда, біреу қойға айналады» дегендей бүкіл әлем коронавируспен алысып жатқанда, әкімдер өз имиджін қалай қалыптастыруға бас қатырып жатыпты. 

Ашық ресурс көздерінен мемлекеттік сатып алулардың неше түрлі жарқын үлгілерін тауып алуға болады. 

Мәселен, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов мырзаның имиджі үшін Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің ішкі саясат басқармасы 260 миллион теңгенің (577 мың доллар) келісім-шартын жасағаны туралы журналистер мәлімдеген еді. Осы қызметті жеңіп алған “New Vision LTD” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жайында ақпарат іздеп көріп едік.

Мемлекеттік сатып алу сайтындағы www.goszakup.gov.kz құжаттың техникалық сипаттамасымен танысып көрген едік. Онда лотты ойнатудың басты мақсаты «Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Медиа-орталығының қызметін үйлестіру және ақпараттық сүйемелдеу. Жергілікті және республикалық деңгейде интернет-ресурстар, блогтар және әлеуметтік желілер арқылы мегаполистің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуы бойынша Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қызметін жариялау» делінген. Жыл бойына көрсетілетін осы қызметі үшін жеңімпаз деп танылған “New Vision LTD” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі медиа нарығында 2019 жылдан бері жұмыс істейді. Директоры Азиза Әбілбек 1999 жылдың тумасы. Ашық конкурс түрінде өткен бұл бәсекеге қатысушылар саны 6. Олардың төртеуі квалификациялық талапқа сай болмай, конкурсқа жіберілмеген. Тағы бір ескеретін нәрсе  жеңімпаз деп танылған “New Vision LTD” ЖШС-інің бас мердігер ретінде жұмыс тәжірибесі жоқ. Оған бәсекелес болған “New Media Marketing” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бес жылдық тәжірибесі бар. Әрі төлеген салығы “New Vision LTD” ЖШС-імен салыстырғанда әлдеқайда көп. Салыстыру үшін “New Media Marketing” ЖШС 36, 159, 506.05  (отыз алты миллион жүз елу тоғыз мың бес жүз алты) теңгенің көлемінде салық төлесе, жеңімпаз тарап 437440 (төрт жүз отыз жеті мың төрт жүз қырық) теңге төлеген. Сонда “New Vision LTD” ЖШС қандай ерекшелігімен осындай қымбат тұратын қызметті жеңіп алуға құдіреті жетіп отыр. Ендеше “New Vision LTD” ЖШС жайлы ақпаратты іздеп көрелік. Мемлекеттік сатып алулар сайтындағы ақпаратқа сүйенсек, бұл компанияның биылғы жылға жасаған төрт келісім шарты бар. Келісім шарт жасаған компаниялары – «Хабар» агенттігі АҚ, «Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі» мемлекеттік мекемесі және Нұрсұлтан қаласының ішкі саясат басқармасы. Барлығы – 264,320,000 (екі жүз алпыс төрт миллион үш жүз жиырма мың) теңге.

Бәрін ашық конкурс негізінде жеңіп алған. Мәселен, «Хабар» агенттігімен жасаған 13,440,000 теңгенің келісім шарты не үшін жасалғанын қарап көрелік. Қысқаша мазмұны «Агенттік телеарналарының контентін алға тарту қызметі» деп аталған. Бұл қызметке олар тағы да қосымша келісім шарт жасап, тағы да 13,440,000 теңгенің келісім шартын жасасады. «Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі» мемлекеттік мекемесімен де тура 13,440,000 теңгенің келісім шартын жасасқан. Ол келісім шарттын қысқаша мазмұны: «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған “Еңбек” мемлекеттік бағдарламасы бойынша видеоролик жасау және республикалық телеканалдарда ротациялау қызметі». 

Өкінішке қарай, “New Vision LTD”  ЖШС туралы ашық ресурстардан басқа ақпарат таппадық. 2016 жылы қабылданған «Ақпаратқа қол жеткізу» туралы заң бойынша, бюджет қаржысын пайдаланушылар өз қызметін ашық жасауы керек және жұртқа әрбір тиыны үшін есеп беріп отыруы тиіс. Алайда, құрылғанына бір жыл болмаса да, миллиондаған теңгенің қызметін ұсынуға қол жеткізіп отырған “New Vision LTD”  ЖШС бұндай талаптан бейхабар сияқты. 

Есен Байнұр

Парақшамызға жазылыңыз

2 Comments

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар